Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 8492 0 пікір 27 Қаңтар, 2015 сағат 20:39

ШАЛАҚАЗАҚША СӨЗДІК: «БЕЙБАУЫРМАЛДЫҚ» ЖАСАЙЫҚ!

Көрсоқырлық жасауға болар еді. Көре тұрып, «мен айтқаннан не пайда?» деп қолды бір сілтеуге де болар еді. Бірақ, туған тіліңді мазаққа айналдырып, табанға салып таптағандай күй кешкенде намысың жібермейді екен. Түбімізге де осы немқұрайлығымыз бен «сен тимесең мен тиме, бадырақ көздің» кебін киіп жүрген селсоқтығымыз жетер. Тұлымдыңды тұл, айдарлыңды құл еткізген де осы кесір емес пе?! Тіл тағдырына келгенде не үйге тұрық, не жылқыға құрық болмайтын ағаштың жаманы – үйеңкі секілдіміз. Себебі, көктеуіміз де, құлауымыз да оңай.
Қолыма жақында бір сөздік түсті. Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Педагогика және психология сериясы бойынша 24-томын (жалпы мәдениет, спорт, экономика, ғылым салалары, техника бойынша жалпы 40 том екен) парақтап шықтым. Сөздік Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысы бойынша «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолдаудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында басып шығарылған. Сәйкесінше, жауапты шығарушылар – министрлік, Педагогикалық ғылымдар академиясы мен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты. Қырық том сөздікті ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясы мақұлдаған. Менің қолымдағы сөздікте 12 мыңға жуық термин жинақталып берілген екен. Бірақ қалыңдығы екі елі болатын қоңыр кітапқа көз салғанымда тілімізді дамыту емес – дүбәралау, қолдау емес – қорлау екенін түсіндім...
Алғашында, азуын айға білеген мүйізі қарағайдай мұндай мекемелер осыншалық өрескел, өрескел емес-ау, отыра қап өкіртіп жылатар осындай қателік жіберуі мүмкін емес, баспадан қате кеткен болар деп ақтап бастағам. Алайда, мұным бекер екен... Қателік, қателіктен гөрі тіліміздің қадірін кетірген мұндай қасиетсіздік өріп жүр.
Өз басым осы сөздіктен «Бейбауырмалдық» дегенді бірінші оқыдым. Оның «Бейбауырмалдык» деп орыс тіліндегі нұсқасын да беріп қойыпты жанына. Ал, «бейпіл» – орысша «бейпил» екен. Жігіт – жигит, жігіттік – жигиттик, жоқтау – жоктау, жоралғы – жоралгы, игі – игі, игілік – игилик, зұлым – зулым, зұлымдық - зулымдык ... осылай кете береді. Мына сорақылықтың жанында басқа сөздер аудармаларының мән-мағыналық, орфоэпиялық жағынан олқылықтары ойнамай қалады. 
Мүмін осы сөздікті шығарғандарға жерден қазсаң да сөздерді 12 мыңға жеткізіңдер деген тапсырма берілген шығар. Сосын бар қазақтың сөзін орысшаға тікелей, төте аударған болар. Төте болғанда да белден басып, бастан бір-ақ шыққаны көрініп тұр.
Жау жағадан алып, ел тентіреп бара жатқанда да қазақ тілімізді осыншалық қорламаған болармыз. Жетіскеннен емес, жерден жеті қоян тапқандай «жаңалық» ашқаннан емес, ашынғаннан жазып отырмын осыны. «Ұлт қасиетінің белгісі – тіл тағылымы» екенін темірқазық етіп кеткен Алаш көсемінің атын арқалаған Тіл білімі институтының бұл мазағы ма, әлде, сауаттарының жеткен жерлері осы ма? Бәріне сілтей салуға болады, уақыттың тығыздығы, техниканың түсініксіз тілі, тексерілмей кеткені... Айналып келгенде бәрі өзіміздің жауапсыздығымыздан. Осы сөздікті дайындағандар мен қол қойғандардың барлығы 12 мың сөздің құрығанда 100-ін оқығанына да күмәнім бар. Әр томы 4 мың таралыммен басылып шыққан «оқу-анықтамалық басылым» дәл қазір қай шала тілді қазақтың білімін «толықтырып» отыр екен?..

 

Бану ӘДІЛЖАНОВА.

 

(Жазба автордың facebookтегі парақшасынан алынды) 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308