Мекебай ОҢАЙ. Ататегіміз анық жазылсын
Cолтүстік өңірлердің ерекшеліктерін ескерген Елбасы мен Үкіметіміз бұл аймақтарға ат басын тіреген оралман отбасыларына берілетін көмектің көлемін басқа өңірлерге қарағанда 2010 жылы екі есеге өсірді. Әрине, оралмандар үшін мемлекеттік деңгейде жасалынып жатқан осы жеңілдіктер оларға мүлдем жетпей жатқан жоқ. Дегенмен бір елден бір елге қоныс аударған қандастарымыз құжаттарын рәсімдеуде көптеген қиыншылықтарға кездесіп жатады. Талқыланып жатқан Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында осы мәселелер дұрыс шешімін тапса деген үмітіміз бар. Мысалы, аты-жөніміздің әртүрлі жазылуына байланысты біздің отбасының кездесіп жатқан қиыншылығы шаш-етектен.
Cолтүстік өңірлердің ерекшеліктерін ескерген Елбасы мен Үкіметіміз бұл аймақтарға ат басын тіреген оралман отбасыларына берілетін көмектің көлемін басқа өңірлерге қарағанда 2010 жылы екі есеге өсірді. Әрине, оралмандар үшін мемлекеттік деңгейде жасалынып жатқан осы жеңілдіктер оларға мүлдем жетпей жатқан жоқ. Дегенмен бір елден бір елге қоныс аударған қандастарымыз құжаттарын рәсімдеуде көптеген қиыншылықтарға кездесіп жатады. Талқыланып жатқан Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында осы мәселелер дұрыс шешімін тапса деген үмітіміз бар. Мысалы, аты-жөніміздің әртүрлі жазылуына байланысты біздің отбасының кездесіп жатқан қиыншылығы шаш-етектен.
Мен Өзбекстаннан келген оралманмын. Өзбекстанда менің «Мекебай Райымбекұлы Оңай» деп жазылуы тиіс аты-жөнім «Унгаев Мекебай Раймбекович» деп жартылай өзбекше, жартылай орысша жазылып кеткен. Ал әйелім Алтынгүл Сардарқызының аты-жөні (фамилиясы Жалғасбай) бір жерде «Джалгасбаева Алтынгуль Сардаровна», бір жерде «Жалгасбаева Алтингул Сардаровна», тағы бір жерде «Жалгаспаева» болып жазылған. Сол себепті атажұртқа оралған соң құжат рәсімдеуде көптеген қиындықтарға тап болып отырмыз.
Әйелім биыл 53 жасқа толды. Бес баласы бар аналар осы жаста зейнетке шығады деп қуанышымызда шек болған жоқ. Бірақ зейнетақы тағайындайтын мекемеге барып, осы қуанышымыз су сепкендей басылды. Өйткені құжаттарды қабылдайтын маман әйелімнің жеке куәлігі мен туу туралы куәлігіндегі және еңбек кітапшасындағы әріптердің әртүрлілігін көріп, әділет басқармасына сілтеді.
Даудың үлкені аудандық әділет басқармасында басталды. Өйткені қызым Сұлуқалдың Өзбекстанда алынған туу туралы куәлігіндегі қазақшаға жақындау «Слу-қал» деп жазылған аты қазақстандық жеке куәлігінде «Слукал» болып, ал ұлымның өзбекстандық туу туралы куәлігіндегі таза қазақша «Қасым» деген аты қазақстандық жеке куәлігінде орысша «Касым» болып шыға келіпті. «Бұл қалай? Өзбек болудан қашып, қазақ болуды армандап келген біз атымызды неге орысша жазуымыз керек» деген сұрағымызға мұнда жауап берген ешкім болмады. Қысқасы, бес баламыздың өзіміздікі екенін дәлелдей алмай, дал болып жүрміз.
Біздің түйгеніміз, мұндағылар Елбасының «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу туралы» Жарлығынан не бейхабар, не орындауға құлықсыз. Әйтеуір, Елбасының Жарлығын арқа тұтып, алты ай дегенде «Джалгасбаева», «Слукал», «Касым» дегенді әзер түзеттік. Бірақ қызым Азизаның «Мекебиевна» (дұрысы «Мекебаевна») болып жазылған тегі алынбас қамал болып тұр.
Мына қызық жағдайға назар аударыңыздар. Өзбекстаннан ауданымыздың Возвышенка селолық округіне көшіп келген Бекетов Амангелді Беркінбайұлының (жеке куәлігінде - Бекетов Амангелди Беркинбаевич) 1994 жылы 23 наурызда туылған Ерхан атты ұлы бар. Беркінбаев Ерхан Амангелдіұлының Өзбекстаннан алған туу туралы куәлігінде «Беркинбаев Ерхан Амангелдиулы» деп жазылғандығы үшін әділет басқармасындағылар Ерханға жеке куәлік беруді әр саққа жүгіртіп, сөзбұйдаға салып жүр. Олардың айтуынша, Ерхан жеке куәлік алу үшін Өзбекстанға барып алғашқы тіркеу кітапшасынан көшірме алып келу керек екен. Ал көпшілік оралманның Өзбекстанға бармақ түгілі, облыс орталығы Петропавлға барып келуге жағдайлары жоқ. Олар тіпті орыс тілін білмегендіктен жұмысқа орналасуға да қабілетсіз болып отыр.
Ауданның бұрынғы әкімі Айдарбек Сейпілұлы Сапаров өзі әкім болып қызмет еткен екі жылға толар-толмас уақыт аралығында аудандағы барлық салада айтарлықтай игілікті жұмыстар жасаған еді. Әсіресе, орыс тіліне шорқақ біз оралмандарға көптеген қолайлылықтар туғызып, мүддемізге сай біраз шаруалар тындырған болатын. «Мағжан жұлдызы» атты қазақ тіліндегі аудандық газеттің жарық көруі де - сол кісінің арқасы. Тіпті оралмандардың тыңғылықты сіңісіп кетулеріне жақыннан көмек көрсету мақсатында аудан әкімшілігі жанынан «оралмандар кеңесін» құрып, олардың міндеттерін белгілеп берген еді. Ал қазір сол кеңестің қадамы ілгері баспай отыр.
Жалпы, талқылауға ұсынылған Тіл бағдарламасында тек Қазақстан азаматтарының ғана емес, атажұртқа оралып, азаматтық алуға құжаттарын рәсімдеп жүрген оралман бауырларымыздың ататегін жазу мәселесі де назарға алынып, тиісті шаралар қолға алынса деген үмітіміз бар.
Мекебай ОҢАЙ
Солтүстік Қазақстан облысы
"Ана тілі" газеті