Құлдық санадан құтылмай ісіміз алға баспайды
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының бірден мемлекеттік тілде жарыққа шығуы - ширек ғасырдан астам уақыт өз жерінде өгей баладай күй кешкен қазақ ұлты және оның ана тілі мемлекеттік тілдің көптен бері еңсесін басып келген ауыр салмақты бірден сілкіп тастамаса да, жылт еткен бір үміт отын жаққандай болғаны рас дер едім.
Осы бағдарламалық мақаладағы латын қарпіне көшу туралы бастама да ұлт көңілінен шығатын дүние. Орталық Азиядағы түріктілдес мемлекеттердің соңы болып, латыншағы көшсек те, соны көңілге медет санайық, ағайын...
Бүгіндері осы латын қарпі төңірегінде қазақ жұртшылығы екі топқа бөлініп алғандай әсер ететіні де рас. Оның алғашқы әрі көпшілік тобына – қазақ тілділер жатса, екінші әрі шағын тобына қазақтардың орыс тілділерін жатқызуға болады. Бұл топ – аса қауіпті топ. Бұлар әлі күнге дейін өзінің туған ұлты қазағын – «ұлт» деп, оның қазақ тілін «мемлекеттік тіл» деп мойындаған емес және мойындамайды да. Турасын айтқанда, бұлар әлі күнге дейін орыстың бодандық қамытынан шыққысы келмей келе жатқан құлдар екені өтірік емес. Олар күні бүгінге дейін балаларын, немерелерін, шөберелерін тек орыс мектептерінде оқытып, өздері қазақ тілін қасақана үйренбей келе жатқандар. Олар жетпіс жеті атасынан бері құл және сол құлдардың тікелей ұрпақтары. Бұл – ащы да болса ақиқат! Сонау 1917 жылғы лениндік қазан төңкерісі, ұлтымыздың бетке шығарларын атып, асып, құртып, олардың орнына есікте жүрген тексіз құлдарды әкелгені тарихтан белгілі. Енді түсінікті болар...
Меніңше, құлдың аты – «құл» болып қала беретін сияқты. Билікте жүрген құлдар әлі күнге Мәскеуге қарап мөлиіп отыр. Олар іштей кирилл қаріпінен қазақтың латын графикасына көшіуне өлердей қарсы. Соның ірі менше болғанда Білім және ғылым министрі Сағадиев дейтін министріміз болса керек.
Орта мектептерге «үш тілділікті» зорлап бірден енгізіп жіберген, тұла бойы қазаққа қарсы министр Е. Сағадиев латыншаға келгенде былғаңдап қалған сыңай танытады. Өйткені, оның кешегі қызыл коммунист, больщевик әкесі де, оның тәрбиесін алған лениншіл комсомолдың өзі де, құдай біледі ұрпағын баяғыша орыс тілінде тәрбиелеп жатса керек. Егер, мен қателесіп жатсам, кешірім сұрауға дайынмын. Сол «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тілі», «Қазақ тарихы» дегендерге жанымен қарсы пенденің қазақ қарпін латыншаға көшіру жөніндегі президент бағдарламасын мойындағысы келмейтіндей сыңай танытқаны, мені еріксіз осындай ойларға қалдырғаны рас болатын...
Жасыратын ештеңе жоқ, біздің биліктегілердің 90 пайызы әлі күнге дейін орыс тілін құрметтеп, Мәскеуге мөлие қарап жүрген құлдар екені өтірік емес. Сондықтан енді Қазақстан Президентінің маңына туған ұлты қазағын шексіз сүйетін ұлт патриоттары көптеп топтастырылуы керек. Ана мәскеушіл шалақазақтардан біртіндеп құтылмаса болмайды. Олар билікте сығылысып отырғанда қазақ қарпін латыншаға аудару жұмысы жүзеге аспайды. «Барды – бар, жоқты – «жоқ»» деп айтатын уақыт жетті!
Қазақтың осы мемлекеттің шынайы иесі екенін мойындату үшін әлі көп күш керек. Алдымен құлдық сана-сезімнен құтылу керек, қазақты құлдықтан құтқару керек!
Мемлекетте «отарсыздандыру саясатын» тездеп қолға алмай, болмайды. Содан кейін «халықаралық Люстрация» заңын қабылдаса, нұр үстіне нұр болар еді. Иә, қазақ қарпін латыншаға аудару үшін әлі жұмыстар жүрзізілуі керек.
Ең бастысы, құлдық қамытын тездеп лақтырып, нәті құлдар мен құлдық санадан құтылмай ісіміздің алға басуы қиын!
Жұмаш Көкбөрі, ақын
Abai.kz