Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
8561 6 пікір 28 Сәуір, 2017 сағат 12:43

П.К. Услар. Қазақ даласындағы төрт ай

(Жалғасы. Естелік-жазбаның басы мына сілтемелерде тұр:

http://abai.kz/post/49234;

http://abai.kz/post/50361;

http://abai.kz/post/51010;

http://abai.kz/post/51171;

http://abai.kz/post/51553;

http://abai.kz/post/52170

http://abai.kz/post/52315

Оқырманға аңдатпа: бұл тарауда экспедиция басышысы Услар тұтқынға түсіп, Хан Кененің қосынына келеді.

VII.

Өткен тараудың соңында  мен басымда болған оқиға тур жаздым ғой, жадымда одан ешқандай із қалған жоқ. Кейде есіме түскендей болады, бірнеше таныс емес адамдар кенеттен мені қоршап алған сияқты, сосын атқа мініп тез шауып бара жатамын, бірақ қайда барамын, атта қалай отырғанымды түсінбеймін. Барлық дене мүшелерімнің адам төзгісіз болып ауырып тұрғанын сезінемін, бірақ ол да  мені бей-жайлық пен самарқаулықтың тұңғиығынан шығарар емес. Кейде бұл көмескі естеліктер жоғалып кетеді, сол кезде олардың барлығы өмірімнен сызылып тасталғандай.

Есімді жиған кезімде қап-қараңғы еді. Бірнеше сәтте есімді жоғалтқанға дейінгі болған жағдайды есіме түсірдім, бірақ қазіргі жәйімды айқындау оңай емес еді. Денемді көтерейін дегенімде барып қол-аяғымның байлаулы екенін сездім; иығымның шыдатпай ауырғаны жарақатымды есіме салды. Қай жердемін? Айналам қап-қараңғы, бір құрылыстың ішінде жатқаныма күмәнім болмады, оның үстіне қаншама уақыт жұтқаным таза ауа емес, іші қапырықты болып сезілді. Бар күшімді салып кеудемді шамалы көтердім, бірақ мені жан-жағымнан қоршаған қалың әрі суық бірдеңе денеме тиеді. Бір сұмдық сезім бойымдағы қанымды мұздатып, басыма мұз кесекпен соққандай болды. Қазақтар менің ұзақ уақыт ессіз жатқанымды көріп, өлді деп санап тірідей жерлеген шығар деген ой сап ете қалды. Бірнеше мезет бұл ой бойымдағы бар қуатым мен күшімді жаншып жіберді; үнсіз және қимылсыз дәрменсіздікпен жерге қайтадан сылқ ете қалдым. Аз-аздап бойыма сергектік  келмесе де, қимылдайтын хәлге келе бастады. Бойыма қуат беретін долылықпен жан-жағыма аласұра бастадым, бірақ қай жағымнан болмасын біркелкі тосқауыл жіберетін емес.  Кеудемнен үмітсіздік дауысы  шықты; біреу аяғымнан ұстады, сол кезде маған танымайтын біреудің қазақша сөзін анық естідім: «Үндеме, әйтпесе өлтіреді». Жағымды болмаса да айтылған осы сөз сол минутта ең тәтті сөз болып, сүйікті әйелдің ашынаға жақсы көретіндігін айтқан сөздей естілді. Кеудемнен тау құлағандай болды.  Қуанышымның алғашқы минутында жабайылардың қолында тұтқында екенімді, бұл ауыр тұтқыннан тек өлім ғана құтқаруы мүмкін екендігін ойлаған да жоқпын. Тірідей жерленгеннен басқа қорқыныштардың барлығына шыдамдылықпен көнуге болатындай деп санадым..  Жұмбақ дауыстың айтқанына көніп тып-тыныш жаттым, оның үстіне, сәл қозғалсам болды, денем жан шыдатпай ауырады. Жан-жағым қайтадан тынышталды. Біршама уақыттан соң, өз жағдайымды өзіме түсіндірмек болған ойым бойынша, жерден басымды көтермей, мықтап байланған, қозғалуға  да мүмкіндігі жоқ қолым мен аяғымның орнына,  шынтақтарыммен және желкеммен тіреніп бар күшіммен алға жылжи бастадым.  Әр сүйем жылжыған жолым ерекше қиналыспен берілді; ақыр соңында шықтым-ау жұмбақ зынданнан.

Еш саңлауы жоқ қараңғылықта ұзақ жатқаным соншалықты, қадімгі түнгі қараңғылық жан-жағымды көруге еш қиындық жасаған жоқ, бір қарағаннан-ақ түсіндім, зираттың ішіндегі  қабірде жатыр екенмін, бұндай қабір жайлы бұрын айтқанмын. Есік орнына жасалған тесіктен батып бара жатқан айдың алтын  сәулесі жерге түсіп тұр. Қазақтардың дәстүрі бойынша марқұм жерленген орын тастардың аласа бойлы үйіндісімен белгіленеді, тастардың арасында біршама бос кеңістік қалады, міне осы жерге қазақтар мені бір құшақ отын сияқты тығып қойыпты. Шынында да, мұндай жағдайда өзіңді тірідей жерленген болармын деп санау тіпті қиын емес. Жерде үш адамның тұлғасы көрінеді, қозғалмағандықтарына қарағанда ұйықтап жатқан болар немесе арасына менің келгенімді байқамай жатыр. Тұтқыннан босану жайлы  сол заматта ойыма келді. Бұрын естіген әңгімелерім бойынша тұтқындар  қазақтардың қамсыздығын пайдаланып талай рет қашып кетіпті-міс, соның дәлелін өзім де көріп отырмын.  Бірақ содырлардың аяғым мен қолымды шеберлікпен шырмап байлаған қарғыс атқан жіптен қалай босанарымды білмедім.

Ештеңе ойлап тауып үлгергенім жоқ, сол сәтте қазақтардың біреуі оянып кетіп бар үмітім үзілді. Мені бірден көрді де, таңданғаным сонша менімен жылы сөйлесе бастады. Әрине, ол менің ең үлкен қылмыс, тұтқындардың барлығы жасайтын қылмысты – қашуға дайын екенімді  білмейді. Осы кезде басқа да қазақтар оянды, мұның өзі олардың өте сергек ұйықтайтындығын білдіреді. Мен бұл кезде олардың сөзіне үйреніп қалғанмын, айтқан сөздерінің бәрін түсіндім. Содырлар біздің айтқанымыздың бәрін тыңда, қашу жөнінде ойлама, әйтпесе  қатал азаптауға қаласың деп кеңес берді. Олардың сөзінен байқағаным, көңілімді сергітіп айтқаны:  бізде тамағың тоқ, бәрі жақсы болады, тәртіпті болсаң, ешкім сені саусағымен де түртпейді деген сөздерді айтты. Бұдан соң, кімсің деп сұрады, Сібірден емес екенімді біліп маған деген жақындықтары арта бастағандай көрінді.  Сонымен бірге менің шенімді түсінбекші болды, бірақ  әскери иерархия оларды шатастыратын ең қиынның қиын жұмбағы болғандықтан, майордың көмекшісімін деген дерекпен шектеліп, атақтылық жөнінде округтік заседательден кем түспейтінімді айттым.

Бұған дейінгі естігендерім бойынша қазақтардың тұтқындармен өте қатыгез болатындығы жайлы білетінмін. Сондықтан олардың маған дегенде неге қалыптасқан әдеттерінен айнып қалғандарына алғашқы сәттерде  таң қалдым; бірақ көп ұзамай аңғара бастадым, олардың жылысөзділігі маған жаны ашығандықтан емес, көздеген есептеріне байланысты екен. Офицерді тұтқынға түсіргенін біліп,  мені аман-есен Кенесарыға жеткізіп бай сыйлық алуды ойласа керек.  Менің өмірімді сақтау оларға бірнеше тоғыздан тұратын сыйлық алу үмітін  жарқыратады. Сыйлыққа ат, шапан алу – міне осылай менің өмірім содырлардың мейірімді қамқорлығының затына айналды. Біреуі қараңғыда жарамды ұстап бір шөпті басты, әуелі оны жақсылап шайнады. Басқалары тамақ жеп ал деп ұсыныс жасады, бірақ менің ойымда тамақ жоқ болатын.  Өздері  әңгімелерін жалғастырып мен үшін Кенесарының қанша беретіндігі жайлы сөйлесіп жатты, тіпті қызып кетіп әңгімелері өзара бөліске кетіп қалды ма деп те ойлаймын. Біреуі ақкөңілділікпен, өзіңді қаншалықты жоғары бағалайсың деп те сұрады. Мен әрине өзімді өте жоғары бағалайтынымды, олардың бағамдық өлшемі саналатын жылқы, шапан, қойға сәйкес бағаны айттым.

Қызықты әңгімелерін айтып отырған қазақтар айдың көкжиектің астына тығылғанын байқамай қалыпты, сондықтан түскен қараңғылық әрі қарай жол жүруге нағыз ыңғайлы уақыт болатын. Ішке кірген төртінші қазақ, ол аттарды қарауылдап жүрген, серіктеріне жолға шығатын уақыт болғанын естеріне салды. Мені атқа мінгізердің алдында байланған аяғымды шешті, қолымды байлаулы қалдырды. Мені ең жаман атқа екі қазақ көтеріп мінгізді; аяғымды шешті де сосын қайтадан аттың қарынынан жіп өткізіп екі аяғымды байлады. Біреуі тізгінінен ұстап алдымда жүріп отырды; екіншісі артымда жүріп келеді, қолымды байлаған жіп оның қолында. Қалған екеуі қауіп жоқ па деп сырттан бақылап жүріп келеді. Түн өте қараңғы еді, ерекше тыныштықты сақтап қатты желе жортып келеміз. Қандай жолмен келе жатқынымызды аңғартатындай ешқандай затты көре алмадым, ал қазақтар бұрыннан  өздері жақсы білетін жерлермен келеді. Аттардың тұяғының дауысы алыстан естілуі мүмкін тасты   жерлерді айналып, жолдарын жиі ауыстыруда. Жолдарынан адаспайтындарына сенімділігі Петербургтің ескі тұрғынының үйіне ең қысқа  жарық шамды көшелерімен келе жатқанындай. Жұлдыздарға қарап байқадым, оңтүстік-батысқа тура жүріп келеміз, соған қарағанда отрядтан тік бұрышпен алыстап барамыз, ал біздің отрядтың солтүстік-батысқа бара жатқаны белгілі.

Екі бүйірімізде келе жатқан  қазақтың екеуі де асығыстықпен бізге жақындай бастады, біз қалш етіп тұра қалдық. Алыстан бір гуіл естілді, алыста шауып келе жатқан аттылардың дүбіріне ұқсатуға болады. Біздің осы кездегі бет-әлпетімізді көргісі келген суретші бұл көрініске ақшасын аямаған болар еді. Қазақтар бір біріне тығыз жақындап, бірнеше минуттан кейін казактардың найзасының ұшында шаншылып жоғарыда тұруы мүмкін ойдан діріл қағып тұр. Белгісіз гуілге, мені құтқарушылардың белгісі шығар  деген үмітпен бар зейінімді салып құлағымды тосып тұрмын. Егер шабуыл бола қалса, қазақтар мені ай далаға тастап қашып кететіндігіне, кетер алдында мені найзаларымен шаншып кетуге батылдарының жетпейтіндігіне күмәнім жоқ еді. Олардың қорқынышы, менің үміт отым бекер боп шықты, көп ұзамай гуіл тынышталды. Шынымен жақын жерден содырлардың бір тобы өтті ме, әлде желдің шуы біздерге аттың дүбірі болып естілді ме, ол жағын білмедім. Қазақтар уһ деп еркін еркін дем алып сыртқы бүйір жолына кетті, ал мен болсам бишаралық күйдегі саяхатымды жалғастыруға тиіспін. Осы бір тағдырлы түнгі бастан кешкендерімді сіздерге айтып жеткізетін сөзім жоқ. Әділдігін айтар болсам,   бірінен соң бірі жалғасқан санаусыз жан толғаныстарды басымнан кештірген тағдырға риза болсам керек. Бірде үміт, бірде қайғы бірінен соң бірі алмасып бойымдағы тән жарасынан кешкен азаптарды сезбейтін халге түстім, иығыма оқ тиген, басыма тиген соққының күштілігі сондай, әлі өзіме келетін емеспін.

Таң атар кездің алдында, шағын жыраға келіп тоқтадық, жыраның байқаусыздығы соншама, дәл қасына келіп те аңғара алмайсың. Түздің даласы қашып бара жатқан ауылдардың айқыш-ұйқыш іздеріне толы екендігін көрдім. Бұл көрініс маған ұнаған жоқ, себебі мұндай жерде біздің іздеріміз көп іздердің ішінде белгісіз болады, сондықтан мені іздеуге шыққандардың дұрыс бағыттан адасып кетпесіне үмітім қалмады. Қазақтар мені жүк сияқты қайтадан аттан түсірді; аяғымды байлап жерге жатқызды. Шаршағандықтан және шыдатпаған ауруым сәт сайын күшейіп тағы да сезімнен айрылдым. Қанша уақыт есімнен танып жатқанымды білмеймін – бір кезде денемді қарыған суық оятып жіберді, дәл сол кезде алқынып шашалып жатыр екенмін. Бұл жағымсыз жағдайым маған қайтадан сергектік сыйлады; судан шықпақ болып жұлқынамын, бірақ бірнеше күшті қолдар мені суда ұстап қалдырды. Бір уақытта басымды  судан шығардым-ау, әйтеуір. Бірақ, қазақтар мені сол қалпымда ұстап суда ұстап тұрды. Ішіндегі біреуі, мені емдеу міндетін мойнына алғаны, қарсыласпауымды, бірнеше сағаттан соң бұл шомылудың арқасында құлан таза жазылып кететінімді айтып үгіттеп қояды. Ширек сағаттай суда ұстады, шынында да өзімді бұрынғыдан жақсы сезіне бастадым, салқынға денем үйреніп есімнен танған кезде жіпті шешіп қолымның босағанына рақаттандым. Бірақ, бұл рақатым көпке ұзаған жоқ, жағаға шыға салысымен қайтадан байлап тастады. Кейін білдім, қазақтар шомылуды барлық аурудан жазылудың емі деп біледі екен. Жаралыларды ұзақ уақытқа суға  жатқызады, содан кейін  жара тезірек жазылады деп санайды. Дегендеріндей өзімді жақсы сезіне бастадым. Мені аттарымыз тұрған жыраға көтеріп апарды. Қазақтардың бірі даланы көретіндей болып жардың шетіне шөпке  орналасты. Серігі мені қарауылдап қалды, қалған екеуі жерге қисая кетті де сол заматта қор ете түсті. Әбден шаршаған мен де олардың үлгісімен көп ұзамай қатты ұйқыға кеттім.

Оянған кезімде күн аспанға жоғары көтеріліпті. Айналамда бұрынғы жағдай: екі қазақ ұйықтап жатыр, екеуі қарауылда, тек орындары ауысқан, олар да біздің күзетшілер сияқты ауысып отырады екен. Қасымда отырған қазақ оянғанымды көріп құрт (автор крут депті. - С.Ж.) ұсынды. Қышқыл сүзбеден жасалған зат, қазақтар жорық кезінде тек осымен қоректенеді. Құртты суға жібітуге болады, сондықтан әрі тамақ, әрі сусын бола алады. Көптеген қазаққұмарлар құртты ерекше мақтайды, бірақ айтайын, бірнеше күн бойы оны тамақ орнына жеуді ең қас  дұшпаныма да қаламаймын. Сыздатқан аштық гастрономиялық сенімсіздіктерімді жинап қойғызып қазақтың осы бір сусынынан бірнеше жұтым жұтуға мәжбүр етті. Күзетшім менімен ұзақ әңгімеге түсіп, сөйлеген сөздерімдегі қателеріме күле береді; сөз арасында патшаны көрген кезің болды ма, оның қанша аты бар, жақсы көретін атының түсі қандай деп сұрады. Осындай сұрақтар қойған кезде оның бойында далалық ой-қиялының  қияндап кететіні көрініп тұр. Сұқбаттасымның қазақтардың көпшілігіне тән саналатын жабырқаңқы тұйық мінезі жоқ, көңілді жігіт болып көрінді. Әңгімемізді жардың шетіңде шөптің үстінде жатқан қазақтың ысқырығы бөліп жіберді. Ысқырықтың дауысының құсқа ұқсайтындығы сонша, оны алыстан естіген адам оған еш мән бермеген болар еді, ал менің қасымдағыларға ол сиқырша әсер етті.  Менімен сөйлесіп отырған қазақ сөзінің жартысында тоқтап, аузын ашып саусағын сақтық белгісімен жоғары ұстаған күйі мелшиген тастай болып қатып қалды. Ұйықтап жатқан екі қазақ сол сәтте оянып, бір сөз де айтпастан зәрелері кеткендей бірі біріне көздері бақырайып қарап қалды. Бірнеше минуттардан соң жоғарыда жатқан қарауыл жерден басын көтермей құлақшынын әуелете лақтырып жіберді, құлақшын біз жатқан сайға түсті. Шөптің арасында тығылып жатқан кездерінде, шөптің қозғалғаны дұшпанның назарына түсіп қалды деп ойласа, қазақтар осы әдісті қолданатындығын бұрыннан білетінмін. Асқан шеберлікпен жоғарыға лақтырылған құлақшын жерден көтерілген құстан айнымайды. Бұл жолы осы қулық толық табысқа жеткен болса керек. Біраз уақыт өткен соң қазақтар еркін дем алып, иықтарынан ауыр жүк түскендей, бұрынғы қалыптарына түсті. Құлақшынын киіп алған қарауыл күзеттегі өз орнына барды; басқасы екеуміздің арамыздағы үзілген әңгімені жалғастырып, қалған екеуі сол заматта ұйқыға кетті. Талтүстік тіке түскен күн сәулесі қыздырып тұр, күннен тығылатын жер жоқ, бірақ қазақтар оттай қызған жерде,  түскі тамаққа тойған, асқазаны сау, жерін Қамқоршылар кеңесіне аманатқа қойған орыс помещигі сияқты, жұмсақ мамықта жатқандай байсалдылықпен ұйықтай береді.

Уақыт адам шыдамастай ұзақ өтуде. Ыстық ауа дем алуыма жақпай отыр. Ал еріксіз қозғалмай жатқандығым, қатты жүруден де жаман қажытып тастады. Күн батуға екі сағаттай қалған кезде қазақтар жақын жердегі қайырға апарып таңертеңгі шомылуды қайталады, осы істері үшін іштей оларға  ризашылығымды білдірдім. Алған жарақатыма қарамастан, бойыма  күш-қуатым кіріп жатқан сияқты. Ойларым жарқын, бірінші рет түскен жағдайымды жақсылап ойлап алатындай болдым. Әрине жағдайым өте адам қызығарлықтай емес. Европалық соғыстардың өзінде, сауаттылықтың арқасында тұтқындарға көптеген бұзылмайтын құқықтар сыйланғандықтан, тұтқын болу өлімнен біршама тәуір. Адамның құқықтары жайлы ешқандай түсініктерді естіп көрмеген  мына азиялық жабайылардан не қайырымдылық күтуге болады бірақ? Бұл сәтке дейін маған көзқарастары мен қараулары жаман болған жоқ; бірақ оның себебі олардың маған жаны ашығандығынан емес, көздеген мақсаттарынан оңай аңғарылып тұр. Казактар мені құтқарып қалар деген үмітім де еш негізсіз болып тұр. Отрядтағы аттардың әбден шаршағанын білемін,  тоқтамай ізбен жүріп  қууды жалғастыра алмайды, экспедиция бір сөзбен айтар болсам, аяқталды. Отряд жақын уақытта линияға қайтуы керек. Бұл ой-толғаныстарым мені онша жұбанта алмайтын ойлар. Әйтсе де менде азғантай болса да үміттің көлеңкесі бар еді. Қазақтарда қамсыздық пен жасықтық басым, сол себептен ерте ме, кеш пе маған қашудың бір сәті түсері анық. Мұндай амалдың қиындықтары мен қауіптілігі жайлы ойлап қажеті жоқ. Тұтқыннан құтылу мәселесі қойылған кезде, өмірін тәуекелге қиюға кім ойланады? Казанова мен барон Тренктің атақты қашу оқиғаларының барлық егжей-тегжейлерін есіме түсірдім. Бұл екі адам қазақтарда тұтқында болған кездерімде қиялымдағы ең сүйікті адамдарым болды.

Серіктерім жолға шығу үшін қараңғылықтың түскенін күтіп отыр. Күндіз жүруге бата алмайды, мені іздеушілердің көздеріне түсіп қаламыз деп қорқады. Толған ай даланы жап-жарық қылып тұрды, қазақтарым одан қорқар емес, отрядтан алыстаған сайын батылданып келеді. Оңтүстік-батысқа қарай түні бойы желе жортып келеміз. Таң алдында алдымыздан Кенесарының қарауылшыларының бір партиясы шықты. Бізді қуанышты сөздерімен қарсы алып қоршап алды, достарының сәтті олжамен келе жатқандарына қызығып та, таңданып та жатыр. Менің қазақтарым, әрине мұндай салтанаттан өздеріне мүмкін болатын барлық тиімділікті алуды ойлап жатыр. Ерліктерін жарыса айтып жатыр, саны көп  казактарды қалай қуып қашырғанын, олардың өз зеңбіректерінің қасына қалай тығылғандарын, өзінің жанын салып қорғанғанын, ең соңында мені яғни орыстың батыры, Жеңістің әкесін қалай қолға түсіргенін айтты. Осы кезде ауылға да  келіп қалдық.

Таңның ерте шағы еді, жұрттың көпшілігіне күн әлі басталмаған. Бірнеше ит, бәрі де түрікмендік тұқымнан, алдымыздан жүгіре шықты, мені көріп бар дауысымен абалай жөнелді. Ауыл жаны бар тіршілік иесіне ұқсайды. Даланың жарты шақырымдай квадрат аймағында ешқандай тәртіпсіз қазақтың жылжымалы үйлері шашырап орналасқан. Киіз үйлер онша көп емес; олардың барлығы тек ақсүйектерге ғана арналған, биіктігімен және киіздерінің аппақтығымен көз тартады. Олардан кейін екінші орында шошала үйлер тұр, киіз үйлерден айырмашылығы – дөңгелек күмбез жасайтын уықтары шаңыраққа тығылмайды, оның орнына арқанмен бастарын қосып байлап қояды. Ең қарапайым халық түнгі суық пен күндізгі ыстықтан қосқа тығылады. Қос -  тіке үш сырық қойылған, сырты киізбен жабылған баспана. Мұндай қостарда жатуға, отыруға болады, тек түрегеп тұра алмайсың. Бүкіл өмірін ат үстінде, жерде өткізетін ордалықтар үшін бұл ыңғайсыздық түк те емес. Мысалы, қазаққа бірнеше қадам жермен жүруге тура келсе, аяғына қабық орап алған мысыққа ұқсап ебедейсіз жүретіні содан болса керек.

Киіз үйлердің арасында бірнеше аттар жүрді, қалып бойынша қауіп-қатер кезіне деп оларды жақын жерде ұстайды; қалғандары табынның ішінде түйе мен қойлармен араласып ауылға жақын жерде жайылып жүр. Ер кісілерді аз кездестірдік, әлі ерте  болғандықтан олар таңғы ұйқының құшағында жатыр. Әйелдер мен қыздар ерте тұрып үй шаруасының күйбеңімен жүр. Біздің келуіміз жаппай қызығушылықты тудырды. Айналамызға келушілердің саны бірте бірте көбеюде. Менің серіктерімнің өкінішіне қарай, Кенесарының үйінде жоқ екенін, он күнсіз қайтып оралмайтынын естіпті. Тиесілі сыйлықтарын тезірек алуға тырысқан серіктерім шыдамсызданып, мені ертіп Кенесарыны іздейміз деп жаңа ат талап ете бастады, бірақ көпшілік жұрттың қарсы дауыстары шықты. Аттар онсыз да шаршап келді, оларды құр бекер шаршатуға болмайды, жолда казактар  ұстап алуы мүмкін және т. б. айтты. Іштей қызғанғандардың менің жеңімпаздарыма қарсы керісінше іс жасауға тырысып жатқандары байқалды. Сөзталас көп ұзамай балағаттасуға ұласты.

Сол уақытта қасымызға жібек шапанды, кестеленген ашық түсті тақия киген бипаз бір жас жігіт келді. Маған еш сәлем бермей тіке  бетіме қарады да менің серіктерімнің әңгімесін тыңдай бастады. Серіктерім оған бастарын иіп амандасып, мені ертіп ханның артынан іздеп баруға көзін жеткізуге тырысып одан рұқсат сұрай бастады. Кенесарының қолдаушылары оны хан деп атайды. Жас жігіт бұл өтініштен үзілді-кесілді бас тартты, хан жақын күндері оралады, тұтқынды жақсы күтіп, жараларын емдеп ауылда сақтау қажет. Оны далаға шығаруға болмайды, ол енді ханның бағыныштысы, оның тағдырын ханның өзі шешеді: Хиуаға сатып жібер дей ме, немесе сол заматта өлтір дей ме... Осылай деген сыпайы жас жігіт бұл сөздерді  асқан сабырлылықпен және салқынқандылықпен,  құдды  қойды не істейміз, сатамыз ба әлде соямыз ба дегендей көзімше айтты. Серіктерім оның бұл шешіміне наразы болса керек, бірақ көзінше қарсы ештеңе айтпады, жас жігіт сол жерден алыстап кеткен соң ғана күңкілдеп ренжігендерін білдіре бастады. Кейін білдім, жас жігіт Әлжан екен, Ташкентте өлтірілген Саржанның баласы. Кенесары өзі кеткен кездерде ауылды басқаруды Әлжанға тапсырады екен.

Әлжанның үйінен алыс емес жерге маған арнаған шошаланы қондырды. Үсті біршама тап-таза киізбен жабылған, астыма да киізден төсек салып берді. Шаршағаныма қарамастан көпке дейін ұйықтай алмадым. Әлжанның құлдыққа сатамыз немесе өлтіруіміз мүмкін деген сөздері құлағымнан кетпей тұрып алды. Ол сезімдерді елемеу оңай, егер оған қарсы күреске түссең, ондай кезде дегеніме жетемін деген сезімдер басқа сезімдеріңді азайтады. Ал мынадай жағдайда, өлім саған жәймен жақындап келеді, ал  сенің оны болдырмауға еш шараң жоқ. Жазаның ең жаман түрі - зарықтырып күттіріп қою, мұндай кезде әрбір минутың басыңа тамған балқыған қорғасынмен тең. Дегенмен мұның бақытты аяғы болуы мүмкін деген үміт менен қашқан жоқ, осы бір үміт тербетіп ұйықтап кеттім.

Ұйқым екі сағатқа созылып, шошалаға кірген түрі таныс адамның келуімен ояндым. Бет пішіндері қазаққа тіпті келмейді: бет әлпетінің дұрыстығы мен ақылдылық тұрпаты да қазаққа ұқсамайды,  бұл жөнінен алғанда қазақтардың түздік әлпеттері онша тәуір емес. Бейтаныстың бойы ұзын, өте арық, ұзын қара сақалы бар, денесінің  түсі сап-сары. Жалпы айтқанда, бет әлпеті маған өте ұнады, адамды іштей тартады, еріксізден сенімге шақырады. Достық көңілмен сөйлесе бастады, мұндай мінез оқыған мұсылмандардың арасында өте сирек кездеседі:  олардың барлығы ерекше фанатизммен уланған, христиандарға деген терең жеккөрініштілікті бойына жинаған. Аты Әбілхайыр, кәсібі хакім яғни ғұлама немесе емші екен. Шығыста ғұлама мен емші сөздері синоним болып табылады. Әлжан жұмсапты, Кенесары келгенше емдеп сауықтырсын деп бұйырыпты. Өзім де тезірек сауығуды қалаймын, қашуға  мүмкіндігім болсын деп, бірақ ташкенттік емшінің шеберлігіне онша сенбедім. Әбілхайыр жарақатыма маңызды түрмен қарады,  басымның тоқтатпай  ауырып тұрғанын тыңдап болып, қажетті дәрілерді дайындап тез ораламын деп шығып кетті.

Әбілхайыр сөзінде тұрып біршама ұзақ уақыт өткен соң қасында екі қазағы бар қайтып оралды. Қазақтың біреуінің қолында қойдың басы салынған табақ, екіншісі үлкен киізді (текемет) арқалап кірді. Әбілхайыр қолыма табақты ұстатып үстіме киізді жауып қойдың басынан шыққан буды ішіме тартуды бұйырды. Қойдың басынан шыққан неше түрлі қоспалардың иісінің әсері төрт содырдың сіркесуынан кем емес еді. Одан соң бүкіл басты жеп қоюға тиісті болдым, мұны орындау оңай емес-ті, себебі ешқандай тәбетім жоқ, әсіресе қазақтардың пісірген тамағын жеуге еш көңілім жоқ еді. Бірақ, амал жоқ, тыржиып  ең соңғы кесегін жұтқан соң Әбілхайыр мені ұйықтауға жатқызды. Жақсылап терлеуім үшін сол жердегі барлық киіз бен жарғақтарды үстіме жапты. Бірақ ескертемін, мұның барлығы тек басыңның ауырғанын қойдыру үшін, ал жарақаттар үшін арнаулы басқа ем дайындап жатырмын деді. Әрине басқа жағдайда, талтүстегі қырық градус ыстық кезінде, зілдей киіздер мен жарғақтың астында жатуға келіспеген болар едім, ал мына жерде деспоттық әдіспен емдеп жатыр ғой. Үстіме жабылған киіздерден босанғым келіп жатқанымды көрген Әбілхайыр, қасындағы қазақтарды киіздердің үстіне отырғызып күшпен осылай ұстап тұруға бұйырды. Бұл азапқа бір сағатқа жуық шыдауға тиіс болдым, бір уақытта Әбілхайыр үстімдегі киіздерді алып тастауға бұйырды, үстіме тек жұқа киімдерді қалдырып бас ауруынан түгел құтылғаныммен құттықтады. Шындығында басымның ауырғанын түк те сезбедім. Соғып тұрған самал жел рахат сезім тудырып өмірлік эликсирді қабылдап тұрғандай шипасымен әсер етті. Әбілхайыр жеңімпазға тән кейіппен маған қарады да жарақатты емдейтін дәріні дайындау үшін кетті. Жарақатым қатты ауырып мазамды алып тұр еді. Ыстықпен емдеудің нәтижесінде әбден шаршасам керек, ұйқыға тарта бастады, дәрігерімнің жоқтығын пайдаланып демалуға қисайдым.

Әбілхайыр көп күттірген жоқ. Көп ұзамай мен жатқан шошалаға қайтып келді, бұл жолы бірнеше еркек пен әйелдерді, тіпіті балаларды да ертіп келіпті. Сірә ерекше операция жасамақ оймен келсе керек, қасындағы жамағатына тегін спектакль көрсетпекші шығар.  Мені қалай емдегенінің қызығын жұрттың барлығы көрсін деген оймен шошаламның киіздерін көтеріп тастады. Маған не істемек деп оның ойлаған ойын таппақ болған кезімде суық ой денемді қарып кетеді. Бақытыма орай, Әбілхайырдың ойлап тапқан емінің ешқандай зияны жоқ екен. Оған таң қалсам да, істің қалай өрбігенін айтпас бұрын, оқушыларыма кішкентай ғана алдын ала хабарлау жасайын.

Өткен жолы қазақтардың ырымшылдығы туралы айтқан болатынмын. Ырымшылдықтың қазақтың түсінігіне, әсіресе медицинаға деген түсінігіне әсері орасан ерекше. Қандай бір болмасын ауруды қазақтар, адамның бойына жиналған жынның әсерінен, оны ауыртып тұрған жын деп санайды. Жынды қуып шығу дегеніміз ауруды емдеу деп санайды. Мейлі, аурудың себебі өзінен өзі көрініп тұрсын, мысалы жарақаттың өзін қазақтар жын ауыртып тұр дейді. Олардың  дәрігерлері – жәй халық тәуіп, бақсы, көреген, емшілер деп атайтындар, медицинадан түк хабары жоқтар. Олардың медицинадан еш хабары болмағандықтан далалық демонологияны жақсы білуі тиіс. Мен оларды шарлатандықтан қорғауға дайынмын, бір қарағанда олар осындай әсер қалдырады. Олар адамның сауығып кетуіне оның сенімінің ерекше әсер ететінін  жақсы біледі. Жерлестерінің әртүрлі сенімдерге нанғыштығын пайдаланып,  олардың сенімдеріне кіріп, олардың құпияларын тауып айтатын, жәй адамның қолынан келмейтін ерекше адам етіп көрсетеді өздерін. Емдерінің көп жағдайда ойдағыдай болуы – олардың қателеспейтіндігін, есептерінің дұрыстығын дәлелдейді. Сонымен бірге олардың өзі де сиқыршылық қабілеттеріне өздерінің сенетіндігін көрсетеді. Ұзақ жылдар бойы адамдарға рух, шабыт әкелумен айналысып жүрген адамдар ең соңында өзінің ғажайыпшылығына өзі сенетін болады. Визионерлерді, магнитизерларды т. б. еске түсіріңіздерші. Олардың ішіндегілердің барлығы алдамшылар емес; олардың көпшілігі өз қабілетіне өздері сеніп алданып қалғандар. Қазақ хәкімдерінің емдеу тәсілдері медициналық деректерге негізделген кейбір жағдайларда, тек сыртында ғана ғажаптықтың пердесі бар; кейбіреулерінің негізінде халықтың сенгіштігінен басқа, соқыр сенімнен басқа ештеңе жоқ. Енді біздің Әбілхайырға оралайық

Ол қолына пышақты алып, күбірлеп   дұға ма, ант па бірнәрсені оқыды да, асқан ептікпен оқ тұрған жерді кесті. Оқты суырып алайын деген шығар деп ойладым, бірақ мені таң қалдырғаны, оған тимеді, тек қанын тоқтатты да жараға білте жіпті бастырып қойды. Осы жерде шыдамым жетпеді. Қазақ жұртшылығының алдында Мажандидің лекциясындағы ойыншық қоян сияқты  немесе сиқыршы мен жынның арасындағы делдал сияқты ойыншық болғым  келмей азаптаушының қолынан шығып кеттім. Бірақ қазақтар менің емделуімді көріп қызықтаудан, оған еркін куә болудан бас тартқысы келмеді. Ең күшті, батыр деген төрт адам арасынан шығып аяқ-қолымнан ұстап қайтадан жерге шегелеп жатқызды. Бәрі де қарсыласпа, мұның бәрі сенің пайдаң үшін деп үгіттеп жатыр. Олардың бұл үгіттеулері маған артықтау болып көрінді, мен онсыз да жыбыр етуге шамам жоқ болатын. Әбілхайыр осы кезде қарап тұрғандарға тезірек Жұлдызды алып келуге бұйырды. «Жұлдыз дегені кім?» деп ойладым. Бірнеше минуттан соң жұмсаған адамдар қайтып келді. Жұлдыз келгісі жоқ, жылайды, қорқады дегенді айтты. Әбілхайырға, осы бір жұмбақ кісіге, жылау, қорқыту әсер етпесе керек. «Жақсылықпен келмесе, арқалап әкеліңдер» деді Әбілхайыр ашуланған бұйрықты үнмен. Бұл трагикомедияға өзім де араласып қатыса бастадым, арты не болар екен деп соңын қызыға күттім. Менің қызығуым  ерекше күтпеген жағдайда қанағаттандырылды.

Шошалаға жасы он алтылар шамасында бір қыз келді, жоқ, дұрысы келтірілді. Қыз өзінен талап етілген жұмысты орындағысы келмейтін сияқты. Білмеймін, Әбілхайырдың сиқырлығынан қорқа ма, әлде бүкіл ауылдың алдына шығуға ұяла ма, түрінен ерекше абыржып тұрғандығы байқалады. Бірақ бұл жағдай оның сұлулығын  бағалауға еш кедергі болған жоқ, қыздың сұлулығы маған ерекше әсер етті. Шындығында Жұлдызды сұлу деуге болады. Бойы әжептәуір биік, бұл қазақтардың арасында сирек кездесетін жағдай. Беті жалпақ емес, нұрлы жүзі мен  сопақтау кескіні ерекше тартымды, көркі өзі сияқты дөңгелек жүзді жерлестерімен салыстырғанда айрықша сұлу болып тұр. Ал қара көзі ғажап нұр шашады. Бірақ күнмен күйген  менің жабайы қызымның шырайлы қызыл бетінде, әттеген-ай, бір қабат кір-қожалағы Нева даңғылының бойында жүрген адамының бетін тыржитар еді. Бірақ, бірнеше апта қазақ даласында болғандықтан көптеген түсініктерімді қазақтардың түсінігіне бейімдедім. Солай деп тұрсам да, дәл сол минутта, Жұлдызды көрген сәтте қыздың сұлулығын бағалайтындай жағдайда емес болатынмын. Әбілхайыр менің қолымды созды да, Жұлдызды маған жақындатып әкеліп жарақат алған иығымнан аттап өтуге бұйырды. Қыз емдеудің мұндай әдісін бұрын көрген болса керек, мүмкін өзі де осылай ем жасады ма, әрі қарай үгіттеуді сұратпай бірнеше рет иығымнан аттап өте бастады, Әбілхайыр аттаған сайын санап тұрды.   Бұл комедия менімше жарты сағатқа созылса керек, қатысып тұрғандардың бірде бірі тіс жарған жоқ, күлген жоқ. Бір кезде Әбілхайыр Жұлдызды тоқтатты, қыз сол сәтте шошаладан жоқ болды. Сонымен бірге Әбілхайыр пышақпен жарадан оқты шығарды, сүйтіп емдеу процесі аяқталды. Көргендеріне риза болған көрермендер тарап кеткен соң Әбілхайыр маған аяушылық танытқан сыңаймен  түсіндірді: оқты денеден шығару  өте қауіпті, себебі адамның денесіне оқпен бірге сұм жын кіреді. Оны зорлап шығарсаң, ол ашуланып өзі үшін кек алады. Жараның үстінен Жұлдыз сияқты пәк қыздың аттап өтуі, жынға өз еркімен кетуге мәжбүрлейді, сонда ғана оқты шығарып алуға болады. Мұндай түсіндіруге ерекше қанағаттандым.

Қазақтың медицинасының әдістерінің соншалықты мағынасыз болғандығына қарамастан,  ерекше есімде қалатын осы күннің кешінде моральдық та, физикалық та жағынан  өзімді әжептәуір жақсы сезіндім. Басымнан кешкен мұндай толғаныстардан соң болуға тиіс әлсіздік қана қалыпты; ойларымның сабырлығы басымдық алып, ешқандай есеп бермейтін сергектікпен болашағымды ойлай бастадым.  Жұлдыздың сымбатты бейнесі менің сауығып кетуіме көп көмегін тигізгенін айтуға тиіспін. Бұл бейне көз алдымнан әрқашан кетпей, далада болған кездерімдегі көрген дөрекіліктер  мен жабайылықтарға, тұрпайылықтарға қарама-қарсы тұра алды. Әбілхайыр жасаған емінің жақсы нәтижесін көрген соң емін жалғастыруды тоқтатты. Сүйтіп мені ешкім мазаламайтын болды.

Уақыт мен үшін адам шыдамайтындай баяу жүріп жатты. Бұрынғыша аяқ-қолым байлаулы, күзетшілерім қасымнан бір қадам да аттамайды. Әрине, көңіл аулау үшін олармен сөйлесуге болар еді, бірақ бұл әңгіме көп ұзамай жерітті, себебі бір бірімізді онша жақсы түсінбейміз. Ауылда ешкім орысша білмейді. Уақыт өткізгісі келген қазақтар мені көру үшін шошалама жиі келіп тұрды. Маған ұстап алған кішкентай аңның баласы сияқты көзбен қарайды, бірақ ешқайсысы сөзбен не қимылмен ренжітуге барған емес. Мен ешкімнің қол тиюінен қорғалған, ханның жеке меншігі сияқты болдым. Үш күн бойы ауыл орнында қозғалмай отыр. Бұл казактардың отрядының тіпті басқа бағытта кетіп бара жатқандығын білдіреді, сондықтан ол жақтан шабуыл болып қалар деп қорықпай отыр. Бірақ ауылдың малы айналадағы жайылымның шөптерін жеп тауысыпты, сондықтан олар көшулері керек.

Әлжанға мені өзімен бірге ертіп жүру ыңғайсыз әрі көңілсіз болса керек, Кенесары келгенше мені көрші қазақ егіншілеріне сақтауға қалдырып кетпекші болды. Егіншілердің биін алып келді, қаусаған кәрі шал екен, үстіндегі киімі ескі киіз құрақ пен жамаулардан тігілген. Әлжан биге мені алып қалуды бұйырды, егер қашып кетсе, не өліп қалса егіншілерден ешкім тірі қалмайды деді. Би Әлжанның аяғына жығылып мына ойын өзгертуді сұрады, менің адамдарым бәрі далада егінде жүр, қарауылдайтын ешкімім жоқ. Оған қоса біздің күшіміз де келмейді, қашатын болса,  ешкімде қару жоқ. Әлжан бидің өтінішіне құлақ аспады, тек екі төлеңгітін егіншілерге  күзетке  қосып беруге келісті. Бұл шешім биді бұрынғыдан да жаман қорқытып, бұйрығыңды орындайын, тек төлеңгіттеріңді жібере көрме деп жалынды. Әлжанды бидің бос сөздері шаршатса керек, шалдың басына қамшыны бір сілтеп үйіне кіріп кетті. Менің шошаламның алдында болған бұл әңгіме сонымен бітті. Енді егінші деген қандай адамдар екендігін әңгімелеп берейін.

Қазақ даласы сияқты қалыптаспаған елде меншік құқығының өте аз құрметтелетіндігі өзінен өзі белгілі. «Бәрі менікі» деп айтатын адам кез келген жерден табыла кетеді. Бір ауылға көршілері жасаған екі-үш сәтті барымтаның өзі бұл ауылдың адамдарын тақыр кедейлікке түсіріп қайыршы етеді. Жылқыларынан айрылған байғұстар ақысын қайтарып алуға, барымташылардың есебінен аштықтан аман алып қалатын қаржы да талап ете алмайды. Не істейді? Кейбіреулері аштан өледі, тұрмысқа төзімділері қиын бейнетті өмірге -  егіншілікпен айналысуға мәжбүр болады. Көшіп-қонып жүрген, жыртқыш  (автордың қазаққа көзқарасы осындай. - С.Ж.)  халықтың арасында жүрген егіншілердің жағдайының қаншалықты екенін көздеріңізге елестетіп көріңіздер. Кез-келген салт атты  қарулы қарақшы егіншілердің ауылына келіп олардың өміріне де, мүлкіне де қауіп төндіріп дірілдетеді. Кез келген жүргінші төлеңгіт егіншіге қонақ болып ең жақсы қойын сойдырта алады, даланың дәстүрі бойынша берген тамағына ақша төлеу ешкім естімеген жағдай.  Бишара егіншілердің аймағында барымташылық бола қалса, одан жаман пәле жоқ. Мұндай жағдайда егіншілер бейтарап бола алмайды: екі жақ та егіншілерге әртүрлі талаптар қояды, екі жақта қарсыластарына жасалған қызметі үшін егіншіні аямайды.  Ең соңында, күзде маңдай терімен егіп өсірген егінін жинайын деп отырған кезде тонаушы қарақшылар келіп бірнеше сағатта бәрін сыпырып алып кетеді, түгел алып кете алмаса, қалғанын жойып бүлдіріп кетеді. Егіншілерді қолдайтын болыстар біздің бал жинайтын араларға істегенімізді егіншілерге жасайды – егіншілерге өнімін аштан өлмейтіндей мөлшерде қалдырады да, қалғандарын әлім жеттік етіп алып қояды. Міне, адамды осылай өлмеші күнкөрісте ұстау – әділеттілік емес, қарапайым есеп.

Ауылға жақын жерде тұрып жатқан егіншілердің биінің мені неліктен қабылдағысы келмегендігі енді түсінікті болды.  Шал бұл жұмыстың жауапкершілігі өте күшті, бірақ еш қарымтасы жоқ екендігін жақсы біледі. Ауылында Кенесарының екі төлеңгіті бірнеше күн қонақта болады дегенді естігенде, ол бұрынғыдан да жаман қорқып кетті. Бірақ еш амалы жоқ. Төлеңгіттер мені аттарына мінгізіп алды, өздері қасында, ал шал болса амалы болмай уһілеп дем алып артынан жаяу  ілесіп жүре барды, себебі аты жоқ еді.

Екі сағаттан соң егіншілер отырған жерге келдік. Егін даласына тары егіпті, сыртынан қарағанда тік бұрышты шағын шаршыларға бөлінгендіктен бақшаға ұқсайды. Даланың жазы құрғақ болғандықтан егінді қолмен суғару қажет, гидравликалық әдістердің бұл жақта жоқтығына байланысты суғару жұмысына орасан көп бейнет керек. Соған қарамастан егіншілердің шыдамдылығы бәрін жеңеді: әрбір шаршы бөлік бірдей су мөлшерімен суғарылатындықтан астық бітік болады деп үміттенеді. Егіншілердің тұратын үйлері қамыстан тоқылған аласа бойлы күркелер. Күркені дөңгелек етіп жасайды, диаметрі жиырма сажын шамасында. Егіншілер егіс даласында тек жазда тұрады, қыс кезінде болыстарға тарап кетеді.

Бізді наразылықпен, іштей қорқынышқа толы күңкілмен қарсы алды. Бірақ Кенесарының төлеңгіттері  сол заматта қамшы үйіріп,  сендерге қонақ емеспіз, толық қожайындарыңбыз дегендей өздерін таныстыра бастады. Далалық ауылдың адамдарының саны елудің шамасында, көпшілігі қариялар, әйелдер мен балалар. Жас жігіттер аз кездеседі, әрбір қазақ жастық күші мен қайраты бар кезде ауыр жұмыс істегеннен гөрі тонаушылықпен айналысқанды дұрыс санайды. Киген киімдері Сандвич аралының тұрғындарын бейнелеген картинаны еске түсіреді. Балаларды еш киімі жоқ жалаңаш деуге болады; үлкендері үстеріне жамауға ұқсас бірдеңелерді іліп алыпты, жамаулардың өзі әйел статуясындағы әуретін жауып тұрған жапырақтардан асып тұрған ештеңесі жоқ. Бұған ауыр азапты еңбектен, ауқаттың аздығынан адамдардың бет-әлпетіндегі қалжыраған жүдеулікті қосыңыз. Ең  жаманы, егіншілердің бойынан барлық адами бет-әлпетті жойып жіберген  адамгершілік қасиеттердің жоғалғандығы ұнамсыз әсер қалдырады. Олардың барлық мал-мүлкі, жер өңдейтін құралдарынан басқасы, он шақты қой мен ешкі ғана, солардың сүтімен күн көреді. Менімен еріп келген төлеңгіттер мұндай тақыл-тұқыл тамаққа келіспеді, күн сайын қой сойғызып, егіншілердің аз ғана малын тауыса бастады. Төлеңгіттердің барлық уақыты тамақ ішумен, ұйқыда, үй иелерінің қыздарының ізіне түсумен өтті. Олардың менде еш жұмысы болған жоқ; егіншілер ғана мені күні-түні күзетті, себебі жауапкершіліктен қорықты. Егіншілермен сөйлесіп орыс отрядының қозғалысы жайлы бірдеңе сұрамақ болдым, бірақ олар өте сақ, содырлардан қорқып сұрақтарыма жауап бермеді. Қашып кетудің де еш сәті туа қоймады, мүмкін жолым болар деген оймен қашуды жөн санамадым, қашуым сәтсіз болса күзетшілерімнің мені күзетуін одан да күшейтері анық.

Егіншілердің ауылында өлердей іш пыстыратын жағдайда он күн өткіздім. Бір күні таңертең келген салт атты қазақ Кенесарының келгендігін, дереу келуімді талап етіп жатыр деген хабарын жеткізді.

(Жалғасы бар)

Орыс тілінен аударған Сағат Жүсіп

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963