Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6144 0 пікір 31 Қазан, 2010 сағат 20:52

КӨКТЕМДЕ «КӨКӨНІС ЖЫРЫ» ҚАЙТАЛАНА МА?

Арнайы құрылған орталық көкөніс сақтау мәселесін шешпек

Жыл сайын күзде картоп пен көкөністі қысқы кезеңде сақтау мәселесі бас көтереді. Жасыратыны жоқ, бұған дейін жүйелі істер жеткіліксіз болды. Қыркүйек-қазан айларында «картоп пен көкөністі пәленбай мың тонна жинап алдық» деп жалпақ елге жар салғанымызбен, келер жылдың көктемінде жергілікті өнімдерден жұрдай болып қалатынбыз. Сол кезде облысымыздың тұрғындары дәруменге бай көкөністерді сырттан сатып алуға мәжбүр болады. Алайда басқа өңірден, тіпті шетелден тасып әкелінетен өнімдердің бағасы сол кезде шарықтап кетеді. Сапасының да оңып тұрғаны шамалы. Алайда павлодарлықтарға өзбектер мен қытайлардың делдалдар арқылы тиеп жіберген көкөністерін сатып алудан басқа амал қалмайды.

Күздігүні молынан жинап алынатын жергілікті өнімдерді көктемгі сұранысты өтеуге жетерліктей сақтау мәселесі осыған дейін талай айтылды. Рас, көкөністі қысқы мезгілде сақтау біраз шығынды талап етеді. Дегенмен оның нәтижесі де көп күттірмейді. Біріншіден, өзіміздің тұрғындар үшін бағасы қолайлы болса, екіншіден, тұтынушыларға сапалы картоп пен көкөністер ұсынылады. Осы мақсатта биыл облыс әкімінің тапсырмасымен Павлодар ауданында Сервистік-дайындау орталығы құрылды. Бүгінде аудандағы шенеуніктер тиісті көлемде көкөністерді тапсыру мәселесімен айналысуда. Дегенмен, маңызды істі атқаруда түйткілдер де жоқ емес.

Арнайы құрылған орталық көкөніс сақтау мәселесін шешпек

Жыл сайын күзде картоп пен көкөністі қысқы кезеңде сақтау мәселесі бас көтереді. Жасыратыны жоқ, бұған дейін жүйелі істер жеткіліксіз болды. Қыркүйек-қазан айларында «картоп пен көкөністі пәленбай мың тонна жинап алдық» деп жалпақ елге жар салғанымызбен, келер жылдың көктемінде жергілікті өнімдерден жұрдай болып қалатынбыз. Сол кезде облысымыздың тұрғындары дәруменге бай көкөністерді сырттан сатып алуға мәжбүр болады. Алайда басқа өңірден, тіпті шетелден тасып әкелінетен өнімдердің бағасы сол кезде шарықтап кетеді. Сапасының да оңып тұрғаны шамалы. Алайда павлодарлықтарға өзбектер мен қытайлардың делдалдар арқылы тиеп жіберген көкөністерін сатып алудан басқа амал қалмайды.

Күздігүні молынан жинап алынатын жергілікті өнімдерді көктемгі сұранысты өтеуге жетерліктей сақтау мәселесі осыған дейін талай айтылды. Рас, көкөністі қысқы мезгілде сақтау біраз шығынды талап етеді. Дегенмен оның нәтижесі де көп күттірмейді. Біріншіден, өзіміздің тұрғындар үшін бағасы қолайлы болса, екіншіден, тұтынушыларға сапалы картоп пен көкөністер ұсынылады. Осы мақсатта биыл облыс әкімінің тапсырмасымен Павлодар ауданында Сервистік-дайындау орталығы құрылды. Бүгінде аудандағы шенеуніктер тиісті көлемде көкөністерді тапсыру мәселесімен айналысуда. Дегенмен, маңызды істі атқаруда түйткілдер де жоқ емес.

 

 

Заманауи қоймалар аз

Павлодар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Серік Амановтың айтуынша, ауданда бұған дейін көкөніс сақтауға баса мән беріліп келді. Мәселен, соңғы екі жыл бойы шаруашылықтар жалпы алғанда 6 мың тонна картопты қоймаға салып отырды. Оны көктемге жеткізбей-ақ, қыстыгүні саудаға жібереді. Биыл да көкөнісшілер белгіленген межеден шығуды көздеп отыр.

Бірақ шаруашылықтардың облыс орталығы тұрғындарының көктемгі сұранысын толығымен өтеуге шамасы жетпейді. Себебі картоп, сәбіз, қызылша, қырыққабат өнімдерін ұзақ уақыт сақтауға қоймалардың мүмкіндігі жоқ. Бүгінде аудан бойынша жалпы 40 мың тонна көкөніс сақтауға болатын 37 қойма бар. Бірақ олардың көпшілігі салынған өнімдерді ұзақ мерзімге сақтай алмайды. Ең көп көлемде картоп пен көкөніс өнімдерін жинайтын Черноярка ауылындағы шаруашылықтардың бірде-біреуінің қоймасы вентиляциялық жүйемен, тоңазытқыш құралдармен жабдықталмаған. Біз тілдескен «Сибиряк» шаруа қожалығының басшысы В.Терещенко да 3,5 мың тонналық екі қоймасының ескі жабдықтармен жасақталғанын алға тартты.

Мұндай күймен, әрине, қысқы мерзімде көкөніс сақтау мәселесін оңайлықпен шешу мүмкін емес. Шаруашылықтар ақпан-наурыз айында қоймаларын ашып, өнімдерді алыпсатарларға өткізіп жіберуге мәжбүр. С.Амановтың сөзіне қарағанда, азық есебінде сатылатын картоп жеке қоймада, әртүрлі температурада сақталуы керек. Бірақ жағдайдың жоқтығынан шаруашылықтар тұқымның бәрін бірге орналастырады. Мұның соңы тиімсіздікке әкеліп соғады. Наурыз айында ашылған қоймада өнімдер ұзақ жатпай, шіри бастайды. Сондықтан соңғы екі жылда қалалықтар үшін қоймаға сақтауға салынған картоп пен көкөніс өнімдері тұтынушыларды тек ерте көктемге дейін қамтамасыз етуге ғана жетіп келеді. Осыдан кейін сәуір-мамыр айларынан бастап күзге қарай біздің жерлестеріміз өзге аймақтардан жеткізілетін, бағасы қымбат, сапасы нашар өнімдерге қол жайып қала беретін еді.

 

Бар үміт - сервистік орталықта

Қайткен күнде де, өзімізде күзде молынан жиналатын картоп пен көкөністерді жергілікті тұтынушыларға келесі жиын-терім мезгіліне дейін жететіндей мөлшерде сақтау керек. Сондықтан облыс әкімі Б.Сағынтаевтың қолда барды тиімді ұқсату жөнінде тапсырмасына сәйкес Павлодар ауданында Сервистік-дайындау орталығы құрылды.

Айта кетелік, бұған дейін дәл осы көкөніспен қамтамасыз ету мәселесін «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы шешеді деген үміт басым болған. Алайда екі облысқа (Шығыс Қазақстан және Павлодар) ортақ болып құрылған корпорацияның тақарған ісі мардымсыз болып шықты. Оның бастапқы жобасы бойынша сервистік-дайындау орталықтары облыстың басқа аудандарында, онда да ет және сүт өнімдерін қабылдау бойынша құрылмақ болғанын естігенбіз. Алайда аймақ басшысы халықпен кездесуінде көктемгі және жазғы мезгілдерде картоп-көкөністермен толық қамтамасыз ету үшін арнайы орталықты нақ осы Павлодар ауданында ашу мақсат етілетінін айтқан еді. Көп ұзамай көптен күткен шешім қабылданды. Осы жазда аталмыш ауданға жұмыс сапарымен барған облыс басшысы Черноярка шаруаларына сервистік-дайындау орталығын құрудың тиімділігіне көз жеткізді. Бұған «Ертіс өркені» болып қайтадан құрылған кезіндегі «Ертіс» корпорациясы ұйтқы болды.

Осылайша, облысты негізінен көкөніс өнімдерімен қамтитын ауданда арнайы орталық құру арқылы тұтынушылар сұранысын өтеуге ұмтылыс жасалды. Былтырғы жылдағыдай секілді, шаруашылықтар биыл да 52 мың тонна картоп жинады. Ендігі жерде көп кешіктірмей қысқы уақытқа сақтау мәселесін жеделдету керек. Тапсырма бойынша орталыққа 2250 тонна картоп пен 1700 тонна көкөніс өнімдері тапсырылуға тиіс. Өткізілген өнімдер сервистік-дайындау орталығының мүшесі - «Гелиос» ЖШС-інің Павлодар қаласында орналасқан, заманауи жүйелермен жабдықталған қоймаларға құйылады. Кейін мұнда шілде айына дейін сақталған картоп, сәбіз, қырыққабат, қызылша өнімдері қаладағы сауда орындарына жөнелтіледі. С.Амановтың айтуынша, олардың бағасы сырт аймақтардан жеткізілген тауарларға қарағанда әлдеқайда арзан болады. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары баға мәселесін қатаң бақылауға алады. Міне, осылайша арнайы орталық павлодарлықтардың сұранысын өтеу үшін қызмет жасауға тиіс.

Бірақ іргелі міндеттерді мойнына алған сервистік-дайындау орталығының ісі бірден өрге домалай кеткен жоқ. Әу баста орталықтың құрамына енген шаруашылық басшылары күзде жиналатын картоп-көкөністерді тиісті мөлшерде тапсырамыз деп мәлімдеп қойғанымен, кейін уәделерін орындауға асығатын түр байқатпаған.

«Сибиряк» шаруа қожалығының басшысы В.Терещенконың сөзіне қарағанда, бұған баға мәселесі әсер етіп отыр. Шаруашылық биыл 1,5 мың тоннаға жуық картоп жинап алды. Қарызын төлеуге асыққан ол картопты алқаптардан сатып жіберуге мәжбүр болса керек. Сатып алушылардың қатарында Атырау, Ақтөбе, Ақтау кәсіпкерлеріне дейін бар. Сонымен қатар, биыл ресейлік сатып алушылардың да қарасы көбейген. Бастапқы бетте картоптың бір килограмын 30 теңгеден сатқан шаруа соңғы кезде оның келісін 60 теңгеге дейін көтерген. Көктемгі егіс кезінде қиындық көргенін көлденең тартқан шаруашылық басшысы күз келгенде өзінің пайдаға кенелгісі келетінін айтады. Кез келген шаруа картопты кім жоғары бағаға сұраса, соған сатуға ниетті. Нарықта қазір картоптың бағасы қандай екенін айттық. Ал сервистік-дайындау орталығының ұсынып отырған бағалары одан екі есеге жуық төмен. Картоп пен пияздың бір килосын 35 теңгеден, қырыққабатты 25 теңгеден сатып алу көзделеді.

- Шындығында, қазір нарықта сатып алу бағасы әлдеқайда жоғары. Көкөніс өсірушілердің айтып отырғаны осы. Сервистік-дайындау орталығының қаржысы дер кезінде берілген болса, мұндай түсінбестік болмас еді. Бастапқыда өнімдерді өткізуге келіскен шаруалар картоптың бағасы өткен жылдағыдай 35 теңге шамасында болады, деп болжам жасаған еді. Алайда баға өсіп кетті, - дейді Серік Шәкуұлы.

Оның айтуынша, шаруалар тек бас пайдасын ғана ойламауға тиіс. Мемлекет оларға көмекті бермей жатқан жоқ. Көкөніс өнімдерінің әрбір гектары үшін 9 мың теңге, картоптың гектарына 2,5 мың теңге субсидия төленеді. Биыл шаруашылықтарға жалпы алғанда 1400 тонна арзандатылған жанар-жағармай берілді. Тыңайтқыштар сатып алуда да жеңілдіктер ұсынылады. Одан басқа, алқаптарды суару үшін пайдаланылатын су үшін де төменетілген тарифпен есептеседі. Егер бір текше метр судың құны 6,20 теңге болса, соның 4,34 теңгесі (70 пайызы) бюджеттен төленеді. Шаруалар салықтық жеңілдіктерге ие. Үкіметтен осындай қолдауға ие болып отырған көкөніс шаруашылықтары мемлекетке тиісті көлемде картоп пен көкөніс өнімдерін өткізуге атсалысатын болады, - дейді С.Аманов.

 

Шаруалардың реніші неде?

Павлодар ауданына бұған дейін де ат ізін салғанымызда, ондағы шаруашылықтар үнемі су мәселесін көтеретін еді. Суармалы алқаптарды уақытында суаруға су жетіспейді. Жыл сайын көкөнісшілерге 6 млн. текше метрден астам су беріледі. Бірақ бұл жеткіліксіз. Іс жүзінде бұдан екі есе көп мөлшерде қажет. Сол кезде шаруашылықтар алынатын өнімді де екі есеге арттыра алады. Ал қазір суармалы алқаптарда көкөніс өсіретін шаруалар суды кесте бойынша кезек жасап пайдалануға мәжбүр. Бұл мәселені насос станциясының басында отырған «Адис» серіктестігі талайдан бері шеше алмауда. Күрмеудің түйіні әлі тарқатылған жоқ дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы.

Шаруашылық иелері сервистік-дайындау орталығы құрылғанда сумен қамтамасыз ету мәселесінің шешімін табар деп сенген. С.Амановтың айтуынша, жаңа мекеме жеке меншіктен су насосын 70 шақырымдық құбырымен бірге сатып алуды жоспарлаған. Биыл дәл маусым басталғанда жанып кеткен подстанцияны да жаңалау көзделген. Мұның бәрі - алдағы уақыттың еншісінде.

Шаруалар болса дәл қазіргі кездегі жағдайды ғана безбендейтін болса керек. Рас, көктемде біразы несиелеуге байланысты қиындық көрді. Биыл бірталай жайттан сабақ алған сервистік-дайындау орталығы ендігі көктемде шаруаларға алдын-ала тапсырыс беріп, егіс уақытында көмектесетін болады. Кейін күзде картоп пен көкөніс өнімдерін төмендетілген бағамен сатып алуға жол ашылады. Бұл өндірушілер үшін тиімді болары хақ. Олар өздері өсіретін өнімнің өтетінін алдын-ала білетін болады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Серік Аманов осылай деп отыр.

 

Қорыта келе айтарымыз, Павлодар ауданында құрылған дайындау орталығының ісі ойдағыдай алға басса, келесі жылы қала тұтынушылары картоп пен сәбіз, қызылша, қырыққабат тәрізді көкөніс өнімдерімен жеткілікті қамытлады, олардың бағасы сырттан жеткізіліп жүрген тауарлардың бағасына қарағанда едәуір төмен болады дегенге сенгіміз келеді.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963