Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 7554 1 пікір 27 Шілде, 2017 сағат 09:40

Сөз жайлы сөз

Дүниеде шешімін таппаған екі логикалық сұрақ бар. Біріншісі "тауық бірінші жаралды ма, əлде жұмыртқа ма?" сұрағы болса, екіншісі "баста ой бірінші туындай ма, əлде сөз бе?" деген сұрақ. Мен ой емес, сөз жағындамын.

Бір қарағанға баста бірінші ой туындайтын секілді. Əуелі ойлайсың. Содан кейін сөйлейсің дегендей. Бірақ, сіз ойлайтын ойдың сөздік атауы бар ғой. Ал сөздік атауы болмаса, сөздік формасы болмаса ой да жоқ. Сіз білмейтін нəрсеңізді ойламайсыз ғой, мысалы. Мәселен, күннің ыстық екенін ойласаңыз, басыңызда "күн" жəне "ыстық" деген атаулар түзіледі.
Інжілде "сөз бірінші жаралған" дейді. Құранда Құдай бір нəрсені жаратарда "бол" деп айтып һəм айтқанының жаралғаны (болғаны) жазылады. Сөз - материяға айналады дейді психолог мамандар. Дүние - сөзден тұрады деп тұжырымдайық біз.

Ал осы сөзді қорғасындай балқытып, оның күш құдіретін сезініп, өзгеге де сездірген адам -- ғарыштық биікке шыққан ғұлама емей кім? Қазақтың түкті жүрегі мен мықты білегінен қорықпаған Қонтажының Қазыбек бабамыздың алдында балаша қалтырағаны қалай? Бұл не күш? Əрине, бағзы қыпшақ тілі. Бір кездегі Мысырдан Шамға дейін, Қытайдан Хунғарияға дейінгі халықаралық тіл. Бүгінгі ағылшын тілі іспетті. Қыпшақ тілінің мұрагері қазақ тілін "ана тілі" деп əспеттейтініміз содан. Бүкіл тілдердің анасы деген ұғым ғой. Орыстар "родной язык" деп айтады. Қонтайшыны қалтыратқан Ана тілінің киесі мен құдіреті еді. Қазыбек бабамыздың басына қонған тəңірқұт сөз болатын.

Қазақта "би айтқан сөзді құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ" деген керемет мақал бар. Қаз дауысты Қазыбек бабаның айтқаны қалт кетпеген. Өзі абыз, сөзі дұға. Кепиетті сөзімен іркіттей іріген қалың қазақты айрандай ұйытты.

Жүрек пен тілде сүйек жоқ. Тіл жүрекке ұқсайды. Жүректе пікір қандай болса, тілде зікір сондай. Лас болса лас, ақ болса ақ. Қаз дауысты Қазыбек бабаның портретін сомдағанда үнемі шешен екені, қайраткер екені айтылады. Ал сөздің тылсым күшін меңгерген дұғалы ер екені, үлкен ілім иесі екені ескеріле бермейді.

Өткенде бір ағалар Қазыбек бабаның қайда білім алғаны белгісіз деді. Білім деген кітап оқудан қонбас. Білім жүректе. Интуиция, дүниетанымда. Тіпті, білімнің өзі ақылдың қасында түк емес. "Білімі ақылынан көп адам білімнен таяқ жейді" дейді Мырзагелді Кемел ағам. Дəл осылай. Бүгінгі шенеуніктерді қызметке тағайындағанда ғұмырбаянына үңілсеңіз екі-үш диплом иесі. Істеген ісіне қарасаңыз ақылына күмəнданасыз. Ал Қазыбек бабамыз кемеңгер ақыл иесі еді. Мұндай адамға ілім өзі іздеп келіп қонбай ма? Мейлі, қайда оқыса да.

Қазыбек бабамыз сөйлегенде мерейі үстем жау қонтайшысының өзі арбалып қалған. "Міне, жаулап алып, ұлын құл, қызын күң етем" деп отырған қонтайшыға "Сен темір болсаң мен көмір, еріткелі келгенмін" дейді. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Одан кейін "екі иығында екі аю тұрды" деп ақталыпты халқына. Аруақты ердің алапасы асқанын айтуға ұялса керек қонтайшы.

Біздің айтып отырғанымыз психология іліміндегі сөздің энергетикалық күші ғой. Бұны біз там-тұмдап оқығанымыздан айтып отырмыз. Ал Қазыбек бабаларымыз, жалпы қазақ ұлты бұны əлімсақтан білген. Сөз ер қорғаны. Яғни, əр сөз дұға. Қазақ осыны білгендіктен "жақсы сөз жарым ырыс" деген. Біз осы сөз киесінен айрылып қалдық. Қазір əкім-қара қонтайшы тұрмақ өзге ұлттың қарашасының алдында орысша шүлдірлеп əлек. Адамзатқа ұстын болған қыпшақ тілін қомсына ма, білмеймін. Орайы келгенде айта кетейік, облысымызға Ерлан Қошанов келгелі ғана əкімдік қазақшаға бет бұрған секілді. Бүгінгі барлық шенеуніктің идеалы Қаз дауысты Қазыбек баба болуы керек негізі. Ол үшін ғалымдар ұлы тұлғаның ғұмыр-баянын зерттеп, дəріптеуге татитындай сапалы еңбек жазу керек. Ауылдағы кез-келген қария айтатын аңыз-əпсанадан шығып, мұрағатқа кірсе дейміз де...

Жанат Жаңқашұлы

Facebook-тегі парақшасынан

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5306