Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
46 - сөз 7955 0 пікір 31 Шілде, 2017 сағат 10:06

...қызыл-қара қанға боялған ақ күзендерім-ай!

Шалғайдағы ауылда бір жүкті әйел жесір қалыпты. Өлгеннің артынан өлмек жоқ, күн көру керек. Таудан отын жарып, малына шөп тасып, тамағын тауып жүреді. Бір күні әдеттегідей қырға шығады, сонда жаралы ақ күзенге кезігеді. (Күзен – тышқанның тұқымдасы.) Оны емдеп, өзіне серік етіп асырап алады.

Ақ күзен жарасын жазған иесіне барынша адал болыпты. Бауырмалдығы сол, жүкті әйелдің жанынан бір елі ажырамапты. Үй жануары емес, айдаладан келген дала хайуаны болса да, адамның тілін айтқызбай түсінетін тілалғыш-тын. Айы-күні жетіп, әйел босанады. Тіреуі жоқ жесірдің уайымы да, тірлігі де, еңбегі де екі еселенеді. Баласын жалғыз асырап-бағуға тура келеді. Нәпақасын табуға тысқа шыққанда нәрестені ақ күзенмен бірге қалдырып кететін болады. Күндердің күнінде әдепкі әрекетімен тауға тартады. Жиған-тергенін қолтықтап қайтады. Үй маңына жақындай бере ақ терісі қызараңдаған күзенді көзі шалады. Иығындағын тастай сала ақ күзенге тақайды. Аузы-басы қызыл қанға боялған ақ күзенді көргенде жүрегі тас төбесіне шығып, аһ ұрып, оған бас салады. Ақыры өлтіріп тынады. Сол сәтте үй ішінен шарана шыр етеді. Аптығып кіріп барғанда бесіктің жанына жетер жерде паршаланып жатқан жыланды көреді...

Осы оқиға тура біздің қазақ қоғамының күйі секілді. Бір-бірінің алқымынан алып жатқан біреу. Соттаймыз, қамаймыз, ұрамыз, жығамыз, шаламыз. Жоқ қып жіберуге жанымызды саламыз. Оның осы уақытқа дейінгі адалдығына бойлап болмайыз, ісі мен сай келген сөзін сараптамаймыз. «Бүлінді» дейміз, «Неге бүлінді?» демейміз. Ең өкініштісі, қай заманда да соның бәрін сырттан сығалаған біреу істемеді, өзіміз.

Дархан даладан келіп, талабы таудай тіршілікке көндігіп, көпке қызмет қылып, қым-қуытта қазақты қорғаймын деп қолын малып ап иесіне былғанышты боп қалған ақ күзендерім-ай!

Абайды сабап, Біржанды арқанмен қазыққа қармап, ірілерін Сібірге айдап, кілкіген қаймағын отыз жетіде қырып, желтоқсанда жер жастандырып, жардан жығуды Сары Алмасқа, Заманбекке, Алтынбекке, С. Ыбырайға жалғаған қоғамға С. Ахметов, Талғат пен Аян, Т. Жаманқұлов, Ж. Мамай боп жетіп, қызыл-қара қанға боялған ақ күзендерім-ай!

Солардың әупірімдеп бойға бітіп, айдай толып, күнде туып, буыны бекіп келе жатқан шарана-рухты оған қас қылған аждаһалардан қорғағанын біле ме, со жұрт? Ақиқатын аңдағанда тым кеш болғанын, болатынын сезе ме со көп?...

...

Мына жерде аты аталғандардың, қалыс қалғандардың фотолары тізіліп тұр деп санай салыңыздар. Телеарнада режиссердің, журналда дизайнердің, газетте фототілшінің қызметін пайдалану миына сіңіп қалған адамға қиын екен ғой.

Айдана Шотбайқызы

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963