Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3892 0 пікір 20 Қараша, 2010 сағат 19:08

Мәні кеткен мәдениет

Нарық заманына ілесеміз деп ұлттық құндылықтарымыздан да айырылып барамыз. Аға буын «жастар кітап оқымайды, сондай-ақ неше түрлі діни ағымдарға еріп кеткен» деп реніштерін білдіреді. Қазақ киносының жағдайы тым мүшкіл. Осы және басқа да мәдениет саласында туындап жатқан мәселелер «Жас қазақтың» кезекті конференциясында талқыланды. Конференцияның бүгінгі қонақтары: драматург Сұлтанәлі Балғабаев, саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, өнертану кандидаты, доцент  Бақыт Нұрпейіс, әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова, «Арман» кинотеатрының директоры Бауыржан Шүкенов.

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Өнерге салыстырмалы түрде баға беретін болсақ, ТМД елдерінің ішінде Ресейден кейін мәдениеті дамыған ел - Қазақстан. Түркітілдес елдермен салыстырсақ та біздің мәдениетіміз әлдеқайда жоғары. Бірақ бүгінде күн санап технологияның дамып жатқанын ескерсек, мәдениет саласында еңбектену керек. Ғарышқа ұшамыз, - деп жатырмыз.

Нұрлан Ерімбетов: Ғарышқа ұшу үшін де мәдениет керек. Бүгінде мәдениет, кино дегеніміз - әлсіреп тұр. Бұрын біз кітаптарды жарысып оқитынбыз. Кітап оқымағандар ортаға қосыла алмай шеттеп қалатын. Тіпті кітап оқымағандарды «надан» деп бағалап жатты. Үкіметтегілер басқа саланы толық қамтыса да мәдениетке көңіл бөлетін емес.

Нарық заманына ілесеміз деп ұлттық құндылықтарымыздан да айырылып барамыз. Аға буын «жастар кітап оқымайды, сондай-ақ неше түрлі діни ағымдарға еріп кеткен» деп реніштерін білдіреді. Қазақ киносының жағдайы тым мүшкіл. Осы және басқа да мәдениет саласында туындап жатқан мәселелер «Жас қазақтың» кезекті конференциясында талқыланды. Конференцияның бүгінгі қонақтары: драматург Сұлтанәлі Балғабаев, саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, өнертану кандидаты, доцент  Бақыт Нұрпейіс, әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова, «Арман» кинотеатрының директоры Бауыржан Шүкенов.

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Өнерге салыстырмалы түрде баға беретін болсақ, ТМД елдерінің ішінде Ресейден кейін мәдениеті дамыған ел - Қазақстан. Түркітілдес елдермен салыстырсақ та біздің мәдениетіміз әлдеқайда жоғары. Бірақ бүгінде күн санап технологияның дамып жатқанын ескерсек, мәдениет саласында еңбектену керек. Ғарышқа ұшамыз, - деп жатырмыз.

Нұрлан Ерімбетов: Ғарышқа ұшу үшін де мәдениет керек. Бүгінде мәдениет, кино дегеніміз - әлсіреп тұр. Бұрын біз кітаптарды жарысып оқитынбыз. Кітап оқымағандар ортаға қосыла алмай шеттеп қалатын. Тіпті кітап оқымағандарды «надан» деп бағалап жатты. Үкіметтегілер басқа саланы толық қамтыса да мәдениетке көңіл бөлетін емес.

Сұлтанәлі Балғабаев: Біз соңғы кезде елімізде мемлекеттік идеология болу керек деген мәселені көтеріп жүрміз. Мемлекеттік идеология теңіздің арғы бетінде жатқан Америкада да бар. Ал идеологияны қалыптастыратын мәдениет пен әдебиет екенін ұмытпағанымыз абзал. Мемлекеттік идеологияны қалыптастыруды қолдамайтындар - ұлттың бірлігін ойламайтындар.

Бақыт Нұрпейіс: Қай мемлекетте болмасын, мәдениет пен әдебиет бірінші кезекте тұруы керек. Мемлекеттік идеология болмағандықтан, жастарымыз бізде әр нәрселерге ауытқып тұрады. Жастарда «біз қазақ халқының баласы, ұрпағымыз» деген намыс өшіп бара жатқан сияқты. Бүгінде телеарналарды кәріс пен түрік фильмдері жаулап алды. Осы тұрғыда неге қазақ фильмдері көрсетілмейді деген мәселені ойлануымыз керек.

Әлия Бөпежанова: Елімізде мемлекеттік идеология жоқ дегенге толық қосыла алмаймын. Қазір Мәдениет министрлігі қабылданған бағдарламалардың жаппай іске асуын қадағалап отыр. Бірақ оның механизмі дұрыс қарастырылмаған. Одан кейін бізде кәсіби мамандар жетіспейді. Өнер адамдары тарапынан да белсенділік болу керек. Нарық заманына орай әр орталықты басқаруды жаңа тетіктерін ойластыру қажет.

Бауыржан Шүкенов: Бұрын ауыл клубы, аудандық мәдени орталық, облыстық мекемелер, одан кейін Мәдениет министрлігі. Бүгінде осы жүйе жоқ болғандықтан, мәдениетіміз ақсап тұр. Сол ауылдан бастайтын механизм қалыптаспаған. Өткен жолы бір мақала шықты. Онда еліміздегі бірде-бір театр министрлікке бағынбайды деп жазылған. Бәрі облыс әкімінің қолында. Мен осыны түсінбедім.

Нұрлан Ерімбетов: Мәдениет министрлігінде мыңдаған білікті маман істеуі мүмкін. Бірақ олардың қоғаммен байланысы жоқ. Олардың деңгейі елімізге сырттан келген қонақтарға сауық кеш ұйымдастырумен ғана шектеліп қояды, қоғаммен еш шаруасы жоқ. Кітаптардың бағасы өте қымбат. Оған ешкім бас ауыртып жүрген жоқ. Жұмыссыз жүрген жұртты былай қойғанда, кейбір кітаптарды менің қалтам көтермейді. Арыстанбек, сіз министрдің орынбасары болдыңыз, Президент әкімшілігінде қызмет жасадыңыз. Мәдениет саласында туындап отырған мәселелерді жою үшін қандай қадам жасауымыз керек?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Өнер адамдарынан басшы шықпайды деген пікір бар. Бар пәленің бәрі осында жатыр. Бұрын Өзбекәлі Жәнібеков болған. Өнер саласынан шыққан адам мәдениеттің бар саласын меңгереді. Одан кейін заңды реттемесек, бүгінгі айтылған сөзіміз жай айтылған күйі қалады. Өнерге ғылыми тұрғыдан қарау керек. «Көшпенділер» фильмін бәріміз жабылып түсірдік. Сәтті шықпай қалып еді, қазақтардың қолынан түк келмейді деген пікірлер айтылды. Ғылыми тұрғыда сарапталмаған соң бұл фильм сәтсіз шықты. «Қазақфильмге» біраз мультфильмдер түсіруге тапсырыс берілді. «Қаңбақ шал», «Ер Төстік» деген бұрыннан келе жатқан мультфильмдер. Содан ары аса алмайды. Бүгінгі жастардың көзқарасын зерттеп жатқан ешкім жоқ. Бүгінде көптеген режиссерлердің ойлау қабілеті біз бен сізден жоғары емес. «Қыз Жібек» фильмі өте жоғары деңгейде шықты. Себебі, оған арнайы сценарист ретінде Ғабит Мүсіреповтi шақырды. Камал Смайылов та атсалысты.

Бауыржан Шүкенов: Кезінде ауылдарда автоклубтар болатын. Мәдениеттің негізі содан басталады. Бүгінде сол автоклубтар атымен жоқ.  Ауылдағы клубтар мейрамхана, қоймаға айналып кеткен. Бұрын барлығы мемлекеттің қолында болды. Мәдениетті, идеологияны қалыптастыратын осы ауылдағы мәдени ошақтар.

Сұлтанәлі Балғабаев: Бізге ең бастысы, мына мәселені шешіп алу керек. Идеология болмасын, ол қалыптаспасын деп жүргендер - бойында ұлттық қасиеті жоқ азаматтар. Кез келген дамушы, дамыған мемлекеттерде идеология бар. Қытайдың идеологиясы қандай, Америка Құрама Штаттарының бар басқару жүйесі идеологиядан тұрады. Бүгін біздің режиссерлер, өнер адамдардары идеология керек жоқ, бізде демократия деп жүр. Бұл - қате пікір. Біздің елді қорғайтын - идеология. Қанша әскерің болса да, идеология болмай қорғану бекер. Шетелдік кинолармен ұрпағымыздың санасын улап жатырмыз. Бізде идеологиямен айналысатын білікті маман да тапшы. Бұл мәселемен тек президент әкімшілігінің  ішкі саясат бөлімі ғана айналысады.

Нұрлан Ерімбетов: Жаңа әріптестерім ұрпақтарымыз әр діннің ішінде жүр деп айтып кетті. Ол жастарда иммунитеттің жоқтығы деп түсінемін. Саналы адам көшеде қандай діннің адамы жүрсе де, қолын бір сілтеп ары кете береді. Ондай адамда иммунитет бар деген сөз. Ол өз дініне берік болады.

Бақыт Нұрпейіс: Әу баста, театр ашылған кезде қандай идеология ұстайтынын анықтап алды. 1926 жылы театр ашыла салысымен, кеңестік идеологияны ұстанды. Егер де кеңестік идеологияны ұстанбасаң, жауып тастайды. Бізде бүгінгі таңда сараптау жоқ. Соңғы үш жылдың ішінде еліміздің біршама аймақтарындағы театрлардың репертуарларымен танысып шықтым. Сонда менің байқағаным, сол театрлар балалардың ұлттық рухын оятатын қойылымдар қойып жатқан жоқ. Неге сол театрды басқарып отырған директор, режиссер осы мәселеге мән бермейді? Қойылымдар болған кезде сондағы адамдар  айтылған әр сөзден қуат алады. 1926 жылы ең алғаш рет Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» спектаклі қойылды. Сонда ол тәуелсіздік идеясын Арқалық батыр арқылы көрсете білген. Ол сол үшін де оққа ұшты. Бүгінде бір мекемеде қазақ театры мен орыс театры бірлесіп отыр. Дайындық жасайын десе, таласып қалады. Барлық облыстағы театрлар жай театр емес, кәсіби театр. Бірақ сол «кәсіби» деген атауға ешқайсысы жауап бермейді. Оны қадағалап отырған ешкім жоқ. Облыс, аудандағы театрлар жергілікті әкімшілікке қарасты. Шаруашылықпен айналысатын азаматтар өнерді қайдан түсінсін?

Нұрлан Ерімбетов: Соңғы жылдары әкімдердің жұмысы рейтинг бойынша бағаланады. Сол рейтинг талаптарына осы мәдениет саласын да қостыру керек. Сонда әкімге мынадай талаптар қойса болады: кітап қоры қанша кітапқа толықты? Театрда қанша спектакль қойылды? ж.т.б.

Әлия Бөпежанова: Кеңес одағының мықтылығы ол жақсы менеджер болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін, ол кездегі қалыптасқан мықты жүйе құлдырады. Бірақ одан кейін біз жаңа жүйені қалыптастыра алмадық. Бүгінде бәрі - көзбояушылық. Мәселен, бір кітап жарық көрді делік. Бірақ ол кітапханаға түсіп жатыр ма? Оны оқырмандар оқып жатыр ма? Қадағалап жатқан ешкім жоқ. Заңдылықты бір жолға келтірмей, бұл мәселе шешілмейді. Одан кейін «БАҚ»-тарды да қатты сынға алар едім. Әсіресе телеарналарды. Елімізде драматургия, режиссурада «сын жоқ» деп айтып жатады. Сол сынды, режиссураны көтеретін сол  БАҚ. Мемлекеттік телеарналар да, театр да қандай жаңа қойылымдар болып жатқандығына қызықпайды. Бір саланы жетік меңгерген журналистер керек.

Нұрлан Ерімбетов: Мәдениет саласында бекітілген стандарттар болу керек. Денсаулық саласында стандарттар бар. Бір ауылда жүз адам болса, міндетті түрде дәрігерлік пункт болады. Бес жүз адам болса, дәрігерлік-фельдшерлік бөлімдер болады. Бес мың адам болса - емхана. Мәдениет саласында мұндай стандарт жоқ. Егер мұндай стандарт болса, міндетті түрде үкімет тарапынан қаржы бөлінеді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Біз өзге елдерден үлгі алуымыз керек. 20 жылдың ішінде біраз жетістіктерге жеттік. Қазір есімізді жинап, нақты істерге көшетін кез келді. Мәдениеттің әр саласын жеке қарастырып, заң жасау қажет. Ресейдің мәдениеті өте жақсы қалыптасқан. Олар 1996 жылы кино туралы жақсы заң жасады. Сол заңның арқасында театр, кино дегендерің аяғынан тұрып алды. Бізде сол сияқты әрекет жасауымыз керек. Менің нақты ұсынысым - ғылыми түрде ойланып, жүйелі түрде жұмыс істеуіміз керек.

Жас қазақ: Сұлтанәлі аға, сіз елімізге белгілі драматургсiз. Бүгінде қазақтың көптеген режиссерлерi «кино түсірейік десек, жақсы сценарийлер жоқ», - дейді. Театрларда соңғы кездері жақсы қойылымдар шықпай жатыр. Неге?

Сұлтанәлі Балғабаев: Бүгінде бір адам барлық саламен айналысып кете береді. Театрды құртып отырған да сол. Бір азамат бүгін режиссер болып жүреді де, ертесіне драматург болып алады. Әркім өз ісімен айналысса, жақсы болар еді. Драматургия тәуелді жанр. Мені жас драматургтердiң жоқтығы алаңдатады. Оның үстіне, ешқандай режиссер драматургтi қажет етіп отырған жоқ. Жылына бір жаңа драматург шығып отырса, ол да жаман емес. Үкімет осыны қолға алса. Жас драматургтi тәрбиелеп жатқан жоғары оқу орындары да жоқтың қасы.

Жас қазақ: Арыстанбек аға, бұл сын пікірдің сіздерге де қатысы бар сияқты.
Арыстанбек Мұхамедиұлы: Өмірден тәжірибе алған адам ғана режиссер болады. Бізге 30 жасқа келіп қалған азаматтар келеді. «Мен өмірден талай нәрсе көрдім. Мына телеарнада режиссер болдым» деп. Біз оған бір жыл оқу үшін 400 мың теңге төлейсің дейміз. Содан ол кері қайтып кетеді. Бала-шағасы бар адам ондай ақшаны қайдан тапсын? Ал оларға мемлекеттен грант бөлінбейді. Бүгінгі заң - қоғамға қарсы жұмыс істейді. Енді ғана мектепті тәмамдаған балаларды режиссерлiкке қабылдап жатырмыз. Оларға қанша ақша кетіп жатыр?! Ресейде 17 жасар баланы режиссерлікке қабылдамайды. Олар өмірлік тәжірибесі бар адамдардан білікті маман шығатынын жақсы түсінеді.

Бауыржан Шүкенов: Бүгінде кинотеатрлар аздап ақша жинап жатыр. Ол ақшаға біз тағы бір кинотеатр саламыз. Одан кейін, Сұлтанәлі аға сынды ағаларымызға барып, сізде осындай шығарма бар еді, соның негізінде сценарий жазайық, - деп айтамыз. Сол үшін ақша төлейміз. Біздің кино нарығы осыдан бастау алу керек еді. Қазір министрлікке оңтайлы, бізге пайдасыз заң қабылдады. Енді кинодан түскен пайданы заңның талаптарын қанағаттандыру үшін жұмсаймыз.

Жас қазақ: Сіз жуырда бір киноны қазақ тіліне тәржімалау үшін 25-30 мың еуро кетеді, - деп мәлімдедіңіз. Бұл қайдан шыққан ақша? Осыны тарқатып айтып берсеңіз?

Бауыржан Шүкенов: Мен олай айтқан жоқпын. Бұны «Қазақфильмнің» мамандары айтты. Олар тіпті 60 мың АҚШ доллары деп айтты. Мәселен, Ресейдің студиялары бір фильмге екі миллион рубль кетеді - деді. Бірақ Ресейде екі мың кинозал бар. Сол себептен де бұл ақша қайтады. Ал бізде бары - 185 зал. Яғни біз керісінше шығынға ұшыраймыз. Біз алдағы уақытта министрліктің талаптарын орындау үшін, залға аудармашыларды отырғызамыз. Біршама студенттерді тартамыз, өнер академиясынан. Сол арқылы талаптарды орындаймыз. Ол сапалы шыға ма, сапасыз шыға ма, оны уақыт көрсетер. Мемлекет Америкадан келген киноларды тәржімалауға ақша бөлеміз, - деп отыр. Неге шетелдің киноларына олар ақша бөледі? Олар неге қазақша кино түсірейік демейді? Шетел киноөнімдерінің жүргізіп отырған идеологиясы басқа емес пе? Біздің ұрпақтарымыз өзге елдің идеологиясымен танысып жатыр. Өзіміз қазақ тілінде кино түсіруіміз керек.

Сұлтанәлі Балғабаев: Орта Азиядағы ең ақшасы көп киностудия бізде. Бірақ бұл студия халыққа қызмет етіп жатқан жоқ. Қазақ тіліне тәржімалауға 40 мың еуро кетеді деген бос сөз. Бұл студия тек ақша табуды көздейді. Соңғы кезде театрға қатты мән беріп жатырмыз. Президент әкімшілігінің көмегімен, соңғы бес жылда театрлар кімнің қойылымын қойды, қандай тақырып, қанша ақша жұмсалғанын анықтадық. Соны сарапта­мақшымыз. Сараптама жасап біткеннен соң, үкіметке тікелей шығамыз. Біз арнайы кеңес құрдық. Төрағасы Қуаныш Сұлтанов. Біз өнермен мәдениетке қалай көмектесеміз деген мәселелерді көтереміз. Осы отырыста айтылған мәселенің бәрін талқылаймыз. Қазақтың ақшасы шетелге кетіп жатыр. Олар біздің елге келіп киноларын көрсететін болса, дубляждың ақшасын өзі төлесін деп талап қоюымыз керек. Неге біз олардың киноларын қазақ тіліне тәржімалаймыз?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Сұлтанәлі аға, сіз қоғамдық отырыста осы мәселелерді айтып шешеміз деп отырсыз ба? Сіздер сан мың рет отырсаңыздар да шешілмейді. Мәдениет институтына өткізу керек, жасалған сараптамаларды. Олар ғылыми тұрғыда зерттеп, бір қорытынды шығарады. Кино туралы заң болмай, ешқандай мәселе шешілмейді. Жаңа сіздер Американың киносы сананы улайды деп жатырсыздар. Неге? Мен олардың киносын көргім келеді. Ал біздің елде түсіріліп, көрсетіліп жатқан «Жаным» деген сериал менің намысыма тиеді. Бір үйде бір еркек үш әйелмен тұрып жатыр. Мұндай киноларды балаларыма көрсетуге тыйым саламын. Одан да «Троя» сияқты тарихи аңызға құрылған киноларды көргенім артық.

Жас қазақ: Бүгінде неге әуесқой режиссерлердiң кинолары қаптап кетті? Кәсіби мамандарымыз қайда қарап жүр?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Заңдылық жүйесі жоқ. «Қазақфильмге» тарихи фильмдер, бір анимациялық фильм, балаларға арналған бір кино түсіруге тапсырыс берсе, оны әуесқой режиссер түсіре алмайды. Әсіресе, тарихи киноларды. Сонда кәсіби режиссерлерді шақырады. «Голливуд» көркем фильм, «Уолт Дисней» анимация, «Мосфильм» тек қана кино түсіреді. Оларға басқа жанрдағы фильмдерді түсіруге тапсырыс берсе, келісім бермейді. Себебі, әрқайсысының мойнына жүктелген жанры бар. Ал бізде бір студия барлық жанрды түсіруге әзір. Бірақ нәтиже жоқ.

Бауыржан Шүкенов: Үкіметтен бөлінген қаржының басым бөлігі   «Қазақфильмге» бөлінеді. Бізде неше түрлі продюсерлік компаниялар бар. Ақшаларды соларға бөлсек, дұрыс болар еді. Мәселен, Ардақ Әмірқұлов, Гүлнәр Сәрсенова деген азаматтарымыз бар, осы салада. Соларға ақшаны бөліп берер едім. Бірақ бір жылда киноны шығармасаңдар әңгіме басқаша болады деген талап қою керек. Оларда дайын жобалар бар. Бәрін жасап біткеннен соң, олар жасаған өнімдерін «Қазақфильмге» әкеледі. Себебі, техникалық база  «Қазақфильмде» ғана бар. Сол кезде мемлекет қаржысы нәтижелі істерге жұмсалар еді.

Әлия Бөпежанова: Продюсерлік кино дегеніміз - 1990 жылдары басталған. Марқұм Ораз Ырымжанов бұл салада жақсы жұмыс істеді. Бірақ ол кезде қоғам дайын болмады. Содан да болар, продюсерлік кино дегеніміз өзін-өзі ақтамады. Фильмдер аяқталмай қалып, арты дауға айналды. Жуырда жарық көрген «Астана - менің махабаттым» деген киноны «Қазақфильм» бір компания­мен бірлесіп түсірді. Бүгінде киномыздың аяғы ақсап тұр. Өзімізде қанша кино түсірсе де, шығынға батады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Кім айтты сізге шығынға батады деп? Ақан Сатаев «Рэкетирді» түсіріп, пайда тапты. Егер мықты кино болса, оны кез келген телеарна сатып алады. Жақсы фильм болса, Өзбекстан, тіпті Қытай да сатып алады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - киноға қолайлы заң керек. «Уолт Диснейге» балаларымды апардым. Сонда балаларым мультфильмдегі кейіпкерлерін көріп, мәз-мейрам болды. «Уолт Дисней» анимациямен айналысады. Қандай жетістіктерге жетті. Бізде сондай өнімдер шығаратын болсақ, табысы өте керемет болады. Мен қазір балаларыма Нарутоның бар киімін алып бердім. Себебі, Жапония іздене отырып, сарапқа салып, жақсы мультфильм шығарды. Балалардың бәрі Наруто болғысы келеді. Себебі, ондағы кейіпкерлер достыққа берік. Тәрбиелік мәні зор. Қазақтар да сондай кейіпкерді шығарса, құба-құп болар еді. Қазір Қарақат деген әнші қуыршақтарды шығарып жатыр. Оны ешкім алмайды. Біздің балаларға «Өрмекші адам» сияқты мультфильмнің кейіпкерлері керек. Бізде басқа батыр болмаған сияқты, қайта-қайта «Ер Төстік», «Қаңбақ шал» дегендерді жасап шығарады. «Дастарқан» деген анимациялық фильм бар. Ол да менің намысыма тиеді. Бір дастарқан үшін бәрі қырылысып қалады. Ең соңына, дастарқанды төбелеріне шығарып алып өлең айтады. Сонда бүкіл қазақтың санасы тек бір дастарқанмен шектеліп қалған сияқты ой тудырады. Бізге бүлдіршіндеріміздің психологиясын зерттейтін анимациялық фильмдер керек.

Бақыт Нұрпейіс: Бүгінгі әңгімені түйіндейтін болсақ, өнер мен мәдениетке байланысты өзекті мәселелер көтерілді. Идеология мәселесін көтердік. Бізде көркем дүниелерді жасау үшін бәсекелестікті күшейтуіміз керек. Көптеген көркем дүниелер болған кезде ғана бәсекелестік болады. Ол үшін жақсы пьесалар, сценарийлер жазылу керек. Оны сараптайтын орталық құрылғаны абзал. Репертуарлық коллегияны күшейту қажет. Ұлттық болмысымызды, келбетімізді сақтап қалу үшін балаларымызды ұмытпайық. Балаларға арналған өнімдер жоқ. Шетелге аузымызды ашып отырмыз. Балалардың эстетикалық талғамын қалыптастыратын қаһармандарымыз жоқ. Оның бәрі айналып келгенде, кәсібилікке келіп тіреледі. Әр адам өз жұмысына жауапты қараса, жүйе реттеледі.

Сұлтанәлі Балғабаев: Әдебиет пен мәдениетті басқарудың басқа жүйесін қарастыру керек. Бізде ақша бар. Тек соны дұрыс игере алмай жатырмыз. Заңды қайта жетілдіріп, соның негізінде басқаруды ұйымдастыру жұмысын қайта қолға алу керек.

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Бүгінде сырттан неше түрлі діни ағымдар келіп жатыр. Телеарналарда неше түрлі сананы улайтын нәрселерді көрсетіп жатыр. Осының бәрін тоқтату қажет. Тоқтатпасақ, мемлекет ретінде жойылып кету қаупіміз бар.

Нұрлан Ерімбетов: Киноны «мәдениет» деп айтпай-ақ қояйық. Мәдениетті нарықтық салаға жіберуге болмайды. Бұл - сала мемлекеттің екінші орында тұратын мәселесі. Бұған қаржыны аямауымыз керек. Бүгінде түрмедегілердің саны әскер қатарындағылардан көбейіп кетті деп жүр. Себебі, ол адамдар темір торға мәдениеттен жұрдай болғандығынан түсті. Бала кезінде театрды көрмеген. Түрмеде отырған адамдардың тамағына берген ақшаны балаларымызға жұмсауымыз керек.

Конференцияны жүргізген Елдос Өмірзақұлы

«Жас қазақ» газеті

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5525