Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Біздің шенеунік 10680 22 пікір 14 Қыркүйек, 2017 сағат 14:53

Саяси портрет: Тоқаев - Қазақстандағы екінші адам

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  Сенаттың төрағалығына қайта тағайындалды.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысына ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков келіп қатысты. Сенаторлар алдында сөз сөйлеп, Елбасының ҚР Парламенті Сенатаның төрағасын сайлау туралы хатын оқып берді.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы1-тармағына сәйкес, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ҚР Парламеті Сенатының төрағасы қызметіне сайлауды ұсынамын», - деп жазыпты хатта.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маған тағы да сенім артқаны мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп білемін. Қазақстан Тәуелсіздік алған кезден бастап мен Елбасының сеніміне ие болып, оның тапсырмаларын орындап келе жатырмын. Біздің Президентімізді әлем жұртшылығы ғаламдық деңгейдегі саясаткер, ұлы реформатор ретінде құрметтейді, шын мәніндегі тарихи тұлға деп біледі. Елбасының көреген басшылығымен еліміз биік белестерді бағындырып, әлемдегі танымал әрі абыройлы елдердің қатарына қосылды. Мемлекет басшысының салиқалы, көреген саясатын іске асыру мен үшін әрқашан жауапты және зор мәртебелі міндет. Президенттің сенімін ақтауға бар күш-жігерімді жұмсайтын боламын», - деді өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөйтіп, Қасекең қайта сайланды. Президент Назарбаев кандидатура ұсынып, сенаторлар жасырын дауыс беру арқылы Сенат спикерлігіне Қасекеңнің кандидатурасын құп көріпті.

Карикатура. Қасекең қасқыр саясаткер

Рас, Қасекең қасқыр саясаткерлердің бірі. Оның саяси биографиясына тоқтала кетейік.

Қасым-Жомарт Кемелұлы 1953 жылы 17 мамырда туған. Биыл 64-ті алқымдады. Сөйтсе де, Қасекең Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын, Пекин лингвистикалық институтын (КХР), Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.

Саясат ғылымдарының докторы. Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті докторы және профессоры. Женева дипломатия және халықаралық қатынастар институтының құрметті докторы. Бүкіләлемдік Жаратылыстану және гуманитарлық академиясының толық мүшесі.

Саяси карьерасында түрлі қызметтерді атқарды. Дипломатиялық дәрежесі - Төтенше және Өкілетті Елші.

Өзі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болды. Мемлекеттік хатшы креслосына да отырып көрді.  Сыртқы істер министрі де болып қызмет жасады. Үшінші, төртінші сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздандыру конференциясының Бас хатшысының қызметінен 2013 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаттығына тағайындалып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы болып сайланды.

Тоқаев - Қазақстандағы екінші адам

Жоғарғы палатаның парламентарзим тарихындағы орны мен рөлі туралы айтқанда депутаттық корпустың белгілі мөлшерде жоғарғы билікпен ымырласқанын жасыра алмаймыз. Депутаттық корпус жұмысының тиімділігін арттыру үшін мақсаты парламент құрылымын түбегейлі өзгерту болып табылатын конституциялық реформа қажет шығар мүмкін.

Бірақ, осы орайда, біз ҚР Конституциясына сәйкес, парламент жоғарғы палатасының төрағасы мемлекетіміздегі екінші адам болып саналатындығын естен шығармауымыз керек. Ол - Қасым-Жомарт Тоқаев. Соңғы кездері «Твиттерде» тым белсенділік танытып жүрген Қасекең Қытайға барып қазақша сөйледі. Ол Назарбаевтан кейін (БҰҰ мінберінде қазақша сөйлегенінен кейінгі) біздің шенеуніктердің ішінде шетелде мемтілде тіл қатқан екінші адам болды.

(Қасекең РФ СІМ министрі Сергей Лавровпен бірге)

Қасекеңнің ресейшілдігі

Кремльдің саяси элитасы Тоқаевты «еуропалық деңгейден де жоғары дипломат» деп бағалайды. Ал қазақ саясаткерлерінің әм қоғамының пікірі екіұшты.

Біреулер Қасекеңді «Қазақстан дипломаттарының көшбасшысы» десе, енді біреулер , «Назарбаевтың көлеңкесі» деп сипаттайды.

Біз Қасекеңнің ресейшілдігі туралы айтпақпыз. Тоқаевты Мәскеуліктер «еуропалықтарды шаң қаптырған саясаткер»  дейді. Мұның бірінші себебі Қасекең ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясында «Еуропа Одағының кейбір елдердегі депутаттарға санкция салғаны дұрыс емес» деп мәлімдеме жасап, Кремльдің төңірегіндегі саяси топқа жақтас болғандығы. Содан кейін, Ресей думасының комитет басшысы Леонид Слуцкий Қасекеңді көкке көтере мақтаған болатын

(Қасекеңді мақтап жүрген Слуцкий деген осы)

Слуцкийдің сөзінен кейін қазақстандық кей басылымдар мен әлеуметтік желілерде Қасым-Жомарт Тоқаевты ресейшіл саясаткер деп айыптап, негативті пікірлер жазды.

Себебі, Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия-Ресей арасындағы ұшақ дауында да ресейлік позицияны ұстанатыны жеткізген. «Түркияның Ресей әскери ұшағын атып түсіруі – негізсіз» дегені естеріңізде болар.

Мемлекеттік тілді қолдаушы санаулы саясаткердің бірі

Қасекеңнің ресейлік қана емес, әлемдік саясаткерлер арасында беделі бар екендігі белгілі. Ол БҰҰ-да жүргенде-ақ, өзінің саяси амбициясын аңғартқан.

Дейтұрғанмен, Қасекеңнің қазақшылдығы да өз басына жетерлік. Мәселен, қазақ тілін қолдаушы әм қолданушылардың қатарында. Экс-Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке Парламент қабырғасында қазақ тілінде баяндама жасауды қатаң ескерткені елдің есінде. БАҚ-ты қызу талқыланып, Қасекеңнің қазақ тілді аудиторияда беделі арта түсті.

Ол ол ма, Қасекең шетелдік мінберлерде де қазақ тілінде сөйлейді. Қытай, ағылшын, француз және орыс тілдерін жетік білетін ол қазақ тілін кейін арнайы оқып үйренді. Қытайда қазақша сөйледі.

«Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің негізін салушы, ел дипломаттарының жетекшісі, халықаралық дипломатияда салмағы бар тұлға» дейді көп жұрт. Әсіресе, "Тоқаевтың 2011-2013 жылдар аралығында БҰҰ бас хатшысының орынбасары ретінде БҰҰ-ның Женевадағы өкілдігіне жетекшілік етуі Қазақстан дипломатиясына да, Тоқаевтың өзіне де жоғары баға болды" дейді саясаткерлер.

Конституция бойынша сенат төрағасы – президенттен кейінгі екінші лауазым. Мұндай лауазымға Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сенімді адамын ғана емес, халықаралық деңгейде танымал адамды тағайындауы заңдылық әрине. Себебі,  Қазақстанның саяси тұлғаларының ішінде шетелде ең танымалы да, сыйлысы да – осы Тоқаев екендігі және рас.

(экс-депутат Серікбай Әлібаев)

- Тоқаев 20 жылдан бері жоғары мансаптарды иеленсе де, елеулі оқиғаларға қатысты пікірін ашық білдірген емес. Ол премьер-министр қызметінде парламентке есеп беруге келгенде тура сұраққа жалтара жауап беретін. Мықты дипломат болуы мүмкін, бірақ экономиканы терең білмейтіні байқалатын, – дейді Серікбай Әлібаев. Cерікбай Әлібаев Қасым-Жомарт Кемелұлы премьер-министр қызметінде жүрген жылдары депутат болған.

Түйін. Қасекең елдегі танымал әм тәжірбиелі саясаткерлердің бірі. Қасекең саяси тартыстардан  алыс жүргендi ұнатады. Оның сиынары да, табынары да – президент Н.Назарбаев. Назарбаев пен Тоқаев 1985 жылы Қытайда танысқан. Дәл сол жылы Қазақ КСР-iнiң Министрлер кабинетiнiң төрағасы Н.Назарбаев Қытайға ресми сапармен келедi. Ол кезде Қ.Тоқаев кеңестiк елшiлiктегi қарапайым қызметкер. Одан бері қанша жыл өтті. Қоғам ауысты. Саяси процесстер өзгерді. Жоғарыда өзі айтпақшы ("Қазақстан Тәуелсіздік алған кезден бастап мен Елбасының сеніміне ие болып, оның тапсырмаларын орындап келе жатырмын"), Қазақстандық әккi дипломат өзiнiң ел президентiне адал серік екендігін әлі күнге дәлелдеп бағуда.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052