Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзіңе сен 4391 0 пікір 14 Қыркүйек, 2017 сағат 12:37

Туған жерге туын тікті

 

Таяуда Алматы қаласының Наурызбай ауданында №36 қалалық емхананың тұсауы кесілді. Ең қызығы, емхана мемлекет тарапынан емес, белгілі кәсіпкердің өз қаржысына тұрғызылып, сосын қарапайым жұртшылықтың қолданысына берілді. Бұл ісін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында арнайы жүзеге асырған кәсіпкер – Тавабир Хайруллаұлы.

Ашылған күннен бастап мекеме қаладағы ең мықты емханалардың қатарына еніп үлгерді. Себебі, ол еуропалық стандартқа сәйкес заманауи құралдармен жабдықталған және жоғары дәрежелі мамандар қызмет етеді. Кардиолог, педиатр, аллерголог, маммолог, уролог, терапевт деп тізбектеп кете беретін қажет мамандардың бәрі бар.

Жаңа емхананың тағы бір ерекшелігі – әртүрлі әлеуметтік топтардың мүддесінің ескерілгені. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы сырғыма баспалдақ, жеделсаты мен санитарлық тораптар салынған. Олар емхананың төрт қабатында да бар.

Әдетте, емханаға келген емделушілердің біраз уақыты тіркеліп, кезек алуға, дәрігердің қабылдауына жазылуға кетіп қалады. Мұнда оның бәрі электронды түрде. Күндіз-түні қызмет ететін call-центр, сондай-ақ науқасқа жедел көмек көрсетуге арналған бригада жұмыс істейді. Өздері жүріп-тұра алмайтын емделушілерді оңалту үшін ашылған арнайы кабинет те бар.

Қандай да бір дерті басталып келе жатқан кезінде анықтау оның тез әрі құлан-таза айығып кетуіне әсер етеді. Осы тұста тұтас ағзаны УДЗ-диагностикадан өткізу әлі де болса тексерудің ең тиімді тәсілі болып отыр. Алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп қана қой­май, емхана сонымен қатар Наурызбай ауданындағы скринингтік орталыққа айналды. Тік ішек пен асқазанда енді ғана пайда болып келе жатқан қатерлі ісікті зерттеу де осы орталықта жүргізіледі. Кеуде мен іш рентген диагностикасы өз алдына бөлек ашылған.

Емхананы тұрғызған «Завод ЭЛЕКТРОКАБЕЛЬ» ЖШС Дирек­торлар кеңесінің төрағасы Тавабир Чикаев бұған дейін де талай қайырымды іс жасаған. Атап айтқанда, өзі туған Алматы облысындағы Төле би ауылынан үлкен мешіт пен мыңдаған адамды жұмыспен қамтыған зауыт салдырған. Сондай-ақ Issyk балалар мен жасөспірімдер футбол клубының жас спортшыларына тұрақты түрде қолдау жүргізіп келеді. Біз ол кісімен жүздесіп, тілдесуді жөн көрдік. Ұлты бөлек болса да, ағамыз өзінің осы елде туып-өскенін мақтан ететін және туған жері мен отандастарына бейжай қарамайтын болып шықты.

– Тавабир Хайруллаұлы, емхана салуыңызға не түрткі болды?

– Компаниямыздың Алматыда құрылыс жұмыстарымен айналысып келе жатқанына он шақты жылдың жүзі болды. Негізінен, тұрғын үйлер мен қосалқы стансалар саламыз. Еліміз бойынша ең бірінші болып СИП, кабельді әуе желілерін шығардық. Қала әкімі Бауыржан Байбек кәсіпкерлердің басын қосып, «Туған жер» бағдарламасы аясында кейбір әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға демеуші болуды ұсынғанда оны бірауыздан қолдадық. Сөйтіп, өзім Наурызбай ауданына ең қажет болып тұрған емхана салуды ұйғардым. Аудан халқының саны күннен-күнге өсіп келе жатқандықтан, бір медициналық орталық қажет еді. Сөзімізде тұрып, бір ауысымда 500 адамға қызмет етуге лайықтал­ан емхана тұрғыздық. Ең алдымен, мұны сүйікті қаламыздың тұрғындары үшін істедік. Яғни, медициналық көмек қолжетімді болсын, аудан тұрғындары емделу үшін алысқа сабылмасын дедік. Құрылыс қыста жүрді, бірақ сапалы әрі әдемі болуы үшін барымызды салдық. Әрине, Алла ешкімге дерт бермесін, бірақ өмір болған соң, ауырмайтын пенде жоқ. Сол кезде науқасқа бар жағдай жасалған жаңа, қолжетімді, заманауи емхана міне, дайын.

Емхана қашан қаланың қарамағына беріледі?

– Ендігі беріліп қойған. Біз қазір іс жүзінде де, заң жүзінде де емханаға еш қатысымыз жоқ. Алайда құрылыс жұмысына байланысты денсаулық сақтау саласының өкілдері келгенде ешқайсысынан жалтарғанымыз жоқ. Себебі, оның толыққанды жұмыс істеп кетуі – екі жаққа да ортақ мәселе. Медициналық жабдықтар жеткізу, жалпы құрылыс барысында кем-кетіктер болып жатса, барынша олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз.

Қазақстанда туып-өстім. Бұдан басқа Отаным жоқ. Сондықтан өз елімнің тұрғындары, отандастарыма арнап емхана тұрғызу – мен үшін парыз бен мақтаныш. Осы себепті, Наурызбай ауданындағы 500 адамдық емхананы біз салдық деп ұялмай айта аламын. Менің оған тікелей қатысым бар. Басқарма басшысы Уәлихан Ахмет­лы екеуміз бірнеше рет емхананы көрдік. Ондағы мақсат – емделушілер мен қызметкерлерге жақсы жағдай жасау. Маған ол кісінің әр нәрсеге байыппен қарап, өзін қарапайым ұстайтыны ұнады.

– Осыған дейін қаладағы мешіттердің бірін, спортзалын, футбол алаңын салдырдыңыз және ешқайсысын міндет қылмадыңыз. Мұның бәрін парызым деп білесіз бе?

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Кәсіпкерлер мен шенеуніктердің Отанын іспен демейтін кезі келді» деген болатын. Меніңше, бұл – қалыпты патриоттық тілек. Өз елімнің патриоты ретінде мұны дұрыс санаймын. Осындай елі үшін көп нәрсе істеген Елбасының барына ризамын. Шынында біз сияқты қала, ел бизнесмендері тәуелсіз Қазақстанға алғыс білдіру үшін бір нәрсе істеуіміз керек. Бұл – парызымыз. Осы ретте «Рухани жаңғыру» қазақстандықтардың санасын сергітіп, ел болашағының дамуына түрткі болатынына сенімдімін.

Қайырымды іс-әрекеттерді ең алдымен, Алла разылығы үшін, сосын туған жер мен онда өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін істеу керек. Халқымыз қашанғы ем іздеп шекара асады? Жақсы дәрігерлер, білімдарлар мен өз ісінің мамандары бізде де бар. Денсаулық сақтау саласы жақсы дамып келе жатыр. Жаңа медициналық мекемелер салынып, ерекше операциялар өзімізде де жасалып жатыр.

Кәмшат ЕСЖАНОВА, емделуші:

– Жаңа емхана бізге ұнады. Мұнда тіркеле сала дәрігердің қабылдауына жазылдым. Осыған дейін Ақжар ауылындағы емханада тіркелгенмін. Ол жаққа бару, әсіресе, сараптама тапсыру кезінде өте қиын болды. Ерте тұру керек, оның үстіне, қаланың сол бөлігінде кептеліс өте күшті. Жарты күнім кететін. Қазір рақат, емхана үйдің қасында, өте ыңғайлы, әсіресе, қарттар мен балаларға. Бізге осы емхананы салып беріп, қайырлы іс жасаған меценатқа шын жүректен алғыс айтқым келеді.

Меруерт КӘРІБАЕВА, емделуші:

– Біз отбасымызбен мұнда тіркеліп қойдық. Емхана ғимаратының аумағы үлкен, заманауи құрылғылардың көптігі қуантады. Оны пайдаланатын мамандар да жеткілікті. Қала әкіміне, осы емхананы салдырған кәсіпкер ағамызға, оны жүзеге асырған әрбір азаматқа рақмет айтамыз. Қалтасы қалың азаматтардың халықты ойлай бастағаны қуантады. Біз осыған дейін ондай адамдардың мешіт, спорт алаңдарын салдырғанын естісек те, емхана тұрғызғанын бірінші рет ұшыратып тұрмыз. Бұл – жақсылықтың нышаны.

Берік Аманхан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5527