Жұма, 22 Қараша 2024
Рухани жаңғыру 7385 16 пікір 30 Қазан, 2017 сағат 10:58

Рухани жаңғырудың тетігі орыс тілі ме?

Қазақ елі Асан қайғы айтып кеткен Қилы заманның жағасында жар жағалап ғұмыр кешуде. Рухани санасы сан тарапқа жүгіріп тұрған заманға тап болдық. Ашықтық, жылдам ақпарат заманы. Тәуелсіздік инерциясымен тәуелсіз ел болдық деген жалаумен 25 жылды өткіздік. Осы жылдары жүргізілген көптеген реформалар, атқарылған жұмыстарды ауыз толтырып айта беруге 3-4 күнде жетпес.

Бірақта ең алдымен экономика деп мәдени-рухани саламызға көңіл бөлмей, біраз уақыт өзімізді өзіміз іздеумен уақытты жоғалтып алдық. Соның салдарынан көптеген жастарымыз басқа дінге, теріс дәстүрлі діни емес ұйымдардың жетегінде кетті. Діни радикализмнің жолына түсті. Ата-баба дәстүрін, әдет-салтын қабылдамай, діни фанатизмге бой алдырды. Қаншама отбасы, жастардың тағдырына балта шабылды. Көзін жойдық. Соттадық. Қоғамның жауы атадық.

 

***

 

Рухани дағдарысқа ұшырап, білім, ғылымның беделі түсті. Білім, ғылым, мәдениет саласындағы көптеген кәсіби адамдарымыз басқа салаға ауысып, кәсібін өзгертті. Мұғалім, ұстаздардың жағдайы қиындап, ауыр халге ұшырады. Жалақысы азайып, жолдан қосылған мамандар көбейді. Соның салдарынан білімнің сапасы төмендеп, білім, ғылым, мәдениетіміз кенжелеп қалды.

Енді Рухани жаңғырамыз деп тағы бір науқаншылық жобаға қырық пышақ болып, таласып, даурығып, сұхбат жасап, арнайы комиссия құрып, бағдарлама жасап, қып қызыл терлеп, белсінді жұмыс істеудің үлгісін көрсетіп жатыр. Олар. Халық бір жақта, билік басқа жақта. Арман Евниев бастаған жұмыс тобының жұмысын сырттан көргендегі ойым мынадай. Жұмыс тобындағы талқылау, ұсыныстармен жұмыс істеу тілі – «орыс тілі», орыс тілінен рухани жаңғырудың тетігін іздеу, бір-бірімен жұмыс істеудегі сұхбат, презентация жасауда орысша. Қазақша ұсыныс айтам деген құлшынысым, отқа су құйғандай басылды. Менің ойымша, рухани жаңғыру өздігімен келетін, жастардан шығатын дүние. Басқаша ойлау мәдениеті. Қанша зорлап рухани жаңғырамыз дегенмен адамның ойлау машығы өзгере қоймас. Қазіргі элита, Советтік заманның қызығын көріп, атағын алған аға, апаларымызбен рухани жаңғыра алатындығымызға күмән бар. «Елу жылда ел жаңа» деген қанатты сөз бекер шықпаған шығар.

Кейбір депуттаттарымыз бар, Мәжілісте ұйықтап, одан қалса Сенатқа кіріп, шығып «Алға, Нұр Отан» десе ұйқыдан тұра салып, мақтағанда алдына жан салмайтын ағаларымызбен қалай жаңғырамыз. Депутаттық мандат 1 мерзімге немесе еңбегі, белсенділігі халықтың көңілінен шығып жатса тағы 1 мерзімге қалуы дұрыс. Әрине, 1 млн ақшаны ай сайын алып, жыл соңында 5-6 млн. теңге алып отыру кім-кімге болсада ұнайды. Кеткісі де келмес. Бірақ, халық алдындағы жауапкершілік, қазақ мүддесі үшін еңбек, оданда қымбат.

Ханның алдында өз ойын бүкпесіз айтқан, кез-келген дауды әділ шеше білген, елінің болашағы үшін, зар қақсап, халықтың кұрметіне бөленген Асан Қайғының орны бөлек. Халықтың болашағы мен елдің ертеңі үшін ойға батып «Қайғы» атанды. Қазіргі депуттатардан халықтың қамын ойлап «Қайғы» атанып, қан жұтып жүргендері мүлдем жоқтың қасы. Барлығы бай-дәулетті. Өмірі қызық, ду-думанға толы.

Ежелгі Қытайда «Өзгерістер кітабы» атты шығарма («И цзин») кең таралған, сол замандағы өзгерістердің бағыт-бағдарына қарап, болашақты болжап отырған. Қытайда «Сіздерді өзгерістер заманында өмір сүруінен сақтасын, егер сол заманда өмір сүрсең шексіз мүмкіндіктерді пайдалануды естен шығарма» деген нақыл сөзі қалған. Қаншама мүмкіндіктерді жібердік, халықтың жағдайын жасаудың орнына, миллирдтаған ақша сыртқа шашылды. Суға сіңгендей жоқ болды.

Біздің билік мүмкіндіктерді, керісінше ақша тауып, жеп қалудың мүмкіндігі деп түсінсе керек. Ешкім қазіргі жүйемен, миллион, миллиардтардың конкурсын, тендерін ұмыта алмайды. Міндетті түрде таныс, өзіңді қақпанға түсірмейтін сенімді адамың болуы тиіс. Көп жерлерде бұндай жобаларды басқа ұлттың байлары алып жатқаны өтірік емес. Себебі сондай ұлт өкілдерінің берген ақшасы сенімді әрі сіңімді болып тұр.

 

***

 

Әй, хан, мен айтпасам білмейсің,

Айтқаныма көнбейсің.

Шабылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің.

Қымыз ішіп, қызарып,

Мастанып, қызып терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай,

Елеуреп неге сөйлейсің?! -  дейді Асан бабамыз [1, 69 б.]. Халқының азып-тозып жатқанын, қымбатшылық жағадан алып, кедейшіліктің күнін көріп, теңгесі көз алдында құнсызданып жатқан өмірді ешкім тура айта алмайды.

Осындай кезде Асан, Бұқар, Дулат, Шортанбай сияқты ақын-жыршыларымыз болса ғой деп армандап қоямыз.

Асан бабамыздың жыр-толғауларын естіп, өскен Бұқар жырау Қалқаманұлыда (1668—1781) Абылайханның жанынан табылып, ақылшысы болған. Тағдырлары ұқсас, Қазақ хандығының тарихында қиын замандарда өмір сүріп, орасан еңбек сіңірді. Тәуелсіздік жолында басын бәйгеге тікті. Абылайханның ең жақын адамдарының бірі болып, үнемі жанынан табылды. Дұрыс жолдан тайып бара жатқанда, турашылдығымен Ханның өзін жыр-толғауларымен тәубеге келтіріп отырған.

Ай, Абылай, Абылай,
Жеңбеген жауың қалмады-ау,
Алмаған жерін аз қалды-ау.
Бетке алсаң әсте коймадың,
Алсаң тағы тоймадың,
Несібеңді елден ойладың.
Атаңды білмес кұл едің,
Ата-тегіңді сұраса,
Арқар ұранды жат едің,
Қай жеріңде төре едің?!
Жұлдызың туды оңыңнан,
Жан біткен ерді соңыңнан.
Он сан Алаш баласын
Жусатып қойдай өргіздін,
Жұмсап жүрсің қолыңнан.
Ай, Абылай, Абылай,
Он бір ғана жасында,
Әшейін-ақ ұл едін.
Он бес жасқа келгенде,
Әбілмәмбет төренің
Арқада жүріп қанғырып,
Түйесін баққан құл едің.
Абылай атың жоқ еді-ау,
"Сабалақ" атпен жүр едің.
Оны да көрген жерім бар,
Жаныс Қарабайдың қолында,
Түнде туған ұл едің - [2].

Қилы заман ойшылдарының (Жыраулық философия) – негізгі идеясы елдің бірлігі, қазақ ұлтының бақытты болашағы жатқанын аңғарамыз. Жыр-толғауларынан Қазақ хандығының іргесі бері, ғұмыры баянды болуын тіледі. Болашақ өмірінің жарқын болуын қалады. Әрқашан болып жатқан құбылысқа тоқмейлісіп қарамай, үнемі сыни тұрғыдан ой кешті. Толғанды. Жырлады. Дүниетанымдық талпынысы, даналыққа құштарлығы жоғары – ойшылдар қоғамның ауыртпалығын сезді. Ұлттық тағыдыры мен болашағы үшін өмірін берді.

Келер заман түгіл, бүгінгі қоғамды түсіне алмай жүргендер үшін алдындағы заман туралы сөз қозғау бос әуре. Әр заманның өз тауқыметі, әр адамның Тәңірі берген тағдыры бар. Осының бәрі жалған дүниенің  еңсемізді басқан жүктері. Алғашқыда тік жүруге жаратқан адам баласының айуан болып кетпеуіне де қажыр-қайрат керек. Тұрмыс еңсеңді басқанда бүгінді ұмытып, ертеңді ойлауға мұрша бар ма? Әрине, жоқ. Абай осы халді сезе отырып, бүгінгі күннің мәнін ертеңгі келер күн арқылы ашпақ болған. Абайға келер заман сол кез үшін емес, бүгінгі әңгімеге қажет болып отыр. Бүгінгі тіршілік алдында өз кеңістігін аңғарғысы келеді. Келешегі болмаса бүгіннің мәні мен сәні неде? Хакім Абай осындай ой иірімдеріне түсе келе алдағы келер заманды «Көк тұман» дейді [3].

Ертеңгі күн тұрмақ, бүгінгі күннің өзін болжау қиынның қиыны. Заманның жүрісі жылдам. Технология сағаттап өзгеруде. Кешегі үлкен теледидар, телефон келмеске кетті. Жоспарлы экономика мүлдем жарамайды. Кеше ғана мұнайдың 1 барелі 150 $ асса, қазіргі күні 50 $ шамасында. Бүгін бензин бағасы 157 теңге болса, ертең 200 теңге болуы әбден мүмкін.

Демек, сағаттап, секундап өзгеріп жатқан дүниеде бүгінгі күнмен өмір сүріп, болашақ ұрпақтың жағдайын ойлап, мемлекеттің мүмкіндігі мен адами капиталға қарап тон пішкен дұрыс болар. Ертеңгі күн – сол күннің несібесі.

Қазіргі қоғамға ешқандайда идеология қажет емес. Халыққа қолайлы өмір сүру формуласын ұсыну, көсіпкерлерге жеңілдетілген жағдай жасау, білім, ғылым, мәдениет саласындағы мамандардың жағдайын көтеру маңыздырақ. Қазақ елінің болашағына жанашырлық, үлкенге құрмет көрсету, кішігі ізет, қарапайым адами құндылықтарды насихаттау қажет деп ойлаймын. Еңбекқорлыққа, іскер, бай болуға ынталандыру маңызды.

Инновациялық ойлау арқылы, сапаға жұмыс істеуге үйрету қажетті мәселе. Жаңаша ойлап, санасы таза, ешкімге жалтақтамайтын мүлдем басқа Қазақ ұлтын қалыптастыруымыз заман талабы.

Сонда ғана Қазақ елінің әрбір азаматы бай, дәулетті, білімі жоғары болғанда ғана «Мәңгілік Ел» бола аламыз.

«Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек»- [4].

Көк тұман басқан, өзгеремелі заманда, заманның талабымен өзгерістерді жасауда «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін емес» деген сөздерді ескерген жөн.

Әдебиеттер тізімі:

 

Рауан Кемербай

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322