Өкіреш Шал кім?
Атадан балаға ауызекі қалып келе жатқан шежірелер бір ізді бола бермейді. Ала-құлалық, жаңылыс жиі кездеседі. Сондықтан да шежірелерді оңды- солды пайдаланып, оларды нақтылы факті ретінде алдыға тарту аса дұрыс емес сияқты. Ал олардың ішіндегі жеке тұлғалар жайлы сөз басқа. Ұлы бабаларымызды, аса ірі ру басыларын аңыздан аршып алып, тарихи деректер арқылы ғылыми түрде зерттеу аса қажет. Себебі, алдыда өткен аталарымыздың өмір жолы, әр бабаның тарихы, түптеп келгенде, қазақ тарихының бір-бір парағы. Осы парақтарды түгендесек қазақ халқының тарихы толыға түседі.
Сол аталарымыздың бірі, бірегейі – Найман Өкіреш Шал. Шежірелердің әртүрлілігіне орай «Өкіреш Шал» кейде – Тоқпан деген кісінің лақабы. Кейде, Тоқпан-Өкіреш Шалдың ұлы. Өз заманында Өкіреш Шалды – «Ақмырза», «Ақсофы» деп те атапты. Қалай деп атаса да сол шежіредегі «Өкіреш Шал» қазіргі үш-төрт миллионға жуық найманның тең жартысының ұлы бабалары, найманның «Өкіреш Шал» тармағының бастауы.
Кей шежірелер, шежірешілер барлық найманды Өкіреш Шалдан таратады. Келесісі үш топқа бөледі. 1. Ергенекті немесе Алтай наймандары (Көкжарлы, Бура, Саржомарт, Терістаңбалы); 2. Өкіреш наймандар немесе Төлегетайдың төрт ұлы (Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл); 3. Ұлытаудың наймандары (Балталы, Бағыналы). Қайталап айтамыз біз шежіре деректерін ғана ұсынып отырмыз. Бұл «нақтысы осы» дегендік емес. Жаңылыс болуы әбден мүмкін. Әзірше дәл жауабымыз жоқ, бірақ айтпасқа тағы болмайды, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларында, сол маңда, Астана түбінде Дүрмен наймандар топтаса орналасқан. Қазақ шежіресіне кірмей қалу себебін, қазақ хандығы әбден қалыптасып, қазақ руларының шежірелері тұйықталған соң қосылған деп топшылаған жөн сияқты. Дүрмендер ҮІ ғасырдағы найман конфедерациясының құрамында болғаны, ықылымнан бері найман екені анық. (Е. Сәлімбай. Ата-баба тарихынан, Алматы-2007 жыл, 34 бет) Біз осылардың ішінен Өкірештен – Белгібайға, одан – Сүйінішке (Сүгірше), одан Төлегетайға (Төле-атайға, Төле-Қытайға) түсетін тармағын бөліп алып қарастырмақпыз. Себебі, біз алды-артын емес, Өкіреш Шалдың жеке басын аңдамақпыз. Әңгіме дара тұлғасының кім екенін анықтауда.
Мен шежіре бойынша Өкіреш Шалдан тараймын. Алайда атамыздың «кіндігіненбіз» дегенге күмәндімін. Әрине, Өкіреш Шалдың кіндік төлдері бар, біреуі мен болуым да ықтимал. Оған дау жоқ. Әңгіме бір жарым, екі миллион адам туралы. Енді, күдігімді таратып айтайын. Ол үшін атамыздың қай тұста ғұмыр кешкенін анықтау керек. Осыған келейік.
М.Тынышбаев «Әкемнің айтуына қарағанда Төлегетай он алтыншы атам» дейді. Бұл маңызды. Тынышбаев шежірені нақтылы тарих демейді, «айтуынша» деп көрсетеді. Төлегетайдан Өкіреш Шалға дейін және екі ата бар. Барлығы – 18. Бұл мөлшері, әр атаға 25 жылдан бөлсек, 450 жыл. Бұған Белгібай туғандағы Өкіреш Шалдың 93 жасын қосамыз. Барлығы – 543 жыл. М.Тынышбаев 1879 жылғы 12 мамырда туғанын өз қолымен жазыпты. Демек, 1879-дан 543-ті аламыз. Сонда Өкіреш Шал мөлшері – 1330 жылдары дүниеге келген. Мүмкін сәл ертерек, не кешірек. Шежірелерде бір-жар ата ұмытылып қалатыны бар.
Қаракерей Қабанбай батырдың шежіресімен алсақ ол кісіден Белгібайға дейін 12 ата – 300 жыл. Оған Өкіреш Шалдың 93 жасын қосамыз. Барлығы – 393 жыл. Енді Хан батыр туған 1692 жылдан 393-ті аламыз. Онда Өкіреш Шал 1299 жылы туады. М.Тынышбаевтың шежіресімен өкшелес. Шежіредегі мұндай алшақтықтар қалыпты нәрсе. Сөйтіп, нысана XIII ғасырдың аяғы немесе XIV ғасырдың басы. Найманның бір тармағы осы мөлшерде тууы тиіс.
Дәл осыған сене алмаймын. Шежіре ең кемі 6-8 ғасырға жаңылады. Себебі:
- Найман Мемлекеті VІ-VIІ ғасырда қытайдың жазба тарихына енгені анық. Орхон жазуларында Қаржаубай Сартқожа дәлелдеген Арық бұқа мен Семіз бұқа секілді хандар бар.
- Өкіреш Шалдан – Сүйініш (Сүгірше), Сүйініштен – Төлегетай (Төле атай), (Төле Қытай). Байқасаңыз Өкіреш – жалқы, Сүйініш – жалқы, Төлегетай – жалқы. Төлегетайдан Қытай да жалқы. Сонда Қытай ХV ғасырдың аяқ шенінде дүние есігін ашады. Қытайдан (кейде Кітәй, дұрысы Қытай сияқты) – Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл. Бұлар мөлшері ХVI ғасырда туады. Одан бері бес жүз жылдай уақыт өтіпті. Ендеше, Найманның бір ғана тармағы Қытайдан туған балалар бес ғасырда екі миллионға жетеғабыл дегенге сенесіз бе? Шыңғысханнан бұрын жасап келе жатқан, V-ғасырда із тастаған қырғыздар содан бергі 1500 жылда 3 миллионнан енді асты. Ендеше, Өкіреш Шалдың ұрпақтары ХV ғасырдан бері қанша қауласа да бүгінгі жан сандары – 2 миллионға дейін өсуі мүмкін емес. Бірақ, осынша адам бар.
Демек бір құпия болғаны ғой. Рас, солайы солай. Осы сырды ашу үшін тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханның «Найман хандығының мемлекеттік құрылымы» атты еңбегіне жүгінеміз. («Қазақ Ордасы» 2003 ж №3). Ғалым «Найманның әкімшілік атауы – «Шал» деп сенімді жазады, дәлелдер ұсынады. «Жамиғат тауарихтың» «Шыңғыс хан» шежіресінде Найман Күшіліктің әпкелері, қарындастары мен руы туралы әңгімеде осы сөз бар: «Әмин Шал, Тарту Шал, Таян Шал, Түңге Шал ағайынды. Төртеуі де Күшіліктің руынан. Шал-ханзада деген мағына береді. Найман Таян ханның бір әмірі, әки бегінің аты Титик Шал. Ал осы Титик Шалды «Юань Чао Би-Ши»-да «Титик сақал» деп жазған. Сондай-ақ, «Ляо ши»-дің «Шалға» берген түсініктемесіндегі «ұл» деген сөзді «патша ұрпағы ханзада» деп түсіну керек. Бұл наймандарды ханзаданың «Шал» деп көрсетуімен мағынасы бірдей. Шал немесе сақалдың мәнсап көлеміне келсек, олардың іс-қимылынан (атқарып жүрген қызметтерінен) мынаны көреміз: Шал – сыртқа қол бастап шығады; жат ру-тайпалардың істеріне қатысады; ел арасындағы араздықтарды келістіреді; заңды атқарады».
Бақыт Еженханның осы деректерін таратып айтсақ Шал:
1. Әскербасы. Өз бетінше, дербес шешім қабылдайды.
2. Сыртқы саясат мәселелерін шешеді, шекара қорғанысын басқарады, бодан елдерге билік жүргізеді, ішкі істеріне араласады.
3. Соттың, бидің бар қызметін атқарады. Үкім шығарады, төрелік айтады;
4. Мемлекеттік заңдардың жүзеге асырылуын бақылайды. Заң бұзушыларды айыпқа тартады. (соттайды).
Көріп отырсыздар, «Шал» ханнан кейінгі лауазым иесі. Жеке-жеке саланы басқаратын уәзірлер сияқты емес, мемлекеттің барлық салаларына тікелей араласады. Уәзірлерден әлдеқайда жоғары лауазымды адам – Шал. Ал уәзірден жоғары ханзада екені кімге де болса мәлім. Шалдың қызмет ауқымы аса кең.
Демек, «Шал», сөз жоқ, хан ұрпағынан. Ендеше сол тұста-ақ Хан басқаратын дербес мемлекет немесе ұлыс болғаны ғой. Ол, не дегенде де, мол жұрт. Әйтпесе, хандық, мемлекет қалыптаспаса ханзада қайдан болсын. Бұлай десек, нақты тарихи деректерге жүгінсек, VI ғасырда бар найман ХІІІ ғасырдың аяғында, табаны жалпақ жеті жүз жылдан соң, өзінен жеті жүз жыл кіші Өкірештен қалай туады? Жеті ғасыр бұрын бар, өз ата-бабасына Өкіреш қалай әке болады? Сөз басындағы күдігім осында жатыр.
Өкіреш Шал барлық найманның атасы емес. Өкіреш Шал өзі өмір сүрген кездегі сол тұста, сол маңда топтасқан наймандардың басын қосып, билеушісі. Оның лауазымын ұлық би дейсіз бе, ұлыс биі дейсіз бе, кіші патша дейсіз бе, өз еркіңізде. Бұл бір жағы. «Шал» сөзін саралау осыған алып келді.
Екінші жағы «Өкіреш» не мағына беретінін тапсақ көрінеді. Мұны қазақ наймандары жадыдан шығарып алған екен. Бірақ Самарқандағы өзбек наймандары ұмытпапты. Сонымен «Өкіреш» не мағына береді? Бабамыз Самарқан маңында дүниеге келіп, сүйегі Самарқаннан отыз шақырым жердегі Үргіт тауының етегінде Өкіреш аталатын ауылда жерленген дегенді Самарқандық өзбек наймандарынан 2006 жылы естіген едім. Ал қазақ арасында мұндай дерек жоқ. Осы себепті қолда бар жиған-тергендерімізді тереңдете және бір қарадық.
Рашид ад Дин найман мен қидандардың соңғы ханы Күшіліктің таулы Бадахшанда Сарықол шатқалында өлтірілгенін мыңғұлдардың «алтын ақша мен асыл тастардың мол қазынысын алғанын» жазады. Демек, Күшілік хан сопа басын алып қашпағаны, ордасымен, жұртымен шегініп, қазынасын ала жүргені ғой. Наймандардың алды бүгінгі Тәжік жеріне келіп орналасқаны көрінді (Расында да қазір Тәжікстанда лоқай-қазақ, олардың ішінде өздерін найманбыз дейтін үлкен қауым бар).
Моланың басына жергілікті өзбек өкіреш наймандар жиналып, қызыл бесжұлдыздан 1988 жылы белгі қойыпты. «Украч қобирстони» деп жазыпты. 2011 жылы өзбек наймандарымен келісіп, темірді алып, орнына биіктігі 3,5 метр, ені 1,5 метр қызыл гранит құлпытас қойдық. Қазақстаннан азаматтар барып ас бердік. Ауыл жанында Қаранайман, Қызылнайман, сәл әрірек Дүрмен найман ауылдары. Бұларда өздерін Өкіреш Шалдан тарататын өзбек наймандары тұрады. Осы маңда Төртуыл, Жанғұлы, Балталы, Бағаналы, Садырсай, Қаңлы, Қарақұрсақ, Қаракесек, Зарман, Шанышқылы, Тарақлы, Маңғыт, Жағалбайлы, Қатаған, Балғалы, Сарқұл, Керейт, Наймансай, Қаранайман табиғи қорығы, Қанжығалы, Наймансарай, Қарабағаналы, Шапырашлы, Шанышқылы, Уйшун, Дүрмен, Қоңырат, Шөмекей, Қият атты қышлақтар орналасқан. Нақ бір қазақ жерінде жүргендейсің. Осы қышлақтарда «өзбекпіз» дейтін осы рулар тұрады. Бұл біздің көзімізге түскендері. Көне атауларын жоғалтқандары қаншама екен? Мысалы, Кеңес үкіметі тұсында Өкіреш найман, қаранайман, қызылнайман ауылдарын қосып, «Москва» колхозы атапты, қазір Әмір Темір атындағы шаруашылыққа ұйысыпты.
Осы наймандар «Укірач» – «Кіші бұқа» деген мағына береді дейді. «Бұқа» найманның хандық атауының қосымшасы екенін дәлелдеу қажет емес шығар. Оған VI ғасырдағы найман хандары Арық бұқа, Семіз бұқа, ХІІ ғасырдағы Инанығ Білге бұқа, ХІІІ ғасырдағы Байбұқа, Тайбұқа, Кетбұқа, Келбұқа бабаларымызды айтсақ та жеткілікті. «Кіші бұқа» – «Өкірештің» мағынасы тағы айналып ханзадаға соқты. «Укірач» дегеніміз осы жерде кіші хандықтың билеушісі дәрежесінде тұр деп пайымдауға келетіндей. Себебі, біз үш жыл араласқан өзбек укірач наймандары – Құдайчукур Хакимов, Тауфих Юнусов ақсақалдар Укірач бабаларын Самарқан ғана емес, Таулы Бадахшан, қырғыз, қазақ еліндегі наймандардың сол кездегі дара билеушісі деген пікірде. Ата жас кезінде аса ірі әскербасы екен, кейін егделене келе наймандардың ханы. Аса діндар. Өзі арыдан тартар нағыз қаракөктің ұрпағы – найман хандарының бұтағы. Онда да ар жағын атын атап, түсін түстеп айтады.
– Найманның соңғы ханы Кучулук Таулы Бадахшанда Жебе ноянмен жекпе-жекте өлген соң, Жебе Кучулук ханның қатын-баласын, іні-қарындастарын түгелдей Мыңғұлға ала кетіпті. Бірақ бір ұлын нөкерлері жасырып қалыпты. Соңыра Кучулук Ханнан қалған осы ұлдың атын естіп, маңына ат тұяғы жетер жердегі найман жиналып, бір қауымға жетіпті. Мұны Кетбұқа естіп, Улуғ Тауға (Ұлытауға) шақыртады. Жошыханнан пайза бергізіп, бар найманның билеушісі етіп тағайындайды. Бұл ханзада Өкіреш атаның алды. Өкірач атаның арғы жағы Кучулук ханның ұрпағы, Кетбұқаның замандасы. Біз Кучулук ханның осы әулетіненбіз, – дейді қариялар.
Сөйтіп, өзбектер Өкіреш Шал найманның соңғы ханы – Күшіліктің кейінгі ұрпағы екеніне куәлікке жүреді. Осында жан бар. Бытырып кеткен, ешкімге мойынсал болмай, Шыңғысханмен он бес жыл арпалысқан өркеуде найманды ұйыстырып, бас игізу үшін соған лайық тегің болуы қажет. Сені сонда ғана мойындайды. Мұндай адам Күшіліктен қалған бір төл – Өкіреш Шал. Оның үстіне Кетбұқа шақыртса, оның Ұлытауда отырған, Жошыдан кейінгі Ұлық би кезі. Кетбұқаның наймандарға іш тарта, бар найманды бір ортаға жинауға пәрмен беруі заңды. Өзі найман адамның жанашырлығын түсіндіру қажет емес.
Өзбек қарияларының айтуынша Өкіреш Шал қартайғанда әскерін өкізіпті. Кейінірек Әмір Темір (Ақсақ Темір) Шалға осы маңды сыйлапты.
– Мұнда дихан наймандар тұрыпты. Біз малшы екенбіз. Осында келіп, тұрақтағалы бері көшпейміз. Малшы наймандар Жизақ, Науаиге қарай тұрады. Бұл жақта найман көп. Бір ғана Самарқан облысында, ең азы, бес жүз мыңдаймыз. Бәріміз де тегімізді білеміз. Жалпы өзбек жұрты немере, шөберелерінен қыз алып, қыз берісе береді. Біз өйтпейміз.
Өзбек наймандары осылай деді. Тереңірек үңілсек, «Шал» мен – «Өкіреш» бір мағынада тұр – «Ханзада». Осы жерде тағы сауал туады. Онда неге қосарлап «Өкіреш Шал» дейміз? Жекелеп не Өкіреш, не Шал десе де болғандай екен. Бұл сұраққа мына сөздер жауап береді. Тоқтық-Барлық, Баян-сұлу, Ақ-Шаған, Келте-Мұқыры, Ұрыжар-Мұханшы. Осылардағы барлық – мыңғұл қалмақша, қазақшасы – тоқты, баянның қазақшасы – сұлу, ақтың қалмақшасы – шаған, келтенің қалмақшасы – мұқыр, Ақшаңқан деп те жатамыз. Мұқаншыны қазақшаласаң – ұры, қарақшы шығады. Бұл да солай. Тілімізде қалмақ-мыңғұл тіліндегі сөзге қазақшасы қосылып айтылатын тіркестер көптеп саналады. Кейбір қосарлы сөздер жергілікті диалектіні түсінікті ету үшін де жүреді. «Шалдың» әуелдегі көне ұғымы, мағынасы ұмытыла бастаған соң, «Өкіреш» қосылғаны көрініп тұр. Көнесі «шал» сияқты.
Сөз реті келгенде айта кетейік. Г.Н.Потанин наймандардан «Көк бұқа» аңызын жазып алып, былай деп атап көрсетіпті: «Наймандардың бір бөлігі осы күнге дейін өздерін өгіздің ұрпағымыз» дейді. (Ғ.Байназарова «Қасиетті Түркі елі, Алматы, «Өнер», 66 бет)
Зер салсақ Өкіреш Шалдың ғұмыры үш кезеңге бөлінеді.
1. Әскербасы. Толған ел алдындағы шағы.
2. Жалпы найманның Елтұтқасы. Жұрттың сөзін ұстаған, билік айтқан шағы.
3. Дінге бет бұруы. «Ақсофы», «Ақмырза» аталуы. Балалары өліп, тұл қалуы. Үйленуі.
Қазақ шежіресінде осы үш кезеңнің біріншісі жалғыз ауыз «Ешкімге есе бермеген екен» деген сөзбен айтылады. Өкіреш наймандар Самарқаннан Сырға, одан Арқаға, одан Шығыс пен Жетісуға қоныс аударып, көші-қонмен жүргенде, жаңа ортаға бейімделу барысында «Өкірештің» найманға ғана тән лауазымдық мағынасы тасаланыпты. Ал сүйегі жатқан өзбектер есте тұтқан. Бұған найман хандығының бір жола жойылуы, найманның мемлекеттік лауазымдарының қолданыстан шығып қалуы да әсер еткені даусыз. Бірақ, 1625 жылға дейін Самарқанда биліктің бір ұшын ұстап отырған наймандар «бұқаны» пайдаланбаса да, «Өкіреш» – Кіші бұқаны ұмытпапты. Түпкі мағынасын сақтап қалған. Жеке хандықтың иесі «бұқа» сол кездегі найман алдымен Алтын Орданың, одан Ақ орданың құрамындағы бір руға айналған соң соған лайықталып, кішерейіп «өкірешке» көшкен сыңайлы.
Қазақ тарихында өз орны бар бір бабамыз – Өкіреш Шалдың кім болғанын, қай мезгілде өмір сүргенін, атқарған қызметін қолдан келгенше анықтауға тырыстық. Тереңдете зерттеуге көпшілік атсалысса жөн болар еді.
Камал Әбдірахман
Abai.kz