Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жыл қорытындысы 7037 5 пікір 30 Желтоқсан, 2017 сағат 23:20

Интернет-конференция: Әміржан Қосанов (жалғасы)

Ресми күнтізбе бойынша бұл жыл да аяқталуға аз қалды. 2017 жылда қазақ қоғамында ауыз толтырып айтарлықтай оқиғалар көп болды.  Халықаралық дәрежеде атқарылған іс-шаралардан бөлек, әлемдік медияда Қазақстан мен қазақ қоғамындағы елең еткізер оқиғалар трендтік тақырыптар қатырында тұрды. Ақорданың айналасындағы ақ жағалылар жылды қорытындылады.

Дегенмен, қазақ қоғамының өтіп бара жатқан жылға қатысты өз ойы, пікірі бар. Сонымен,  өтіп бара жатқан жылдың басты оқиғаларына қатысты қоғамның пікірі қандай?

Осы және өзге де сауалдарға интернет-конференциямыздың қонағы, "Abai.kz" ақпараттық порталының тұрақты спикері, саясаткер Әміржан Қосанов мырза жылды қорытындылай отырып, жауап беруді бастап кеткен болатын.

Бүгін интернет-конференциямыздың жалғасын жарияладық. Интернет-конференцияға сауал жолдау аяқталды. Енді тек спикер Әміржан мырзаның берген жауаптарына қатысты өз ой-пікірлеріңізді білдірулеріңізге болады.


Мақсұт 2017-12-21 14:07:07

Әбеке, егер сіз осы беталысыңыздан қайтып, биліктің сөзін сөйлеп, халыққа қарсы жаққа шықсаңыз - қандай дәрежеге көтерілер едім деп ойлайсыз? Ондай мүмкіндік болды ма?

-Осы уақыт ішінде әртүрлі күштер әр кезде билікке шақырған кездері болды. Оның қайсыбірін айта бересің?

Халыққа қарсы сөйлеп, карьера жасау дегеннің өзі қылмыс пен қиянат емес пе?!  Мен билікке бару үшін бүгінгі билік өзгеру керек шығар!

Меніңше, бізде «адам өмірінде бір нәрсеге қол жеткізуі үшін міндетті түрде не министр не әкім болуы керек» деген мансапшыл ой бар. Тіпті балаға бата бергенде де осы тілекті айтып жатады емес пе?! Дүниенің бар қызығы мен мүмкіндігі тек шенеуніктік шекпенде емес қой! Керісінше, балаға бата бергенде: «Ұлтыңның, халқыңның адал ұлы бол, қай мамандық таңдасаң да, соның генийі бол!» деп тілек айтуымыз керек!

Даулет 2017-12-21 16:41:37

Марқұм Теміртастың "Ордалы жылан" кітабын қалай бағалайсыз?

-Шынымды айтсам, оқымаппын. Кешірерсіз.

Serik 2017-12-21 16:51:32

Surak: siz aralasip jurgen opposisyalik partyalar nege ulittik maselelerdi koteruden kashadi? Baskasha aytkanda, ultshildiktan nege kashadi?

-Мен араласып жүрген оппозициялық партиялар бұрын бар еді. Қазір жоқ. Жалпы алғанда, кезінде «оппозициялық партиялар ұлтшыл емес» деген сөз болғаны рас. Бірақ, 2006 жылы ЖСДП съезін өткізгенде біз «Қазақ ұлтын жаңғырту» деген арнайы бағдарлама қабылдағанбыз. Оны жазуға өзім тікелей атсалысқанмын.

Қазір болса, жағдай тіпті басқаша: ұлттық ренессанс идеясы қоғамды ғана емес, билік басындағыларын да ойлантып жатқан сияқты. Ол да оң тенденция.

Марк 2017-12-21 18:25:05

Қазақ оянды. Бірақ «мен қазақпын» дейтін, елді бейбіт түрде біріктіретін, әділдікке шақыратын тұлға қайда? Әлде олар тұлға ретінде көзге түсуге қорқама? Өз өмірлеріне қауіптене ме, Әміржан мырза?

-Басқаларда қауіп жағы да бар шығар. Менде ондай қауіп жоқ. Мендегі қауіп мынадай: ертең билікке қарсы бір ресми ұйым құрсаң, оның мүшелерін билік қуғын-сүргінге салады. Оларды қорғауға ұйымдық әрі қаржылық жағынан мықты дайындық керек. Сынға өзің шыдарсың, бірақ сенің серіктестеріңді қинап жатса ше? Ол үшін өте-мөте ұйымдасқан, барлық жағынан қауқарлы ұйым керек!

Ұлттық-демократиялық қозғалыс құрайық деп талай қалталыға айттым. Қорқады. Шетелде осындай, билікке тәуелсіз бастама қолға алғанда, краудфандинг деген механизмді қолданады. Яғни әлеуметтік желі арқылы үндеу тастап, бір шотқа азаматтардан қаржы жинайды. Сөйтіп, барлық ұйымдастырушылық шараларды қолға алады. Бәлкім, бізге де енді сондай тәсілді қолдану керек шығар. Бірақ оған қара нан мен қара суға қарап отырған көпшіліктің жағдайы сәйкес емес қой. Сол жағы тағы бар. Ал нақты бір олигархтан қаржы түссе, соның сөзін сөйлеп кету қаупі бар.

Бірақ бір нәрсе анық: қоғамда хылықтың ойын жеткізе алатын, қазіргі билікке лайықты балама бола алатын қоғамдық-саяси күшке сұраныс бар. Қазір сондай бір ұйым құру туралы серіктестермен бірге ойланып жүрміз.

Төкен 2017-12-21 20:51:53

Байқауымша, сіздің ұстанымыңыз БАҚ бетінде биліктің кемшін тұстарын айтып, сыни мақалар жазу. Бірақ, билік кімнің аузынан шықса да, сынға, пілді ағаш оқпен атқандай селт етпейді.Ойыңызда «саналы ғұмырым, жел диірменмен айқасқан Дон Кихоттай бекерге өтіп барады» деген қынжылу жоқ па?

-Сонда саналы ғұмыр тек қана мансап пен байлық туралы арманға тірелу керек пе?

Адамда принциптер деген болады. Мен жастайымнан әділетсіздікке қарсымын. Соны айтамын деп билікке де жағып жүрген жоқпын. Сол ұстанымнан айрылмаймын. Қалғанының бәрі – далбаса!

Ең бастысы – митингтерде айтып, газеттерде жазып жүрген сөздерімді көпшілік қолдайды. Сол – менің ең басты қазынам!

Қасқырбай 2017-12-21 23:45:35

Әміржан мырза, билік ауысқан жағдайда, 30 жыл бойы билікте болғандардың дүние мүлкіне аудит, тексеріс жүргізіліп, халықтың байлығын жекеменшігі ретінде пайдаланғандардан ел қазынасына ұрланған ақша, көлік, виллалар мен самолеттер, яхталар, банктер, ғимараттар, тағы басқа қаражаттарды қайтарып алу мүмкін бе, Сіз қалай ойлайсыз, ол кез қашан туады және шамамен ол қанша қаражат болуы мүмкін?

-Әрине, экономика мен саясатта «капиталдың әуелгі қорлануы» деген екіұдай ұғым бар. Көбінесе ол заңсыз түрде жүзеге асады.

Сондықтан да жаңа билік келген тұста қазіргі олигархтар өз байлығын қалай жасады, заң бұзушылық болды ма, болмады ма – сол жағын анықтайтын тәуелсіз сот жүйесі болуы тиіс.

Егер де ол байлық ашық та бәсекелес нарық заңдары бойынша құралса, несі айып? Ал адам жемқорлық пен басқа қылмыстық әрекет арқылы байыса, ол, сөзсіз, өз жазасын алуы тиіс!

Мырза 2017-12-22 00:00:47

Әміржан мырза, біздің ел біреулердің жекеменшік мемлекеті ме, қалай ойлайсыз? Себебі, «билікте менің өз пікірім жоқ» деп халықты шошытып, түрлі ойға салып жүргендер бар. Сонда қазақ мемлекеті кейбіреулердің ойыншығы ма?

Біздің билік басында жүргендерің ішінде не екі сөздің басын құрай алмайтындар, не қолынан іс келмейтіндер, «ағасы не көкесінің» не параның арқасында карьера жасап келе жатқандар баршылық. Сондықтан биліктің өз ішінде өркениетті бәсекелік орта қалыптастыру керек. Яғни неғұрлым қабілетті әрі еңбекқор кадрлар өсуіне мүмкіндік жасау керек. Атышулы «командалық» принципті жою қажет! Ол принцип - нағыз трайбализм мен жүзшілдіктің айқын көрінісі, сыбайлас жемқорлықты қалыптастыратын нақты механизм!

Қалыптасқан жағдайды өзгертудің бір құралы - жергілікті әкімдерді халық боп сайлау. Депутаттар да солай сайлануы тиіс. Сонда олар халықпен санаса бастайды.

Жаңаөзен 2017-12-22 00:09:16

Жаңаөзенде өз халқын жазықсыз өлтіргендер, оларға бұйрық бергендер қашан түрмеге отырады, Әміржан мырза? Макс пен Талғатты бостандыққа шығару мүмкін бе? Ол үшін не істеу керек, шетелден көмек сұрау керек пе? Олар біздің елдің жағдайын білмейтін шығар...

-Жаңаөзен трагедиясы әлі де өз бағасын алған жоқ. Меніңше, билік басында осы қылмысқа қатысты тұлғалар отырған тұста ондай баға алу да мүмкін емес. Бірақ, бәрібір ақиқат ашылады! Кімнің атуға бұйрық бергені де елге мәлім болады!

Саяси себептермен түрмеде жазықсыз отырған азаматтарды да бостандыққа шығару керек. Ол үшін қоғамның белсенділігі жоғары болуы шарт, әйтпесе, ел үшін күрескен аяулы азаматтарды соттап жатқанда, көбіміз бұғып қаламыз. Билік соны біліп, көріп отыр. Және де әділетті, атқарушы билікке еш тәуелсіз сот жүйесін құруымыз керек. Ол үшін судьяларды да халық өзі сайлап алуы керек!

Бір Қазақ 2017-12-22 00:13:17

Ассаламуағаликум Әміржан Сағидрахманұлы ! Қандай мемлекет болмасын, оның халқы бар. Сол үшін мемлекет алдына қандай болмасын, мақсат қояды. Халық болмаса, мемлекет те жоқ. Мемлекет халық үшін тікелей қызмет атқарады. Бізге келетін болсақ, толыққанды олай емес сияқты. Иə шүкіршілік етеміз. Аспанымыз ашық, тыныштық заман. Шүкір. Халқымыз тыныштықтың қадірін біледі. Дегенмен халықты ойлайтын, шынымен жаны ашитын билік жоқ. Қымбатшылық кеңірдегіңнен қылқындырып, тұншықтырып бара жатыр. Жоғары шарықтамаса, төмендейтін түрі жоқ. БАҚ өкілдері тарапынан айтатын шындық жоқ. Олар үшін бəрі керемет. Жас отбасы құрғандарға жасалатын жеңілдік жоқ десекте болады. Халықтың ақшасының арқасында банктеріміз құтырып тұр сол ақшаны сол халқымыздың өзіне еселеп, пайызын қосып тұрып өз ақшасын өзіне төлетеді. Оны билікте, БАҚ-та айтпайды. Қандай мемлекеттік саламыз болмасын салғырттық көп. Істелетін жəне істелмеген шаруамыз елімізде өте көп. Болашағымыз қандай болады? Алаңдайтын нəрсе өте-мөте көп. Қазақ халқы тыныштықты бірінші орындарға қояды. Сіз елімізде көптеген шешілмеген мəселелерді, болашақта қалай шешімін табуымыз қажет деп ойлайсыз?

-Сіз қоғамда орын алған көп проблемаларды айтып отырсыз. Мұның бәрі ащы шындық. Бірақ билік оны мойындағысы келмейді. Ресми БАҚ жүйесі арқылы «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманда өмір сүріп жатырмыз» деп насихат өрбітеді. Алайда оған өздері де, халық та сенбейді! Сондықтан ел ішінде «Хабарда» көрсететін елде өмір сүргім келеді» деген қанатты сөздер тарап кеткен.

Қоғамда проблема көп. Оларды шешудің жолы баршылық. Ең басты жол мынау: 1995 жыл шенеуніктерге өз қолымен беріп қойған билікті халық өзіне қайтарып беру керек! Ол үшін әділ сайлау арқылы президент, депутаттарды және әкімдерді сайлап алуымыз керек. Бір мерзімге сайлансын, егер де қолдарынан ешнәрсе келмесе, келесі сайлауда халық оларды орнына алып тастайтындай саяси дәстүр қалыптастыру керек. Сонда биліктің өзі де өзгереді, жемқорлық азаяды, әлеуметтік әділеттік орнайды. Басқа жол жоқ!

Оттаубай 2017-12-22 00:36:05

Байқауымша, сіздің ұстанымыңыз БАҚ бетінде биліктің кемшін тұстарын айтып, сыни мақалар жазу. Селт етпейтін болса Атамбаевтың әйгілі айыптауларынан кейін шекараны жауып, шекарадан өтетін жазықсыз адамдарды күн ұзақ аяқтарынан тік тұрғызып қойып, неге адам өліміне дейін әкеп соқтырғанша азаптады? "Сыни мақаларға селт етпейтіндер" неге Әміржанның есігінің алдына «бетон» құйып кетіп жексұрын тірлік жасап жүр?

-Әркім өз мүмкіндігіне қарайды. Кезінде РНПК, ЖСДП, сосын ЖСДП «Азат» партияларының басшыларының бірі боп жүргенде, әрине, мен қазіргіден гөрі белсенді болдым. Ел араладық, жиналыстар өткіздік, наразылық акцияларын, соның ішінде, митингілер ұйымдастырдық. Сол үшін аракідік сотталып, абақтыға жабылып жүрдік.

Қазір болса, менде ондай саяси ұйым жоқ. Сондықтан да менікі көбінесе ағартушылық қызмет. Құдай қолыма қалам ұстатты. Сондықтан осы талантымды халқымның, елімнің мүддесіне пайдаланып жүрмін. Апта сайын «Дат» және «Жас алаш» газеттерінде тұрақты колонка жүргізіп отырмын. Елде, әлемде болып жатқан оқиғаларға үн қосуға тырысып келемін.

Ал егер де көпшілік қолдап, ұйым құрып жатсақ, әрине, менің де саяси белсенділігім арта түспек. Және де ол нақты істерге ұласары сөзсіз. Осыған бір қосарым: билік шындық сөздің қаншалықты ықпалды екенін сезеді, біледі. Сондықтан да тәуелсіз БАҚ-тар жабылып жатыр. Тәуелсіз пікір иелері қудалануда.

Қазір әлеуметтік желілердің ролі мен мүмкіндіктері күрт артып кетті. Менің ол желілердегі қолдаушыларым көп. Бірақ одан да көп болғанын қалар едім. Сіз де сол қатарға қосылыңыз. Мәселен, менің Facebook-тегі парақшама жазылыңыз, менің барлық жазған дүниемді сол жерде таба аласыз!

Мылтықпай 2017-12-22 08:41:03

Әміржан мырза, неге қазақ билігі Қарағандының шахтерлары бас көтергенде ауыздарын ашпады? Себебі олардың арасында орыс ұлтының азаматтары болғасын қорыққандарынан. Ресей ондайға жол бермейтінін біліп, өз азаматтарын қорғайтынын білгендіктен бе, қалай ойлайсыз? Сонда қазақтарды өз елінде жазықсыз өлтіруге бола ма, қорғайтын сот пен заң жоқ па? Бұл халықты мазалап жүрген мәселе. Ашық жауап бере аласыз ба, ашық жауап беруге қорықсаңыз, астарлап түсіндіріп беріңізші.

-Неге ашық айтпасқа? Айту керек! Ресми Кремльдің біздің билікке ықпалы бар екенін мен жоғарыда айтқанмын  (сол жерден оқып аларсыз). Оған қосарым мынау:

Меніңше, Жаңаөзен қырғынының тағы бір астары болды. Билік алдында сайлау тұрды. Оппозиция бір партия боп бірікті. Сондықтан біздің ЖСДП «Азаттың» қауқары мықты еді. Сол үшін билікке осындай арандату арқылы «гайканы» қатайтып тастау керек болды деп ойлаймын. Әйтпесе, өзім әріптестеріммен бірге алаңда жеті ай бойына тұрған сол мұнайшыларға бірнеше рет бардым. Олар келіссөзге дайын екенін, тәртіп бұзу ойларында жоқ екенін ашық айтып жатты. Бірақ, ақыры осындай қанды қырғынға ұласты. Сол кездегі видеоларда бейбіт адамдарға оқ жаудырған полиция бар да, қолына қару ұстаған мұнайшылар жоқ! Міне, гәп қайда жатыр!

Ал Қарағандыдағы жағдайдың түпкі себебі Жаңаөзен мұнайшыларының талаптарына ұқсаса да, бәрі бейбіт түрде шешілді. Сіз айтқандай ұлттық фактор болуы да мүмкін. Ол жағын да ескеруіміз керек. Бірақ, Жаңаөзеннен кейін билік ішіндегілер де ойлана бастаған сияқты.

Бірақ, бір жердегі түйін өз шешімін тапқанымен, бүкіл Қазақстан бойынша лайықты жалақы төлеу мен еңбек адамының құқын қорғау секілді іргелі мәселелер әлі де сол, шешілмеген қалпында. Сондықтан бүкіл Қазақстан бойынша ереуіл мәселесі түпкілікті шешілді деп мен айта алмаймын!

Сорлы қазақ 2017-12-22 10:48:00

Қазақ халқы бәрін біледі. Кім қалай байып жатқанын, қандай қулық пен өтірік жасалып жатқанын... Халықтың қаражаты тойымсыз банктерге құйылып жатқанын, ұрылар мен қылмыскерлердің күшейіп алғанын... Осы тізімді шексіз жалғастыра беруге болады. Әміржан мырза, қалай ойлайсыз, қанағатсыздық пен тойымсыздық, жалаң ұрандар мен жағымпаздық, ауыспайтын билік пен халық таңдамайтын халық қалаулары, тағы да осы сияқты қазақ қоғамында орын алған жағдайлар қашан жойылады? Сол күн келеріне, сол күн туарына сенесіз бе? Осы жағдайларды түзеу, дұрыстау кімнің қолында? Әлде бұл қазақтың маңдайына жазылған мәңгілік соры ма?

-Өзіміз өз тағыдырымызды өз қолымызға алмай, ешнәрсе өзгермейді! Сондықтан қоғамның белсенділігі арту керек. Бір сөзбен айтқанда, диваннан тұру керек! Елде болып жатқан жемқорлық пен әділетсіздік, жағымпаздық пен астамшылдық фактілері әр азамат тарапынан сыналуы тиіс. Ол сын ортақ ұйым арқылы бір арнаға тоғысып жатса, құба құп!

Өзгерістер, сөзсіз, болады! Мен соған сенемін! Сенбесем, баяғыда-ақ оппозициядан кетіп, басқа тірлікке көшер едім ғой.

Аман Жаныс 2017-12-22 18:01:19

4.Украина, Ливия сынды мемлекеттерде орын алған толқулар мен көтерілістерге сыртқы күштердің себеп болғандығы белгілі. Халықты құрғақ уәделермен алдап, көшеге шығарып, қанға бөктірген шетелдік мисионерлер мен Мұхтар Әблязовтың қазіргі үндеулерінде айырмашылық бар ма? Халықтың әлеуметтік ахуалын көтергісі келетін адамның революция жолын таңдағандығы қаншалықты күдік туғызады?

-Мәселенің екі жағы бар. Біріншіден, билік өзі эволюциялық жолды қолдамаса, ерте ме, кеш пе, революцияға тап болады. Қазір ел ішіндегі наразылық күн сайын еселеп, геометриялық прогрессиямен артуда. Қазан бұрқырап, қайнап жатқалы қашан! Ешқандай да сырттағы күштерсіз-ақ халық бір күнде режимнің быт-шытын шығарып, күл талқан ете салады. Тіпті оған оппозициялық партиялар мен көсемдердің керегі жоқ боп қалады!

Байқасаңыз, бүгінде биліктің жақтасы, адвокаты боп жүрген, оппозицияға еш қатысы жоқ азаматтар елдегі жағдайға, әсіресе, жан-жақты жалмап жатқан жемқорлыққа деген қарсылығын ашықтан-ашық білдіруде! Оның ішінде шағын бизнес өкілдері де бар.

Екіншіден, өз басым, Отанымызға сырттан ықпал етер кез келген кұшке қарсымын. Қазақтың тағыдырын қазақтан басқа ешкім шешпеуі тиіс!

Әблязов туралы осы жерде жауап бердім, содан оқып аларсыз. Оған бір қосарым, кез келген саясаткер өз жолын өзі таңдайды. Әблязовтікі де – өзі таңдаған жол. Бірақ, елдің толыққанды қолдауына ие болу үшін ол өзінің сотында өзіне тағылған әрбір айып бойынша нақты жауап беруі керек. Және де ел ішінде жүрген оппозицияны қаралауды доғару тиіс. Өйтіп, абырой мен қолдау таппайды.

Трон 2017-12-22 22:01:33

Одақтың уақытында идеологияға көп көңіл бөлінді. Жазушы, ақын болу зор мәртебе еді.Творчествалық интеллегенцияның қарындары тоқ, көңілдері көк еді.Батыс елдерінде басқаша болды. Мемлекеттің ақын, жазушыда шаруасы жоқ. Не жазам десең өзің білесің. Ақшаны қалай тапсаң да, өз шаруаңыз.  Сіз осы екі жолдың қайсысы дұрыс дейсіз? Бір жағынан ұлттық идеологияны дамыту керек. Халықтың санасына сіңіру керек. Екінші жағынан өкіметтен ақша алып отырсаң, оған қарсы бірдеңе айта аласың ба?..

-Сіз әдебиетті қаржыландыру секілді мәселені айтып отырсыз. Бұл тұрғыда менің жеке ұстанымым мынадай: мемлекет әлеуметтік маңызы бар әдебиетті бюджеттен қолдауы тиіс, оған балалар, салалық, білім мен ғылыми және басқа тақырыптағы, коммерциялық емес шығармалар жатады. Меніңше, талантты жастардың алғашқы кітаптарын да мемлекет қолдағаны абзал.

Бірақ өмір бойы мемлекеттік қаржыға ғана тәуелді болу дұрыс емес. Шынайы талантты оқырман өзі іздеп тауып алып, өз қалтасынан қаржыландыруы тиіс! Ондай талант иесіне демеушелір де көмек көрсетеді, соның арқасында пайда табады.

Оның үстіне қазір кітаптың электрондық нұсқалары, әлеуметтік желідегі алуан түрлі формалары дамып келеді. Әдебиет одан да қалып қоймауы тиіс!

Түрікпеннен тартып алған қыстаудан 2017-12-23 01:25:08

1.Бұғатталған 22 млрд астарында не жатыр? 2. Криптовалютаға көзқарасыңыз.

-Бұғатталған 22 миллиард доллардың астарында молдаван кәсіпкерінің Қазақстан нарығына келіп, бизнес жасауына қолдау көрсеткен біздің шенділердің ашкөздігі мен жемқорлығы жатуы мүмкін. Сол жағын мықтап тексеріп алу керек! Және де бұл скандал халықтың ортақ қазынасы – Ұлттық қордың қайда, қай банктерде және қандай шарттарға сәйкес сақталып отыр деген сауалды да алдымызға жайып салып отыр!

Криптовалютаға сенімім жоқ. Қаржылық авантюраға ұқсайтын сияқты. Хаіпсіздік жағы да тым осал, өтйкені онда барлық операция компьютер арқылы жүргізіледі, ал қазіргі заманның хакерлері қандай екенін күнде БАҚ-тан оқып, көріп жатырмыз ғой! Миллиардтар қолды боп жатыр. Оның үстіне Венесуэла секілді экономикалық құрдымға батудың алдында тұрған тоталитарлық мемлекет оның ұлттық жүйесін құруының өзі де біраз нәрседен сыр бермей ме?

Мейрамбай 2017-12-23 15:12:48

Айта кететіндей жақсы жаңалықтар бар жыл болды. Сыртқы саясатта келісімгершілік миссияны жақсы атқардық. Сириядағы қырғынның, гуманитарлық катострофаны бұғалықтауға Астана үлкен күш салды. Нәтижесі жоқ емес. Жанар-жағармай "кризисі" мен қымбатшылық артты. Қырғызстанмен текетрес есте қалды...

-Қазақстанның Сириядағы жағдайға ықпалын тым асыра бағаламас едім. Иә, Астанада келіссөз жүргізуге алаң берілді, бірақ негізгі шаруаны шешіп жатқан басқа, кепілдік беріп отырған елдер деп санаймын.

Жалпы біз өзіміздің сыртқы саяси амбициясымызды біраз тежеуіміз керек сияқты. Не әлемдік діндердің диалогын ұйымдастырамыз деп, қыруар қаржы шығарып, тер төгіп, әуреленеміз. Ондай, ғаламдық қақтығыстарды шешетін БҰҰ сияқты ұйым бар емес пе? Орынсыз «саммитшілдіктен» аулақ болған жөн деп санаймын!

Есболат 2017-12-25 12:26:28

Сапасы нашар темекінің бағасы ұшынып барады. 2018 жылы тағы қымбаттады деген болжам бар. Сонда темекі шегетін адамдар (зейнеткерлер) не істейді? Альтернатива болуы керек қой. Арзан табак шығару керек, турбкамен тартатын. Қазақстанда темекі монополиясы кімдердің қолында екені белгісіз. Әйтсе де, айтайын дегенім, сапасы – нөл.  Сапасы, өте-мөте нашар. Көп адамның пікірі – бұл. Кейбір сигареттер тап-таза лас сасып жатыр. Нәжістің иісі шығады. Осы фактіні Шелек пен Өтеген батырдағы фабрикаларда жұмыс жасайтындарға жеткізіңдер. Альтернатива болуы керек. 21-ғасырда темекінің монополиясы - дұрыс адамның күлкісін келтіретін жәйт. Бірақ, бізде, әрі де бола береді ғой. Таң қалатын ештеңесі жоқ.

-Темекі сапасына байланысты ойларыңыз қызық екен. Онымен тиісті, сапаны бақылаушы органдар айналысуы тиіс! Мен темекі тартпаймын, Сіз де ол пәлені тастаңыз.

Тима 2017-12-26 01:34:17

Мұхтар Әблязовтың әлеуметтік желілерде жариялап жүрген әлеуметтік бағдарламалары, егер ол билікке келе қалса іс жүзінде орындалуы мүмкін бе, әлде утопия ма?

-Әблязовтың қазіргі мәлімдемелерін екіге бөлуге болады. Билікке қатысты сынын, билік жүйесін түбегейлі өзгерту туралы ойларының денін қолдаймын. Оны біз де талайдан бері айтып келеміз.

Оның экономикалық проблемаларға қатысты ойлары да орынды. Соның ішінде бюджет саясатына, оны жинау мен жұмсауға қатысты жақсы ұсыныстары бар.

Бірақ, шынымды айтсам, кейбір экономикалық идеяларында, әсіресе, еңбек ақысын бір сәтте көтеру деген ұсыныстарында популизм байқалатыны да рас. Сондықтан да ол ұсыныстарды да экономистер жақсылап бір сараптап алуы керек деп ойлаймын.

Руслан 2017-12-26 13:06:28

Әміржан аға, алдағы президент сайлауына түсуге дайынсыз ба? Сайлау туралы жаңа заң талаптарына сәйкес келесіз бе? Сіз жеңсеңіз, премьер-министр кім болуы мүмкін? Саясаткер Серікжан Мәмбетәлинге деген көзқарасыңыз қандай?

-Мен саяси оппозицияда 20 жылдай бойына жүрмін. Талай сайлауларға қатыстым. Өткен президент сайлауына да түсу туралы қоғам тарапынан ұсыныстар болды.

Алдағы сайлаудың ерекше маңызы бар: ол сайлау Қазақстанның таяу болашағы қандай болмақ, соны анықтап береді. Не біз билік жүйесін өзгертіп, демократиялық жолға түсеміз, не сол баяғы «нұрлы» жолмен тарихи әрі өркениеттік тығырыққа тіреле береміз.

Өз басым, жасым, тәжірибе және өмірлік ұстанымым бойынша ол сайлауға түсуге дайынмын.

Бірақ (және бұл ойымды мен ылғи да айтып келемін!) осындай шешуші сәтте оппозиция бірлесіп, бірегей кандидат ұсынуы керек деп санаймын. Билік бір адам ұсынып, оппозиция тағы да ырду-дырду боп, бірнеше адам ұсынса, сөзсіз, жеңілеміз. Сол жағын да ұғынайық!

(Жалғасы бар)

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963