Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3007 0 пікір 11 Қаңтар, 2011 сағат 06:02

Серік Аханов: «Қазақстан интеллектуалды капиталға бай мемлекет»

- Серік Ахметжанұлы, 2010-шы жылы сіздің «Ұлттық капитал» атты, көпшіліктің, оның ішінде тек қана қаржы саласындағы азаматтардың емес, сонымен қатар жалпы қауымның қызығушылығын тудырған кітабыңыз шықты. Аталмыш еңбекті жазуға сізді не жетеледі және оны жазу үшін қанша уақытыңыз кетті?

- Серік Ахметжанұлы, 2010-шы жылы сіздің «Ұлттық капитал» атты, көпшіліктің, оның ішінде тек қана қаржы саласындағы азаматтардың емес, сонымен қатар жалпы қауымның қызығушылығын тудырған кітабыңыз шықты. Аталмыш еңбекті жазуға сізді не жетеледі және оны жазу үшін қанша уақытыңыз кетті?

- Еңбектің «Ұлттық капитал» аталуына бірнеше себеп бар, оның ішінде экономикалық теория жағынан қарайтын болсақ, экономиканың негізі, қоғамның негізі - ұлттық капитал болып саналады. Бұны кең мағынада қарағанымыз жөн, сол себепті ол екі аспектіге ие: біріншісі - қоғамдық, ал екіншісі - материалдық.  Қоғамдық аспектісі, ұлттық капитал ұлттық байлықты өндіруде адамдар арасындағы қарым-қатынасты қарастыратын болса, материалдық жағы, бұл - жасалған автомобильдер, заттар, технологиялар, ақпарат, қаржылық ағымдар және тағы басқалары. Аталған ізденістің басты бағыты бұл - ұлттық экономиканың проблемаларын талдау, эффективтілігін арттыру бойынша кең ауқымды жұмыс. Еңбекті жазу барысында, біздің елдің өткен тәжірибесін қарай отыра, елімізде нарық экономикасы қалай бастау алды, қалай дамыды, қандай сатылардан өтті, ең басты мәселелер қандай болды, экономиканың эффективтілігіндегі негізгі аспектілер қандай болды, осындай қызығушылық тудырған сұрақтармен біздің еліміздің тәжірибесін байланыстыра отыра өнімді еңбек шықты деп ойлаймын. Аталған еңбекте Қазақстанда нарықтың қалыптасуына үлкен талдау жасалды, сонымен қатар, жалпы экономикалық саясатты одан әрі жетілдіру, оның ішінде қаржы нарығын реттеу саясатын мұқият қарастырдым. Мен өз тарапымнан бұл еңбекті жазғанда, адами қатынастар аясында еліміздің экономикасына комплексті түрде талдау жасадым, атап өтсек, неокапиталисттік және нарықтық қатынастардың классикалық үлгілерін қарастырдым. Бұл жасалған талпыныс Қазақстанның ұлттық байлығы құрылымының тиімділік динамикасына шолу жасау болып отыр. Ең қызығы, біздің ұлттық байлығымыздың ішінде интеллектуалдық байлықтың орны өте үлкен және ол одан әрі өсуі керек. Өзіңіз жақсы білетіндей, мұнай, газ, металлдар - бұлардың барлығы қалпына келетін ресурстар. Аллаға шүкір, бізде осының барлығы бар, мәселе тек оны тиімді пайдалануда. Алдағы уақытта алатын ең басты бағыт, ең басты көңіл аударатын мәселе - ұлттың интеллектуалдық капиталын дамыту. Осы еңбекті жазу үшін екі жылдай жұмыс жасадым, оның үстіне бір жағынан жұмыс жасап, екінші жағынан кітап жазу оңай болмағаны рас. Сол себепті, бос уақытымды аталған еңбекті жазуға сарп еттім. Жалпы алғанда, осы уақытқа дейін менің 140 ғылыми жұмыстарым және 3 монографиям жарияланды.

-  Үстіміздегі жылы ұлттық валютамыз теңгеге 17 жыл толды. Өткен ғасырдың 1993 -ші жылы теңгеміз айналымға енді, жалпы осы процесс қалай жүрді, қалай жүзеге асырылды?

-  Президент жүргізген, сол кездегі жүйелі реформалар бастау алған кезде, мен осы шаралардың басы-қасында болдым. Бұл бір өте қызықты уақыт болатын. Президенттің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына мықты қаржыгерлер кірді, олардың көпшілгі қазіргі кезде үкімет құрамында қызмет етіп жатыр. Бұл бір жағынан алғанда қиын әрі шырмауығы көп үрдіс болған еді. Қазақстан өзінің ұлттық валютасын ендіру процесіне объективті түрде келді, сол кезде осы процеске байланысты, басқа да субъективті саяси факторлар болғантұғын.  Кеңес одағы ыдырағыннан соң, көрші елдермен қарым-қатынастың бірнеше сатылары болды. Басында біз рубль кеңістігінде болдық, кейіннен белгілі бір объективті себептерге байланысты бұл кеңістіктен шығуға тура келді. Ұлттық валюта - тәуелсіз мемлекеттің символы. Сол кезде Президенттің саяси ерік-жігерінің арқасында ұлттық валюта жасау және оны қолданысқа енгізу шешімі қабылданды. Мен 1993-жылдың 15-ші қараша күні есімде жақсы сақтаулы, (ең бастапқы кезде теңгенің долларға шаққандағы бағамы 4 теңге болған), теңгенің дүниеге келуі және Ұлттық Банктің бастапқы кезде теңгенің бағамын қалай реттегені де есімде. Менің ойымша, теңге өзінің даму тарихында бірнеше сатылардан өтті, нақтырақ айтсақ 4 сатыдан өтті. Осы өткен уақыттың ішінде Ұлттық Банк теңге бағамын дұрыс реттеп, қадағалап отырды, Ұлттық Банк сонымен қатар, теңге бағамына байланысты ұсыныспен сұранысты барынша қарастырып, теңгенің толық, өміршең валюта болуына орнықты ат салысты. Бұл жерде айта кететін мәселе, Ұлттық Банк теңгенің бәскелестікке ие болып, сонымен бірге отандық кәсіпорындардың бәсекеге сай болуына ықпал етуі бойынша көп жұмыс атқарды. Теңге -  зейнетақы жиналымдарының, азаматтардың депозиттік жиналымдарының сақталуына оңды әсер етіп қана қоймай, ұлттық валютаның атқаратын барлық функцияларын жүйелі түрде атқаруы тиіс еді.

-  Сіз аталған сатыларды қысқаша түрде атап бере аласызба?

-  Бұл біздің экономикалық тарихымыздың өткен сатыларының классификациясына шартты түрде шолу ғой. Бірінші саты - нарықтық қатынастардың қалыптасу кезеңі, 1993-ші жылдан бастасақ болады, ол жылы ұлттық  валюта - теңге ендірілді, банк секторында екі маңызды реформа жүзеге асырылды, банктік жүйенің қалыптасу кезеңі, Ұлттық Банктің құрылып, оның классикалық функцияларының жұмыс жасай бастау кезеңі деп атауға болады. Одан кейінгі саты 1997-98-ші жылдар, бұл өте қиын период болды, оған қоса Оңтүстік Азиядағы дағдарыс өз әсерін беріп, елдегі жағдай одан әрі қиындап кетті. Осы жылдары теңге девальвацияланды. Алайда, теңгенің девальвациясы сол кездегі жағдайды алсақ, жеңіл ырғақпен жүргізілді, халықтың зейнетақы жиналымдары сақтаулы қалды. Бұл біз үшін үлкен экономикалық эксперимент және тәжірибе болғаны рас. Бұндай сәтті үрдіс, Қазақстаннан басқа, әлемнің бірде-бір елінде сәтті жүргізілген емес. Өзіңіз білетіндей, бұл қиын жолдан кейін, экономикалық өсім периоды басталды және бағамдап, зерделеп қарасаңыз, қиын кезеңдердің бәрінде де теңге тұрақты болып қалды. Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2007-ші жылы валюталық дәлізде аздаған қозғалыс пайда болды, ол енді әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың басталған жылы болды ғой. Теңге 2008-ші жылдың соңғы жартыжылдығында және 2009-шы жылдың бас кезеңінде әлемдік қаржы дағдарысының сыртқы соққыларын сезіне бастады. Дегенмен, ел ішінде қазір жағдай бірқалыпты және тұрақты деп айтуға болады. Ал ел сыртында соңғы айларда доллармен юань, доллармен иена және доллармен фунт стерлинг арасында валюталық қақтығыстар жүріп жатыр, сол себепті қазіргі кезеңді оңай деп айтуға болмайды. Менің пікірімше, Ұлттық Банк валюталық жағдайды, валюта бағамдарын тиімді түрде жүргізіп, ұстап отыр деп ойлаймын.

-  Жақын уақытта Мәжілісте қаралып, талқыланған ипотекалық несиелеу және қаржы ұсыныстарымен инвесторлардың ұсынысын пайдаланудағы тұтынушылардың құқығы туралы заң бізге не әкеледі және не береді?

-  Ең басты жаңалық - салымшылардың мүддесінің заңды түрде қорғалуы. Жылдық эффективті ставкалардың шегін анықтау, айыппұлдың мөлшеріне шектеу қою, пайыздық ставканың біржақты өзгертілуіне шектеу қойылуы, осы аталған өзгерістер жаңа заңда бар. Ипотекалық несие алған азамат, алған несиесіне байланысты қиындықтар туындаса, алған несиесін өтей алмай жатырса және басқа да мәселелер туындаса, банкпен байланысып, пайда болған проблемаға байланысты тиімді шешімдер арқылы шешуге мүмкіндік алды. Несие алушы, тікелей банкке барып өзінің алған несиесі бойынша ақпаратты ашып, одан кейін несиені төлеу бойынша құрылымдау, яки несиенің пайызын белгілі бір уақытқа төмендету және негізгі төлемді төмендету немесе несиені өтеуді бірер уақытқа созуға заңды түрде мүмкіндік алды. Бұл заңдағы қаржы ұсыныстарын тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша жаңа нормалар, заң 2011-ші жылдың 1-ші қаңтарынан бастап күшіне енеді. Әрине, аталған заң жаңа ипотекалық несиелерді жаңаша бағытта жұмыс жасауға бағыттайды. Дегенмен де, бұл заң күшіне енгенге дейін, ипотекалық несие алушылармен салымшылардың мүдделері тиісті түрде қорғалады және ескеріледі деген ойдамыз. Несие алушы азамат, өз банкімен ашық түрде жұмыс жасап, банктен қандай шарттармен несие алды, сол шарт негізінде несиені өтеуге талпынуы керек. Дағдарыстың ең үлкен сабақтарының бірі және оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевта айтып кетті, алған несиені қайтару керек.

-  «Халық Банк» АҚ-ның Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова, аталған заң жобасы несиенің қымбаттауына алып келеді деген пікірін айтты, сіз ол кісінің пікірімен келісесізбе?

-  Дүниеде барлық нәрсенің өз құны бар, соның ішінде ақшаның да өз құны бар. Несиенің құнына әсер ететін көптеген факторлармен шарттар бар. Бірінші кезекте, ол ішкі, әлде сырттан келген несие ме! Ішкі несие, салымшылардың банкке салған депозиттерінің қаржыларының бағасына байланысты, банктердің депозит салған салымшылардың, оларға пайыздық деңгейде төленетін сыйақының базалық мөлшерлемесіне тікелей байланысты. Екінші тұстан қарасақ, банктердің сыртқы нарықтан алған қаржысына байланысты. Дағдарыс басталғанға дейін сыртқы займдар 8 пайыз көлемінде беріліп келсе, қазір ең төмені 9,7-10-11 пайызды құрап отыр. Бұған банктің несие алушыға несие берудегі тәукелділікті қосатынын ескерсек, онда ол 2-3 пайызды құрайды. Егер де, несие алушы клиенттің несиелік тарихы жақсы болса, онда тәуекелділік шығынға байланысты бастапқы пайыздың көлемі 1 пайыз болады. Ал егерде, несие алушының мүлік кепілі жеткіліксіз болса, қаржылық ашықтылығына күмән болса, онда, әрине, несиеге байланысты тәуеклділік шығыны да артады. Оған қоса, банктің ең төменгі маржасын ескеру қажет, сонда барлығын санағанда 15 пайыз шығып отырма, міне Қазақстандағы несиенің орташа ставкасы осы шамада. Несие ставкасының құбылмалылығы көптеген факторға байланысты, ол дегеніміз, егерде, ішкі немесе сыртқы займдардың бағасы өзгеріп отырса, онда несиенің пайыздық ставкасы көтеріліп кетуі мүмкін, кейде төмендеуі де бек мүмкін.

-  Қазақстан Республикасының Президенті бір уақыттары Еуразиялық Экономикалық Кеңістік аумағында ортақ мемлекетаралық ақшамен есеп айырысу, ЕЭК елдері арасында ортақ валюта бірлігін енгізу жөнінде бастама көтерген болатын. Бұл бастама біраз уақыт белсенді түрде талқыланды. Әр-түрлі ойлармен пікірлер, ұсыныстар да айтылды, соның ішінде, кейбір сарапшылар, ортақ влюта енгізетін болсақ, бұл біздің тәулесіздігімізден айырылуымызға алып келеді деген пікірлерді де айтты. Ресей бұл ұсынысқа тек бір шарт қана қойды, ол, егер де, ортақ валюта рубль болса, олар толық келісетіндерін жеткізді. Дегенмен, кейінгі уақытта бұл мәселе бойынша талқылар азайып кетті. Сіз бұл мәселе туралы ойыңыз қандай?

- Менің ойымша, ұсыныспен бастама өте орынды және уақтылы. Мемлекет басшысы өзінің соңғы еңбектерінде әлемге, жаһан қауымға ортақ валютаға көшу керектігін тілге тиек етіп айтып жүр. Оның ұсынысының барлық жағы толығымен дәлелденген, әлемдік ортақ валютаға көшпестен бұрын, аймақтық ортақ валютаға көшкеніміз дұрыс деді, ол тіпті оның атын да атады, ол - алтын. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ортақ экономикалық кеңістікте болып, бір өндірістік деңгейде болғанда, көптеген интеграциялық бірлестіктерде өзінің валютасы болатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Еуроодақта - еуро, біздің жағдайдағы Қазақстан, Ресей және Беларусь құрған экономикалық одақ алаңында, ерте ме, кеш пе, ортақ валюта болатыны айқын. Алайда, бұл күрделі мәселе, оны қысқа уақытта шешуге болмайды, ол үшін ұзақ жол жүру керек, оның өзіндік шарттары бар. Ортақ валюта енгізу үшін, үш елдің заңнамалары бірдей жүйеленуі тиіс, үш мемлекеттің бюджеттерін бір деңгейде жүйелендіру және т.б. Бұның барлығы ұзақ уақытты талап етеді. Үш мемлекет экономикалық саясат бойынша, жалпы базалық негізгі шарттар бойынша ортақ байламға, тоқтамға келсе, үш елге ортақ валюта ендіру процесі өзінен-өзі пайда болады. Аталған мәселеде, талқылау тудырған сұрақ, егер де, ортақ валюта болатын болса, оның атауы қандай болмақ, ол рубль ма, әлде басқаша атала ма. Кедендік одақта құрылтайшы үш мемлекеттің дәрежесі тең болып, мәселелер де тең деңгейде шешіліп жатырса, бұл мәселе бойынша сұрақ туындамауы керек. Жеке өз басыма «алтын» - деген ат ұнайды.

-  Жақында экономист Сергей Смирнов елімізде азық-түлік бағасының күрт қымбаттауына байланысты, теңге девальвацияға ұшырауы мүмкіндігін айтып өтті. Сіз осындай болжамдармен келісесіз бе?

-  Қазақстанның экономикалық тарихында девальвация процесі екі рет ғана болды, біріншісі 1997-ші жылдың 4-ші сәуірінде және 2009-шы жылдың 20-шы ақпанында болды. Мұнайдың немесе азық-түліктің бағасы күрт өсіп кеткенде, теңге девальвацияға немесе ревальвацияға ұшырайды деп айтуға болмайды. Бұндай процестерге, әлемдік қаржы нарығындағы өзгерістер әсер етеді. АҚШ-тағы ипотекалық несиелердің түйткілді мәселелері, сол елдің қаржы нарығындағы жағдайға өз салқынын тигізді, ол банкрот болды. Біз, қазіргі кезде азық-түліктің бағасының өсуін көріп отырмыз, бұл жалпы ғаламдық процесс болып отыр, оған әсер етіп отырған факторлар өте көп, солардың қатарында, ауа райының, климаттың өзгеруі, құрғақшылық, Азия және Африка елдерінде демографиялық өсудің ұлғаюына байланысты азық-түлікке сұраныстың күрт артуы секілді факторлар өз ықпалын тигізіп отыр. Еліміздің Ұлттық қорының болсын немесе алтын қорының төлем балансының макрокөрсеткішінің динамикасы, теңгенің девальвацияға немесе ревальвацияға ұшырайтынының мүмкіндігін көрсетіп отырған жоқ. Теңге жылдың басынан бері тұрақты қалыпта, айырбастау тең деңгейде. Егер де, аяқ астынан жағдай болып қалмаса немесе кейбір зерттеушілер айтып жүргендей қаржы дағдарысының екінші толқыны болып қалмаса, онда теңгенің курсы, бағыты бағытталған дәлізден шықпайды және тұрақты болып қалады. Жақын уақытта теңгенің девальвацияға ұшырауы мүмкін деген ойды құптамаймын.

-  Сіздер Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінен басқа қандай мемлекеттік органдармен жұмыс жасайсыздар? Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы үкіметтік емес ұйым, ал осындай үкіметтік емес ұйымның өте беделді, кәсіби мықты ұйымға айналуының сыры неде?

-  Сіз біздің ұйым туралы кішкене әсірелеп жіберген сияқтысыз. Біз еліміздегі «Үкіметтік емес ұйымдар» туралы заң бойынша жұмыс жасаймыз. Мемлекеттік органдармен «Шағын кәсіпкерлік» заңы аясында жұмыстаспыз, әріптестік қатынастамыз. Бұл аталған заңның бір ерекшелігі, ондай заң әлемнің бірде-бір елінде, мемлекетінде жоқ. Аталған заң аккредитация институты бойынша, қаржыгерлер болсын, сүт өнімдерін, нан өнімдерін және басқа да салалық бірлестіктерге өз мақсаттарын қорғауға мемлекет тарапынан қолдау және қорғау құқығы берілген, бекітілген. Яғни салалық бірлестік өзі тікелей жұмыс жасайтын профильді мемлекеттік мекемеде тіркеліп, аккредитациядан өтуі керек. Онсыз болмайды.  Біздің Қаржыгерлер қауымдастығы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінде, ҚР Ұлттық Банкінде, Қаржы министрлігінде, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрілігінде, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде аккредитациядан өткен және біз осы ұйымдармен тікелей байланыстамыз, жұмыс жасаймыз. Жоғарыда аталған мемлекеттік органдар заң жобаларын, нормативті-құқықтық актілерді бізге талқылауға, эксперттік пікір - ойымызды, ұсыныстарымызды қосуға және келісуге жіберіп отырады. Біз осы 2010-шы жылдың он айының ішінде мемлекеттік органдардан, эксперттік қорытындыларымызды беруге тиіс 1500 нормативтік-құқықтық актілерді алдық. Оның ішінде 1152 нормативтік құжаттарға қорытындыларымызды бердік. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жұмыс ауқымы мен жұмыс жасау аясы өте үлкен, кең. Біздің кеңседе заң жобалары талқыланады, мүдделі тараптардың өкілдері бас қосып, жиылып, өздерінің ұсыныстарымен ескертпелерін білдіреді, сол арқылы мәселеге, сұраққа байланысты жұмыс топтары құралады, кейіннен заң жобасының немесе қандай да болмасын құжаттың талқылануы арқылы, ол Мәжіліске жіберіледі. Жалпы алғанда өте үлкен ұйымдастырылу және үйлестіру жұмыстары жүргізіледі. Менің ойымша, аталған жүйе өте тиімді жұмыс жасауда. Біздің тікелей қатысуымыз бойынша 1000-ның үстінде маңызды нормативтік-құқықтық актілері қабылданды. Өткен он айдың ішінде әр-түрлі жұмыс топтарының 300-ге жуық отырысы өтті.

- Сонда, Үкіметтік емес ұйыммен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың идеалды моделін құрып отырсыздарғой?

- Айту қиын, идеалды модель, идеалды әйел сияқты, болмайды ғой. Біздің модель заңның талаптарын орындау. Біз заң бойыншы жұмыс жасап, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының әр мүшесінің ой-пікірін елеп, тыңдай отыра жұмыс жасаймыз.

- Біз Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бойынша жоспарларыңыздың бар екенін білеміз. Сіздің жасайтын көмектеріңіз қандай категорилярға бағытталады?

- Әлеуметтік жауапкершілік дегенімізді кең мағынада қарастырған дұрыс. Әлеуметтік жауапкершіліктің халықаралық деңгейдегі түсінігінде, БҰҰ хартиясына сәйкес, әлеуметтік жауапкершілік дегеніміз, біріншіден, азаматтар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу және тиісті салықтарды төлеп отыру Әлеуметтік жауапкершілігі бар бизнестің басты екі функциясы осы. Ал, әлеуметтік жауапкершілігі бар бизнестің үшінші маңызды функциясы, бұл - әлеуметтік жағдайы төмен ортаға көмек беру, қолдау көрсету. Біз жұмысымызда, ісімізде БҰҰ хартиясының принциптеріне жүгінеміз. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мүшелерінің бастамасы бойынша, қауымдастықтың ішінде қайырымдылық қорын құру жұмысын ойластырып жатырмыз. Қазіргі кезде қордың концепциясы және қай адрестік топқа бағытталатыны жөнінде құрылымдық жұмыстары да ойластырылуда. Қайырымдылық қор классикалық схема бойынша жұмыс жасайтын болады.

- Серік Ахметжанұлы ең соңғы сұрақ, еліміздің қаржыгерлеріне құттықтау, тілегіңіз.

- Өте дана кісі, менің оқытушым, академик Иосиф Трахтенберг былай деген еді: «Адам өмірі қан айналымы заңына байланысты жүреді, ал халықтың өмірі - қаржы айналымының заңына байланысты жүреді», - деп. Бұл дана сөз, шыныменде шындық, себебі экономика қаржы айналымының басқарылуына тікелей байланысты. Қаржыгерлер қаржыны басқарады, ал оның басқарылуына қоғамның және жалпы халықтың өмірі байланысты. Қаржы тамырларымен қаржы каналдары экономикамыздың басты қан тамырлары ғой. Экономикалық дағдарыс кезінде, мемлекет қолдауының арқасында, біздің қаржы жүйеміз дағдарыстан аз шығындармен шықты, қолдаудың арқасында орта және шағын кәсіпкерлікті несиелеу қайтадан жандана бастады. Бүгінгі күнде сақтандыру секторындағы жағдай қалыпты және тұрақты дамуда деп айтуға болады, сонымен қатар зейнетақы қорлары да тұрақты деңгейде жұмыстарын жасап жатыр. Мен еліміздің қаржыгерлерімен қаржы секторының клиенттерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Теңгеміздің, ұлттық валютамыздың күні  - бұл жақсы мейрам. Барлықтарыңызға жұмыста сәттілік, отбасыларыңызға береке, қуаныш, бақыт және молшылық тілеймін.

Сұхбатты жүргізген Разия Азимова

«Абай-ақпарат»

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404