Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Жаңалықтар 2492 0 пікір 13 Қаңтар, 2011 сағат 07:55

Мұрат Алмасбекұлы. Бәрі қымбат, тек қазақтың мүддесі арзан

Құдайға тәубә, екпіндеп жүріп ЕҚЫҰ-ға да төраға болдық. Атағымыз таудай. Батыстың өзіне бастамашы болып, барымызды көрсеттік. Бәрі мақтап, бәрі дейміз-ау, өзімізді өзіміз мақтап масайрап жатырмыз. Иә, ол өткен жылдың жарапазаны. «Біткен іске сыншы көп деген». Өтті, кетті...

Сонымен, құлағы қалқиған қоян жылында да жарғақ құлағымыздың жастыққа тиер түрі көрінбейді. Аттандатып Ақ Азиада келіп қалды. Кеше ғана арабтар жақтан алауды алып жеттік. Айтпақшы, бұл жолы да басқалардан болмыс-бітіміміздің бөлек екенін білдіріп бақтық. Жарысты баяғыдан бері өткізіп келе жатқан жапон мен корей, тіпті, қысық көз қытай да алау жағып алаулатып-жалаулатпаған көрінеді. Біз үшін бұл да абырой. «Азиаданың отын алғаш жақтық» деп кеуде керуге керек те шығар. Бұйыртса, Азиада басталғанша аттылы-жаяулы, әртісі мен әкімі бар топ сол алауды алып, Қазақстанның басты қалаларын аралап қайтпақ. Әрине, Елбасының «ерен саясатын» халықтың миына құя түсетін бұндай сәтті құр жіберу - «жағымпаздар жарысының» майталмандары мен жарыстың жазылмаған ережесіне қайшы болары даусыз.

Әрине, бұндай «қойылымдарды» халықтың қанына сіңдіріп жібергелі қашан. Негізі, бағанадан бергі айтпағымыз - осындай «ду-шоулармен» жұрттың басы «даң» болып жатқанда, көрпе астынан сумаңдаған суық қолша бағаның сұмдық көтеріліп сала беретіні. Бұған Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов мырзаның алдамай айтқан сөздері куә. Әрине, Алдабергенов айтпаса да бағаның әлдеқашан айқай салып тұрғаны айдан-анық. Бірақ, қанша дегенмен «ақ жағалының» аузының «дуасы» бар ғой. Сонымен, Нұрағаң агенттіктің кезекті алқа мәжілісінде елдегі жылу мен судың бағасы 12 пайызға қымбаттайтынын қымсынбай жариялады. Ал, республикамыздың 11 аймағында жарыққа төленетін ақша жағаны жыртуға дайын. Жаңа құн бойынша алматылық ағайын жарық үшін 17 пайыз артық төлесе, астаналықтардың айыпты болғаны сондай, бірден 41 пайызды көрсетіп қиқулған баға бассалды байғұстарды. Азық-түліктің күн сайын құбылып, апта сайын ар-ұяттан айырылып жатқан бағасын айтпай-ақ қойдық. Десе де, жанға батқан жағармайдың бағасы халықты қан жылатып тұр. Өйткені, бұған бірден-бір кінәлі - Кедендік одақ көрінеді. Себебі, орыстың Мәскуінде АЙ-92 маркалы бензиннің бағасы 122 теңге көлемінде. Ал, әлгі Кеден одағының талаптарына сай оның құрамына кіретін елдерде баға сәйкес болуы керек. Ол үшін қазақтар жанармайдың бағасын қымбаттатуы тиіс. Жанармай қымбаттаған соң еселене түсетін жол-көлік бағасына барыңды сайлай бер. Жылу мен су қымбаттады деген соң өзге де қызмет көрсету түрлері қарап қалмайтыны анық. Азық-түлік пен басқа да тұтыну бұйымдарын қу ішіңіз сезіп отыр. Ол қотырды қасысақ қанды ірің «бұрқ» етеді...

Осындайда пайызы үстемеленген жалақыға жының келеді. Зейнетақы мен шәкіртақының да шаңын шығарсаң шіркін!.. Құдай-ау, өзі бір жылда  қайыршыға қалтырап тастаған теңгедей там-тұмдаған тиынның сылдыры естілсе болды, баға деген сұмырай сұғанақ тұмсығын сүйретіп жетіп келеді. Сол сұмпайы тұмсықтың биліктегі шенеуніктерге несімен жағатынын қайдам!? Мәсімов бастаған басшылар халықтың бүйірін тескен бағаға «тек» демейді. Есесіне сұлу мұрттарын сыпайы сылап қойып, сұмпайы тұмсықпен ауыз жаласып кете барады. Десе де, «құдайға шүкір деу керек, қырғыздарға қарағанда» (бұл шенеуніктердің сүйіп айтатын сөзі). Бұйыртса, кеденнің көмегімен әлемдегі ең қымбат қала Мәскеудің де мәресіне жетерміз. Иә, бәріне жету керек. Кеденнің арқасында көлік те қымбат, бөрік те қымбат, бәрі, бәрі қымбат. Иә, қырғыз бауырға күлеміз. Оларды да қырық пышақ қылған осы қымбатшылық, кедейшілік пен теңсіздік емес пе еді?.. Жарық қырық бір пайыз емес, қырық мың пайызға көтерілсе де майланған қара мұрттарды балта шаппас. Ал, қарапайым халық, анығында, қағажу көрумен күні өткен қазақ қайтпек!?

Бюджеттен бөлінген миллиардтарға жөнделмейтін коммуналдық жыртық-тесік жұрттың аузынан жырған ақшаға бүтінделе қалар деймісің.  Бөйте берсе, бар тапқаны күнделікті керегінен аспайтын кедейдің ыза-кегі кеңірдегіне кептелетіні белгілі. Ал кек кернеген жерде «жалақыны өсірдік, кеден одағы, референдум» деген аңыздармен ешкімді алдарқата алмайсың.

Қысқасы, қоян жылында қымбатшылық тағы қылбұрауын салды. Қысып барады қос өкпеден. Бәрі қымбаттап жатыр. Есесіне қазақтың мүддесі тым арзан. Өйткені ол ешкімге керек емес. Қазақтың өзіне де. Себебі - жүйе қазаққа қазақтың мүддесін емес, бір күнгі қарнының тоқтығын ғана ойлататын тәсілмен тоғышарлыққа әбден батырып барады...

«Абай-ақпарат»

0 пікір