Бағдат Сәмединова.: «Өнер адамына атақ та, ақша да керек»
- Бағдат апай, адам баласының әр жылдан ғана емес, әр ай, әр күн, әр минуттан да сәттілік күтетіні ақиқат қой. Ал кеше ғана төрімізге енген Қоян жылын қалай қарсы алдыңыз?
- Әрине, әр жыл өз кереметін сыйлап жатады. Дегенмен үміттің жарқын күндері қашанда қол бұлғап тұрады емес пе! Ылғи да алдыңнан бір шамшырақ жанып тұрады шақырып. Жаңа жылды Астанада тұратын қызым Маралдың үйінде ерекше көңілмен қарсы алып, түнгі 3-тер шамасында бір жақсы құрбымның үйінде жалғастырдым. Жолдастарыммен Көкшетаудың баурайында өте жақсы демалып қайттым. Алматыға келген бетім осы.
- Ал кейбір адамдар: «Жаңа жылды тойламаймын, біздің жаңа жыл - Наурыз», - дейді...
- Қалай десек те, жыл санау 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түннен бастау алады. Сонда қалай мойындамайсың?! Әлем жұрты шаттанып жатқанда, бұған қалай немқұрайды қарауға болады? Жылт еткен қуанышты да бағалай білуіміз керек. Ал күн мен түннің теңесіп, тіршіліктің оянар сәті - наурыз екенін ешкім де жоққа шығармайды.
- Ендеше, ойланып көріңізші, Барыс жылы Сізге не берді?
- Астанада жеке концертімді өткіздім. Сондай-ақ Алматыда Қазақконцерттің 50 жылдығын, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Ш.Қалдаяқовтың еске алу кешін өткіздік. Осының бәрі жауапты кезеңдердің бірі болды.
- Бағдат апай, адам баласының әр жылдан ғана емес, әр ай, әр күн, әр минуттан да сәттілік күтетіні ақиқат қой. Ал кеше ғана төрімізге енген Қоян жылын қалай қарсы алдыңыз?
- Әрине, әр жыл өз кереметін сыйлап жатады. Дегенмен үміттің жарқын күндері қашанда қол бұлғап тұрады емес пе! Ылғи да алдыңнан бір шамшырақ жанып тұрады шақырып. Жаңа жылды Астанада тұратын қызым Маралдың үйінде ерекше көңілмен қарсы алып, түнгі 3-тер шамасында бір жақсы құрбымның үйінде жалғастырдым. Жолдастарыммен Көкшетаудың баурайында өте жақсы демалып қайттым. Алматыға келген бетім осы.
- Ал кейбір адамдар: «Жаңа жылды тойламаймын, біздің жаңа жыл - Наурыз», - дейді...
- Қалай десек те, жыл санау 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түннен бастау алады. Сонда қалай мойындамайсың?! Әлем жұрты шаттанып жатқанда, бұған қалай немқұрайды қарауға болады? Жылт еткен қуанышты да бағалай білуіміз керек. Ал күн мен түннің теңесіп, тіршіліктің оянар сәті - наурыз екенін ешкім де жоққа шығармайды.
- Ендеше, ойланып көріңізші, Барыс жылы Сізге не берді?
- Астанада жеке концертімді өткіздім. Сондай-ақ Алматыда Қазақконцерттің 50 жылдығын, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Ш.Қалдаяқовтың еске алу кешін өткіздік. Осының бәрі жауапты кезеңдердің бірі болды.
- «Қазақконцерттің» мерейтойын атап өттіңіздер. Бірақ онда әншілер жарқырап тұрғанымен, сахнаның безенуі еңсе басатындай әсер қалдырды...
- Сахна арзандау дүниелермен безендірілді. Өйткені оны көңілдегідей жасауға «Қазақконцерттің» ақшасы жоқ. «Үкімет бөлмейді» дегенді естіп жатамыз. Оның жайын бухгалтер, басшы болмағаннан кейін біз қайдан біле қояйық. Әйтеуір неше жылдан бері күттіріп жүріп әншілерге бір-бір костюм тіктіріп берді. Оған ризамыз. Бұрындары бізді жыл он екі айдың 8 айында «ақша тауып келуге» қуатын. Балапан кезден келген соң, бұл мекеме ыстық. Бүгінгі таңда басшымыздың іскерлігінің арқасында арнайы гастрольдік сапарлар ұйымдастырылады. Одан үйіп-төгіп ақша таппасақ та, жалақыға қосқанда жанбағысқа жетеді.
- Сонда аты әйгілі «Қазақконцертке» не жетіспейді?
- Жарнама жетіспейді. Ал оны жасау үшін, үлкен қаражат керек.
- Мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып жатыр ма?
- Егер жасалып жатса, көзге түсер еді ғой. Үкімет Астанаға көшкелі: «Қазақконцерттің жайы қалай?» - деген адамды көрген жоқпын. Бәлкім, мен жоқта келген шығар. Өз басым естіген емеспін. Үлкен концерттерден түскен қаржы сол жаққа кетеді. Әйтеуір әншілердің өнерін пайдаланып жатқандай. Негізі, әділеттілік деген болған емес және ол болмайды деп ойлаймын.
- Телеарнадағы бір сөзіңізде: «Дәстүрлі, қазақы әндерді айтқан соң, бізді көрермендер көп тыңдай бермейді», - деп едіңіз. Бұл сөзіңіз әннің қадірін білетін жұрттың көңіліне келеді деп ойламайсыз ба?
- Бірден-бірге жеткен халық әнін Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебековтердің арқасында өзімізге сіңірдік. Соны келер ұрпақтың жадына жеткізер алтын көпірміз. Мұны қазақы көрермен жақсы білсе керек. Дегенмен халық әндеріне көңіл бөлінбейтіні рас. Әртүрлі кештерге, той-думандарға эстрадалық бағыттағы әншілер шақырылады. Неге? Өйткені халықтың билеуі керек.
- «Қазақтың тіліне, салт-дәстүріне жаным ашиды» дегеніңізге не түрткі болды?
- Тіл деген бір ауыз сөздің артында бар қазақтың болмысы жатыр. Меніңше, бойында қазақтың қаны бар нағыз азаматтар - Желтоқсан көтерілісіне қатысты. Олар: «Қазағым ешкімнен кем емес, басқаның табанына таптатпаймын», - деді. Осындай отансүйгіштік қасиет қазіргі жастарда бар ма екен? Арамызда қазақ деген елді мойындамай жүрген орыстар әлі де көп. Әйтеуір өзге ұлттың ұл-қыздары қазақ тілін үйреніп алып, әп-әдемі сөйлеп те жүр. Оған да тәуба! Өз ана тілін білмейтін, салт-дәстүрден мақұрым қаракөздерді көргенде қалай жаның ауырмайды, қалай ренжімейсің?!
- Орта буынның өкілі ретінде өнердегі жастарға нендей баға бересіз?
- Бүгіні бар, ертеңі жоқ әншілерді қабылдай алмаймын. Әнші болу үшін көптеген өнер тарландарының сүзгісінен өтетін жүйе жақсы еді. Қазір бір жақсы ән жаздырып «жұлдыз» болып жүргендер өзіңді қағып өтетін болды. Бұл мәселе жайлы көп айтылып-жазылғанымен, одан «май» шығып жатыр ма? Бір кезде Алтынбаева деген әнші шығып еді. Киімді де киді, сахнаны да керемет безендіріп аннан да, мұннан да көрінді. Қазір қайда енді? «Әсіреқызыл тез оңар». Жасандылық деген осы. Сахнадағы адам образ жасай білуі керек.
Мәселен, әлем жұрты Алла Пугачеваға неге таңданады? Өйткені оның әр әні - бір қойылым. Жан-тәнімен образға еніп, әр сөзіне мән береді. Ал бізде ол билейтін ән бе, билемейтін ән бе, байыбына бармайды. Мағынасына қайшы қимылдайды. Тоқетері - не айтып тұрғанын түсінбейтін әншілер көп. Сондай-ақ қазақтың небір асыл қасиетін қор етіп, «жаным, сүйдім, арманымды» қайталайды. Қазақта өзге теңеу жоқ па? Қазақ тілін аяйық та.
- Кейбір әншілердің санаға сіңген халық әндеріне, Шәмші әндеріне өзгеріс енгізіп, жаңаша түрлендіруін қаншалықты мақұлдайсыз?
- Халық әндерін өзге иірімдермен түрлендіріп, жаңалық енгізіп жатқандар бар. Бірақ түбін бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Ал Шәмшінің әндерін дауысына келсін-келмесін айтып жүргендерді көріп жүрміз. Оның әнін өзгертуге «өзі өлсе де, көзін көргендер» жол бермейді деп ойлаймын.
- Қоғамдағы қандай жағдайға алаңдап, нендей нәрсеге көңіліңіз толмайды?
- Алаңдайтын мәселе көп. Жастардың тәрбиесі өте қиын. Баяғыда бізді «қызға қырық үйден тыйым» деп тәрбиелеуші еді. Қазір кейбір жап-жас қыздар бір-бір шалдың «ашынасына» айналған. Осыған қарап тұрып «болашақ қалай болады» деп налимын. Саин көшесіндегі қыздарды ары қуды, бері қуды. Содан жезөкшелік тыйылды ма? Олар оны кәдімгідей кәсіпке айналдырып, «қызметтерін» әлі де жалғастырып жүр.
- Оларды тізгіндеу үшін...
- Үлкенімізге қанағат берсін. Ақсақалдарымыз адасып жатқанда, жастардан не сұрамақпыз? Ал ата-аналар қалайша баласын бетімен жібереді? Бәлкім, ұяты оянар... Жақында Қызылордада тұратын Айгүл деген қызбен кездейсоқ таныстым. Әңгімелесу барысында ол ІІБ-де қызмет істейтін үлкен кісімен уақыт өткізіп жүргенін айтты. Ұққаным - оның бар мақсаты үлде мен бүлдеге орану екен. Сонда ол қыз «он екіде бір гүлі бір ашылмай» жатып, неге мұндай жеңіл жүріске ынтық? Неге қалаған дүниесіне өз еңбегімен талпынбайды? Ол өз теңімен жарасымды емес пе?
Білуімше, жаңағы еркектің әр қалада бір-бірден әйелі, жеті-сегіз баласы бар екен. Ақыл тоқтатқан жаңағы еркек жастарға жөн сілтеп, жанындағы адасып жүрген қарындасына неге дұрыс жол көрсетпейді? Сол «мықтының» үлде мен бүлдеге орап жүрген көңілдесі өз қызымен, қарындасымен, тіпті немере қызымен қатарлас болмасына кім кепіл? Сонда ар қайда, ұлттық намыс қайда?
- Жақында «Келін» фильмінің режиссері Ермек Тұрсынов «Алтын адам» жүлдесіне ие болды. Ал ақын Сара Тоқтамысқызы «қазақ келінін жалаңаштаған режиссер бұл атаққа лайық емес» дегенді айтыс барысында тіліне тиек етті...
- Қазіргі заманда кімнің таныс-тамыры, ақшасы бар болса, «марапатты» солар алады. Тіпті сахнадан ешбір еңбегін көрмеген адамдар атаққа ие болып жатыр. Ал аталмыш фильм бүкіл елдің көңілінен шыққаннан атақ алды дей алмаймын. Ондай фильмді қазақи орта көрмейді. Ешкім ертең іздемейді де. Қазіргі мамандар ақша табу үшін фильм түсіріп, сол әрекетке мақтау іздейтіндей. Ал оның тәрбиелік мәніне бойлайтын адам кемде-кем. Мәселен, «Келінді» сызылып тұрған «Қыз Жібек» фильмімен салыстыруға келе ме?! Онда байлық та, намыс та, әдеп те, нәзік сезім де бар. Арада 30 жыл өтсе де, сол «Қыз Жібек» өз қалпында.
- Мәдениет саласының олқы тұстары өз алдына, қоғамдағы тағы нендей тұс көңіліңізді алаңдатады?
- Дін саласы. Қазір әртүрлі бағытты ұстанғандар елді адастыруда. Осы жағдайда дін басында отырғандар неге бір жүйеге келтірмейді. Байқауымша, бізде іштей кереғар дүниелер астасып жатқандай. Біреу шешесіне: «Сен намаз оқымайсың, демек қолың - харам, дайындаған асыңды ішпеймін», -депті. Бұл қандай әдептілік? Оған өмір сыйлаған анадан артық жан бар ма? Бұл дегеніңіз қарсы тәрбие ғой. Біз кешегі атеизмді де бастан кешірдік. Сол кездерде ақ кимешек киген әжелеріміз ешкімге жарнама жасамай-ақ бес уақыт намазын оқыды. Бізді ешкімнің ала жібін аттамауға, өтірік айтып, жамандыққа бармауға үйретті. Осындай қазақи ізгі қасиеттерді имандылық деп түсіндірді. Егер ненің дұрыс-бұрыстығын асқан шеберлікпен уағыздай білсе, кім құлақ түрмейді. Біз білмейтін терең сырлары көп қой. Ал хиджаб кию - белгілі бір халықтың киім үлгісі. Қазақтың жаппай хиджаб киюіне қарсымын. Ол қанша жерден бетін бүркеп, бес намазын еселеп өтегенімен, жаны таза болмаса, не үміт? Дін белгілі біреулердің мақсатына айналып, басқа нәрсемен шатаспаса екен.
- Қазір телеарналар жас жұлдыздардың жарнама алаңына айналғандай. Ал өнердегі орны салмақтанған салиқалы толқыннан үлгі аларлық бағдарлама некен-саяқ. Негізі, телеарна да тәрбие берудің бір саласы емес пе?
- Біз білетін Ресейдің телебағдарламаларында үлкен-кіші деп бөлмейді. Бар ғұмырын өнерге арнаған соң, кімнің ән айтқысы келмейді? Кейбір телеарна жастардан ақыл-кеңес сұрайтын бағдарламалар ұйымдастырады. Олар несін айтады. Көзін ашып, компьютермен жазған екі әнімен тойдан-тойға «шапқылап» жүр. Қай жерден ол ұлағатты сөз естіп, қандай бір кітап оқып тауысты дейсің. Қазіргі жастардың дені кітап емес, газет оқи ма екен? Проза, поэзия дегенге көз сала ма екен?
- Еліміз еңсесін тіктеді, ұлт рухы көтерілді дей аласыз ба?
- Тәуелсіздік алғалы бері кейбірі кейін кетсе, енді бірінің намысы оянды. Ал адамға ең керегі - намыс. Халықтың асыл қасиетін құнттамаған адамда ондай қасиет бола қоймас. Ұлттың рухы көтерілу үшін, әр адам өзін-өзі тәрбиелеуі керек. Қазір ата-аналар «жастар өзі біледі» деп жатады. Ал жастар оны қайдан біліп туады? Оны тәрбиелеу керек. Бойына тәрбие сіңіретін жастан өткен жас өзімбілермендікке салынып, ертең бағынбай кетеді. Біздің әлем елдерінен кейін қалуға еш хақымыз жоқ.
- Әншілердің гастрольдік сапарлармен ірі қалаларды аралап жүретінін жиі естиміз. Жалпы, сіздер ауылда өнерсүйер ел барын ұмытып кеткен жоқсыздар ма?
- Несін жасырайын, ауылдағы халық әншілерді телеарнадан көруді жөн санайды. Өйткені ондағы тұрмыс әлі де төмен деңгейде. Мәселен, біздің 500 долларға жетпейтін айлығымыз бар. Ал ауылдың қарттары, ары кетсе, 10-20 мың теңге зейнетақы алады. Мұғалімдердің жалақысы да осыдан аса көп емес. Ендеше, олар қалай келеді концертке? Бала-шағасына жұмсайтын ақшасын сыртқа шаша ма? Дегенмен ауылдарға тегін концерт беру шарасы ұйымдастырылса мен келісер едім.
- «Екі жұлдызға» қатыстыңыз. Жұбыңыз Мэльс Елеусізов болды. Сайыстан ертерек шығып қалғанда, қатысқаныңызға өкінген жоқсыз ба?
- Өкіндім. Бұл - дарынды да үйлесімді жұптарды сұрыптайтын жоба емес, тек бизнеске құрылған жоба. Яғни белгілі біреулер - ақшалы, енді біреулері масқара болып қалды. Мен соның екінші тобындамын.
- Жақында бір танымал актер: «Маған атақ маңызды емес. Сол атақтың орнына қаражат берсе дұрыс болар еді», - деген еді.
- Егер сол актерге ақша берілген болса, атақ берілмегеніне ренжір еді. Мен де ақша тапқанды жақсы көремін. Ол - менің бүгінгі тұрмыс-тіршілігім, болмысым, барым. Қаржым болмаса, мен қалай өмір сүремін? Ақшасыз мен өнерімді көрсете аламын ба? Соның арқасында үй алып, тұрмысымды түзедім. Ал атаққа ие болу - сіңірген еңбегіңнің бағасы. Сондықтан адамға атақ та, ақша да керек.
- Өзіңіз қандай да бір атақтан үміттісіз бе?
- Атақ берсе, әрине, өнерім бағаланды деп қуанар едім. Егер атақ алуға әлі сай емессің десе, оған да мақұл. Бірақ кейде өнерге еңбегі сіңбей атақ алып жатқандарды көргенде, күйінбеске шараң қалмайды екен. Бүгінгі таңда ондай дәрежеге ие болу үшін де таныс керек сияқты. Ал менің тамыр-танысым жоқ. Кезінде кейбір үлкен кісілердің жолыма тосқауыл болғандары да кездесті. Не өзі айта алмай, не басқаға жол бермей: «Ол кім сонша?» - дегендерін естідік.
- «Өнер адамында өзімшілдік қасиет болмаса, биікке көтеріле алмайды» дегенге көзқарасыңыз?
- Біздің жаратылысымыздың өзі сол өзімшілдіктен тұрады. Себебі, бізді: «Менен өткен әнші жоқ», «Мен әдемімін, бәріне ұнаймын» деген пікірге үйретті. Өнер адамында өзімшілдік болмаса, өзін-өзі дәлелдеуі қиын.
- Жақында Қысқы Азиадаға арнап кейбір сазгерлер ән жазса, кейбір өнер иелері концерттік бағдарламаға ілінбегеніне ренжулі. Сізде қандай жаңалық бар?
- Азиадаға ән арнамадым, бармадым деп ренжімей-ақ қояйын. Ол қай продюсерлікке жүктелді, солар өз айналасындағыларды ғана жинауда. Шақырса, барар едім. Дегенмен құралақан да емеспін. Тараз қаласына барып Азиада алауын жаққалы отырмыз. Тегін концерт береміз. Ұйымдастырушылар бізді баптап, ақысын төлеп қойғандай, кейде реніш білдіріп жатады.
- Ол күндер нағыз патриоттық әндердің шырқалатын шағы деңізші.
- Жақында маған хабарласқан ұйымдастырушы қандай ән айтатынымды сұрап, «Сен өкпелеме», «Аппақ гүлдер» деген әндерді тізбелеп жатыр. Сонда мен: «Ойбау-ау, махаббатқа әбден батар болдық қой. Азиадаға рухты көтеретін, жалынды әндер керек емес пе? Мен бір патриоттық ән, бір халық әнін айта- мын», - деп кесіп айттым. Сонда ғана: «Оныңыз да дұрыс екен», - деп жатыр. Негізінде, солай болуға тиіс емес пе?
- Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
- Көбіне кітап оқимын. Әрине, кітап атаулы керемет дей алмаймын. Елдің бәрі Абай мен Мұқағали емес қой. Бір ғана құнды сөзді табу үшін, бүтіндей бір туындыны оқуға бармын. Поэзияны сүйемін. Ақындардың өлеңдерін көп оқимын. Одан рухани азық алып, керек жерін өзіме түртіп алу қашанғы әдетіме айналған. Жақсы көретін ақындарымның бірі - Қадыр Мырзалиевтің 20 томдық кітабы шыққалы жатыр. Алдын ала тапсырыс беріп қойдым. Қолыма тисе, сауатымды ашар дүние табам-ау деген ойдамын.
- Қос қанатыңыз - қыздарыңызды қияға ұшырыпсыз. Кезінде «Hit TV» телеарнасының жүргізушісі болған Марал Байғара «әнші болуым мүмкін» деп сұхбат берген еді. Ол арнадан неге кетті?
- Мен балаларымды «атаңа нәлет» деген масқара сөзге қалып жүрмеңдер деп тәрбиеледім. Кезінде Марал аталмыш арнада қызмет істеп жүргенде, оның қазақи тәрбиесіне қайшы ашық-шашық киінуін талап етті. Ондайға намысы жібермеген соң, өз еркімен қызметін тастады. Қазір Астанада тұрады, баламен үйде. Ал Меруерт Алматыда Қазақ радиосында дикторлық қызметте жүр. «Өнерді үйрен де жирен» деген ғой. Өнер жолы оңай емес. Әнші болам дегендерін мен қаламадым.
- Бағдат апай, сіздің көзқарасыңыздағы ер-азамат қандай болуы керек? Жеке өміріңізде не жаңалық?
- Негізі, қазақ жігіттерінің «сегіз қырлы, бір сырлы» болғанын қалаймын. Қазақтың барша азаматы солай болса деп армандаймын. Баяғыда ер айтса болды, ол орындалатын шаруа болатын. Қазірде сөзінде тұрмайтын азаматтар көп. Азаматтық борыш, ерлік міндет кеміп бара жатқандай.
- Газет оқырмандары мен көңілдің хошын келтірер әніңізге құмар тыңдармандарыңызға айтарыңыз.
- Жақсы мен жаманның қадірін ажырату үшін, газет-журналдардан қол үзбейік. Өйткені жақсылық жаныңды сүйсіндіреді, немқұрайдылық жаныңнан өтеді де кетеді.
Демек, жан сүйсінтер жаңалықтар бола берсін. Мен өнерге халық әндерімен келдім. Ал бар өнер халық әндерінен бастау алады. Ендеше, асыл қазынамызды сүйіп, халық әнін, салт-дәстүрін, мәдениетін бағалай білейік, ағайын...
Әңгімелескен -
Ардақ Иманбекқызы,
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 01 (84) 12 қаңтар 2011 жыл.