Жамбыл Артықбаев. Еліміздің барлық жерінде тарихи жәдігерлердің жағдайы нашар
- Жамбыл аға, сіздің толып жатқан кітаптарыңыз бар екенін білеміз. Оның ішінде тарих, археология, этнография, топонимия, әдет-ғұрып заңдары тағы басқа тақырыптарға арналған ғылыми монографиялар, оқулықтар, көркем шығармалар бар, тіпті драматургия саласына да араластыңыз. Сізді оқырманға ғылымның қай саласының маманы деп таныстырсақ?
- Тарихшы деп таныстырған жөн. Шын мәнінде, мен археологияны да, этнографияны да, ғылымның басқа түрлерін де тарихтың қол балалары есебінде, өткен заманның қойнауынан, халықтың жадынан, тілінен, әдет-ғұрып заңдарынан, жер-су атауларынан т.б. керек деректі алуға пайдаланамын. Маркстің бір сөзі бар еді, ұмытпасам, «дүниеде бір ғана ғылым бар, ол - тарих» деген, мен сол ғұламаның сөзіне қосыламын.
- Жамбыл аға, сіздің толып жатқан кітаптарыңыз бар екенін білеміз. Оның ішінде тарих, археология, этнография, топонимия, әдет-ғұрып заңдары тағы басқа тақырыптарға арналған ғылыми монографиялар, оқулықтар, көркем шығармалар бар, тіпті драматургия саласына да араластыңыз. Сізді оқырманға ғылымның қай саласының маманы деп таныстырсақ?
- Тарихшы деп таныстырған жөн. Шын мәнінде, мен археологияны да, этнографияны да, ғылымның басқа түрлерін де тарихтың қол балалары есебінде, өткен заманның қойнауынан, халықтың жадынан, тілінен, әдет-ғұрып заңдарынан, жер-су атауларынан т.б. керек деректі алуға пайдаланамын. Маркстің бір сөзі бар еді, ұмытпасам, «дүниеде бір ғана ғылым бар, ол - тарих» деген, мен сол ғұламаның сөзіне қосыламын.
Тарихшылар - ұлттық сананы қалыптастыратын тұлғалар. Ұлттық сананың ар жағында мемлекет, Тәуелсіздік деген мәселелер тұр. Мен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде қызмет істеген жылдары Е.Бекмахановтың жеті томдық шығармалар жинағын дайындауға жетекшілік жасадым. Ол қазақ мемлекетін жақтап, алты рет пікірталасқа түседі: үш рет - Мәскеуде, үш рет - Алматыда. Е.Бекмахановтың «мои критики дошли до такого абсурда, что они готовы отказать казахам в наличии в их истории государственности» деген жанайқайы есімде қалды. Ол кезде НКВД небір тарихшыларды Бекмахановқа қарсы айдап салды емес пе? Сонда осыншама халық Еуразияның ортасында, самсаған жаудың арасында өзін-өзі қалайша сақтап тұрған? Егер саяси жүйесі мен ұлттық идеологиясы болмаса, Қазақ хандығы құрыла салып, құлап қалмай ма? Әлем тарихын қарасаң, оған толып жатқан мысал табасың. Ескендір Зұлқарнайын мен Ақсақ Темірдің империялары өздері өлмей жатып неге ыдырап кетті? Тіпті әріге бармай-ақ, Шайбан тұқымы Әбілқайырдың соншама бейнетпен құрған көшпелі өзбек мемлекеті қанша жыл өмір сүрді? Ендеше, тарихтың ағымына төтеп берген қазақта мықты мемлекет болды деген сөз. Мәселе - оның ішкі құрылымында, рухында болуы керек. Кенесары көтерілісі де осынау Тәуелсіз мемлекетті қайта жаңғырту үшін болды. Міне, осы мәселе үшін Ермахан Бекмаханов сотталып кете барды.
Е.Бекмахановтың сотталуына Маркстің еш кінәсі жоқ, оның ілімін өздерінің қияли, реваншистік пиғылына пайдаланған орыс большевиктері кінәлі. Олар да «бұл революцияға тікелей қатысымыз жоқ, оны орыстың надандығын пайдаланып, жебірейлер жасады» дейді. Қалай болғанда да, біздің тарих ғылымын Е.Бекмахановтан кейін бір жағынан - марксизм, екінші жағынан панорыстық шовинизм жүгендеп мініп алды. ХХ ғасырдың 50-жылдарынан кейін тарихшылардың 99 пайызы «КСРО тарихы», «КПСС тарихы» дейтін дүниелерге көшіп кетті. Ал Әлкей Марғұлан сияқты бірді-екілі ескі көз ғалымдардың Әлихан Бөкейхановтардан қалған өсиет бойынша, Компартияның көзін ала бере, қазақ тарихының көне қабаттарын жасау үшін археологияға түскені - осы уақыт.
- Сіз шаласауатты деген сөзді қолданасыз. Біз соңғы кезде «қазіргі қазақ ғылымы өзінің кәсіби деңгейінен айырылып қалды, ғылымға бейімді жастардың бәрі өмірдің өзге салаларына кетті» деген әңгімені естіп жүрміз. Сонда мәселе қай деңгейдің түскені туралы?
- Кеңестік ғылымды жасағандар - патша заманында еуропалық, не соның деңгейіне жақын ресейлік университеттерде оқыған азаматтар. Қоғамдық ғылым саласындағы мамандардың көпшілігін Ленин шетелге қуып жіберді, елде қалғандары Сталин тұсында не атылды, не айдауда болды. Ал техникалық мамандықтардағы ғалымдардың көпшілігі жабық ғылыми орталықтарда НКВД бақылауында жұмыс атқарды. Осыған қарамастан, сол ғалымдар кеңестік аталатын ғылымның барлық салаларының негізін салды. Өзгені атамағанда-ақ, Вавиловтың тағдыры тамаша мысал бола алады. Жеті тілде бірдей сөйлейтін, математика саласындағы қазақтың тұңғыш профессоры Ермеков білімді кеңестік мектепте емес, патша заманында Семей гимназиясында, Том технологиялық институтында алды. Сонымен бірге Вавиловты Лысенко сияқты шаласауатты, ширақ өнертапқыштың ауыстырып, ғалымның түрмеде аштан өлуі, Ермековті лагерьден шығармай қойғаны - кеңес үкіметінің жалпы ғылымға деген көзқарасын көрсетеді.
Осыған қарамастан, ескі қор бертінге дейін елге қызмет жасады, М.О.Әуезов, Қ.И.Сәтбаев, Ә.Х.Марғұландар академиялық деңгейді сақтауға мүмкіндік берді. Ол кезеңде үкімет маңында ғылымды түсінетін, сыйлайтын бірді-екілі азаматтар болған сияқты. Мен академиялық деңгей дегенде, алдымен осы ескі үлгіні айтамын, қара шаңырақты көрген өзге азаматтар да осындай пікірде болуы тиіс. Қазіргі шаласауаттылық осы деңгейден айырылып қалуда болып отыр, оның орнына ширақтық келді. Пайғамбарымыздың «бір күн ғылыммен айналысқанның сауабы бір ай ораза тұтқаннан көп» дейтін хадисі де, қазақтың «ғылым инемен құдық қазғандай» дейтін қанатты сөзі де бос қалды. Шынын айтқанда, ғылымға басы бүтін берілген азаматтарды сирек көретін болдық. «Ғылым да өнер сияқты» деген пікірдемін, ол да еркіндікті, біртуарлықты қажет етеді.
- Елімізде археологиялық қазба жұмыстарына байланысты әр жерден ауық-ауық проблемалар айтылып қалып жатады. Біздегі археологияның жағдайына сіз қандай баға берер едіңіз?
- Мен қазір археология саласына араласым жоқ, тек өздеріңіз сияқты журналистерден «пәленше жерден түгенше табылды» деген сияқты дақпырт ақпаратты ғана естимін. Кезінде Мир Қасымұлы Қадырбаевтың шәкірті болдық. Ол кісі қазба жұмысына екі-үш күнде бір келіп, қалған уақытында киіз үйде кітаптарын жазып отырушы еді. Экспедицияға бірнеше әбдіре кітап алып шығатын, біз де шетінен оқып, мәз болушы едік. Қазір ондай экспедициялар жоқ, соңғы кезде іргелі ғылыми-зерттеу еңбек те көргенім жоқ. Ертеде «Қазына аралын» іздеу туралы кітап болатын, археология соған ұқсап барады. Елдің қарияларын жинап алып, ескерткішке қатысты шежіре-аңыздарды еске түсіріп, талқылап жататын Ә.Х.Марғұлан заманы өткен. Тарихи білім мен археология ажырасты.
Өзге елге қызығасың. Жақында Ресейдің оңтүстігінде қазақ шекарасына қаптал орналасқан, қола дәуіріне жататын Арқайым деген қалашыққа барып қайттық. Сол жерде ресейлік әріптестеріміз қазба жұмыстарын жасаған болатын, соны көрдік. Жаңағы жұмыс жасаған орынды әдемі этноархеологиялық қорық-мұражай етіп қойыпты. Туристік базаның ішінде толып жатқан ескерткіштерді қалпына келтірген, шеберханалар жұмыс істеп тұр, киіз үйге кіріп тамақ ішемін, кітап, кәдесый сатып аламын десеңіз, ол да дайын. Қалашықтың бір мұртын ғана қазған, қалғаны сол табиғи қалпы. Әлгіні көріп, адам сүйсінеді. Сол сапардан кейін біздегі археологияның проблемаларын жазу қажет деген ой туды.
- Сонымен...
- Бізде археологияға қаншама миллиардтаған ақша бөлінеді. Алайда сол тарихи ескерткіштерден ашық аспан астындағы мұражай-қорық жасай алмай отырғанымыз - өте ұят жағдай. Қаншама тарихи сыры бар ескерткіштер тас-талқан болып жатқан жайы бар. «Археолог - ескерткішті соңғы көруші адам» деген сөз тікелей бізге қатысты айтылған болуы керек. Жақында ғана ұлттық парктің шақыруымен Баянауыл жаққа барып келдім. Сол жерде Торайғыр дейтін көл бар. Соның жағасында сақ дәуіріне жататын алып патша қорғаны бар болатын. Қорғанның төрт бұрышында бұғының және күннің көзі салынған «бұғы тастар» бар. Әлгі қорғанды археологтер бір емес, бірнеше рет қазды да, қорғанды да, бұғы тастарды да қараусыз тастап кетті. Не жанына «бұл жерде сақ дәуірінің қорғаны қазылды, бұл жер мемлекеттің қорғауында болады» деген секілді жазу тақтайшасын да орнатып кетпеген. Сол бұғы тастар қорғанның жанында салынып жатқан спорт кешенінің іргетасы болып қаланып кетіпті. Шамамен екі метрлік үлкен бұғы тастарды үшке бөлген де, іргетасқа салып жіберген. Сол жердің орманшысы іргетастан бұғының суретін танып қалып, құрылысшыларға барып айтып, бөліктерін алғызып, қайта құрап қойған екен. Міне, өзіміздің тарихи ескерткіштерімізді қастерлей алмай отырғанымыз өкінішті.
- Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданының жұртшылығы Белдеутастағы археологиялық жұмыстан кейін «ауылды аруақ кезіп жүр» деп біраз дүрлікті. Республикалық телеарналар да бұл жағдайды жарыса көрсетіп жатты. Бұның да түбі археологиялық мәселеге келіп тіреледі. Бұған қандай уәж айтар едіңіз.
- Археология қара жұмысты қажет еткендіктен, олар көбіне кездейсоқ адамдарды жалдайды, балаларды да тартады. Археологтер көрді қазғанда «аруақ» деген дүниені ескере бермейді. Сол жұмыстарға қатысқан балалардың бір-екеуі шошыма болып келеді, бірнешеуі өз бетімен қорықпай кез келген көрді қазатын «қара археолог» болып шығады. Ал оны ойлап жатқан кім бар? Кандидаттық жұмыс қорғау үшін шамамен елу, ал докторлық жұмысқа жүз шақты оба қазылады. Одан басқа соңғы кезде ақша-атақ деген көкейді тескен дүниелер пайда болды. Археологке ақшаны көрсетсең, өз атасының моласын қазып, оны «мынау - Қобыланды батырдың сүйегі» деп алып береді. Мен мистик емеспін, бірақ Шоқанның «ұлы адамдар өлгеннен кейін ұлы аруақтарға айналады» деген сөздерін жадыда ұстаймын. Адам өледі, тән шіриді, рух энергия жиынтығы есебінде қалады. Қарқаралыдағы тұрғындардың шулауы да археологтер тарапынан осындай мәселеге мән берілмегендіктен деп ойлаймын.
- Тарих жазу үшін міндетті түрде археологияға жүгіну керек пе? Өйткені, байқап тұрсақ, елімізде археологияға әуестенушілік артып бара жатқан сыңайлы.
- Менің ойымша, қазір жаппай қазу дегенді тоқтату керек. Бізде анау айтқандай ескерткіш онша көп емес. Ескерткіштің бір шетін көріп тоқтай қоятын археолог жоқ, тас-талқан қылып қазып шығады. Студент кезімізде жатақханада айтатын қалжың бар еді, «бір қазан борщтың дәмін білу үшін оны түгел ішудің қажеті жоқ» дейтін. Бұлар «дәмін көрейінші» деп түгел ішіп қоятын түрі бар. Ұлытау жерінде «Жошы ордасы» деген қалашық болды. Тап-тамаша қалашық еді. Мың жыл бойы жатқан сол ескерткішті археологтер қазды. Бірнеше жылдан кейін барып едім, қаланың орны да жоқ, үстіндегі жамылғысын алғаннан кейін жаңбыр мен қар түгел езіп жіберген. Бұл - бір ғана мысал, ал ондай аяқасты болып кеткен ескерткіштер мыңдап саналады. Оның үстіне қазір алтын іздеуші «қара археологтер» көбейді, металл іздегіш құралдармен қала-қоныс, қорған-оба біткенді солар да ақтарып жатыр. Ертең бір-екі ұрпақ ауысқаннан кейін қазба жұмыстарын жүргізбей-ақ жер астындағы дүниенің бәрін сканерлейтін технологиялар келеді, олар материалдық дүниелерден біздің жабайы әдістерімізге бой бермей жүрген толып жатқан информация алып шығады. Осыдан бес жыл бұрын археологтердің біреуі Ботайдағы сүйектердің бәрі жабайы жылқынікі деп менімен дауласты, ал қазір сол Ботайға келген ағылшын мамандары қыш ыдыстардан қымыздың қалдықтарын тауып отыр.
- Қазып кеткен жерлер, өзіңіз айтқандай, мұражай болып қалуы керек екен. Алайда бізде олай емес. Ашық аспан астында қала береді. Солай ма?
- Еліміздің барлық жерінде тарихи жәдігерлеріміздің жағдайы нашар. Тарихи ескерткіштеріміздің арнайы қоршалғанын, ешбір ескерткіштен «бұл ескерткіш мемлекет қамқорлығында» деп жазылғанын көрмедім. Бұрынғы уақытта халықта тарихи жәдігерге, қорымға деген құрмет, тіпті қорқыныш болатын. Ал қазір баяғы халық жоқ, сондықтан да ол ескерткіштерді қоршап, қорғауға алуымыз керек. Бұл істі жергілікті мұражайларға міндеттеу қажет. Оларға жауапкершілік артпаса болмайды. Археология ғылымы мұражайлар үшін қызмет жасауы қажет.
Қазір неше түрлі химиялық заттар бар. Қазылған жерге сепсе, қатырып тастайды. Ол қаншама жыл бойы мызғымай тұра береді. Небір жәдігерлеріміз беті ашылғасын тозып кетіп жатыр. Яғни тоңның астында жатқан дүниелер күннің көзі түссе, әп-сәтте шіріп кетеді. Міне, осындай мәселелерді ескеру керек. Әлгі химиялық заттар қымбат болса да, алуымыз қажет. Ескерткіштеріміз сақталуы тиіс. Ол - біздің ұлттық қазына, ұлттық тарихтың көмбесі.
- Кезінде Әлкей Марғұлан Қазақстан тарихының көне кезеңін археологиядан жасады. Не себепті? Археологияға деген қызығушылық та сол кезеңнен басталған тәрізді.
- Өйткені Кеңес үкіметі шежіреге жолатпай қойды. Шежіреге, жалпы, қазақтың төл ауыз әдебиетіне тарихшыларды жақындатпай тастады емес пе? Жоласаң болды, халық жауы болып кетесің. Репрессияның бәрінде ең бірінші тарихшылар құрбан болып кетеді. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Санжар Асфендияров, Мұхамеджан Тынышбаев, одан қалса Ермахан Бекмахановтарды алайық. Ә.Х.Марғұланның өзі бір емес, бірнеше рет қамауға түсті. Бұл мысалдар биліктің репрессияны ең бірінші тарихшылардан бастайтынына дәлел бола алады.
- Неге олай?
- Тарихты неғұрлым тереңнен бастасаң, елге соғұрлым жақсы. Тарих ағаштың тамыры секілді, тамыры терең болған сайын ағаш биік өседі. Осындай репрессиялардан кейін шежіреге, ауызша деректерге сүйену тоқтады. Тәуелсіздікке дейінгі уақытта шежіре деректерін арнайы талдаған, тарихи зерттеуге соңғы қолданған Е.Бекмаханов болды. Оның «Казахстан в 20-40-е гг. ХІХ в.» атты Кенесары ханның Тәуелсіздік үшін күресіне арналған монографиясын қараңыз. Әлкей Марғұлан шежіреге, ауыз әдебиетке рұқсат бермегендіктен, амалсыздан көне тарихты археологияны пайдаланып жасап берді. Біз әлі күнге дейін Ә.Х.Марғұланның қазақтың ауызша дәстүріне негізделген «Историческое значение ярлыков и пайцзе», «Эпические сказания казахского народа» аталатын ғылыми еңбектерінің бар екенін білмейміз. Қудалау жылдары олар терең тығылған, әлі де шыққан жоқ, мүмкін, жоғалып та кеткен болар. Ал біз қазір шежіреге, ауыз әдебиетіне, шығыс жазбаларына жол ашылып, рұқсат берілсе де, археологияға жабысып қалғанбыз.
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы, этнограф
Сұхбаттасқан Салтан СӘКЕН