А.Ұтысхан. Ысырапты Алла сүймейді
Жеп-ішудегі ысырап
Жалпы күнделікті қимыл-қозғалыс, жұмыс істеу үшін қорек қабылдап отыру табиғи нәрсе. Бірақ тамақтануда өз мөлшерін сақтаған дұрыс. Осы орайда, дініміз аз тамақтанып тән саулығын күшейтумен қатар обырлықпен артық асаймын деп ысырапқа жол бермеу керектігін де ескерткен.
Иә, тыңқиып тойып алу да, аштықтан көзі қарауытып құлап түсетін жағдайға жету де дұрыс болмас.
Алланың Елшісі (с.ғ.с.):
«Адам баласы ешуақытта асқазанынан өткен жаман ыдыс толтырған емес. Негізінде, адам баласына белін түзеп, әлденуі үшін аз ғана дәм-тұз (азық) жеткілікті. Егер міндетті түрде ішіп-жеуі керек болса, (асқазанының) үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға және үштен бірін ауаға арнасын, - дейді. Яғни керегінен тыс тағам жеудің адамға зиян екенін айтуда.
Жеп-ішудегі ысырап
Жалпы күнделікті қимыл-қозғалыс, жұмыс істеу үшін қорек қабылдап отыру табиғи нәрсе. Бірақ тамақтануда өз мөлшерін сақтаған дұрыс. Осы орайда, дініміз аз тамақтанып тән саулығын күшейтумен қатар обырлықпен артық асаймын деп ысырапқа жол бермеу керектігін де ескерткен.
Иә, тыңқиып тойып алу да, аштықтан көзі қарауытып құлап түсетін жағдайға жету де дұрыс болмас.
Алланың Елшісі (с.ғ.с.):
«Адам баласы ешуақытта асқазанынан өткен жаман ыдыс толтырған емес. Негізінде, адам баласына белін түзеп, әлденуі үшін аз ғана дәм-тұз (азық) жеткілікті. Егер міндетті түрде ішіп-жеуі керек болса, (асқазанының) үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға және үштен бірін ауаға арнасын, - дейді. Яғни керегінен тыс тағам жеудің адамға зиян екенін айтуда.
Өкінішке орай, бүгінгі таңда қоғамда, жалпы қоршаған ортада ішіп-жеудің нормасы сақталмай ысырапқа жол берілуде. Мысалы, артық тамақтардың төгілуі, нан қалдықтарының қоқысқа тасталуы, суды бекерге ағызып қою т.б. Бұған той-томалақта шама-шарқына қарамастан «ешкімнен кем болмайын» деп ысырапқа жол беріп шашылатынымыз да бар. Ал, өмірде күнделікті күнкөріске қаражат таппай тарығып жүргендер қаншама!? Мүміндер үшін табақтағы асты ысырап етпей сүннет жолы деп тауысып ішіп, жеуі әдептіліктің белгісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәрет алу кезінде артық суды қолданудың өзін ысырапқа жатқызған. Сондықтан әрбір ісімізді жақсы ойлап, ысырапқа жол бермегеніміз абзал.
Киінудегі ысырап
Негізінде адам баласы киім киюге мұқтаж. Киімсіз жүруі мүмкін емес. Ол - пендесіне берген Алланың сансыз нығметтерінің бірі. Расулуллаһ (с.ғ.с.)
«Шынында, Алла тағала Өзінің нығметтерінің белгісін құлының бойынан көргенді ұнатады», - деген. Демек, таза әрі жарасымды киінген құлын Аллаһ тағала жақсы көретін болғаны. Бірақ адамдарға көрсету мақсатында, не мақтану ниетпен менмендікке салынса, киімі бола тұрып сән қуып бірінің үстіне бірін алып жатса, ол - ысырап. Одан сақтанғанымыз дұрыс. Өйткені, ысырапты Алла жек көреді.
Уақытты ысырап ету
Ислам діні уақыт мәселесіне қатты көңіл бөлген. Өйткені, уақыттың алатын орны ерекше. Сол себептен Құран кәрімнің көптеген аяттарында уақытпен санасуымыз керектігі айтылған. Оның маңыздылығы сонша - Жаратушы иеміз Құранның кейбір сүрелерінде заманға серт еткен. Бұған «Фәжр», «Духа», «Аср», «Ләйл» секілді сүрелер дәлел. Алла тағала:
«Заманаға серт. Негізінен адам баласы зиянда», - дейді. Яғни, уақытпен серт беріп, ішінде адамзаттың қасіретте болатынын айтқан. Ал, сол қасіреттен арылуымыз үшін ең бастысы әрбір сағат, күн, ай, жылымызда игі істердің көп жасалуына көңіл бөліп, уақытты бекер өткізіп алудан сақтанған жөн. Оның жауы теледидарға (керексіз телесериал көру т.б.), ғаламторға, бос сөзге, көп ұйқыға берілмеген дұрыс. Және де ағзамызға зиян тигізетін арақ, темекіге жұмсалған қаражат та ысырапқа жол ашады. Себебі, ол денсаулығымызға зиян тигізіп, қаражатты бекерге шашып, қалтаны қағатыны белгілі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с,):
«Адамдардың көпшілігі қадір-қасиетін біле бермейтін екі үлкен нығмет - денсаулық пен бос уақыт» - деп хадисте тегін айтпаса керек. Олай болса, Алланың құлына өлшеп берген өмірін, алтындай уақытын өзімізге, қоршаған ортаға пайдасы тиетін амалмен өткізуге тырысайық. Өйткені, уақыттың қас-қағым сәтте өте шығатыны бәрімізге белгілі. Уақыттың қадір-қасиетін біліп, оны тиімді қолданған даналарымыз, ғалымдарымыз жеткілікті. Дана Абай:
«Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде одан басқа?!», - деп, бұл өмірдің мәңгі еместігін, бір қалыпта тұрмайтындығын, уақыттың зымырап өтетінін ескертіп, адамды сүйіп жаратқан Жаратушының хикметін сезініп, дұрыс өмір сүру керектігін айтқан. Сонда ғана өлшеулі өмірдің мәні ашылмақ.
Алла тағала Құран кәрімде:
«Сол күні (дүниеде берілген) әр нығметтен, әлбетте, сұраққа тартыласыңдар, -десе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде:
«Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімін не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адым да аттай алмайды», - деген.
Олай болса, берілген нығметтердің қадірін біліп, жеке басымызға, қоғамға пайдасы тиетіндей істерге арнайық. Ысырапты Алланың сүймейтіндігін жадымыздан шығармайық.
А.Ұтысхан
«muftyat.kz» сайты