Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 5386 0 пікір 18 Қаңтар, 2011 сағат 19:30

Имамғазы Нұрахметұлы. Қоян жылының құпиясы

Қазақтың көне есебi бойынша әр жылдың, әр айдың өзiне тән сипаты, сол сипатын көрсететiн ерекше белгiлерi болған. Бұрынғы қазақ есепшiлерi бұл белгiлердi жазбай танып, сол жылдың, немесе сол айдың елге берерi не, алары не - бәрiн де алдын ала мөлшерлеп отырған. Жыл қайыру есебi жаңа эрадан бұрын пайда болса керек. Жалпы шығыс халықтарында жыл он екiге бөлiнедi де, он екi жануардың атымен аталады. Алайда, осы он екi жылдың әрқайсысының өзiне тиiстi ерекшелiктерi болған. Осы ерекшелiктердi негiзге алған қазақ есепшiлерi жылдың циклдi есептеу әдiсiн пайдаланған.

Ертеректе қазақтар 60 жылдық циклдi пайдаланған деген де болжамдар бар. Бiрақ бұған нақты дәлел жеткiлiксiз. Дегенмен мешiн жылының бiрi «темiр мешiн» (кейде тас мешiн делiнедi) аталуы алпыс жылдық циклден қалған белгi болуы да мүмкiн.

Қазақ жылнамашыларының көп қолданғаны - 144 жылдық циклдi жыл есебi. Бұл есеп бойынша, әр жыл он екi түрлi. Түркi халықтарының көбi осы 144 жылдық циклдi пайдаланған болса керек. Осы цикл бойынша қоян жылын он екiге бөледi. Олар: 1) Ақ қоян, 2) Ор қоян, 3) Қара қоян, 4) Көк қоян, 5) Көкше қоян, 6) Сары қоян, 7) Қызылкөз қоян, 8) Қоңыр қоян, 9) Сұр қоян, 10) Сұрша қоян, 11) Бурыл қоян (жыңғыл арасында болады) 12) Бөрте қоян (бөктерлерде болады). Алда келетiн жылдың қандай жыл екенiн есепшiлер алдын ала болжап бiлiп отыратын.

Қазақтың көне есебi бойынша әр жылдың, әр айдың өзiне тән сипаты, сол сипатын көрсететiн ерекше белгiлерi болған. Бұрынғы қазақ есепшiлерi бұл белгiлердi жазбай танып, сол жылдың, немесе сол айдың елге берерi не, алары не - бәрiн де алдын ала мөлшерлеп отырған. Жыл қайыру есебi жаңа эрадан бұрын пайда болса керек. Жалпы шығыс халықтарында жыл он екiге бөлiнедi де, он екi жануардың атымен аталады. Алайда, осы он екi жылдың әрқайсысының өзiне тиiстi ерекшелiктерi болған. Осы ерекшелiктердi негiзге алған қазақ есепшiлерi жылдың циклдi есептеу әдiсiн пайдаланған.

Ертеректе қазақтар 60 жылдық циклдi пайдаланған деген де болжамдар бар. Бiрақ бұған нақты дәлел жеткiлiксiз. Дегенмен мешiн жылының бiрi «темiр мешiн» (кейде тас мешiн делiнедi) аталуы алпыс жылдық циклден қалған белгi болуы да мүмкiн.

Қазақ жылнамашыларының көп қолданғаны - 144 жылдық циклдi жыл есебi. Бұл есеп бойынша, әр жыл он екi түрлi. Түркi халықтарының көбi осы 144 жылдық циклдi пайдаланған болса керек. Осы цикл бойынша қоян жылын он екiге бөледi. Олар: 1) Ақ қоян, 2) Ор қоян, 3) Қара қоян, 4) Көк қоян, 5) Көкше қоян, 6) Сары қоян, 7) Қызылкөз қоян, 8) Қоңыр қоян, 9) Сұр қоян, 10) Сұрша қоян, 11) Бурыл қоян (жыңғыл арасында болады) 12) Бөрте қоян (бөктерлерде болады). Алда келетiн жылдың қандай жыл екенiн есепшiлер алдын ала болжап бiлiп отыратын.

Шығыс халықтарының бiразы 60 жылдық циклдi есептеу әдiсiн пайдаланады. 60 жылдық цикл бойынша әрбiр жыл 5 түрлi болады. Мысалы, қытай жылнамашыларының есебiнше жыл түрлерi «алтын, су, ағаш, топырақ, от» деп бөлiнедi. Мысалы, қоян жылы алтын қоян, ағаш қоян, су қоян, от қоян, топырақ қоян болып жiктеледi. Жылдың қасиеттерi от, су, ағаш, топырақ алтын (металл) сияқты заттардың қасиетiне байланысты жорамал жасалады.

Шаяхмет Жәңгiрұлы «Жыл топшылары» атты еңбегiнде «Жылнамашылар Қоянның табаны жалпақ, жүрiсi дыбырсыз, епшiл, жүйрiк, жүндерi майда болып, бұлар күндiз жүрмей жатаққа (жымында - И. Нұрахмет) жататындықтан, қоян жылдарында (көкше қояннан басқалары) қар қалың жаусын, яки жаумасын, қысы жылы, бораны аз, аяз жоқ, қыс аяғы қысқа болады да, жаз ерте шығады. Жаз көктемдi, шөп құнарлы, мал семiргiш болатыны айтылады» дейдi. Бұл - Қоян жылдарына берiлген жалпылық сипаттама. Қоян жылы туралы: «Қоянның табаны жалпақ, жүнi майда», «Қоян жылдың қозысы - сиыр жылдың тұсағы» деген мәтелдер бар. Бұдан қоян жылының малға, әсiресе, қойға жайлы болатынын көремiз.

Жыл есепшiлерiнiң тәжiрибелерi бойынша жылдың жақсы болуы үш жақтан бағаланады. Бiрi, малға жайлы, малшыға құт болатын күннiң жылылығы мен шөптiң құнарлылығын өлшем етедi. Екiншi, елдiң бейбiт, заманның тыныштығын өлшем етедi. Бұл реттерде қоян жылы жаман жыл делiнбеген. Үшiншiден, қазақ ұғымында келер ұрпақтың қандай адам болмағы жылға байланысты деп қарайды. Бұл туралы жыл есепшiлерi қоян жылын сондай жақсы атамайды.

«Қоян жылдары туылған бала қорқақ, ат үркек келедi» (Шаяхмет Жәңгiрұлы) дептi. Тiптi балаларда ерiнi жырық туатындар да болатын көрiнедi. Қоян әлжуаз, қорқақ жануар болғандықтан бұл жылы туған баладан ел қамын ойлайтын үлкен азамат шыға қоймаса керек.

Алайда, бұл тұжырымдар қоян жылдарының жалпылық сипатын көрсетсе де, бәрiне сәйкес келе бермейтiн көрiнедi. Оны «көкше қоян кiргенде көл суалған, мал желiнi сүт бермей ол суалған» деген халық өлеңiнен де көруге болады. Жалпы қоянның он екi түрi он екi түрлi болып келедi.

«Ақ қоян» - жүнi қардай аппақ, денесi басқа қояндардан кесек, таулы жерде болады.

«Ақ қоян» кiретiн жылы ақ түстi малдың тойынысы жақсы болады дейдi. Сонымен бiрге таулы жердiң қояны аппақ болатын көрiнедi екен.

«Ақ қоян» жылы қар қалың болғанымен, күн аса суық болмай, боран аз соғып, қыс ерте шығады екен. Бұл туралы Ғарапiл Мұсажанұлы:

Ақ қоян қарың қалың, бораның жоқ,

Болғанмен тұмау пұшпақ «қонағың» көп.

Күзетке кебенексiз малшы шыққан,

Қорықпай аяз қысып тоңамын деп, - деп жырлаған екен. Демек, «ақ қоян» жылы ауа райы жайлы болғанмен, тұмау көп болатын көрiнедi.

Бұл жылы қар қалың болса да ұлпа күйiнде жатады, жылқы жайылыспен қыстан шығады. Ал қар қалың болғандықтан сиырға дала жайылысы қиындау келетiн болса керек. Мұны Арғынбек Апашбайұлы:

Қоянда жылқы семiз, сиыр арық,

Ешкiнiң онан бетер күйi ғарiп,

Тоқтамай қары қалың ойпаң жерге,

Кетедi қыр сағалап киiк ауып,

- деп түйiндептi. Осыдан «ақ қоян» жылының әр түлiкке бiрдей жайлы болмайтынын да байқауға болады.

«Ақ қоян» жылы туған ер баланың мiнезi кең, жұмсақ, кек сақтамайтын ақ көңiл болады. Рухы әлсiз, басқаларға жалтақтағыш келедi. Қыз бала мейiрiмдi, берекелi болады дейдi.

«Ор қоян» - жонында, жағында қоңырқай жолағы (сағалы) бар бозша қоян.

Ор-ор қоян, ор қоян,

Ор қоян атты бiр қоян,

Он екi көжек атасы,

Қаудыр құлақ шал қоян деп, - Шәлгиз жырау жырында айтылатын ор қоян осы.

«Ор қоян» кiретiн жылы ақселеу бойлап өсiп, ор қоян көбейедi. Аша тұяқты малда «сарбуын» (ақсақ ) ауруы көбейiп, жылқы тасырқағыш келедi.

Ор қоянның бауыры ақшыл келедi. «Ор қоян» жылы таулы жерлерде қар аз, ой жерлерде қар қалың түседi екен. Бұл жылы күштi боран соқпаса да жаяу борасын көп соғатын көрiнедi. Таулы өңiрдiң қарын жаяу борасын үрлеп жердi қарайтып кетедi де, ойлы жерлерде желемiк көп болып қар сiрiленiп, малдың жiлiншiгi қотыр-жара болып, көктемге таман пырақ, көтерем көп шығады. Бiрақ жұт болмайды делiнген.

Бұл жылы туған ер бала екi сөздi, ашуы қатты, ақылы аздау, жол тапқыш, сөзден гөрi iске шебер келедi. Қыз бала өсекшi, өтiрiкшi, әңгiмешiл, әзiлкеш келедi екен.

«Қара қоян» - аса сирек кездеседi, жүнi көкшiл қара болып келедi.

Қара қоян кiретiн жылы өзен бойларында, қоғалы жерлерде қара қоян көбейiп, тауда қоян азайып, түлкi ойға тартқыш келетiн көрiнедi.

«Қара қоян» кiрген жылы қысы қарсыз, қара суықты болып, тұмау көбiрек болады екен. Жазда малдың ағы тартыңқы. «Қара қоян» жылы қара түстi малдың етiнiң дәрiлiк қуаты күшейедi. Қарамық, су шешек сияқты жұқпалы бөрткендердiң микробы қозғыш келедi.

Қара қоян жылы туған ер баланың мiнезi өте қатты болып, айналасына кесiрi көбiрек тиедi екен. Ойлаған ойын қайткенде iске асыратын еркi мықты, қыз бала қолы тар, сөзi майда, дiлi қатты, айтқанына ел тез иланғыш, берекелi, қасын досына айналдыратын пейiлi кең келедi. Ерiне зияны көп тиедi дептi. Достарына пайдалы iсi көп болады.

«Көк қоян» - жүнi ақкөк, денесi кiшiлеу қоянның нашар тұқымы саналады.

Көк қоян кiретiн жылы қоянның түсi қара көк болады. Көкшiл мал семiз, ақ малдың тойынысы кем болатыны айтылыпты.

«Көк қоян» жылы көктем жақсы болады. Алайда, шөптiң жұғымы аздау болып, күзде мал ерте суалып, ерте арып кетедi екен. Қысында қар аздау түсетiндiктен ой өлкелерде де, таулы өңiрлерде де жұт болмайды.

Бұл жылы туған ер бала сөзiнде сенiм жоқ, уәдесiнде тұрмайтын, бiрақ, ешкiмге зиян-зардабы тимейтiн, табысы көп, берекесi жоқ, бос сөзi көп, шешiмдi тез қабылдағыш, қолы ашық жомарт болады да, қыз бала сырты сұлу, мiнезi жайсыздау, өсекшi, тiлi ащы, өз ортасына беделдi, бiр көрген адамға жақсы әсер қалдыратын, шешен болып келедi.

«Көкше қоян» - денесi iрi, жүнi көксұр, балақ тауларда жасайтын қоян.

Көкше қоян кiретiн жылы көкше қоян көбейiп, жаз ортасында шегiртке қаптап, шөп ерте қурайды. Малдың тойынысы нашар. Ит ұлығыш, сиыр мөңiрегiш келедi.

«Көкше қоянның» жылы көктем нашар, шөбi құнарсыз, қысы апатты, өте суық. Қыста қар аралас жаңбыр жауады да, жер көкше мұзға айналып қатып қалады. Сондықтан, қай түлiкке болса да ауыр тиедi. «Көкше қоян» жылы туралы:

Қоянның сақта, тәңiрiм, көкшесiнен,

Тесiлдi терi шарық өкшесiнен.

Терем деп қарасудың үш бұрышын,

Бөлiндi тақыр шалбар бөксесiнен (Үш бұрыш - суда болатын, жаңғақ тектi жемiс), - деген өлең бар екен. Қоян жылдың жұтын Әбiқай Нұртазин «Тас мешiн» поэмасында: «Жұт көрдiм жетi жаста «қоян» деген», - дейдi. Ақын Әбiқай Нұртазин 1871 жылы туған. Ендеше көкше қоянның жұты 1878 немесе 1879 жылдары болған. Келесi көкше қоян жылы 1879 жылдан бастағанда 144 жылда, яғни 2023 жылы келсе керек.

Көк қоян, көкше қоян жылдары көкшiл мал сергек, жазда тойынғыш, қыста ет ұстағыш келетiн көрiнедi.

Көкше қоян жылы туған ер бала бiрбеткей, батыл, қыңыр, өзiн өзi жоғары санайтын өзiмшiл келедi. Бiрақ сөзiне ел ермейдi, елге қадiрi аздау. Ал, қыз бала мiнезi қатал болса да, көңiлi жұмсақ, көз жасы көп, жоқ нәрсеге жылағыш келедi. Бұл жылы туған қыздардан көзiнде «жас ұясы» бар адам көп кездеседi, ондай адамның пәлесi жары мен балаларына көп тиедi екен.

«Сары қоян» - бұл қоянда өте сирек кездесетiн түс.

Сары қоян кiретiн жылы қоянның түрi қызыл сары, қарсақ жүн болып келедi. Бiрақ қоян көп болмайды. Сары малдың тойынысы нашар болады.

«Сары қоян» жылы жаз қуаң болса да, шөп құнарлы болып, мал жақсы тойынады. Қыстан етiн сақтап күйлi шығады. Қыста қар жұқа болады. Сары ауру, сүзек көп болып, адамда шығын болады. Сарбас сыздауық қаптайды. Бұл жылы туған ер бала уайымшыл, iсiне ұқыпты, қыз бала аурушаң келедi делiнген.

«Қызылкөз қоян» - қызыл көз ақ қоян. «Қызылкөз қоян» кiретiн жылы қоян аз болады, жазда мал сүзiскiш келедi. Қорадан мал көп үркедi. Ақ түстi малдар ет алмайды. Адамда көз ауруы көп болады.

«Қызылкөз қоян жылы» шөп құнарсыз, мал арық болады. Ақ түстi малда көкқарын ауруы көп кездеседi. Қар қалың болғанымен ерте кетедi де, артық жұт болмайды. Қызылкөз қоян жылы туған ер бала дүниеқор, ұсақшыл, пәлеқор келсе, қыз бала пысық, қолы берекелi болады екен.

«Қоңыр қоян» - жүнi қоңырқай сұры, денесi iрi келедi. «Қоңыр қоян» кiретiн жылы қоян көп, түсi қоңыр болып келедi. Жазда түйеге катер көп болады. Бас ауруы бар адамдар ол жылы ауырмайды. Жас балалардың жылауы азаяды. Қоңыр қоян жылы жаз қоңыр салқын, шөп сiлбi, бiрақ, қыста қар жұқа болып, күн аса суық болмайды екен. Малдың тойынысы жақсы болмаса да, қыстан аман шығады. Бұл жылы туған ер бала ел алдына түсудi мақсат тұтпайтын, қоңыр қалта, қарапайым, момын, ерiншек жалқау келедi. Ат сүрiншек болады. Қыз бала мiнездi, берекешiл келедi екен.

«Сұр қоян» - ойлы жерлерде көп кездесетiн жүнi сұржағал қоян. «Сұр қоян» кiретiн жылы қоянның түсi сұр болып, өздерi топталып жүредi. Адамда терi аурулары көп болады. Жемiс-жидек қысырап қалады.

Сұр қоян жылы жаз қуаң, шөпте алақұрт ауру көп болады. Қыста қар өте жұқа, күн жылы болғандықтан жұт болмайды делiнiптi. Бұл жылы туған қыз бала сөзi аз жуас келедi. Ұл бала өте жасық, сөзге ергiш келетiн көрiнедi.

«Сұрша қоян» сұр қоянның бiр түрi, қамысты, шилi өңiрлерде болады. Сұр қояннан гөрi ақшылдау келедi. «Сұрша қоян» кiретiн жылы, қоянның түрi сұрғылт болып келедi. Жазда қоян көп өледi, қаршыға көбейiп кетедi. Жауын-шашын аздау болып, мал жақсы тойынбай қалады. Адамда қызылша көп шығады. Жусан көктемей қалады.

«Сұр қоян» жылы жаз жаңбырлы, жердiң көктемi жақсы, бiрақ малдың тойынысы тегiс болмайды. Қыста қар аз түседi де, мал жайылыстан тарықпай күйлi шығады екен.

Бұл жылы туған ер бала кедей болады, өтiрiкшi, аңғарымсыз келедi. Тiлiнен зиян шегiп жүредi. Бiреуге әдейiлеп қастық ойламаса да, жақын адамдарына зияны көп тиедi. Жылнамашылар мұны «ат сүрiншек, ұл ерiншек» деп қорытыпты. Сыйымсыздау келедi. Қыз бала мiнезi жұмсақ, көңiлшек келедi.

«Бурыл қоян» жылы молшылық болады дейдi. Бурыл қоян - жыңғыл, сексеуiл арасында, құмдауыт жерде жасайтын жануар.

Бурыл қоян кiретiн жылы құм көшкiш, қаңбақ көп өседi. Қоянның түрi бурылдап күзде көзге көп көрiнбейдi. Адамның шашы ағарғыш, терi аурулары көп кездеседi.

«Бурыл қоян» жылы көктем әр жерде әр түрлi болып, жазы қуаң келедi. қысы қара суықты болғанымен қар аз, жер бетi бурылдап қана қар түседi.

«Бурыл қоян» жылы туған ер бала екi сөздi, мiнезсiз, пайдакөс, пысық болады. Қыз бала өсекшi, тiлi ащы келедi.

«Бөрте қоян» бөктерде болады. «Бөрте қоян жылы» малға жайлы, жанға жайсыз жыл екен. Бөрте қоян кiретiн жылы шөп жаз ортасы ауа қуарып, ағаш жапырақтарын көктей тастайды. Су ерте суиды.

«Бөрте қоян» жылы жон тауларда қар қалың, бөктерде, балақ тауларда қар жұқа түседi. Күн борансыз болғандықтан қар ұлпа күйiнде жатады. Қысы малға жайлы келедi. Адамға ауыртпалық көп түседi, жас өлiм көп болады.

Бөрте қоян жылы туған ер бала далабезер, үй тiршiлiгiне олақ, аңқау келедi. Ал қыз бала адуын мықты, тiлi өткiр, аузына келген сөздi iрiкпейтiн бейпiл ауыздау келетiн көрiнедi.

Қай жылы туған баланың қандай адам болатыны туралы айтылған пiкiрлерде қайшылық бар сияқты көрiнетiнi рас. Бiрақ, адамның қай жылда туғаны ғана емес, жылдың қай мезгiлiнде, күннiң қай мезгiлiнде туғаны да маңызды. Онан қалса, ауа райының қандай болуы да адам болмысына әсер етедi. Сондықтан қоян жылы туған адамдар аталған кемшiлiктер мен артықшылықтардың бәрiн өз бастарынан iздемеуi керек. Олардың бiр адамда бiрi болса, бiрi болмайтыны анық.

Бұл мақаланы қоян жылының құпиясын ашуды мақсат тұтып жазғанымыз жоқ. Ол мүмкiн де емес. Тек қана қоян жылының құпиясы көп екенi туралы сөз болды. Құпия барлық жылда да бар. Оны жұрттың бәрi де бiледi. Ал, сол көп құпияны түгендеп, жұрт игiлiгiне жарату үшiн көп болып iздену керек-ақ.

Қоян жылының ең басты сипаты - малға жайлы, адамға жайсыз болатындығы екен. Оның бiр дәлелi ретiнде 1722 жылғы «ақтабан шұбырындыны» айтады.

Қазақтың жылнамалық есептерi бiзге толық жетпеген, бiздiң малданып жүргенiмiз әркiмнiң есiнде қалған, шашыранды пiкiрлер ғана. Жылнамалық есептiң бiршама жинақталған түрi - Шығыс Түркiстанда өткен этнограф Шаяхмет Жәңгiрұлының «Жыл топшылары» атты қолжазбасы. Мен осы мақалада сол қолжазбада айтылған қоян жылы туралы болжамдарды негiзге алдым. Бұл қолжазба Шығыс Түркiстанның Алтай, Еренқабырға, Тарбағатай өңiрiндегi елдiң тәжiрибесi негiзiнде қорытылған. Оның үстiне автордың субъектив пiкiрлерi де араласқан тәрiздi. Десе де, болашақта басып шығарып ары қарай зерттесе, жылнамалық есептiң қалпына келуiне себi тиер болар құнды жазба екенi даусыз.

Имамғазы Нұрахметұлы,ақын, ф.ғ.к., Қазақ ұлттық өнер университетiнiң аға ғылыми қызметкерi

«astana-akshamy.kz» сайты

 

0 пікір