Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Шипагер 5640 0 пікір 13 Наурыз, 2018 сағат 09:40

Қазақтың халықтық емі мен батыс емдерін бір арнаға тоғыстырған дәрігер

Басы ауырып, балтыры сыздаған әрбір жан дертіне шипа іздеп ақ халаттылардың көмегіне жүгініп жатады. Ажалға араша болып жүрген абзал жандардың бірі әрі бірегейі Қайрат Айдарханұлы. Қайрат дәрігер 1960 жыл 10 шілдеде Қытай аумағына қарасты Алтай аймағының Жеменей ауданының Шалшықай ауылында дүниеге келген. Тәуелсіздіктен кейін Атажұртқа оралып, елге елеулі еңбек етіп келе жатқан ағамызбен аз кем әңгімеде болып қайтқан едік.

- Қайрат мырза әңгімені арыдан бастасақ, ақ халатты киюге не түрткі болды?

- Мен басқалар сияқты осы өнерді бала күнімнен армандап өстім деп айта алмаймын. Өйткені біздің балалық шақ өмірдің сан-қилы сынағына толы, аумалы-төкпелі заманда өтті. Әсіресе, 1966 – 1976 жылдарда жүргізілген Қытайдың «Мәдениет төңкерісі» деп аталатын солақай саясат, мектеп жасындағы менің көңілді күндерімді ұрлап әкетті. Айтпағым, жүйелі түрде білім аудың, ізденудің, білім мен ғылымға деген қызығыушылықты оятатындай жағдайда болмадық. Алайда, сүйекке сіңген әке өнері мен ана тәрбиесі мені үнемі биіктерге жетектеп отырды. Сонымен, бірде тоқ, бірде аш жүріп орта мектепті тамамдап, 1978 жылы Қытай Шыңжаң медициналық университетінің «Жалпы медицина» факультетіне оқуға түстім. Көп адамның қолы жете бермейтін жоғары оқу орны менің медицинаға деген қызығушылығымды оятып, медицина саласы өмірлік бағытыма айналдырды. Жоғары оқу орынын тамамдаған соң, туған жерім Жеменей ауданындағы халық емханасына жұмысқа тұрдым. Тәжірибелі ұстаздардан тәлім алдым, қасында жүрдім. Десе де, кейбір аурулардың ем қонбай, не дәрігерлердің қолынан келмей көз жұмып жатқанын көргенде жоғары оқу орында оқыған білімімнің жеткіліксіз екенін сезіндім. Сонымен, білімді тереңдету мақсатында 1987-1991 жылға дейін Шынжаң медицина университетіне барып жалғасты оқыдым. Аталған оқу орнын табысты тамамдап, 1991-1992 жылдары Алтай аймақтық «Халық емханасында және ШҰАР халық емханасының сыртқы аурулар бөлімінде» қызмет атқардым. Жұмыс істей жүріп ізденіп 1993-1996 жылдары Шынжаң медицина университетінде аспирантура түстім. Диссертацияда: «Өттің қатерлі ісігі хақындағы» еңбегімді қытай тілінде сәтті қорғап, ғылым кандидаты атандым. 1997 жылы сәуірде ШҰАР жағынан доцент атағына ие болдым. Сосын барып, барлық жиған-терген білімді халық игілігіне жаратуға, ақ халатты кірлетпеуге бел будым.

- Балалық шағым көңілсіз өтті деп қалдыңыз...

- Иә. 1962 жылдары қытайдағы қазақтар өмірінде көптеген өзгерістер орын алды. «Іле-Тарбағатай» оқиғасы туылып, бірнеше жүз мың адам Кеңестік Қазақстанға қоныс аударды. Артынан шекара түбінде отырған көптеген қазақ ауылдарын қытайлар көшіріп шекарадан алшақтау ішкі жаққа қоныстандырды. Сол көштен біздің ауылда тыс қалмай қазіргі «Көне жеменей» аталып кеткен жерден «Шарықты» ауылына көшіп келіппіз. Ол кезде мен небәрі екі жастағы кезім екен. Содан не керек, көп ұзамай «Тап талдау» дейтін саяси қозғалыс жүріп біздің әулетке де салқыны тиді. Әкеміздің маңдай терімен тапқан мал-мүлкін көп көрген қытайлар «байсың» деген желеумен сынға алып жазалады, жер аударып, ауылдан-ауылға көшіріп, қара жұмысқа салды. Кейде киерге киім, ішерге ас таба алмай қалған кездеріміз болды. Міне осындай өмір бізді ерте есеюге мәжбүрледі.

- Аймақтық халық емханасында жұмыс жасапсыз, атадан балаға мирас болған қазақ емшілігін де қоса алып жүрдіңіз бе сонда?

- Иә, халық емханасында жұмыс жасау маған ең үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Қазақтың халықтық емі мен батыс емдерінің қарапайым тәсілдері, кемелді медициналық әдіс-амалдарын бірлестіре отырып жұмыс жасадым. Түрлі ауруларға жолыққанда түрлі сұрақтар де кездесті. Әсіресе, адам өмірі алақаныңда тұрғанда сенің ізденбеуге, оқымауға хақың да жоқ. Сонымен,  жұмыстан бос уақыт болса болды том-том кітаптарды ақтарумен болдым. Әсіресе, қытай тілінде қазылған Қытай, Тибет, Моңғол емшіліктері мен қытайдың жаңаша емдеу бағытын байланыстыра отырып ем жасау мен үшін маңызды болды. Бұл туралы таңды таңға ұластыра ғылыми, сараптамалық, танымдық мақалалар жаздым. Бар ойым білгенімді елге жеткізу, ажалдан арашалау болды. Сол ізденістерімнің арқасында 1997 жылы есімім медицина саласындағы мемлекеттік «Әйгілі адамдар» сөздігіне кірсе, 1999 жылы ҚР мемлекеттік денсаулық сақтау министрлігі жағынан «жоғары дәрежелі маман» атағын алдым. ШҰАР жас мамандары арасынан өз мамандығым бойынша «еңбек озаты» болып марапатталдым.

- Сонша үлкен марапат пен атаққа ие бола тұрып, бәрін тәрік етіп атажұртқа ат басын бұру қаншалықты маңызды болды?

- Біз әрі бақытты, әрі бақытсыз буынбыз. Бірақ бақытымыз бақытсыздығымызды оңай ұмыттырады. Туған жер - қымбат, ата мекен – ыстық. Қазақтың бақыты – Қазақстан отанында. Шынымды айтсам, жаңағы сіз айтқан үлкен марапат пен атақтар мені қызықтырмады. Мен тек кіндік қаным тамған туған жерімді ғана қимадым. Аталарымыздың басындағы ауыр күндердің, сағынышты айырылулардың бір парасы біздің басқа түссе, оған не шара?! Көнеміз, көтереміз. Тағдырдың сынағы деп қабылдаймыз!

Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан кейін біздің атамекенге деген қызығушылығымыз артты. Ары өтсек бергі жақты сағыну, бері өтсек арғы жақты сағыну – бір ғасыр еншісіндегі аталарымыздан бізге жалғасқан тағдырдың үкімі болды. Өз басым қытайдан қиындық көрдім деп айта алмаймын. Балалық шақтағы қиындық бүкіл қытайдағы барлық ұлтта болды. Мен ол жақта оқыдым, тоқыдым. Аяулы жарым Сәулемен сол топырақта қауышып, балапандарым – Өркен, Өркеш сол жерде дүниеге келді. Ел қатарлы өмір сүрдім. Бірақ, мемлекет иесі өзге ұлт болғасын кейде өгей ойларға берілетініміз өтірік емес. Одан бөлек әлемде адам баласына ата-бабаңның күл төккен мекені болған, ордалы шаңырақ көтерген жұртынан ыстық, қымбат ештеңе жоқ. Қытай елінде ақшамыз көп болды, киіміміз көк болды. Енді «қарнымыз ашса да қазақ жерінде өмір сүрейік!» дейтін толғаныс жиі мазалай бастады. Сонымен, Қазақстанға көшу керек деген шешім қабалдадым.

- Атажұртқа келгеннен кейін қандай да бір қиындықтарға жолықтыңыз ба?

- Мен алғаш қытаймен шекаралас Зайсан елді мекеніне келдім. Ол жақтағы ағайын мені жылы қарсы алды. Жақын қабылдады. Төрт жылдай  жеке дәрігерлікпен шұғылдандым. Сосын елордасы Астанаға қоныс аудардым. Қазақта «қайда барсаңда, екі қолға бір еңбек» деген тамаша тағылымды сөз бар. Бір елден екінші елге көшіп келіп орналасу айта салғанға оңай. Астана қаласына келе салысымен әр бір босағаны тоздырып жұмыс іздедім. Көп жерде тек қана орыс тілді мамандарды қажет етеді. Сенің біліп тұрған біліміңмен санасудан гөрі дипломың, келген елің-жерің дегендей назарға алынады. Сөйтіп жүріп ақыры жеке дәрігерлік орнын ашып көруді жөн көрдім. 2012 жылы қаланың оңтүстік қапталындағы қалың саяжайлық үйлерінің бір бөлмесін баспана етсем, екінші бөлмесінен шағын дәрігерлік бөлме аштым. Қытайда оқыған білімдерім мен қытайша емдеу, тибетше емдеу, қазақша емдеу сынды сан-салалық тәжірибелерімді іске салып жұмыс жасадым. Соның нәтижесінде мені іздеушілер көбейе бастады. Мен емдеген науқастардың көбі сауығып кетіп отырды. Тіпті кейбір емханаларда «ем өнім бермейді, адам болмайды» делінген науқастарды да аяғынан тұрғызып, ел қатарына қостым.

Ауруларды көру және медицина талаптарына сәйкес өлшем-талаптарды толық меңгеру мақсатында 2012 жылы Астана қаласындағы Медицина университетінен арнайы курстан өттім. Астана қаласында «Отбасылық дәрігерлік» емдеуі бойынша мемлекеттік лицензия алдым. Ең бастысы осы жылы Қазақстан Республикасының азаматтығын алдым. Емдеуге қатысты сертификат, түрлі құжаттарымды толықтап аталған емдеу бөлімін, ендігі жерде «Шипалы емдеу орталығы» етіп аштым.

- Қазір орталық медицина салсының қай бағыттарымен жұмыс жасап келеді?

- Емдеу, сауықтыру орталығында массаждың барлық түрін, оның ішінде ине массажын да заман талабына сай жасақтадық. Ауруларды көбінесе шөп дәрілермен және қытай, тибет, қазақ емшілік дәстүрлерімен ұштастыра емдеуді негіз еттік. Жаңа заман талаптарын да ерекше назарға алып келеміз.

- Аға отбасыңыз жайлы айтып кетсеңіз?

- Мен ең бақытты ұрпақпын. Ата-бабалармыздың басынан не өтпеді. Сонау Алтайдан Сырға дейін, Сырдан Сауырға дейін босқан бабаларымыз өзінің көшпенді тірлігінде, қиын сынақтарды, ауыр азаптарды, от пен судың бәрін көрді. Мен сол бабалардың аманаттаған шаңырағын атажұртқа, есілдің жағасына, Ақорданың жанына әкеліп тіккенім үшін бақыттымын! Жанымда өмірлік серік болған медициналық білімі бар әйелім мен балаларым, «Ата» деп алдымнан жүгіріп шығар Перизат, Әмірсұлтан, Әмира дейтін немерелерімді құшып отырмын. Тәуелсіз қазақ елінде осындай отбасыммен, қаны бір қазағыммен бірге тыныстап, бірге өмір сүріп жатқаным үшін Алла Тағалаға санысыз шүкірлік етемін...

- Әңгімеңіз үшін рахмет.

 Сұхбаттасқан: Тоқтар Жетпісбай

Abai.kz

0 пікір