Әміржан Болатханұлы. Ұлттық киімнен ұлың ұялып, қызың қысылады...
Бүгінгі қазақтың тілін қоя бер, түрінен қорқатын болдық. Ешқандай дәлелдің де қажеті жоқ, жай ғана көшеге шықсаңыз өздері-ақ оң жағыңнан, сол жағыңнан шығып ашып та, шашып та көрсетеді. Қазақ «Ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүберек» дейді. Осындайда әр қазақтың көркіне көрік қосқан ұлттық киімі есіңе оралады. Себебі, әлемдік аренада қазақтың жарасымды шапаны мен тымағы, бүрмелі көйлегі мен бөрігі, бәсекеге қай қырынан алып қараса да төтеп бере алады. Дегенмен күнделікті өмірде Фариза апамыз: «Заман жаңа, түр жаңа, киім жаңа, кінәлама ерсі деп мұнымды ана» деп жырлағандай, «ақжемденіп жыртылғалы тұрған» шалбарлыларға, құрақ-құрақ көйлектілерге көзің үйренгелі қашан. Бұл да болса заманның, жо-жоқ адамның ар-иманнан құлан-таза ада болуы. Ендеше қазіргінің ұлттық киіміне көз жүгіртейік ұятта болса...
Бүгінгі қазақтың тілін қоя бер, түрінен қорқатын болдық. Ешқандай дәлелдің де қажеті жоқ, жай ғана көшеге шықсаңыз өздері-ақ оң жағыңнан, сол жағыңнан шығып ашып та, шашып та көрсетеді. Қазақ «Ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүберек» дейді. Осындайда әр қазақтың көркіне көрік қосқан ұлттық киімі есіңе оралады. Себебі, әлемдік аренада қазақтың жарасымды шапаны мен тымағы, бүрмелі көйлегі мен бөрігі, бәсекеге қай қырынан алып қараса да төтеп бере алады. Дегенмен күнделікті өмірде Фариза апамыз: «Заман жаңа, түр жаңа, киім жаңа, кінәлама ерсі деп мұнымды ана» деп жырлағандай, «ақжемденіп жыртылғалы тұрған» шалбарлыларға, құрақ-құрақ көйлектілерге көзің үйренгелі қашан. Бұл да болса заманның, жо-жоқ адамның ар-иманнан құлан-таза ада болуы. Ендеше қазіргінің ұлттық киіміне көз жүгіртейік ұятта болса...
Олқылықты көру күндегі әдетке айналғалы қашан. Бүгінде айырылмастай дос болған джинсыларға кеңес кезінде колхоз бастығы, есепшісі секілді мықтылардың балаларының ғана қолдары жеткен екен. Сондай «бақыттыны» көріп, бір апамыз: «Осының әкесінің байлығын не қылайын, баласы өмірі алқам-салқам болып, киімге жарымай жүреді», - депті. Міне көрегендік пе, жоқ батыстан келер қауіптің тұрпайылығын түсінгендік пе, қарт көңіл ешқашан жаратпаған. Басқасы басқа, қазаққа келгенде неге қырсығат та тұрады білмедім. Біз қазақтықтан мүлде бас тартып бара жатырмыз. Тәуелсіздігімізді алып, көзімізді ашып, жан-жағымызға қарасақ, шетел жұмысшысына арналған киімінің өзін әлем мойындайтын сәнге айналдырыпты. Басқалар қарап қалсын ба? Аспан асты елі жібек көйлегін заманға сай икемдеп шығарып жатыр. Жапондар киманосын келістіріп жүр. Шотландықтар да қалар емес. Әлемдік жұлдыз ер-азаматтарының өзі шотландық юбканы арланбай киіп, керісінше сол арқылы сәнқой екендерін тағы бір дәлелдегендей басылым беттерінен түсер емес. Мұндай бәсекелестікте қазақ жігіттері де өз орнын алған? Олар бірден құлақтарына сақина салдырып, керемет заманауи күй кешуде. Осындайда қазақтың киімге қатысты ырым-тыйымдарының тәрбиелік мәнін ескере бермейміз. Сәнді салонымен айналысатын жігіттеріміз, денесіне жапсыра киген джинсы, көйлегінің өзі қарынына жетпейтін құдай сақтасын киім киеді. Бұдан шыққан тұлғалы жігітіміздің сырт көрінісі: бүйрегі бұлтиып, борбайы тыртиып, алды алқам-салқа ырбиым, өзі модалермін деп дүрдиіп тұрады. Қазақтың жігіті мұндай болғанда, қызын айтуға аузың бармайды, онсызда көріп жүрсіздер ғой.
Батыс десе бас иіп, Шығыс десе шаш жұламыз...
Қазаққа қашан әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы шығар екен. Ұлттығын ұмыту құл болудың бірден-бір жолы. Тілі мен мәдениеті кеткен ел, жетім қозыдай жетекке алып жүргенге өте жеңіл. Бүгінде әйтеуір бәрінің орны ауысып кеткен. Сондықтан болар ұлы қайсы, қызы қайсы ажырату қиын. Орыстар жолы болғыш жанды жейдемен туылған деуші еді. Біздің қаракөз қыздар құдды шалбармен туылғандай. Ал сондайда көбіміз модельердің «құрбанына» айналып жүргенімізді сезіне бермейміз. Сенбесеңіз, бұған тарихтың өзі дәлел. Әрі бәрін бастаған тағы сол құрама ұлттардың қосындысы болған Америка халқы. 19-ғасырдың 2- жартысында 20-ғасырдың басында Францияның әлсіреуін пайдаланған пысықайлар киім фабрикасын өз қолдарына алып, ұзын юбканы қақ ортасынан екіге бөлу жұмысын дереу бастап кетеді. Мәселенки, биыл Түркіменстан Ғылым академиясы ғалым-әйелдерді жұмысқа ұлттық үлгідегі көйлек киіп, бастарына жұқа жібек орамал салып келуді міндеттеді. Ендеше, түркмен қызы өзінің ұлттық киімінің жанды жарнамасына айналды. Сұлтанмахмұт Торайғыровша айтсақ, «Анау қырда татар тұр, басқалармен қатар тұр, анау ойда қазақ тұр, қастарында азап тұр, ұйқысы көп, ояуы аз, бұл не деген ғажап-дүр». Кезінде жібекке қызығып, барын бағаламай, тері мен жүннен жасалған бұйымдардан қол үзіп қалған ғұндар Қытай патшалары тартқан тегін сыйдың сұрауы барын соңынан түсініп, сан ұрып қалғанына тарих куә. Ал бүгінде мәселе экономикалық тәуелсіздікте ғана емес, мәселе ұлттың өзін-өзі тануында. Ал бізде ұлттық киімді шетелге шыққанда ғана сатып алатындар бар.
Қазақ керемет дана халық деп кеуде қағамыз...
Бірақ несімен керемет екендігін сараламаймыз. Кез келген ұлттың мәдениеті оның тілі, ділі, діні, салт-дәстүрінен тұтас құрылады. Біреуін бөлшектеп алу қате. Ендеше, қазақтың ұлттық киімі де сонау қазақ, қазақ болып қалыптаса бастаған Алтын орда, Ақ орда заманында мойындаған, Хақ дін исламмен біте қайнасқан. Сондықтан, ата-бабамыз, әурет жерлерді жабуды парыз еткен қасиетті кітап Құран сөзін аяқ асты қылмай, қызына бүрмелі көйлек, кәмшат бөрік, ана атанғанда кимешек кидірген. Онсыз бала емізуге тыйым салған. Ешқандай фабрика, зауытсыз-ақ, ешбір академия бітірмей-ақ ұл-қызын өзінің төл киімімен қамтамасыз еткен. Біз кешегі қазаққа жете алмай отырмыз. Бүгінгі қаракөздерімізді түріктің, үндінің, арабтың, қытайдың киіміне қаратып отырып, мықтымын деп кеуде керіп өзімізге-өзіміз кесір әкелудеміз. Өзбектің ала шапаны, қазақтың қай киімінен асып түседі, керісінше болмаса. Олар еш арланбай мақтанышпен қаласына да, даласына да киіп жүре береді. Қасиетті Құранда: «Сендерді өзара қарым-қатынас жасап, бірін-бірі танысын деп ұлттарға, ұлыстарға бөлдік» деп жазылған. Ал қазір киімімізге қарап кімді кім танығандай?! Кейде арабтарға таңғалам, қандай ресми кездесу болмасын, мейлі ол жаһандық деңгейдегі басқосу болсын, ақ шағаладай болып жарқырап отырады. Дәл солай қазақтың киімін әлемге паш етсек, қолымызды қаққан біреу бар ма? Сонда қазақтың ұлттық киімдері не музейдегі ең қымбат жәдігер немесе сыйлық ретінде ғана қолданғаны ма? Біз қазір заманға сай тілімізді де шұбарлап жаңа қазақ тілін шығарып алдық қой, сол сияқты ұлттық киімімізді де адамның жас ерекшелігіне сай қып түзетіп алмаймыз. Ал ұлттық киімнің ұлағатын түсінген бүркеншік сататын дүкендер бүгінде тігіншілерге арнайы тапсырыс беріп қазақы сипаттағы дүниелерді сөрелерінің алғашқы қатарына қойған. Әрі олардың өтімділігі жоғары екендігін алға тартады. Керекуді қоя беріп, қазақтың ың-жыңы болған асқақ Алматыдағы ұлттық киімнің тігісін келтірген «Ақ шымылдық», «Айша Бибі» сынды сән салондары да қазақылық пен имандылығы қатар өрілген дүниелерін көпшілікке ұсынады. Бірақ бұлардың көпшілігі күнделікті өмірге емес, тойға немесе сахнаға арналған, өкінішті...
Қазақтың киіміне қарап қасиетін айыратынбыз...
Не де болса, бүгінде ұлттың тамағы тоқ, көйлегі көк болғаны жеткіліксіз. Қазақ елі азаматының киімі ыңғайлы, сәнді болуымен қатар түймесі қазақша тіл қатып, оюы «Ор теке» биін билеп, бұлынан жусанның иісі аңқып, әлемге алаш деп айқайлап тұрғаны бір ғанибет қой. Әлде қазақтың киімі мылқау матаның құрамасы емес екенін білмейтін бе едік? Бүлдіршінге үкілі тақия кидіріп, бөріктіні бойжеткен деп таныған, күйеуге үкі тағып, келіннің сәукелесін бір үйір жылқыға бағалап, арындай аппақ жаулығынан сәбилі болғанын, күмбездей кимешегінен үбірлі-шүбірлі ана екенін танитын едік. Шапанына қарап ел-жұртын, атақ-даңқын, кәрі-жасын, руын ажыратушы едік. Тіпті ерлердің бөркіне қарап қай рудан екенін айтуға болатын. Бұл жерде мәселе өткенді толығымен көшіріп алу емес, кешегінің бүгінгі жалғастығын табуда. Себебі, шындығына келгенде нарықта ұсыныс жоқ. Өз баласын өзі тігіп киіндіріп, өзі тәрбиелеп, өзі оқытатындай ұлы дәуірдің ұл-қызы аңызға айналғаны қашан.
Біз бүгінге ұлттық бедері бар, ұлттық киімнің қазіргі заманға сай нұсқасын жасап, өзгенің жыртығына жалтаңдамай, өзгенің тыртығымен талтаңдамай-ақ өз киімімізбен өзгені тарта аламыз. Меніңше, біздің киімнің киесі әлем аренасынан шығып, әлемді мойындатары сөзсіз. Қазіргі ұлттық киімнің аты бар да, заты жоқ. Ұлттық киімді мойындау - қазақты мойындау емес пе! Соңғы кезде «бояушы бояушы дегенге сақалын бояйдының» кебін киетін кездеріміз көбейіп кетті. Мәселен, шапанының санынан шатасқан ақын-жазушылар қаншама? Немесе базардағы жылтыратып қошқар мүйізді жабыстыра салған киімдер ұлтты ұялтпаса, ұпайын түгендемес. Енді бірде сахнаға шыққан өнер жұлдыздарының тұрмыс құрмағаны да, ана атанғаны да, әжесі де сәукеле киіп шығады. Абай атамыз «Он сегізінші қара сөзінде»: «Біреуі атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейінгілерге «әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» - дейтұғын болмаққа ойланбақ.
Киімнің бастан-аяқ ұлттық үлгіде болуы міндетті емес. Тым құрығанда, заманауи стильдегі элементтер үйлесіп тұрса, оның өзі жақсы. Егер мен сізбен қазақша қарап, орысша амандасып, французша пікірлесіп, ағылшынша айтысып, қытайша қоштассам , мені кім дер едіңіз? Міне, қырық құрау қаңғыбас болар едім. Дәл қазіргі жастарымыз бен ақылды бастарымыздың үстіндегі ілгені осыны көрсетеді. Қазақпын деген бір белгісі болсашы... Онсызда Кереку қазақтарының «ұлттық» деген сөз естісе іші ауырып, басы айналады. Мұндайды естімеген, көрмеген болып шығатындар қаншама. Алдымен ұлттық киімді Астана киінсе, кейіннен Керекуде ақырындап мәсіге таласар...
Қазақстандық киім өндірісін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдау қажет. Онда ұлттық киімді, ұлттық нақыштағы киім үлгілерін шығаратын кәсіпорындар арасында байқау өткізіп, тендер жарияланса, республикалық, облыстық деңгейдегі мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары байқау жүлдегерлерінің өнімдерін тегін жарнамаласа, мектеп оқушыларының киім үлгілерін көшірмелемей, дайын асқа тік қасық болмай, заманға сай қазақы етіп шығуын мемлекет тарапынан қатаң қадағаласа, бәлкім, ұлттық киімнің ұпайы түгенделер ме еді? Ұлт қалаулылары ұлттық мұраны жоқтатапай, Түркмен елінің тәжірибесін елімізге енгізу керек. Ұлттық киім - ұрпақ мұрағатын арқалап келеді. Біз оны бере алмай келеміз, не ала алмай келеміз. Бізде бәрі бар, бірақ нәрсе жетіспейді ол - ұлттық намыс!!!
Павлодар қаласы.
«Абай-ақпарат»