Кеньятта тәлімі және қазақи дерт
Еліміз тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де халықтың ой-санасын отаршылдық кезеңнің қара таңбасы әлі де тұмшалап келеді. Мәскеу түшкірсе, Астананың тұмауратып қалатыны, билік төңірегіндегі басшылардың ана тілінің тағдырын ойлап түн ұйқысы бұзыла қоймайтыны да содан. Қоғамды мұндай самарқаулықтан серпілтіп, рухани жаңғырту негізінен жекелеген тарихи тұлғаларға байланысты. Оны Қазақстанмен тағдыры ұқсас Кенияның өткеніне көз салсақ анық байқаймыз.
Кения тәуелсіздік алған 1963 жылдан 1978 жылға дейін сол елді басқарған тұңғыш президент Джомо Кеньяттаны әлем саясаткерлері тек Кенияны ғана емес, жалпы Африка елдерін бір мақсатқа біріктіруге бар күшін салған пан-африканизм идеясының көрнекті қайраткері ретінде бағалайды. Ал кейбір отаршыл пиғылдағы Батыс саясатшылары үшін ол алдымен «ұлтшыл».
Еркін ойлы Кеньяттаны мәсихи дінін уағыздаушылар да ұната қоймайды. Өзі пресбитериан бағытындағы мәсихи дінін ұстанатын жанұяда дүниеге келсе де африкалықтарға сырттан таңылған христиан дінінің зардабын әшкерелеген Кеньяттаның мына сөздерін шетелдік уағызшыларға қақпамызды айқара ашып тастаған біз де ескерту ретінде қабылдауымыз керек: «Миссионерлер алғаш рет бізге келгенде африкалықтардың иелігінде жері, ал миссионерлердің қолында Інжілі болды. Олар бізге көзімізді жұмып тұрып дұға оқуды үйретті. Біз көзімізді ашқанда біздің қолымызда Інжіл, ал олардың қолында біздің жеріміз қалғанын көрдік» (https://kwekudee-tripdownmemorylane.blogspot.ru/2013/11/mzee-jomo-kenyatta-carpenter-who-became.html).
Кеньяттаның баса көңіл аударған тағы бір мәселесі тіл саясатына байланысты еді. Ол жер-су, елді мекендер аттарындағы бұрынғы отаршылдық заманның іздерін өшіруге бел шеше кірісті. 1969 жылдың қазан айында елдің батыс аймақтарын аралап жүргенде жергілікті басшылар оған туризм саласын дамытуда маңызы зор деп есептелген Бродерик сарқырамасын көрсетеді. Сонда Кеньятта: «Мына Бро... бро.. бро.. дерик дегендеріңді айтуға тілім келмей ұялып тұрмын. Мұндай атаулар құлдық дәуірдің көрінісі ғой. Жергілікті тілдегі, жергілікті мазмұндағы, өзіміз төркінін білетін басқа бір атау таба алмағандарың ба? Бродерик қайсыңызға туыс болып еді? Жер атауы ұлттық болмыс үшін өте маңызды. Біздің африкалық атауларды өздерінде қабылдаған шетелдіктерді көріп пе едіңдер? Басқаларды бағындырғысы келетіндер алдымен сол ұлттың санасын жаулап алады, содан соң сол ұлтты толықтай езіп-жаншиды» дейді. Осыдан соң-ақ Кенияда жер-жерде ағылшын атаулары жойыла бастайды (http://www.standardmedia.co.ke/kenyaat50/article/2000097527/day-kenyatta-ordered-colonial-names-removed) .
Тіл мәселесінде ұстанымы берік болған Кеньятта: «Кез келген тәуелсіз мемлекеттің тұғыры мемлекеттік тіл. Біз бұдан былай бұрынғы отаршыларға маймылша еліктемеуіміз керек. Ағылшын тілінсіз күн көре алмаймын дейтіндер буынып-түйініп кете беруіне болады» дейді (http://www.cachecoins.org/kenya.htm).
Әрине, 47 этникалық топ 69 тілде сөйлейтін Кенияда ел халқын бір тілдің төңірегінде топтастыру іс жүзінде мүмкін емес. Ресми тілдер ағылшын және суахили болғанымен әр этникалық қауымдастық өз тілінде сөйлейді. Бірақ экономикалық жағынан Кения мұнай қоры өте шектеулі, мүмкіншілігі аз болса да тұрмыстық тұтыну заттарын, текстиль өнімдерін өздерінде шығарып, алюминий, қорғасын, ауыл шаруашылық өнімдерін сыртқа саудалап, экономикалық тәуелділікті қысқартып отыр. Осы орайда Қазақстанда өзіміз үшін не өндіріледі деген сұрақ ойға оралады. Бір кезде басқасын айтпағанда Шымкенттегі «Восход» киім фабрикасының өзі одақ көлемінде даңқы жер жарып тұрған еді ғой?
Қазақстандағыдай, 2007 жылы Кенияда да 2030 жылға дейінгі экономикалық даму бағдарламасы қабылданған. Бағдарламаның мақсаты 2030 жылға дейін Азияның дамыған экономикалық «жолбарыстарының» қатарына кіру.
Кеньятта өмірінің соңына дейін өз елін басқарып, 1978 жылы дүниеден өтті. Ол сөзімен де, ісімен де мемлекеттің тірегі тіл екенін дәлелдеп кетті. Оның пан-африканизм идеясы Мұстафа Шоқай сынды тарихи тұлғаларымыздың пан-түркизм ұранымен үндес. Бірақ бүгінгі Қазақстан жалпы түркі жұртын айтпағанда, Орта Азия мемлекеттерін ұйыстыратын күш бола ала ма? Мүмкін. Бірақ ол үшін қазақтың ой-санасы ең алдымен отаршылдық дәуірінен қалған дерттен тазарып, тіл мен дінді рухани тірек етуі керек.
Марат Ермұқанов, Қызылжар қаласы
Abai.kz