Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 9267 6 пікір 30 Сәуір, 2018 сағат 11:39

Әйелдердің зейнетақы жасы кезең-кезеңімен көтеріледі

"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы"  2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстар Республикасының Заңына сәйкес осы жылғы шілде айынан бастап зейнетақы жүйесінде өзгерістер енгізілу күтілуде. Бұл көптеген азаматтарды қызықтырады: олар «зейнетке қалай шығамыз?», «зейнетақы төлемдерінің мөлшерін қалай саналады?» деген сұрақтарды жиі қояды.  Біз осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Алматы қаласы бойынша «Әлеуметтік төлемдер ведомствоаралық есептеу орталығы» Департаментінің директоры Бокижанова Фарида Маратқызынан сұқбат алдық:

Тілші: − Фарида Маратқызы, алдағы өзгерістер туралы қысқаша мағлұмат бере кетсеңіз.

Фарида Маратқызы:  − Алдымен «зейнетақы» ұғымына түсінік берейін: «Зейнетақы деп – мемлекеттің өз азаматтарына заң бойынша белгіленген зейнет жасына келуіне байланысты 1. Жасына байланысты төленетін зейнетақы төлемдерінің; 2. Еңбек сіңірген жылдары үшін және бірыңғай немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерінің жиынтығын айтамыз».  Яғни, бұл − еліміздің барлық азаматтары зейнет жасына келуіне байланысты мемлекет қамқорлығына алынады дегенді білдіреді. Өздеріңізге белгілі, елімізде ерлердің зейнеткерлік жасы 63 жас болып саналады. Ал әйел азаматтарымызға қатысты 2018 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап олардың жасын кезең-кезеңмен көтеру қарастырылған. Ол ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 11-ші бабымен реттелген. Оны мына кестеден көруге болады. Әйелдердің зейнеткерлік жасының кезең-кезеңмен көтерілуі:

  • 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 58,5 жасқа толғанда;
  • 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59 жасқа толғанда;
  • 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59,5 жасқа толғанда;
  • 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60 жасқа толғанда;
  • 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60,5 жасқа толғанда;
  • 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жасқа толғанда;
  • 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жасқа толғанда;
  • 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жасқа толғанда;
  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жасқа толғанда;
  • 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 63 жасқа толғанда.

Яғни, бұл шара 2027 жылға дейін созылып, 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріліп отырады. Мемлекет бұл қадамды халықтың пікірін ескере отырып, әйелдердің зейнетақы жасын көтеруді мейлінше «жұмсақ түрде» іске асыру үшін жасап отыр.

Еліміздің барлық азаматтары Қазақстан Республикасы Конституциясының 28-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматына ауырған, мүгедек болған жағдайда, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негізде ең төменгі жалақы мен зейнетақыға, жасы бойынша әлеуметтік қамтамасыз етуге кепілдік берілетінін білулері тиіс.

Сонымен қатар, егер заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе − Қазақстан Республикасы азаматтары, шетелдіктер және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдардың зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

Тілші: − Осы жерде «шетелдіктер» деген сұрақ туады. Оларға зейнетақы қалай беріледі? Ал шет ел азаматтығын алған қазақстандықтар ше?

Фарида Маратқызы: − «Зейнетақы туралы» Заңның 2-ші бабына сәйкес, зейнетақы алуға тек Қазақстан азаматтары ғана құқылы. Сонымен қатар, ұзақ жылдар Қазақстанда тұрып, осы мемлекетте жұмыс жасаған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ азаматтар да зейнетақы ала алады. Бірақ ол үшін шетелдік азаматтың тұрақты тұруға рұқсат беретін Ықтияр хаты болуы міндетті. Елімізге уақытша тұруға келген шетелдіктерге, немесе, азаматтығы жоқ азаматтарға зейнетақы берілмейді.

Тілші: − Қазір зейнет жасына келушілердің басты сұрағы − зейнетақының есептелу тәртібі болып отыр. Оларға не айтамыз?

Фарида Маратқызы: − Алдымен мына кестемен мұқият танысып алған жөн:

Еңбек өтілі Белгіленген күнкөріс деңгейіне қатысты пайыздық үлесі 01.07.2018 ж. Бастап төленеті базалық зейнетақы мөлшері
<10,=10 54% 15274
11 56% 15840
12 58% 16405
13 60% 16971
14 62% 17537
15 64% 18102
16 66% 18668
17 68% 19234
18 70% 19799
19 72% 20365
20 74% 20931
21 76% 21496
22 78% 22062
23 80% 22628
24 82% 23193
25 84% 23759
26 86% 24325
27 88% 24890
28 90% 25456
29 92% 26022
30 94% 26587
31 96% 27153
32 98% 27719
33 100% 28284

Мұнда адамның базалық зейнетақысы оның еңбек өтілімен тығыз байланысты екені көрсетілген. Ол шілде айынан кейін оның көлемі 15 274 теңгеден 28 284 теңге аралығында болып өзгереді. Бірақ жоғарғы мөлшерде болу үшін сізде кемінде 33 жыл еңбек өтілі болуы тиіс. Одан кем болғанда ол көрсеткіш әрбір жыл сайынға шаққанда 2 пайыз кеміп отырады. Мысалы, 10 жыл еңбек өтіліне 54% болса, одан кейінгі әр жылға 2%-дан қосылады. Егер еңбек өтіліңіз 20 жыл болса, онда 10жыл үшін сізге тағайындалған 54%-ға тағы 20 % қосылады. Сөйтіп, сіз 74%-ға ие боласыз.  Сонда мына кестедегідей, сіздің базалық зейнетақыңыз 20 931 теңгені құрайды. Шілде айынан бастап ерлер 63 жастан зейнетке шыға береді, ал әйелдерге 58 жас 6 ай  болуы керек. Тағы бір нақты мысал келтірейін: биылғы жылы (2018 жыл) ер азаматтардың 1955 жылғы тумалары зейнетке шығып жатыр. Оны 1972 жылы 17 жасында  мектеп бітіріп, жұмысқа кірді деп санасақ, оның еңбек өтіліне әскер қатарында, оқуда болған уақытын қосқанда − 01.01. 1998 жылға дейін 25 жылды құрайды. Сондықтан оның базалық зейнетақысы 23 759 теңге болады. Ал 1998 жылдан кейінгі саналатын зейнетақы мөлшері оның Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысты анықталады.  Ол Жинақтаушы Қорлардан алынған құжаттар арқылы бекітіледі. Егер ЖЗШ жоқ болса, зейнеткер 01.01. 1998 жылғы еңбек өтілі мөлшерінде қала береді. Бірақ зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінен яғни  15 274 теңгеден аз болмайды.  Назар аудартын бір мәселе − Қазақстан Республикасының «Салық және басқа да бюджетке міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 160-бабы 3) тармақшасына сәйкес БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері төлем көзінен жеке табыс салығы (бұдан әрі – ЖТС) салынатын табыс түріне жататыны.

Тілші: − Кейде, ерлердің зейнеткерлік жасы жуырда 65 жасқа дейін ұзартылады дегенді естіп қаламыз. Мысалы, 63 жасқа ілігетіндер 1959 жылғылар, ал 1960 жылда туылғандар 65 жастан бастап шыға бастайды деген сөз шықты. Осы рас па?

Фарида Маратқызы: − Біздің қолымызда қазір мұндай құжаттар жоқ. Сондықтан күн тәртібінде ондай мәселе тұрған жоқ деп санаймын.

Тілші: − Әйелдердің еңбек өтіліне балаға бөлген уақыты кіре ме?

Фарида Маратқызы: − Иә, кіреді. Елімізде 5 бала тапқан не болмаса бала асырап алып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеп өсірген әйелдердің зейнеткерлік жасы 53 жас деп белгіленген. Мемлекет бала тәрбиесіндегі әйелдерге әр бала үшін 3 жыл еңбек өтілі санаққа алады. Бірақ оның жалпы мөлшері 12 жылдан аспайды.  Оның үстіне, 1949 жылдың 29 тамызынан 1963 жылдың 5 шілдесіне дейін қауіпті және радиациялық аймақтарда 5 жыл тұрғандары анықталса, оларға 45 жастан зейнетке шығуға рұқсат етілген.

Тілші: − Олар әлдеқашан зейнетке шығып алған жоқ па?

Фарида Маратқызы: − Неге олай дейсіз? Мысалы, қазіргі ереже бойынша 1963 жылғы туылған ер азаматтардың зейнетке шығуына әлі 8 жыл уақыт бар екен. Ал, егер, олар аталған мерзімде радияциялық аймақта тұрғанын анықтай алса − қазірден бастап зейнеткер аталады емес пе? Ондай адамдар  болуы мүмкін.

Тілші: − Фарида Маратқызы, Сізге берген сұқбатыңыз үшін рахмет. Мемлекеттің дамуы оның зейнеткерлерге, балаларға, мүгедектерге деген қатынасымен бағаланады. Әлеуметтік маңызды бұл салада бюрократиялық кедергілер мейлінше азайып, қарттарымыз бен өзге әлеуметтік қомқорлыққа мәжбүр топтағы адамдардың өмірі жақсара түсуі үшін жасап жатқан еңбектеріңіз жемісті болсын.

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963