Жұма, 22 Қараша 2024
Білгенге маржан 9384 33 пікір 1 Маусым, 2018 сағат 11:56

Қазақтың жаздағы ұлы мерекесі - Сабатой

Редакциядан. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаһандық өмірдегі заманауи Қазақстан мәдениеті» мәселесі сөз болған еді. Соған орай, аса ежелгі бабатүркілік тәңірлік танымнан бастау алатын мейрам Сабантой жайлы оқырманға төмендегі мақаланы ұсынуды жөн санап отырмыз.

Бұл мерекені Наурыздан кейінгі екінші мейрам ретінде атауға болады. «Сабатой» сөзі жылқы терісінен тігілген қымыз құйуға арналған ыдыс «саба» атауынан шыққан. Мерекенің бұл атауы қазақ халқында ұмыт болған, алайда әлі күнге Сібірдегі Көшім хандығында болған көшпелі өмір салтын ұстанған түркі жұрттарында қолданыста.

Алайда, бұл мерекені «қымызмұрындық» аталатын ғұрыппен шатастыруға да, татар халқына телініп жүрген «сабантой» мейрамына да шендестіруге болмайды. Сабатой мейрамы қазіргі күнтізбе бойынша түн тоқырауына сәйкес 21-22 маусымда мерекеленеді.

Сабатой – жаз маусымының басталуына сәйкес әрі жазғы түн тоқырауына қабат келетін түркі мерекесі. Бірақ, бүгінде жалпытүркілік сипаттан ажырап, ұмытыла бастағанын жасыруға болмайды. Сол себепті көптеген халықтардың этнографиясында бұл атаулас мейрам кездестіру де қиын. Бұл мерекені бүгінде түркі халықтарының ішінде тек қана саха жұрты Ысыах атауымен жоғары дәрежеде жаңажылдық мәртебемен атап өтеді.

 

САБАТОЙдың даналық негізі

Сабатой – ежелгі тәңірлік танымды меңгерген халықтардың даналық сеніміне негізделген Наурыздан кейінгі жаз маусымындағы екінші ұлы мереке.

Түркі халықтары төрт дүлейді/стихияны Жаратқанның ұлы жаратындысы ретінде қастерлеген, бірақ табыну нысаны етпеген.  Ол дүлейлер - су, от, топырақ және ауа. Қытайлар бесінші дүлей ретінде ағашты алады. Бұл да тәңірлік танымнан, бірақ ағаш дүлейге жатпайды, түркілер бәйтеректі төрт дүлейді бойына дарытқан, үш қабатты космологиялық әлемді көктей өтіп байланыстыратын әмбебап өзек, ұлы жол ретінде қастерлеп «йол» атаған.  

Түркі танымында аталмыш төрт дүлейге Уақыттың төрт жылдық маусымы сәйкеседі: көктемге - Су дүлейі, жазға - От, күзге – Топырақ, қысқа – Ауа дүлейі. Соған орай кеңістік те төрт күйге түседі: көктем кезінде жер бетін су қаптайды, дүниенің бәрі сумен араласып, ол кезді қазақ «аласапыран» атайды; жаз маусымында жер бетіне шықпайтын өсімдік қалмайды,шөп біткен шүйгінделеді, адам да, жәндік те, жан-жануар да қорекке қарық болып, қоңданады, физика тілімен айтқанда бойларына қуат жинайды. Қазақ шөбі шүйгін маңды «отты» жер атайтыны осыдан. Күз келгенде жазғы «оттың» бәрі қурап,күзеледі, жерге түсіп, топыраққа айналады. Кеңістік топырақ дүлейіне қызмет етеді. Ал қыс түсісімен ауа дүлейінің патшалығы орнап, жер бетіне орныққан тоқсан күн «желтоқсан» аталатыны содан. Көктем маусымы «жылтоқсан» - «жылға – су арнасы» ұғымының түбірі, жаз - «оттоқсан», күз маусымы – «күзтоқсан» атала келе бертініректе ұмытылған. Тек қана «желтоқсан» сөзі қыстың алғашқы айының атауына айналып сақталған. Бұл турасында белгілі этнограф Ақселеу Сейдімбек өз еңбегінде атап кетеді.

Сабатой – осындай даналық-тарихи танымға негізделген төрт ұлы мерекенің бірі және ол жазғы маусымның нышаны болып табылатын қымыздың арнайы ыдысының атауымен аталады. Өйткені, сабаның толы болуы да Жаратқанның тілекті беруіне қатысты және  оттоқсанның берекелі-мерекелі болуын қамтитын нышан болып табылады. Сабаны қазақ халқы осы себептен аса қадыр тұтқан. Сабаның толы болуы От дүлейінің берекесіне қатысты.

Сабатой түркі халықтарында түрліше аталады: шұбаш халқында жазғы түн тоқырауына сәйкес мерекеленетін «синсе» мейрамы ежелден бар; сахалар екібастан «ысыах» мейрамын әспеттеп атап өтеді; татар-башқұрттар бұл мерекені «сабантой» атап, күзгі мереке атауын шатастырып алған, ал сібірлік аз санды көшпелі түркілер бұны «сабатой» деп әлі күнге атап жаз маусымында атап өтуді қалдырмай келеді.

 

САБАТОЙтың тәңірлік танымы

Түркілік күнтізбе аспанға табынған дәуірдегі тәңірлік танымға табан тірейтінін жоққа шығара алмаймыз. Ежелгі түркілік ілімге қатысты уақыт өлшемі Күн жүйесі мен 12 шоқжұлдыздық астрономиялық жүйенің ара қатысына сәйкес қалыптасқан «мүшел» ұғымына негізделген. Кейбір зерттеушілер бұл уақыт өлшемін Күнді 12 жылда бір рет айналатын Юпитердің жолымен байланыстырады.  Бір қызығы, мүшел ұғымы Уақыт пен Кеңістік категорияларын тұтастандыратын бірден бір ғылыми принцип деуге болады. Онекіжылдық Уақыт ағыны 12 шоқжұлдызды қамтитын Кеңістіктегі астрономиялық үдеріспен анықталады. Бір мүшелді түркі мифологиясы түйе жануарының кейпімен түсіндіреді. Демек, бір мүшелді түркі ұғымында макрожыл атауға әбден болады.

Сонда микрожылды 12 айдан, 4 маусымнан тұратын кәдімгі жыл ұғымы ретінде түсінеміз. Ендеше түркілер жылды 4 маусымға бөліп қана қоймай, оған сәйкес дүлей/стихияны және уақыттың сипатын ашатын мейрамдарды да ойластырған. Сөйтіп, түркі күнтізбесі Уақытты ғана емес, Кеңісті де және олардың толық сипаты мен мазмұнын анықтайтын шараларға толы.

Бұл шаралар Адам мен Табиғаттың арақатысын қайшылықсыз, үйлесімді түрде қатынас орнатуға қызмет етеді. Сол себепті де түркілік 4 маусымға сәйкес 4 ұлы мереке адам тірлігін Табиғат дүлейіне сыйыну үшін емес, ең әуелі сәйкес маусымда космоэнергиялық үйлесім орната отырып, адамның баянды өміріне профилактика жасаған.

Көктемгі теңесімдегі Наурызды алсақ та, жазғы түн тоқырауына сәйкесетін Сабатойды алсақ та, адамның қандай өмір салтымен ғұмыр кешуіне қарамастан бірыңғай мерекелік мазмұнды кемеңгерлікпен қалыптастырған.

Сабатой мейрамы Наурыз секілді астрономиялық ұлы өзгерістерге сәйкес күнтізбенің талабымен шектеледі: қатаң түрде өтетін мезгілі бар және мазмұны сәйкес маусым мен стихия/дүлейді паш етуге бағытталған.

Түркілік күнтізбе маусымы Алматы қаласынан солтұс-батыстағы 170 шақырымдағы Аңырақай жотасында жатқан Таңбалы петроглиф кешеніндегі Сиыр жылы мен антипод ұлы киелер – Тәңір мен Іңір бейнеленген бедерлі панорамода айқын суреттелген. Осында көктем маусымы жаңа туған бұзаумен, ал жаз маусымы жайылып жүрген баспақпен, күз әбден семірген мүйізі қарағайдай өгіз кейпінде болса, қыс барынша қартайып, әлсіреген көтерем сиырдың қалпында  бейнеленген. Өйткені, көктем Табиғаттың туатын, көктейтін шағы да, жаз маусымы туған жануардың марқаятын, шыққан шөптің өсетін, қуаттанатын шағы. Осыларға қарап түркілік бұл мерекелер шаруашылық пен күнтізбенің тығыз қатынасын паш ететін, жымдастыратын идеологиялық таным һәм тәңірлік ритуал деуге болады.

   

САБАТОЙ мерекесінің тарихи көріністері

«Сабатой» аталатын мереке бүгінде сібірлік бұрынғы көшпелі түркілерде сақталған. Олар жазғы жайылымға көшу мен бие сауу науқанын осы мейраммен ашқан. Алайда, жалпытүркілік тәңірлік таным мен күнтізбеге сүйене отырып, түркі халықтарының өмір салтына байланысты кейбір ғұрыптар мен жоралғылардың айырмасы бола тұра, оның жазғы «наурыз аналогы» болғандығына күмән жоқ. Ол бертін келе өмір салтының орнығып, белгілі бір этнографиялық дағдылар ажыратыла бастағанына қарай мазмұны мен атауы ғана өзгермесе, оның даналық мәні мен философиялық өзегі, күнтізбелік мезгілі сол күйінде қалып отыр.

Тарихи көздерде сақталған бабатүркілердің далалық, таулық, субойлық және ормандық төрт алқаптық өмір кеңісін игергендігіне қарап, олардың Табиғатты барынша еркін әрі жан-жақты меңгергендігін аңғарамыз. Әдетте далада мал шаруашылығы, тауда метал өңдеу мен ұсталық, су бойында балықшылық пен егіншілік, ал орман алқабында аңшылық шаруашылықтары адамзатқа төрт түлік кеңісті меңгеру үлгісін сыйға тартты. Алайда бұған қарамастан бұл алуан өмір салты ежелгі түркітекті жұрттардың өзара қатынасына кедергі болған емес. Сол себепті олардың этнографиялық сипатына негіз боларлық ортақ космология, ортақ діни наным мен даналық тұтас конструкция болды. Міне соның бір пұшпағы ретінде түркітектілерге ортақ ұлы төртмаусымдық төрт түлік мереке де ортақ тойланды деуге негіз бар. Бұл мейрамдар әу баста әлгі төрт өмір салтына сәйкес төрт түрлі аталуы да мүмкін. Соның бір дәйегі жазғы мейрамның далалықтарда «сабатой», ал субойлық отырық жұрттарда «синсе» аталуы. Әрине, өзге өмір салтына орай бұл мейрамдардың мақсаты да сол салттардың ғұрыптары мен дәріптемесі болып табылады. Ал басқа өмір салтында қалай аталғанын зерттеп, зерделеу қажет.

Ал башқұрт, татар халықтары бұны жаз мезгілінде «сабантой» мерекесімен шатыстыра тойлайтыны бар. Бұл атау «сабатой» атауының бұрмаланған түрі деп есептеуге болады, өйткені, сабантой мерекесі күзгі жиын-терін мейрамы болып табылады. Және де «сабан» сөзі түркі халықтарында күзгі егіннің сабағымен (солома) байланысты ұғым. Яғни «сабантой» мейрамы - күзгі мерекенің атауы.

Жалпы, Сабатой жазғы мереке ретінде тәңірлік танымды сіңірген көптеген халықтарда түрлі аталғанымен тұтас мерекеленеді, мысалы славяндарда - Иван Купала, финдер мен ингерманландтарда – Юханнус, латыштарда – Лиго түрінде тойланады.

Қазақтарда бие сауу науқанын ашатын «қымызмұрындық» ғұрпын осы жазғы мейраммен шатастыру бар. Шын мәнінде қымызмұрындық мамыр айында желі тартылып, бие алғаш сауыла бастағанда жасалатын ғұрып болып табылады, оның жазғы мерекеге қатысы жоқ.

Алайда, Сабатой мейрамының советтік нұсқасы болғанын да ұмытпауымыз керек. Ол – шопандар тойы болатын. Маусым айында қой қоздап, соның нәтижесін шығарып, шопандар жиынын өткізіп, мәре-сәре мереке өтетін. Сабатой мейрамының нақты нұсқасы болмаса да, соның орнын басқан советтік ресми мейрам болғаны мәлім.

 

САБАТОЙ  мерекесінің мазмұны

Жазғы ұлы мерекенің мәні әрине жоғарыда аталып өткен жазғы маусым дүлейі мен шаруашылықты қолдауға қажетті киелерді қастерлеу мен соларға қажетті ғұрыптарды дәріптеуге негізделген.  Бұл құндылықтар әдетте қазақ дәстүрінде сақталған, кейбірі ұмытыла бастаған ғұрыптар мен сайыстар, жоралғылар арқылы айқындалады. Сабатойдың мәні жазғы түн тоқырауына қатысты Күнді дәріптеу болса, мазмұнын бізге мәлім рәсімдерді келтіре отырып көз жеткіземіз.

Көш көрінісі. Көш – жаз жайлауға көшу көрінісі. Сабатой мерекесі осы көштің қалқасында қалып ұмытылған. Қазақ көші жазғы ұлы салтанат болып есептеледі және ол жаз шығумен байланысты, Сабатой мерекесінің басты бөлігі.

Қымызмұрындық.

Бұл алғаш рет желіні керіп, бие сауу науқанын ашардағы ғұрып болып табылады. Оны Сабатойда да рәсім ретінде атқарған.  Бұның «қымызмұрындық» аталу себебі, қымыз ішуден арнайы жарыстыру арқылы мұрынды қымызға батырып ішу жоралғысы болса керек. Бұл жоралғы қымыздығын молдығын паш ету ырымынан шыққан.

Бастаңғы. Наурыздағы бас таңды қарсы алу салты болғанымен, жазғы Сабатойда да таңды ұйықтамай қарсы алудың реті бар. Өйткені, бұл – жазғы түн тоқырауы және күнді паш ету сәті. Сол себепті қарияларға «белкөтерер» дастарқанын жаю да осы түнге тән. Ал жігіттердің селтеткізер сыйлауы да, бойжеткендердің ұйқыашар дәмін әзірлеуі де ерсі емес. Жалпы таңды қарсы алу мен Күнге сәлем ету - тәңірлік танымның басты салты.

Бастаңғы рәсімі «бас таң» тіркесінен құралған.

Айтыс. Сабатойдың да Өлі-Тірі, Жаз-Қыс, Қыз-Жігіт айтыстары мерекенің өнерлі рәсімдеріне жатады. Сабатойда да жек пе жек айтыс өткені ләзім. Айтыс өнерінің басты негізі жырмен шарпысу,тартысу не сайысу емес, басты түрткі – Ай мен Күн, Жарық пен Түнектің идеологиялық тартысы.

Алтыбақан. Алты бақанды тігінен үш-үштен бастарын байлау мен жетіншісін олардың бастарын қосуға пайдалануда үлкен космогониялық таным жатыр. Алты бақанымыз – әлемді жаратқан жасампаз алты күн де, сырық санының жетеу болуы – әуелгі жеті планета құрметіне деген нышан. Көлденең тартылған жетінші сырық – Күннің белгісі.Ал, бұларға бекітілген әткеншек (маятник) Тәңір-Іңір дуализмінің үйлесімін паш етуге арналған қондырғы. Қыз бен жігіттің тербелуі – Күн мен Айдың үйлесімін паш ету, Тәңір мен Іңір таласын болдырмау.

Аластау. Бұл  ғұрып – от дүлейімен тазаруды білдіреді. Аластаудың бірнеше жерден от жағып өрісті, түнекті аластау салты бар.

Одан басқа үйді аластау бұрыш-бұрышқа шырақты тосу арқылы жасалады. Ал екі қатар тізілген оттың арасынан адамдарды не малды өткізу арқылы да тазарту жоралғысы бар.

Жамбы ату. Жамбы ату – ежелгі Күнді кие тұтудың бір ғұрпы, ай кейіптес жылтыр нәрсені ату арқылы, түнекті мұқату. Жамбыға тигізу арқылы мерген жігіт Күн тарапынан алғыс алады-мыс деген ырым бар.

Көкпар. Көкпар ойынының әуелгі қазақы нұсқасы бойынша екі тараптың таласы емес, қанша ауыл ойыншылары қатысса, сонша тараптың тартысы болған. Шамасы, Күн-Түн теңесімі немесе Күн-Түн тоқырауы күндері Күнге таласқан он екі мүшелдің тартысы көрініс тапқан. Көкпарға тартылатын серке – Күнге арналған құрбандық, оның мүйізі түнектің шамы - Айдың бейнесі іспетті. «Көк» - аспан, «пар» сөзі - жұрнақ, жыртыс ұғымын береді. Сөйтіп көкпар ойынының мәні - Көктің жыртысына таласу.

 

Сабантойлық кейіптер

Ұмай ана – аналық негізді тұлға, береке мен қайырымның көзі, жер бетіне Жаратқанның бұйрығымен дарыған игіліктерді туындатушы, еселеуші, молайтушы кейіп; Жердің мифтік бейнесі, киесі. Сабатой меркесінің басты кейіпкері ретінде тұлғалауға тұратын бейне.

Жердің рухы ретіндегі Ұмай ана Көктің дарытқанын молайтушы, құтты нәрселендіруші (материалдаушы) бейне. Береке аталатын игіліктің басы –материалдық байлықтың мәні болып табылады. Берекенің жазғы белгісі – жан-жануар мен өсімдік әлемінің отығуы, күш жинауы, семіруі, шүйгінделуі.

360 күн. Ежелгі сақтарда ұлы мерекелерде 360 жеткіншекті қызыл мауытымен киіндіріп, шеру жасаған. Бұл да әр тәуліктің қуатын арттырып, жарығын молайту ырымы болып табылған. Сол себепті Сабатойдың кейіптері ретінде 360 шақты-күнді киіндіріп шығаруға әбден болады.

 

Сабатойлық дәмдер

Тағамдар шеруі. Жазғы мереке ұлттық тағамдардың қай-қайсысында жайнатып көрсету мүмкіндігі мол кезең. Сондықтан қазақы тұжырыммен ас-тағамдарды үшке бөліп, береке мен игіліктің жаршысы етіп: ақ – сүт тағамдары, қызыл – ет тағамдары, көк – жеміс-жидек пен көкөністердің жәрмеңкесі мен көрмесін ұйымдастыру аса қолайлы.

Бауырсақ-шелпек. Жеңімпаз Күн-құдыреттің шашуы, мерекеге тартуы мен сәулесінің бейнесі.Сабатой мейрамында дастарқанға мейлінше шашырата төгілген бауырсақ Күннің бауырлары – сәулесі есебінде тартымды болары сөзсіз. Ал жетінанды яғни шелпекті Айдың нышаны екенін ескерсек, мерекеде оның да міндетті орны бар.

Марқа-сірне.  Маусымға қарай ерте туған қозы марқаяды. Осы кезде марқа етінен сірне жеу барынша кең тараған. Бұл тағам бір жағынан жаздың келгендігін, екінші жағынан жазғы маусымның өнімі ретінде марқайған төлді паш етеді.

Көже – Көктің асы ұғымынан шыққан, көже асу 4 дүлейдің біріккен асы, оған от та, су да, топырақта өнген дақыл да, отты жағуға ауа да қатысады.

Шұбат. Қымыз. Айран. Құрт – Бірліктің нышаны, сүт өнімдері ретінде Жердегі От дүлейінің берекесі, жан-жануар мен өсімдік әлемінің бірігу нәтижесі.

      

Сабатойлық атрибуттар

Саба. Қымыздың бұл қасиетті ыдысы мейрамның басты атрибуты саналады. Сабаның қос түйеге артатын, арбаға салынатын, тіпті бірнеше өгіз жегіліп тартылатын кіреге орнатылған бірнеше тонналық түрлері болған.

Тайқазан.Тайқазан Оттоқсанның ырыс нышаны, молдық пен береке шақырушы сайман есебінде және халықтың бірлігі мен ынтымағының рәмізі іспетті.

Торсық. Мес. Көнек.  Сабатой мерекесінің басты дәмі қымыздың және басқа сүт өнімдерінің ыдыстары, молшылықтың нышаны, От дүлейінің антиподы Су дүлейінің белгісі.Бұл ежелгі түркілердің қасиетті ыдысы, онымен Көкке, Күнге, Жерге сүт тосып жоралғы жасаған.

Ошақ – сабатой мерекесінің негізгі белгісі, өйткені ол оттың бастауы, қайнары болып табылады.  

 

Мереке нышандары. Аталмыш мейрам қалпына келтірілер болса, оның замани нышандары да бұрыннан қазаққа сіңісті атрибуттар өзінен өзі менмұндалап шыға келеді: торсық – Су дүлейінің белгісі, атты адам үшін қымыздың шағын қолайлы ыдысы; отаяқ – От дүлейінің белгісі, аластау рәсімінің басты сайманы; қарлығаш – Ауа дүлейінің белгісі, жаз шыға қарылғаш ұя салады, қазақ халқы оны қанатты дос санайды; қызғалдақ  - Топырақ дүлейінің белгісі, бұл гүл топырақтың қызуын білдіре шешек атады; бауырсақ – Күннің шуақтары түріндегі нышан, бұрынғы кездері күн сәулесі секілді бауырқсаты дастарқанға шашып тастайтын болған.

Сабатой меркесінен гөрі әлемге барынша тараған әрі халықаралық сипатқа ие Наурыз мейрамының өзі талай қудалауға ұшырап тарих шаңын қауып қала жаздады.  Бұған Сабатой мейрамын да қосуға болады. Сондықтан ел болып рухани жаңғыруды қолға алған шақта жазғы ұлы Сабатой мейрамы секілді танымы мен мазмұны бай, мағынасы терең этноқұндылықты қалпына келтіру мен жаңғырту - бүгінгі күннің қастерлі талабы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Жаһандық өмірдегі заманауи Қазақстан мәдениеті» мәселесі де осыған үндеуі қажет деп білеміз.

Серік Ерғали, мәдениеттанушы, этнолог

Abai.kz

 

33 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320