Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2852 0 пікір 19 Қыркүйек, 2018 сағат 16:01

Nur Otan Trends пікірталас клубының кезекті басқосуы өтті

Бүгінгі қоғам өзара әрекет етудің за­манауи тәсілдеріне мұқтаж. Nur Otan Trends пікірталас клубының кезекті басқосуы билік пен қоғамның өзара іс-әрекетінің жаңа үлгісін талқылауға арналды. Басқосудың дәстүрлі модераторы «Талап» қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев ортаға «Мемлекеттік органдар қоғаммен байланыс орнатуда қандай механизмдерді қолданады және олар тиімді ме?» деген сауал тастады.

Бұл сауалға Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев, Қазақстан азаматтық альянсының президенті Асылбек Қожах­метов және сарапшылар Айдос Сарым, Талғат Қалиев пен Михаил Дорофеев жауап беруге тырысты.

Талқылау, әдеттегідей, онлайн режимде өтті, Facebook желісінен тікелей эфирде көрсетілді.

Кездесуді ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бүгінде қоғамда әлеуметтік, экономикалық, халықаралық жағдайларға байланысты түрлі мәселе бар, қоғам сол өзекті мәселелерге қатысты нақты әрі әділ жауапқа мұқтаж екенін атап өтті.

«Біздің бүгінгі мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-әрекетті жандандыру мәселесін көтеру үшін жиналуымыздың өзі партияның осы бағыттағы жұмысының нәтижесі. Мұндай диалог бір-бірімізді тыңдаумен ғана шектелмей, қоғамды алаңдатқан мәселелерді шешудің тиімді тетіктерін қарастыруы тиіс. Қазіргі таңда елімізде экономика, саясат, руханият және әлеуметтік саланы қамтитын кешенді жаңғыру жөнінде нақты күн тәртібі бар. Сондықтан аталған диалог барысында Қазақстанды жаңғырту және қордаланып қалған мәселелерді шешу жолдарын тал­қылауымыз керек» деді ол.

Қоғамдық даму министрі Дархан Қале­таев бүгінгі таңда елімізде билік пен қоғам арасында диалог жасайтын көп алаң құрылғанын, бұл ретте, қоғамдық кеңес­терді, түрлі жиындар мен форумдардың ұйымдастырылып жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, желтоқсан айында Азаматтық форум өтетінін, бұл жиынға Мемлекет бас­шысының қатысуы жоспарланып отыр­ғанын жеткізді. «Бізде азаматтық қоғамға деген екі түрлі көзқарас бар, бірі – азаматтық қоғам билікке қарсы деп санау, екіншісі – азаматтық қоғам үкіметтік емес ұйымдардан тұрады деу. Бұл екі тұжырым да дұрыс емес. Соңғы уақытта азаматтық қоғам күшейді. Бірақ азаматтардың талап-тілегін қарсылық білдіру деп қабылдамауымыз керек, мұны азаматтардың заң шеңберіндегі талабы деп түсінген жөн. Ал мемлекет азаматтардың талабына назар аударып, дұрыс жауап беруі тиіс. Үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамның маңызды құрамы екені даусыз, алайда қазіргі таңда азаматтық қоғамның дамуына арнайы дипломы жоқ адам да ықпал ете алады. Оған ақпарат құралдары арқылы сөйлеу шарт емес. Оның пікірін білдіретін алаң – әлеуметтік желілер бар. Қазақстанда түрлі есеп бойынша 4 млн адам әлеуметтік желіде отырады. Олардың көбі белсенді. Бәлкім, белгілі бір өзекті мәселеге байланысты пікір қалдырушылардың саны көп болмауы мүмкін. Бірақ 4 млн адамның әлеуметтік желіде өзара пікір алмасуы қоғам үшін де, билік үшін де сигнал деп айтар едім. Билік осы көрсеткішті назарға алып, соған сай жұмыс жүргізуі керек» дейді министр.

Оның айтуынша, бүгінгі күні 220-дан астам қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Ми­нистрлік келесі жылы «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасын талқылауға ұсыныпты. Бұл өз кезегінде азаматтық қоғамның алға жылжуына ықпал етеді деген үміт бар.

«Аймақтарда мәслихаттар тұрғанда қоғамдық кеңестердің қажеті бар ма деген сауал туындайды. Шынында, мәслихат­тардың деактуалды екенін көріп отырмыз. Жас әкімдер фейсбукте парақша ашты. Бір жақсысы, бұл тәжірибе басқаларға да ықпал етеді. Қазіргі күні жаңа әлеуметтік шарттар пайда болып жатыр. Саяси өмірге араласып жатқан жастар жаңа шартты талап етеді. Біз қаласақ та, қаламасақ та ол шарт жасалады. Ал әзірге биліктің қарсылығын көріп отырмыз, олар азаматтық қоғамның өзіне кіріптар болғанын қалайды, электронды үкімет жобасы соның мысалы» дейді саясаттанушы Айдос Сарым.

Қазақстан азаматтық альянсының президенті Асылбек Қожахметов Азаматтық альянс дегеніміз – үкіметтік емес ұйым­дардың (ҮЕҰ) бірлестігі деген түсініктің ескіргенін мойындады.

– Әрі-беріден соң партиялар да ҮЕҰ сипаты бар құрылым. Айырмашылығы – ҮЕҰ билік үшін күресетін партия емес, ол бар болғаны тәртіп үшін жұмыс істейді. ҮЕҰ көтерген тақырып қоғамның үні болуы керек, ал билік сол үнге құлақ асуы тиіс. Бүгінгі мемлекеттік қызметтердің көпшілігі азаматтық секторға берілуі тиіс. Билік сол қызметті ҮЕҰ-ға беріп, қаржысын төлесін де, орындалуын өзі бақыласын, – дейді.

Ал сарапшы Михаил Дорофеевтің пікірінше, билік қоғаммен байланысты дамытуды көздесе, барынша ашық болса жеткілікті.

«Билік өзінің қоғамға ашық екенін көрсеткісі келіп, журналистерді пресс турларға апарушы еді, енді сол тәсілді блогерлерге қолданғысы келеді. Бұл – ескірген технология. Сондықтан билік БАҚ-тың өзі туралы жақсы жазғанын қаласа, барынша ашық болуы тиіс. Кері байланысты дамытсын» дейді.

Оның айтуынша, билікке Фейсбуктен шошудың қажеті жоқ. Себебі, бұл желі Қазақстанда аса ықпалды деуге келмейді. Тіркелушілер жөнінен Вконтакте мен Инстаграмнан кейінгі үшінші орында тұр. Оның үстіне, «Рейтер» агенттігінің осы жылы жүргізген зерттеуіне сәйкес, дамыған елдерде әлеуметтік желіге қарағанда БАҚ-тағы ақпаратқа сенім арту 1-2 пайызға өскен. Яғни, әлеуметтік желі беделі төмен­дей бастады, себебі, бұл желі фейк ақпа­раттар салуға қолайлы алаңға айналды.

Сарапшы Саясат Нұрбек кез келген мәселені шешуде білімді көтерудің маңызы зор, цифрлы технологияларды меңгермеу популизммен әуестенуге, фейк жаңалық­тарға құмарлыққа алып келеді деп санайды.

«Бұл мәселенің шешімін көп ел білім берудің осал тұсын реттеумен тапты. Сондықтан біз қазір цифрлы сауатсыздық мәселесін көтеруіміз керек» дейді.

Пікірталаста айтылған әңгіменің түйіні биліктің ашық жұмыс істеуіне келіп тірелді.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев барлық мемлекеттік орган қызметтерінің ашық­тығын қамтамасыз ететін Open Government Partnership бағдарламасын енгізудің маңы­зына тоқталды.

– Бүгінде қандай да бір маңызды мемлекеттік бағдарлама мен бастаманы қабылдар алдында қоғамның талқысына салу дәстүрге айналды. Open Government Partnership аясында осы механизмдерді жандандырып, басқа да тетіктерді қарастыру керек. Қоғамның жай талқылап қана қоймай, әлеуметтік салада тиімді ұсыныстар дайындауға белсенді қатысуын қамтамасыз етуіміз қажет. Ал мемлекет оларды ескеруі тиіс. Диалогтың екінші механизмі мен бағыты – қоғамдық кеңестердің жұмысы. Бұл жөнінде Қоғамдық даму министрлігінің тиісті заңға өзгерістер енгізуді қолға алуы көңіл қуантады. Бұл дер кезінде жүзеге асырылған жұмыс деп есептеймін. Осы ба­ғытта бәріміз жұмыс істеуіміз керек. Сол заңға табан тіреген тиімді қоғамдық кеңес­тер құруымыз керек. Үшінші бағыт – «Нұр Отан» партиясы. Партия талқылаулар мен пікірталас алаңы болуға және түрлі мәсе­лелерді шешу жолдарын Үкімет, мемлекеттік органдар және әкімдіктердің алдына қоюға дайын. Сондықтан өзекті мәселелерді партия алаңында талқылаудың берері мол деп есептеймін, – деді ол.

Мәулен Әшімбаев партияның аталған бағыттар бойынша азаматтық қоғам инсти­туттарымен, сарапшылармен және үкіметтік емес сектормен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Пікірталас қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар пысықталып, олар Үкі­мет, Парламент және жергілікті атқа­рушы органдарға жолданатын болды.

Дарқан ҚАЛЕТАЕВ:

– Әлеуметтік желі – ол факт, одан қашып кете ал­майсыз, жауып та тастай алмайсыз, қаласақ та, қала­ма­сақ та билік ретінде ол институтты (әлеу­меттік желілерді) қабылдау – мінде­тіміз, сол процеспен жұ­мыс істеу керек. Келесі айтарым, күн тәртібін билік құрады, дұрыс, бірақ ол халықтың та­лап-тілегіне жауап бере алуы керек, аза­маттық алаңды бос сөзбен ал­дарқатуға болмайды, азаматтық қоғам биліктен нақты істердің, нақты тап­сырмалардың орындалуын талап етеді. Оның ішінде мемлекеттік бағдар­ламалардың орындалуы да бар. Билік пен халық арасындағы қарым-қаты­нас­тың стандарты түсінікті болуы керек.

Айдос САРЫМ:

– Әкімдер мен министрлердің ашықтығы туралы айтамыз, ал бізде түрлі-түрлі әкім бар. Конституцияда бәрінің құқы бірдей. Алайда біздегі 17 әкімнің адамдармен қарым-қатынасы 17 түрлі, 17 түрлі мә­дениет қалыптастырып отыр. Мысалы, бір әкім кез кел­ген уақытта халықпен сұх­бат құруға дайын, ал енді бір әкім халықпен жылына бір рет, онда да ұлы мерекелерде ғана кездеседі. Бізде барлық әкім жақсы болып көрінгісі келеді. Бір мысал айтайын, «Аймақтық даму бағдарламасы» бар. Әкімдер осы бағдарламаны жүзеге асырмады, себебі бағдарламаға сәйкес, 20 ауылды жабу керек, ал олар халыққа жексұрын болып көрінгісі келмейді. Сөйте тұра, ол ауылдарды сумен, жарықпен, интернетпен де қамтамасыз ете алмайды. Не болмаса ауылдардың не үшін жабылуы тиіс екенін халыққа ашып та айта алмайды.

Талғат ҚАЛИЕВ:

– Азамат­тық қо­ғам мү­ше­лері іс-әре­кеті­мен кө­рі­нуі керек, ол үшін ақша жұм­сау­ды да мең­­геруі тиіс. Мы­салы, өзі қолдайтын пар­тияның мүшесі ретінде партиясына жарна төлеу, қоғамдық телеарнаның акционері болу – бұл аза­маттық қоғамның көрінісі. Ал әлеуметтік желіде оты­рып алып пост жариялау, пікір жазып аттандау аза­маттық қоғамның мысалы бола алмайды.

Саясат НҰРБЕК: – Біз бүгінгі талқылауда бір нәрсені ұмыт қалдыр­дық, ол – сенім мәселесі. Бірде-бір бастама сенім балансы болмаса жүзеге аспайды. Мысалы, әлеу­мет­тік желіде сенім арқылы 160 млн лайк жинай алады. Өзінің іс-әрекетімен, сөзімен сенім­ді адамның образын жасай алса, ол түбінде бизнеске айналады, себебі бүгінгі күні сенім деген абсолют капиталға айналды. Біз қай жерде тұрақтап қалдық десек, бізге сенім жетпейді. Стандарттар мәселесіне оралар болсақ, бұл да технологиялық жағынан жүзеге асып қойған. 2010 жылы Барак Обама әкімшілігі «Тілдің қарапайымдылығы туралы» заң шығарған. Онда мемлекеттік қыз­меткерлердің халықпен қалай сөйлесетіні, құжаттарды қалай толтыратыны, хатқа жауап бергенде жазылатын сөз тіркестеріне дейін жазылған.

Дайындаған Халима Бұқарқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475