Өзіңді уаххабист сезінсең, көңіл түкпіріңде уаххабилік таным бар, Нағашыбай!
Менің соңғы кездері жазған мақалаларым кейбір азаматтарға ой салған сияқты. Бұл бір жағынан қуанышты жағдай. Жазған мақалаңды ескеріп, оған келісетінін, келіспейтінін айтып, жауап жазып жатса, онда еңбегіңнің еш кетпегені. Сол пікір білдіріп, өз ойын ашық айтқан азаматтың бірі – Нағашыбай Қабылбек.
Ол: «Зікірия мырза, Сіздің жан айқайыңыз, не айқай?» атты мақаланы «Abai.kz» сайтына жариялады. Бұл мақала қазіргі менің замандастарымның қай мәселені түсінбейтініне, түсіне алмайтынына көзімді жеткізді. Ең бастысы халықтың көпшілігі діннің, ислам дінінің қазақ даласында қай формада өмір сүргендігінен мүлдем хабарсыздығы белгілі болды.
Ислам діні – біреу. Ол бөлінбейді. Арабтарда қалай болса, бізде де солай болуы керек деген түсінік. Олай болса, мазхабтар қайдан шықты? Сопылық тариқаттардың мұсылман халықтарының тарихындағы рөлі қандай? Олар неліктен тарих сахнасына шықты? Әлде, бұлардың барлығы Исламды бұзу ма? Бұл сұрақтардың барлығына дерлік соңғы үш жыл көлемінде жарияланған мақалаларымда жауап берілді. Соңғы жарияланған «ҚМДБ-ның стратегиялық бағыты – Ахл ал-Хадис» атты мақалада мазхабтар арасындағы айырмашылықтар талданып, мазхабтар арасындағы айырмашылықтың шығу себептері көрсетілген болатын. Сондықтан бұл мәселені бұл мақала шеңберінде қайта қозғамай қоя тұралық.
Енді менің не үшін шырылдап жүргенімнің себебін қысқаша түсіндіріп өтейін. Қазіргі ҚМДБ-ның ұстанып отырған бағыты – қазақтың дәстүрлі діні емес – араб дәстүршілдігі, Шариғат жолы. Шариғат болғанда да Абу Ханифа көрсеткен жол емес, араб қоғамы үшін жасалған шариғат. Сол себептен қазіргі күні қазақтың ана салтын, мына дәстүрін жоққа шығаруда. Ең бастысы сенім негіздеріне, әруаққа тиісіп жатыр. Ал, қазақтың дәстүрлі дінінің арабтар ұстанған діннен не ерешелігі бар? – дейтін сұраққа келетін болса, онда қазақтың дәстүрлі діні – сопылық жол-Йасауи жолы. Сопылық жол демек, ол – рух әлемімен сабақтастықта болу дегенді білдіреді. Сол жолды ұстанған халықтың діни таным негіздерінде дүние ісі мен ақирет біртұтас деген түсінік қалыптасқан. Демек, Алла мен адам арасы бөлінген емес. Алла мен адамның арасын байланыстырып тұрушы рух бар. Діннің өзі сол Алланың Өзі адамға үрлеген рухқа беріледі. Сопылық жолдың мақсаты – осы Алла мен рух арасындағы байланысты, сабақтастықты үзбеу. Осы киелі жолды біздің ата-бабаларымыз сол Қожа Ахмет Йасауи бабамыздан бері, кеше Еліміз өз тәуелсіздігін алғанша ұстанып келді. Осы кезге дейін қазақ баласы ата-бабасының жолына қарсы келіп, мына нәрсе дұрыс емес деген түсінік болған емес. «Әруақ десең Аллаға серік қосу» деген таным-түсінік қазақ санасында мүлде болған емес. Ал, бүгін ҚМДБ сол жолды ұстанып отыр ма? Жоқ. Қазіргі күнгі мешіт имамдарының әңгімесі сол «Аллаға серік қосушылардан болмаңдар» дегеннен басталады. Нәтижесі «жаман» емес. Басқа жерде емес, Түркістанның өзінде Аллаға серік қоспаушылардың саны жүз еселеп артқанына соңғы бір-екі жылда байқадық.
90-жылдары мешітке айт намаздарына барғандардың 99% Қожа Ахмет Йасауи басына барып, әруақтарға бағыштап Құран оқып, құрмет көрсететін болса, қазіргі күні айт намаздарына барғандардың 1% барып, құрмет көрсетуге жарамайды. Неге? Өйткені, халықтың діни танымы, түсінігі өзгерді. Өзгерткен кімдер? Мешіт имамдары. Халыққа мешіт имамдары «Кім де кім әулие деп Йасауи кесенесіне зиарат жасайтын болса, онда олар «Піл» сүресінде айтылатын оқиғадағыдай, Алланың қаһарына ұшырайды» деп уағыз айтады. Ондай уағызды есіткен өзін мұсылман санайтын қай адам кесенеге барып, әруақтарды еске алып, дұға жасайды? Ешкім де! ҚМДБ имамдары осындай уағыз айтып, қазақтың дәстүрлі дініне шабуыл жасап жатқанда, мен шырылдамай, кім шырылдайды? Қазақтың дәстүрлі діні – сопылық жол-Йасауи жолы. Қазақ руханиаты нақтылап айтар болсақ: салт-санасы, дәстүрі, мәдениеті, әдебиеті, ән-жыры, күйі барлығында осы Йасауи жолы негізінде рух әлемімен сабақтаса қалыптасты. Қазақтың қай жыр-дастанын алсаң да рухпен, әруақпен байланысты сюжетке, оқиғаға құрылғанын көруге болады. Керек десе, Алтын Орда кезеңінен бастап Тәуке ханға дейінгі қазақ мемлекеттігінің басқару жүйесі осы Йасауи жолымен сабақтас болатын. Қазіргі ру, тайпа, жүз түркі мемлекетігінің құрамдас бөліктері Жошы ұлысы кезеңінде Йасауи жолының құрылымдық жүйесімен сабақтаса қалыптасқан еді. Ал, ҚМДБ-ның ұстанып отырғаны, «Ханафи мазхабындамыз» дегенімен, араб дәстүршілігіне негізделген шариғат жолы. Бұл жолда қазақ руханиатына орын жоқ. Барлығы ертеңгі күні қажетсіз болып, тарих күресініне лақтырылады. Олармен бірге қазақ деген халық та тарих сахнасынан өзі-ақ кетеді. Мүмкін аты қалар, болмаса басқа бір атқа ие болар. Ол оншалықты маңызды емес. Соның барлығын көріп, біліп отырып, неліктен мен тыныш отыруым керек. Әрине, «Осыны неліктен сен ғана білесің? Неге өзге тарихшылар үн қоспайды?» дейтіндер де табылар. Осы саланы зерттеген маманы болған соң маған қазіргі елімізде жүріп жатқан діни үдерістердің ертеңгі беретін нәтижесінің қалай болатынын болжау маған қиын емес. Кеше ғана өз тәуелсіздігін алған Қазақстан Республикасы емес, аузын айға білеген Алтын Орда сияқты алып державаның он төрт жылдың ішінде күйреп, ыдырауына себеп болған осы араб дәстүршілдігі, нақтырақ айтар болсам, шафиғи мазхабы болатын. Өзбек хан қайтыс болған соң айламен таққа отырған Жәнібек ханның мемлекетте жүргізген діни-саяси реформасы Йасауи жолын мемлекеттің басқару жүйесінен шеттетті. Олардың орынын шафиғи мазхабы өкілдеріне берді. Асан Қайғы Жәнібек ханға барып, райынан қайтуын талап еткенімен, нәтиже шықпады. Кетерінде Асан Қайғы Жәнібек ханға: Қилы-қилы заман болады,
Қарағай басын шортан шалады,
Мұны неге білмейсің?
Қош, аман бол Жәнібек.
Енді мені көрмейсің, - деп, Жәнібек ханмен ат құйрығын кесіскен болатын. Бірақ, мақсаты абсолюттік билікке жету болған Жәнібек хан Асан Қайғының айтқанын қабыл алған жоқ. Нәтижесі белгілі. Алтын Орда күйреді. Қарағайдай қалың түріктің басын, судағы шортан орыс табанына басты. Әулиенің айтқан болжамы қате кетпеді. Сол Алтын Орда кезеңінде Жәнібек ханның тапсыруымен жазылған кейбір шығармалар түркі халықтарының рухани тұтастығын ыдырату жолында кешегі Кеңес өкіметі орнағанша қызмет етті. Ол Тафтазани атты ғұламаның «Шарқ ақаиди насафийа» атты шығармасы болатын. Бұл Имам Матуриди мектебінің өкілі Абу Хафс Омар Насафидің «Ақаид насафийа» атты шығармасына араб дәстүршілдігі тұрғысынан талдау жасауы, түркі халықтары санасындағы діни таным негіздеріне зиянын тигізді. Осы Алтын Орда кезеңінен бастаған Йасауи жолына қарсы жасалған шабуыл кешегі Қазақ хандығы ыдырағанша тоқтаған жоқ. Абылай ханның Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтермек болған әрекеті сәтсіз аяқталып, өзі сол жолда құрбан болды. Сол тарихтан біз сабақ алмадық. Сол қателікті қазіргі күні біз тағы қайталап отырмыз. Біздің басты қасіретіміз сол қасіретті тарихтан қазіргі күні қазақ халқының хабарсыз болуы десем артық айтқандық емес. Өзін-өзі танымаған, өз тарихынан сабақ алмаған халық әркезде осылай өзгенің жетегінде кетеді. Сондай сырттан келген діни ағымның жетегіне ерген жандардың бірі – Нағашыбай бауырымыз. Өзі танымы жағынан уаххаби болғанымен, өзін уаххабимын деп танымайды. Ханафи мазхабындамын деп есептейді. Ол өзінің мақаласында былай дейді: «Аллаға шүбəсіз сенген бабаларымдай менде Құранға басымды иіп, Пайғамбарға тағзым етемін. Тақуа болмасам да, шама шарқым жеткенше парыздарды орындаймын. Əр бейсенбі шелпек пісіріп тараттырамын көрші - көлемге. ....құдайы - садақа есепті. Келіннің бетін ашуға, сəлем жасатуға, қабірге барып құран оқуға, мүмкіндік болып жатса Қожа Ахмет Яссауи бабама хижрет жасауға, жақсы адамның батасын алуға асығамын. Жыр - қиссаларды тыңдауға, балаларыма оқытуға тырысамын. Айтыс - термені тыңдасам делебем қозады. Жылқының етін сүйсініп жеймін. Қымыз ішемін. Көкпарға түсемін. Таң атқанша домбыра тартамын. Өлең жазамын. Аллаға мекен бермеймін. Ешкімді кəпір демеймін. Өйткені мен тыңдаған уағыздар (ҚМДБ бекіткен мешіттерде) мұның біреуіне де ширк деп шектеу қойған емес. Онда сіздің жан айқайыңыз, не айқай?» Бірақ Нағашыбай бауырымыз өзін ханафи мазхабының өкілі санағанымен, олай емес. Оған өзінің «Әруақтарды құрметтеймін, бірақ сыйынбаймын өкінішке орай! СЕБЕБІ АБАЙ АТАМ: "ЖАРАТУШЫ ТҰРҒАНДА, ЖАРАТЫЛҒАННАН НЕ СҰРАЙСЫҢ" деді ғой.»-дейді. Осы сөзінің өзі-ақ Нағашыбай баурымыздың діни танымы негізі уаххабилік екенін көрсетеді. Абай атамыз ешқашан «Жаратушы тұрғанда, жаратылғаннан не сұрайсың.» - деп айтқан емес. Абай атамызға теліп жүрген уаххабилердің сөзі. Абайда осындай сөз бар дейтін болса, әкелсін, дәлелдесін! Егерде Абай атамыз ондай өлең жазған болса, онда:
«Ақыл мен жан мен өзім, тән менікі,
Мен менен менікінің мағынасы екі.
Мен өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
Менікі өлсе өлсін, оған бекі» - деп жазбаған болар еді. Бұл жерде Абай атамыз рухтың мәңгілік сипаты барлығын соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп отыр. Одан ары қарай Абай атамыз өзінің бұл ойын бұдан ары қарай былайша тарқатады:
«Табиғат өлсе өлер адам өлмес,
Бірақ ол қайта келіп ойнап күлмес.
Мен менен менікінің айрылғанын,
Өлді деп ат қойыпты, өңшең білмес.» Мұндай өлеңді жазған Абай атамыздың рухты жоққа шығаруы мүмкін бе? Жоқ. Рухты мойындамаған кісі мұндай өлеңді жаза алмайды және жазуы мүмкін емес. Рухты, руханиатты мойындамаған адам терең мағыналы бір нәрсе жаза алмайды. Себебі, рухты, рух әлемімен сабақтастықты мойындамаған адамның ойы әр кезде шектеулі болады. Өйткені, шариғат тек тән үшін берілген, адамның, қоғамның ортақ заңдылықтарын реттеп отыратын білім жүйесі.
Нағашыбай бауырымыз, өзінің қазақтың дәстүрін ұстанатынын, өлең жазатынын, домбыра тартатынын тәптіштеп жазыпты. Рас, ол әзірге өзін қазақ сезінеді. Қазақ болуға, ата-бабасының жолымен жүруге тырысады. Бірақ мұның бәрі оның діни танымы мен сеніміне қайшы. Сондықтан оның бұл ұстанымы ұзаққа бармауы мүмкін немесе сыртқы формасын ғана ұстанып өтуі ықтимал. Бәрі бір бұл оның шынайы таным түсінігі емес. Мен жазған мақалаларды оқығанда өзін уаххабист сезінуі оның көңіл түкпірінде сол уаххабилік таным жатқандығын көрсетеді.
Зікірия Жандарбек
Abai.kz