Ахметов Татарстанның татаршасына қазақша жауап беруге арлана ма?
Қазан – тарихи қала. Қазан – қазақ мәдениетінде орны бар шаһар. Бір қызығы, Татарстан Республикасы қазір Ресей Федерациясының бір субъектісі болса да, жолын тауып тәуелсіз Қазақстан Республикасымен байланысын үзген емес.
Қазақ елі де сонау ХҮІІІ-ХІХ ғасырдан Татар еліне ілтипаты артып, мейірленіп тұрады. Мұның артында қат-қабат тарих жатыр. Сондай-ақ Қазақстанның Шығыс және Батыс өңірлеріне татар диаспорасы орнығып, мәдени-ағарту ошақтарын дамытуы – өз алдына әңгіме.
Азаттықтың алғашқы күндерінен бері Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жаңару жолындағы Татарстанмен игілікті ынтымақ орнатуды ынталандырып отырды. Мұны сол кездегі РФ президенті Б.Н.Ельцин де, кейінгі басшысы В.В.Путин де қуаттады. Ал, Татар елінің бұрынғы-кейінгі президенттері М.Шаймиев пен Р.Минниханов та Қазақстан десе, Елбасы десе ерекше шаттанып кетеді. Бұл да – қос жұрт, қос ұлт жарастығының шынайы сипаты.
Бізге татардың мемлекет және қоғам қайраткері Минтемир ақсақал да сондай ыстық. Түркі жұртына деген ол кісінің көңілі ақ, пейілі кең.
Бүгінгі басшы Рустам Минниханов та қазақ-татар ұлтаралық байланысында абыройлы. Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанаға арнайы келіп, Бейбітшілік және келісім сарайында ана тілінде тамаша сөз сөйлеп, біздің шүлдірлеген қайраткерлерімізді ұялтқаны әлі есімізде.
Бүгінгі әңгіме осы халықаралық қарым-қатынастағы мемлекеттік тіл жөнінде болғалы тұр.
Таяуда Шығыс Қазақстан облысы делегациясы Қазан қаласына арнайы барып, еларалық біршама уағдаластыққа қол жеткізіп келді. Бұл ресми сапардың ең айтулы жері 2015 жылдан бері уәде етілген Татарстан астанасына Қ.А.Ясауи кесенесіндегі әйгілі Тайқазан жәдігерлігінің көшірмесін орнату еді.
Бәрі дұрыс, бәрі қисынды. Бірақ бір «әттеген-айы» Тайқазанды ашу салтанатында да, басқа да басқосуларда ШҚО әкімі Д.К.Ахметов бастаған Қазақстан делегациясының мемлекеттік тілімізде емес, өзге тілде сөйлегені болды. Ал, Татар басшылары Ресей Федерациясы ішінде отырса да, төл тілі мен тарихын құрметтеп, тек өз ана тілінде сөйледі.
Біздікі не сонда? Тәуелсіздіктің «жемісі» ме, Тайқазанның «тағылымы» ма? Осы хабарды Қазан қаласындағы қазақ диаспорасының намысты өкілдерінен естіп, жерге кіріп кете жаздадық.
Мысалы, сол Қазан қаласы мен тарихи Семей қаласының арасында да үзілмеген байланыстар бар. Соңғы жылдары Абай өңіріне қаншама татар делегациясы келіп, семейліктердің ресми делегациясы Еділ бойындағы тарихи шаһарға жол тартты. Сонда «бүгінгі Семейдің тізгінін ұстаған Ермак Сәлімов қай тілде сөйледі?» дейсіз ғой. Әрине, қазақ тілінде де емес, татар тілінде де емес – Ермак тілінде сөйледі.
Біз қазір Ермак Бидахметұлының өз тіліне, тарихи танымына әбден «көндіктік». Тіпті «құдайдың басқа салғаны» дейтін де болдық. Ал Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды даналар туған өңірдің және өнген қаланың идеологиясын кім басқарып отыр?.. Дұрыс айтасыз, бір ауыз қазақша білмейтін Надежда Васильевна Шарова басқарады. Осы кісі (намысына тимейік, ол да біреудің перзенті, біреудің анасы ғой), мәселен, татар делегациясымен қай тілде келіссөз жүргізеді деп ойлайсыз?..
Қайран, Семей, бұл сенің бағыңның тайғаны ма, талайыңа қойылған қатаң сын ба?
Ресей Федерациясына кіретін Татарстанның бас қаласынан бастап, қарапайым шағын кенттеріне дейін басшысы да, қосшысы да татар тілінде сөйлейді. Қонағын «есенсіз бе?» деп қарсы алып, «қош болыңыз!» деп шығарып салады.
«Біздің әкім-қаралардың әлгідей татаршаға орысша жауап бергенін көргенде, жер шұқып қалдық» деп телефон шалды Қазандағы қазақтар.
Сіз бұған не дейсіз?..
Асхат Сейітқазыұлы, Қайыржан Мұхтархан, «Абай арманы» жастар бірлестігінің мүшелері
Abai.kz