«Олар коммунистермен соғысып, қазақ көшiн Үндiстанға жеткiзген»...
Адамзат тарихында көш деген ұғымның адам баласы жаратылғаннан бергi кезеңдегi тарихы өте әрiден бастайды. Бiр елдiң, бiр қоғамның өмір сүрген өңiрiнен қопарыла көшу себептерi де түрлi жағдайларға байланысты өзiне тән себептерден бастайды. Көш жөнiнде тарихтың ең көне замандарынан берi келе-жатқан мысалдар адамзат тарихының өткенiне деген түсінушiлiктi толықтыыратын өте құнды мәлiметтер қатарына кiргiзiледi. Бiр елдiң, бiр бөлiм халықтың экономикалық, саяси, әлеуметтiк мәдени және дiни себептер салдарынан өздерi өмiр сүріп келе жатқан жағрафияларынан алыс кетулерi; залымдықтан қашып, зұлымдақтан кұтылу, өздерiн және ұрпақтарын аман сақтап калу, бұрын өздерi ие болып келе жатқан өңiрлердi күшпен басып алған шеттен келген озбыр тайпа-ұлыс немесе халықтарға төтеп бере алмау себебiнен шарасыздықтан жасалатын қадам ретiнде көшу бiрден бiр жол ретiнде колданылады. Мұндай жағдайлардын мысалдары тарих деген кiтаптың беттерiнен көптеп кездестiрiледi. Адамзат баласының мыңдаған жылдарға созылған коғамдық тарихында және дiни тарихта да көшкен елдер жөнiнде мәлiмет молынан кездестiрiледi. Ислам дiнiне коса басқа дiндерде де «Киелi көш» ұғымы ғасырлар бұрын жазылып, түсіндiрiлiп келген мәселелер қатарында болған.
Адам баласы және адамзат өмiр сүрген қоғам динамигі яғни бiр қалыпта тұрмайтын өзгеруге, жақсаруға немесе баска қалып пен ұғымға тезiрек көше алатын өзгешелiкке ие. Сондықтан көшу әр бiр қоғамда алуан түрлi сипатта кездесетiн құбылыс. Ал көштiң «киелi» деген сипатқа ие болуы тек кана адамзаттық сенiм, наным және әсiресе дiни тұрғыдағы себептерге байланысты болады. Ислам тарихында хазірет яғни Пайғамбар Мұхаммед Әлейhиссәләмнıң Меккеден Мединеге көшуi кезiнде колданылған «хисрет» сөзі дәл осы мәселенi сипаттау үшін қолданылған. Дiндер тарихында басқа пайғамбарлар да (Мұса Әлейhиссәләм) Аллаға сенгендiктерi үшiн зәбiрленуге душарласқандардың имандарын сақтап калу үшiн отандарынан, үйлерiнен бұрıн өмiр сүрген орталарынан айырылып мұhаджир болып хиджрет еткен. Хиджрет сөзі Ислами ұғымда Дар-үл Харп-тен Дар-үл Исламға яғни мұсылмандардың қарсы соғысуларына тура келетiн қоғамдардың арасынан Ислам қоғамына көшуiн сипаттау үшiн де қолданылған ұғым болған. Өйткенi Мұхаммед пайғамбар Меккеден Мединеге көшкенде мұсылмандар үйлерiн, туыстарын және өздерiнің ру-тайпаларынан Аллаh үшiн айырылып кеткен болатын. Құранның Әли Имран сүресiнде «Хиджрет еткендер, отандарынан шығарылғандар, дiн үшiн зұлымдық көрiп қиналғандар, соғысқа қатысқандар, және соғыста өлтiрiлгендердiң күнәләрі кешiледi. Аллаh оларға сыйлық сыйлап астыларынан өзендер аққан жәннәт бақшаларына кабылдайды. Алланың беретiн сыйлығы ең жақсы сыйлық» деген қасиеттi құран сөзi бар. Құранның Ниса сүресiнде «Кiм Алла жолында хиджрет iстесе (көшсе), оған жер бетiнде орналасуына көп жер және көп кеңдiк табылады. Кiм үйiнен Аллаға және пайғамбарға мұhаджир ниетiнде болып шығатын болса және сол жолда кайтыс болса, оның сауабын беру Алланың қолында. Адамдардың күнәсін кешетiн және қорғаушы бiр Алланың өзi ғана» деген аят бар.
Мiне сол сияқты жиырмасыншы ғасырдың орта шенiнде Шығыс Түркiстан Қазақтары бастаған көште де, қазақтар келешекте өздерiнiң кандай жағдайда болатындықтарын болжай алмастан тек жаратқанға тәуекел ете отырып ұлттық, дiни және адами қасиеттерiн қорғап бiр кiсiлiк құқық еркiндiктерiн сақтап адамгершiлiктi өмiр сүру үшiн шет елдерге көш бастаған болатын. Ең алғашында қазақтардың елден шығу себептерi әр кандай бiр жеке пайда үшiн болмаған. Ең алғашында 1930-жылдардың басында, Құмылда басталған және Қытай билігiне қарсы Мұсылман билiгiн кұру әрекетiне көмектесу арқылы қазақтар дiн жолында өздерiнiң мұсылман бауырластарына көмек көрсету қолғабыстасу арқылы Ислам дiнi үшiн қызмет еткен.
Баркөл өңiрiнде өмiр сүрген Әлiп Жамысбайұлының Құмылдағы мұсылман көтерiлiсшiлерге берген жәрдемiнiң дiни тұрғыдан мұсылмандық парыз саналары хақ. Кейiнгi кезеңде саяси тұрғыдан алғанда Әлiп Жамысбайұлына жасалған қастандық және басқадай көптеген қысым-зомбылық себебiнен, Елiсхан Әлiпұлының тағы да дiни бауырластықтарын еске алып дүнген елiне көшу себебi де сол мағынаға жататын дiни бауырластық қолғабыстасу ниетiмен жасалған қадам екенi байқалады. Жалпы алғанда, әсiресе Баркөл маңайында саяси тұрғыдан Үрiмжi әкiмшiлiгiнiң қысым зомбылығына тап болып бас амандықтарыменен бала-шағаларының келешегi мен амандығы үшiн көшiп cапар шеккен қазақтың сол қимылы Ислам дiнiне сай хиджрет ету мен мұhаджир болу санатына сай келетiн әрекет. 1930-жылдардың аяқ шенiнде Гансу-Шынхайда жайлы қоныс таба алмаған қазақтардың Тибет жонына шығып Батысқа, батыстағы мұсылман елдерге көше-бастау себебi дiни, саяси астары қалың қатпарлы мәселелердің салдарынан басталған.
Әрине бұл жөнiнде алдыменен Түркияға барған қазақтар мен жалпы Батыс елдерiне кеткен қазақтардың куәлігіне сүйене отырып ағылшын және түрiк тiлiнде кiтаптар мен мақалалар көптеп шықты. 1951 жылдан бастап Шығыс Түркiстаннан шыққан қазақтардың екiнші көшіне басшылық еткен қазақ ел басыларының куәлiктерi жазылды. Бұл жөнiнде ең алғаш Milton Clark National Geographic Magazine де сонау 1954 жылы бiр мақала жариялады. Кейiн Godfrey Lias деген ағылшын жазушысы, қазақ (Киелi) көшi яғни Kazak Exodus деген кiтабын 1956 жылы Лондонда жариялады [1]. Елiсхан Батыр менен Зайып Тайжы және оның баласы Құсман Тайжы (Тастан) бастап Пәкiстанда бiр канша жыл тұрақтаған қазақ көшi жөнiнде Пәкiстан мен Үндiстан баспасөзiнде қандай мәлiмет болғанын зерттеген ешкiм болмаған.
Бұл жағдай ендi келешектегi тариыхшылардың еншiсiне түсетiн жұмыс саналады. Қазақтардың екi көшi де Түркияға келгенннен кейiн қазақтар жөнiнде ең алғаш 9.09.1957 жылында Измир қаласында EGE EKSPRESİ атты газетте GİMALAY DASTANI деген тақырыппен 29 күнге созылған ұзақ мақала-естелiк сериясы жарияланды. Одан кейiн «Тәуелсiздiк Жолында Шығыс Түркiстан қазақ түрiктерi» деп кiтап жазған кiсi Хасен Оралтай Қалибекұлы [2] болған. Сол кiтаптың алғашқы беттерiнде Оспан Батыр, Жанымхан Тiлеубайұлы, Қалибек Хакiм мен Елiсхан батырлардың суреттерi жарияланған болатын. Елiсхан батырдың қолдан сызылған суретiнiң бас жағына, Коммунистiк зомбылыққа қарсы берiлмей соғысып 1940 жылы алғашқы қазақ көшiн Үндiстанға жеткiзген қаhарман деген тақырып қолданылған болатын. Қазақтардың сол алғашқы көшi жөнiнде бiр-екi адам жағынан 1970-80 жылдарда басылып шыққан кiтаптарда шамалы мәлiмет берiлген болатын. Атап айтканда 1977 жылы басылып шыққан «Алтайларда Қанды Күндер» [3] деген кiтапта, кезiнде Елiсхан Батыр көшiмен Түркияға келген қазақтардың Елағаларының естелiктерiнен үзiндiлер келтiрiлгенде Елiсхан Батыр жөнiнде мәлiмет берiлген. Батыс елдерiне барған алғашқы көш жөнiнде осы кiтаптың жариялануына мұрындық болып, естелiк айтып, мәлiмет берiп ақшалай көмек көрсеткен ел ағалары Құсман Зайыпұлы Тастан, Тоқтасын Тоқай, Қинаят Түркел, Қали Өзтүрк, Бексолтан Беги, Оразбай Ербас, Сейiтхан Пехливан, Байынбай Гүуен, Исламбек Демир, Каhарман Шақмақ, Әбдүсселәм Айқанат, Әбдүлкебiр Ақиол, Абдүлуели Cан, Нұрқоcай Батыр, Қоcа Абдолла, Сапарғали Қызылай, Тоқтоубай Топлұ, Зәлебай Тайшы қатарлы көптеген кiсiлер болған едi. Әрине сол алғашқы қазақ көшiне қатысқан қазақтардың баршасын болмаса да бiздер бiлген кiсiлердi еске алып өту парызымыз саналады. Мысалы Сәдей, Сауытбай, Кәрiштай, Әлiмбай, Қобдабай, Қатшыбай, Қожақын, Аңғалбай, Орамал, Дәуiтбай, Серiкбай, Қармыс, Жылқышы, Айылбай, Нұрғалам, Қасым Батыр, Тұлымбай, Абдолла тайшы, Хайбар, Нұрғали, Әйімбет, Сабырбай, Кергiшбай, Сыдык, Смағұл, Машан Сәния, Алтынбек, Кайысбай, Деле Зеңгi, Сәди, Қаражiгiт, сияқты көптеген қазақ ағалары көш қатарына қосылып шет елге шыққан немесе жолда қаза болған қазақтар.
Кейiнгi кезеңде әсiресе 1980 жылдардан кейiн Дең Сяупиң жетекшiлiгiндегi Қытайдың қысқа бiр мезгiлге ұласқан кеңшiлiк жариялаған кезiнде атамекен Алтай – Тарбағатай – Баркөл маңайынан шет елге кеткен қазақтар артта калған туыстарымен кайтадан қауышып бет көрiстi. Ал 1991 жылдан басталған кезеңнен кейін тәуелсiз Қазақстаннын көк байрағынын астына әлем көлемiндегi бүкiл қазақ бас қоса бастады. Сол кезде бұрынғы аумалы-төкпелi заманның айтылмаған көптеген өзектi мәселелерi де баспасөз арқылы жарыққа шықты. Кiтап-роман-естелiк ретiнде жұртшылык назарына ұсынылды. Сол шығармалардың арасында, бүгıнгı жиналысқа тақырып болып отырған қазақ көшi және оның жетекшiлерiнiң бiрi Елiсхан Батыр туралы Жәди Шәкен мырзаның «Қаралы көш» кiтабы жарық көрдi. Ол кiтаптың түрiк тiлiнде аудармасының жариялануы да кезiнде сол батысқа кеткен қазақтардың сермеген кұлашындай алысқа аттаған қадам болды.
Әлем тарихында қазақтардың осылайша атамекеннен айрылып шетке батысқа кеткен көшiнiң әрi артта калған атамекен де, әрi халықаралық көлемдегi әсерi де назар аударарлық, зерттеу тақырыбына айналуға тиiс мәселе. Шығыс Түркiстан қазақтарының батыстағы баска елдерге бармай тек қана дiнi, дiлi, тегi бiр Түркия елiн таңдауында да үлкен мағына бар. Түркияга барып дүниеге келген ұрпақтардың дiлi, дiнi және тегi бiр бауырлас елде өмiр сүрулерiн ойластырған бабалардың көреген де сұңғыла ой-өрiсiне тағзым етпей өтуге болмайдı. Осы мәселе арқылы Шығыс Түркiстан сияқты әлем назарына iлiкпейтiн шалғайдағы бiр мемлекеттiң бар екенi, сол мемлекетте қазақ деген ел бар екенi және қазақтардың сол кездегi және кейiнгi кезеңдердегi саяси, мәдени және экономикалық жағдайы әлем назарын алғаш осы оқиғалар себептi аудара бастады десек артық кеткендiк саналмасын. Ал атамекенде калған бауырлас қазақтар тұрғысынан қарайтıн болсақ, қазақ деген халықтың азаттық аңсаған бiр тобының көздеген межесiне жету үшiн сарп қылған кажыр-кайраты да, қазақтың өзіне тән өзгешелiктерiн сактау қалудағы қайтпас қадамы да айқындала түстi. Атамекендегi қазақтар үшiн батысқа кеткен бауырларының бар екендiгi олар үшін үлкен медеу болғандығы да анық байқалады. Қазақстан тәуелсiздiгi қарсаңында Түркия мен Еуропа елдерiнде қазақ атаулы ел бар екен деген хабар да, жаңа тәй-тәй басқан Жас Қазақ республикасының жоғары лауазымды басшыларынан бастап карапайым қазаққа дейінгi барша бауырларымыздың жүрегiне жылу енгiзiп рухына үстемдiк берген сәттерi жиі кездестiрiлдi.
Жалпы алғанда Шығыс Түркiстан қазағы бастаған алғашқы көш, қазақтың Орта Жүз Керей тайпасының ежелгi ата-баба дәстүрін сақтап ел болып батысқа шыққан көшi қайталанбас қаhармандық дастаны болып тарихка ендi. Бұл көштен кейiн қазақ деген ел жөнiнде әлемнiң көптеген елдерiнде көптеген кiтаптар, мақалалар, хабарлар және зерттеулер жарияланды. ХХ ғасырда озбыр басқыншы шет елдiк зұлым саясатқа душарласқан қазақтың қасiретi әшкереленiп, жалтарылуы мүмкiн бола алмайтын деңгейде халықаралық жұртшыылық назарына iлiндi. Әрi батыстық елдерде және әрi Түркия мен Қазақстанда Шығыс Түркiстаннан батысқа барған көш жөнiнде және де ХХ ғасырдағы Шығыс Түркiстандағы қазақтардың жағдайына байланысты көптеген материалдар жарық көрдi. Бірақ бұл мәселеде әсiресе қазiргi Қытай билiгiнiң нұскауына сай жарияланған материалдар да кездестiрiледi. Осындай кейбiр басылымдарда әрi бiле тұра iстелген әрi бiлместiктен жiберiлген ағаттықтар да жоқ емес. Жалған мәлiметтi халык жадына сiңiруде осындай басылымдар iстеген қиянат сатқындық дәрежесiнде саналуға тиіс.
Әсіресе, қытай қызыл билігіне қарсы шыққан Оспан батыр, Жәнімхан қажы, Қалибек Хакім, т.б. тұлғадар хақында осындай ағат, жаңсақ деректердің жариялануы тарихқа қиянат саналады. Өкішішке орай қазақстанда жарық көрген «Ұлт азаттық қозғалысы» секілді кітаптар да Шығыс Түркістанда жарияланған қытайды жақтаушы топтар жағынан жазылған деректердің жариялануы кісіні алаңдатады. Себебі кітапқа кірген дүниені пайдаланшуы оқырман немесе кейінгі ұрпақ ата-бабаларын дұрыс жағынан тани алмай адасады. Тіпті шынайы батырлар мен қаһармандарға қарата тарихи қате танымдар мен түсініктер қалыптасады.
Осындай еңбектердің біріне тоқсалсақ, Шығыс Түркiстанда 2012 жылы «Киелi Көш» деген атпен жазылып шыққан Әпетай Мұқарапұлы деген автордың кітабын айтуға болады. Кітаптың аты «Киелі көш» болғанмен ХХ ғасырдың орта шенiнде Шығыс Түркiстанда өмiр сүрген қазақтардың бiр бөлігiнiң батысқа тартқан көшiнiң «киесi» жөнiнде ешқандай мәлiмет берiлмеген және керісінше «Киелi Көштiң» киесiне КҮЙЕ жағылған бiр кiтап десе артық айтқандық болмайды.
Елісханның Фулүйжаңның қолына түсуін бейнелейтін «Зұңжиядағы көтеріліс» атты бөлімінің 227-бетінде: «Осы бір түнде сідігі басына шығып, нәпсінің құлы болған жендеттер әйелдерге хайуаннан бетер арсыздық істеп, бірінен соң бірі келіп арларын таптап, абыройларын күлкі қылып, адамдық қасиеттен жұрдай болды. Көздерінің жасын, мұсылмандық арын кәперіне келтірмеді...», - деп бейнелеп қазақ аналары мен қыздарының арын бұлғады деген дерек келтіреді. Өзге деректер мен құжаттарда, ақсақалдардың айтуында да қазақ қыздары мен келіндері арын таптатпай жауға қарсы тұрды деп айтылады.
«Киелі көш кітабының 577-бетінде «Құсайын тәйжінің әйелін інісі Кәбен екі қабат қылып тастапты» дейтін тағы бір қауесетті дерек ретінде көрсетеді.
Кітаптың 597 бетінде: «Қалибектің елі Гас көлінде» дейтін бөлім, 684 бетінде «азаттық армияның Гаске келіп, Қалибектің қашып батысқа тартуы» дейтін бөлім, 699 бетінде «Қалибектен бөлініп қалған бір бөлім елдің жағдайы» атты бөлімдер бар. Мұнда автор Қалибек Хакімді де өте жағымсыз адам ретінде бейнелейді. Осы бөлімдерде ел аузындағы өсек-аяңдарды дәйекке келтірген автор Такыманның өліміне Қалибекті кінәлі ретінде көрсеткісі келеді. Әрі «Қалибек Такыманның әйелі Мүлияны Тибеттің сары жонында неке оқытып әйелдікке алады» (695 бет) деген дерек айтады. Енді бір сөзінде автор Мүлияны Тибет жонында өлді дейді.
Шын мәнінде Кашмирге келгеннен кейін үш баламен тұрмыстың тақаршылығын көрген Мүлия анамыздың өзіне «кімге тиюді өзің таңда» деп басына ерік бергенде өзіне жақын-жанашыр болып келген Қалибек атамыздың етегінен ұстаған екен. Тибеттің жонында өлген Такыманның бәйбішесі Шөкен деген кісі болатын. Мүлия тәтеміздің қолында «тәте» деп өстік. Өте бір аяулы жан болатын.
Бұдан басқада кітапта көптеген жалған дәлелдер бар. Оның бәрін қазір бірден айту мүмкін емес. Кейінгі еңбектерімізде айта жатармыз. Көш жолындағы тарихи тұлғаларға баға бергенде оларға жеке бір адамдардың көзқарасымен немесе комунистік партияның мүшесі болып отырған қызылшыл кісілердің жазғанымен қарауға болмайды. Сондықтан да Шығыс Түркістандағы және көш төңірегіндегі оқиғалар сөз болғанда, оларға жаңаша көзқараспен қарауымыз керек. Әсіресе комунистік қытайдың цензурасында жазылған дүниелерді пайдаланғанда тарихшыларымыз бен әдебиетшілеріміз аса абай болғаны жөн.
Мейлі Елісхан болсын, мейлі Қалибек Хакім, Оспан батырлар болсын бәрі бірде олар қытай империясының жауыздығына қарсы шыққан тарихи тұлғалар есептеледі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Milton Clark, “how the kazaks Fled to Freedom,” NATIONAL GEOGRAPHIC MAGAZINE, November, 1954.
- Godfrey Lias, THE KAZAK EXODUS,Lpndon: Evans Brother Limited, 1956.
- Hasan Oraltay, HÜRRİYET UĞRUNDA DOĞU TÜRKİSTAN KAZAK TÜRKLERİ, İzmir: Karınca Matbaası, 1961.
- Hızırbek Gayretullah, ALTAYLARDA KANLI GÜNLER, İstanbul: Ahmet Sait Matbaası, 1977. Neşreden TÜRKİSTAN KAUÇUK VE PLASTİK SANAYİİ KOLLEKTİF ŞİRKETİ.Bul kitaptın basılıp şıguvı atalgan savda-öndiris birlestiğindegi Kazak el ağalarının estelikterimen akşalay kömeği arkasında bolgan.
- Әпетай Мұқарапұлы, «КИЕЛІ КӨШ». ҚХР Бейжің «Ұлттар баспасы», 2012 жыл.
Мерием Хакім,
Түркияның Анкара қаласындағы әлеуметтік ғылымдар
университеті саясат ғылымдары факультеті
халықаралық катынастар бөлімінің докторы, доцент
Abai.kz