Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1873 0 пікір 16 Сәуір, 2011 сағат 06:50

Рақым Айыпұлы. Көш тиегін ағытудың тиімді жолы

Қазақ көшiндегi шешiмiн таппаған күрделi мәселенiң бiрi - Қытай қазақтары мәселесi. Қытай қазақтарының алғашқы легi елеулi кедергiлерге қарамастан, кәсiпкерлiкпен, оқумен, туыстар немесе дос-жарандарына қонаққа келу жолымен елге оралған болатын. 1998 жылдан бастап ол жақтан қоныс аударған белсендi зиялы азаматтардың жан-жақты iзденiсiнiң нәтижесiнде, халықаралық пактiлер мен Қытайдың қолданыстағы заңдары негiзiнде, ағайындарымыз осындағы тiке туыстарының көшi-қон шақыртуымен көшiп келе бастады.

Қазақ көшiндегi шешiмiн таппаған күрделi мәселенiң бiрi - Қытай қазақтары мәселесi. Қытай қазақтарының алғашқы легi елеулi кедергiлерге қарамастан, кәсiпкерлiкпен, оқумен, туыстар немесе дос-жарандарына қонаққа келу жолымен елге оралған болатын. 1998 жылдан бастап ол жақтан қоныс аударған белсендi зиялы азаматтардың жан-жақты iзденiсiнiң нәтижесiнде, халықаралық пактiлер мен Қытайдың қолданыстағы заңдары негiзiнде, ағайындарымыз осындағы тiке туыстарының көшi-қон шақыртуымен көшiп келе бастады.

Осындай орайлы сәттi пайдаланып, қысқа ғана уақытта ол жақтан мыңдаған отбасы елге қоныс аударуға мүмкiндiк алды. Тiке туыстары дегенде ол кезде тек баласы ата-анасын немесе ата-анасы ұл-қыздарын көшi-қон жолымен шақыртуға ғана рұқсат етiлген едi. Ал бiрге туған ағайындылар бөлек отбасы құраса, бiрiн-бiрi көшi-қон жолымен шақыртуға тыйым салынған болатын. Ондай отбасылардың бiразы кәсiпкерлiкпен, оқумен, туыстар немесе дос-жарандарына қонаққа келу жолымен келiп орнығып қала алды. Мұндағы ең үлкен қиыншылық - ешқандай заң тыйым салмаса да, Қытайдың жергiлiктi құзiреттi орындары оқу жасындағы балаларына төлқұжат беруден бас тартады. Соның нәтижесiнде тағы да бiр отбасын екiге айырып, балалары кәмелетке толғанша сарсаңға салады. Өкiнiшке қарай, үш жылдан берi туыстарының кепiлдiгiмен көшiрiп алатын осындай заңды жолдың өзi бiздегi құзiреттi орындар тарапынан тоқтатылды.
Қазақстан-Қытай қарым-қатынасындағы шешiмiн күткен шетiн мәселелердiң көбi өз арнасын тапты. Тату көршi, стратегиялық әрiптес ретiнде екi ел арасындағы сан-салалы қарым-қатынастардың көкжиегi күн өткен сайын кеңейiп келедi. Бұл - сөз жоқ тарихи қажеттiлiк. Ендi Қытайда тұратын 1,7 миллионнан астам (соңғы дерек) қандастарымыздың алдағы тағдыры екi ел қатынасындағы ең өзектi мәселеге айналуға тиiс.
Ашығын айтар болсақ, Қытай қазақтарының тағдыры шын мәнiнде қыл үстiнде тұр. Мәселе ол жақтағы қазақтардың тұрмыс-тiршiлiгi құлдырап, өмiр сүруiнiң қиындап кеткендiгiнде емес. Керiсiнше нарыққа шындап бейiмделген қандастарымыз Қытайда ел қатарлы тiрлiк кешуде. Материалдық-экономикалық жағдайы айтарлықтай жақсы және тұрмыс-тiршiлiгi күн өткен сайын жоғарылап келедi. Сауаттылық деңгейi де ҚХР-ын құрайтын 56 ұлттың iшiнде алғашқы бестiкке кiредi. Бiздi алаңдататыны - ендiгi жерде олар ұлт ретiнде өмiр сүре ала ма, жоқ па деген қорқыныш. Деректерге жүгiнсек, 1950 жылы қазақтар жиi қоныстанған Iле Қазақ Автономиялық облысына қарасты үш аймақтағы қазақтардың үлес салмағы Алтайда - 90, Тарбағатайда - 86, Iледе - 65 пайыз болатын. Қазiр бұл өңiрде тұрғылықты қазақтардың үлес салмағы 20 пайызға да жетпейдi. Осыдан ондаған жылдар бұрын 90 пайыз қазақ баласы өз ана тiлiнде бiлiм алса, бүгiнде олардың 90 пайызы аралас немесе таза қытай тiлiндегi мектептерде бiлiм алады.
Өкiнiшке қарай, көршi елдегi қандастарымыздың болашақ тағдырына байланысты мәселе сол баяғы күрделi күйiнде қалып отыр. Екi ел арасындағы көшi-қон келiсiмi күнi бүгiнге дейiн жасалған жоқ. Кiсiдегiнiң кiлтi аспанда екендiгiн бiз, әрине, жақсы түсiнемiз. Бiрақ ол жақтағы қандастарымыздың көшiнiң көлiктi болуы тек Қытайға ғана байланысты емес, мәселенiң мәнiсiн қазақ билiгiнен де iздеп көруге тиiспiз. Себебi бiздiң дипломаттарымыз ол жақтағы қандастарымыздың осындай мүшкiл халiн бiле тұра, қытайлық әрiптестермен сындарлы келiссөздер жүргiзуге пәлендей белсендiлiк танытып отырмаған сияқты. Тiптi осы мәселенi шешуде Қытайдың iшкi-сыртқы саясатындағы нәзiк түйiндерге талдау мен iзденiстiң жоқтығы да жанға батады. Ол жақтағы қандастарымыздың көшiне байланысты Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Икрам Адырбеков мырзаның жақында "Айқын" газетiне (25.03.11) берген сұхбатында: "Қандастарымыздың көшу-қону мәселелерiн түбегейлi шешу үшiн үкiметаралық тиiстi құжатты дайындау, қол қою - бүгiнгi күннiң өзектi мәселесi. Осы бағытта алдағы уақытта екi тараптың келiсiмiмен тиiстi жұмыстар атқарылатын болады деп сенемiн" - деген екiұшты жауаппен ғана шектелген. Ұмытпасақ, екi ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас ресми жолға қойылған 1992 жылы Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш Төтенше және өкiлеттi елшiсi Мұрат Әуезовтен бастап елшiлердiң бәрi болашақта осындай үкiметаралық келiсiмнiң болатындығына "сенiм артумен" келедi. Бiрақ келiсiм күнi бүгiнге дейiн жасалған жоқ. Қашан жасалары да белгiсiз. Қалай көшiрiп алуға болатындығын да ешкiм бiлмейдi. Осы саланың тiзгiн-шылбырын ұстаған лауазым иелерiнiң сөзiн естiсең мүлде түңiлiп кетесiң. Бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi көшi-қон комитетiнiң төрағасы Қабылсаят Әбiшев мырза: "Халықаралық құқықта, мемлекетаралық қарым-қатынаста бiр мемлекеттiң екiншi мемлекеттiң тәуелсiздiгiне қол сұқпаушылық деген тәжiрибе бар. Сондықтан шақырудың үш түрi ғана бар. Туысқандық шақыру, оқуға шақыру, бiр ұйымдар атынан жұмыс бабымен еңбек күшi есебiнде шақыру. Ал мемлекет көшi-қон шақыруы дегендi жасамайды. Ал осыдан бiрнеше жыл бұрын Қазақстанда ондай шақырудың болғаны белгiлi. Сол арқылы Қытайдан бiраз қазақтың қоныс аударғаны да мәлiм. 2000 жылдардың басында Сыртқы iстер министрлiгiнiң бiраз қызметкерi, олардың iшiнде Қоңырбаев Уәлихан бар көшi-қон шақыруын ұйымдастырып, оған мемлекеттiк мөрдi басатын болған екен. Бiрақ бұл ешқандай құжатпен реттелмеген. Тек патриоттық сезiмнiң жетегiнен туындаған. Ол келiсiм арқылы бiреу Қытайдан туысқанын шақырса, мемлекет оған келiсiмiн беремiз деген мөр басып берiп отырған. Бұл халықаралық саясатқа сай болмағандықтан өзiнен-өзi тоқтаған" ("Түркiстан" газетi, №09 (03.03.2011)). Мәселе шынында солай ма? Егер бiз Қытайдағы барлық қазақты түп-түгел көшiрiп алуды талап етсек, Қабылсаят Әзiмбайұлының уәжiмен келiсуге болар едi. Себебi коммунистiк билiктегi Қытай Халық Республикасының Ата заңында Қытай 56 ұлттан тұратын "ұлттардың ұлы отбасы" деп сипатталады. Жалпы халық санының 94 пайызын таза қытайлар құрайтын алып елде мұндай тұжырымның Қытай Халық Республикасының болашақтағы тұтастығы үшiн теңдессiз маңызы бар. Себебi алып державаны құрайтын жер көлемiнiң 60 пайызы бiр кездерi 55 ұлттың үлесiнде болған атамекенi. Мiне, осыдан-ақ Қытайдың Ата заңында жазылған осы тұжырымға қаншалықты маңыз беретiндiгi өз-өзiнен түсiнiктi. Ал бiздiң "этникалық қазақтарды тарихи Отанына қайтару" мәселесiн көтеруiмiз Қытай Ата Заңында жазылған "қасиеттi қағидамен" мүлдем отаспайтындықтан, олар бұл мәселеде бiзбен тiл табыса алмай келедi. Бiрақ "шақырудың үш түрi ғана бар, Уәлихан Қоңырбаев бастаған дипломаттар патриоттық сезiмнiң жетегiнде кеттi, халықаралық саясатқа сай болмағандықтан тоқтатылды" деген пiкiрлерiмен мүлде келiсуге болмайды. Егер халықаралық тәжiрибеге жүгiнетiн болсақ, Қытайдағы қандастарымызды көшiрiп алуда, сөздi ең алдымен Вена, Хельсинки және Женева декларациясында көрсетiлген тағдыр тәлкегiмен бөлiнiп кеткен отбасылардың тағдырын шешуден (мұндай отбасылар Қытай мен Қазақстанда 100 мыңдап саналады) бастауымыз керек. Себебi Қазақстан да, Қытай да аталған халықаралық пактiлерге әлдеқашан қол қойып, өздерiне халықаралық мiндеттемелер алған. Сондықтан бөлiнiп кеткен отбасылардың көшi-қонына заң жүзiнде ешкiм де кедергi келтiре алмайды. Ең басты шарт - осындағы туыстарының жеке кепiлдiгi керек. Ал оны мөр басып мақұлдауда Уәлихан Қоңырбаев сынды тәжiрибелi дипломаттар "сезiмнiң жетегiнде кетiп" мақұлдаған жоқ. Қайта халықаралық тәжiрибе мен заңдарға сүйене отырып, сан мыңдаған қандастарымыздың Отанға оралуына мүмкiндiк туғызды. Және осындай шақыртуды Қытай тарапы қабылдамай керi қайтарған да жоқ. Өкiнiшке қарай, оның жолын кескен дәл бiздегi безбүйрек бюрократия.
Көшi-қон мәселесi - 1,5 млрд. адамы бар алып ел үшiн ешқандай жаңалық емес. Қытайда жылына 100 мыңдаған адам көшiп келiп және көшiп кетiп жатады. Бұл жөнiнде Қытайда өз азаматтарының шетелге шығуын, тiптi сол елде қоныстанып қалуын реттейтiн заң-ережелер әлдеқашан қабылданған болатын. "Қытай Халық Республикасы азаматтарының шекарадан кiрiп-шығуы туралы" ҚХР Заңының 5-бабында: "ҚХР азаматтары жеке жұмыстарымен шекарадан шығатын болса, өзi тiркеуде тұрған қала немесе аудандық қоғамдық қауiпсiздiк (iшкi iстер) органдарына өтiнiш жасайды. Осы заңның 8-бабында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, барлық өтiнiштер қанағаттандырылады. Қоғамдық қауiпсiздiк орындары Қытай азаматтарының жеке сапармен шекарадан шығу өтiнiшiн белгiленген шектi мерзiм iшiнде қанағаттандыру не қанағаттандырмау жөнiнде шешiм шығаруға және оны өтiнiш иесiне хабарлауға мiндеттi". Және аталған Заңды "атқару ережесiнiң" 2-бабында: "Бұл атқару ережесi Қытай азаматтарының жеке жұмыстарымен шекарадан шығып-кiруiне қолданылады. "Жеке жұмыс" дегенiмiз: қоныстану, туысшылау, дос-жарандарына қонаққа бару, мал-мүлiкке мұрагерлiк ету, өз қаражатымен шетелге оқуға бару, жұмысқа орналасу, саяхаттау және басқа да жеке жұмыстарын меңзейдi". 4-бабында қажеттi құжаттардың тiзiмi берлiген: "Осы атқару ережесiнiң 3-бабының 4-тармағында айтылған арнайы куәлiк дегенiмiз:
1. Шетелге шығып қоныстанушылар қоныстанатын жердегi туыс-туғандары мен дос-жарандарының келiсiлген қоныстануға шақырғандығы жөнiндегi куәлiгi немесе баратын мемлекетiнiң (құзiреттi органдарының) олардың қоныстануын рұқсаттағандығы жөнiндегi куәлiгi.
2. Шекарадан шығып туысшылау, дос-жарандарына қыдырып баруы үшiн сол шақыртушы жақтың шақыру куәлiгi болуы керек". Және осы ереженiң 5-бабында: "Қала, аудандық, қоғам қауiпсiздiк (iшкi iстер) органдары шекарадан шығуы жөнiндегi өтiнiшке 30 күн iшiнде, ал шалғай, қатынасы қолайсыз жерлерге 60 күн iшiнде өтiнiшiнiң қанағаттандырылғаны немесе қанағаттандырылмағаны жөнiнде шешiм шығарып, өтiнiш берушiнiң өзiне хабарлауы шарт".
Бұған қоса "Қытай Халық Республикасының Отанға оралған диаспора өкiлдерi және олардың туыс-туғандарының құқық мүддесiн қорғау туралы" ҚХР Заңының 2-бабында азаматтардың туыстық қатынасы жөнiнде мынадай анықтама берiлген: "Туыстар дегенiмiз - жұбайы, әке-шешесi, ұл-қыздары, ұл-қыздарының жұбайы, әпеке-қарындастары, аға-iнiлерi, атасы мен әжесi, нағашы атасы мен нағашы әжесi және олардың ұл-қыздары, немерелерi, нағашы немерелерi және бағып-қағу қатынастары бар басқа да туыс-туғандары". Ал аталған заңның 17-бабында: "Отанға оралған Қытай диаспора өкiлдерi (оралмандары) және шетелдегi Қытай диаспоралары өз туыс-туғандарымен барыс-келiс жасау, хат-хабар алысуы заңмен қорғалады" деп көрсетiлген. Өкiнiшке қарай, қазақтар жиi қоныстанған СУАР аумағында тайға таңба басқандай айқын жазылған осы заң баптары нашар жұмыс iстейдi. Егер бiздiң дипломаттарымыз осы заң баптары аясында қытайлық әрiптестермен сындарлы келiссөздер өткiзсе, ол жақтағы ағайындардың елге оралуы жеңiлдей түсер едi. Бұл - Қытайдағы қандастарымыздың көш тиегiн ағытудың бүгiнгi күндегi ең тиiмдi жолы.

«Түркістан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534