Болат Мүрсәлім. Ауданды жұрттың, әруақты ұлттың аты
1925 жылдың 17 сәуіріне дейін біздің қазақты өзге жұрттың бәрі «киргиз» деп атап келді. Әуелгіде қазақты Ресейдегі «казактармен» шатастырмау үшін айтылған, кейіннен Патша ұлықтарының кемсітіп сөйлегенде қолданатын «киргизын» құлақ үйренген шақта қазақ оқығандары да жаза бастады. Сол үрдіспен Патшалық Ресей тұсындағы барлық кеңселік құжатта елдің аты «киргиз» атанып, 1920 жылы құрылған Кеңестік автономия Қырғыз Советтік Социалистік республикасы атанды.
«Ауданды жұрттың, әруақты ұлттың аты ғой деп, газетіміздің атын «Қазақ» қойдық» деп, жаңа сападағы ұлт-азаттық қозғалысын бастаған Әлихан, Ахмет, Міржақып еді. Қазақ мемлекеттілігін қайта қалпына келтіру жолындағы, Ресей отарлаушыларына қарсы күрестегі 300-ге жуық қозғалыстан Ә.Бөкейхан негізін қалаған Алаш қозғалысының басты айырмашылығы - бұл қазақтың тұңғыш интелектуалды күресінің, Абайша айтқанда, «Жаңа жылдың басы еді». Ә.Бөкейхан бастаған күрес - теориялық негізі бар, ұлттық-территориялық мемлекеттілік жолындағы күрес болатын. «Ауданды жұрт» сөзінің «қоныстанған территориясы кең» мағынасында қолданылуы, «әруақты ұлт» ұғымының тәуелсіз мемлекет құруға қақысы бар «тарихи ұлт» дегенді меңзеуі тегін емес.
1925 жылдың 17 сәуіріне дейін біздің қазақты өзге жұрттың бәрі «киргиз» деп атап келді. Әуелгіде қазақты Ресейдегі «казактармен» шатастырмау үшін айтылған, кейіннен Патша ұлықтарының кемсітіп сөйлегенде қолданатын «киргизын» құлақ үйренген шақта қазақ оқығандары да жаза бастады. Сол үрдіспен Патшалық Ресей тұсындағы барлық кеңселік құжатта елдің аты «киргиз» атанып, 1920 жылы құрылған Кеңестік автономия Қырғыз Советтік Социалистік республикасы атанды.
«Ауданды жұрттың, әруақты ұлттың аты ғой деп, газетіміздің атын «Қазақ» қойдық» деп, жаңа сападағы ұлт-азаттық қозғалысын бастаған Әлихан, Ахмет, Міржақып еді. Қазақ мемлекеттілігін қайта қалпына келтіру жолындағы, Ресей отарлаушыларына қарсы күрестегі 300-ге жуық қозғалыстан Ә.Бөкейхан негізін қалаған Алаш қозғалысының басты айырмашылығы - бұл қазақтың тұңғыш интелектуалды күресінің, Абайша айтқанда, «Жаңа жылдың басы еді». Ә.Бөкейхан бастаған күрес - теориялық негізі бар, ұлттық-территориялық мемлекеттілік жолындағы күрес болатын. «Ауданды жұрт» сөзінің «қоныстанған территориясы кең» мағынасында қолданылуы, «әруақты ұлт» ұғымының тәуелсіз мемлекет құруға қақысы бар «тарихи ұлт» дегенді меңзеуі тегін емес.
«Қазақ» газетінің алғашқы номерлерінен қазақтың аңыздық емес, ғылыми талдамалы негіздегі тарихын жазып бастаған Ә.Бөкейхан қазақтың «киргиз» аталуының себебіне тоқталып, Шәкәрім шежіресін талдаған мақаласында «Алаш» сөзін арнайы түрде публицистикалық-саяси айналымға салады. 1917 жылы қазақ автономиясының Алаш, оның үкіметінің Алашорда аталуы да дәл осы «казакпен» шатастырмау себебінен туған. Өйткені, Алаш автономиясы әлі де болса Ресей құрамында боламыз деп есептеді. Ал, Ресейлік билік Қазақ автономиясы мен Казак автономиясын айыра алмай қалады деген түсінік ашық айтылмаса да, ішкі қауіп ретінде үнемі күн тәртібінде тұрды.
1920 жылдың 26 тамызында Лениннің қол қоюымен дүниеге келген автономия Қырғыз Кеңестік республикасы «әлһамдуилла, алты миллионбыз» деп жүрген Алаш жұртын екі мемлекеттілік құрылымға бөліп тастады. Қазақтың бір бөлігі Қырғыз автономиясында, енді бір бөлігі Түркістан республикасында қалды. Ал, ІІ жалпықазақ съезінде шекарасы белгіленген Алаш автономиясы қазақ қоныстанған жерді бөлмей-жармай бір тудың астына жинауды көздеген еді.
Советтік биліктің Орталық Азия және қазақ шекарасын межелеу үрдісі ұзақ әрі қайшылықты түрде жүргізілді. Дегенмен, Советтік биліктегі қазақ зиялыларының қай-қайсысы болсын, Ә.Бөкейханның әу баста ұсынған «ұлттық-территориялық» деген теориялық негізді идеясын шекара межелеудің темірқазығы етіп ұстады. Сонымен, 1924 жылдың күзінде Түркістандағы қазақ пен Қырғыз автономиясындағы қазақ бүгінгі Қазақстан территориясының аумағындағы мемлекеттілік құрылымға бас біріктірді. С.Мұқанов «Өмір мектебі» романында шекара бөлісуде үлкен ерлік көрсеткен, саяси билікте ең ықпалды адам сол кезде Орынборға көшіп келген «алашордашыл» Сұлтанбек Қожанов деп жазады.
Алты миллион қазақ бір территорияға бас біріктірген соң, С.Қожанов, С.Сәдуақасов т.б. қайраткерлер елдің астанасын және атын өзгерту ісіне ерекше мән береді. Сұлтанбек: «киіз үйлі ауыл болса да, қазақтың астанасы қазақтың өз ішінде болуы керек» деп, астананы Орынбордан Ақмешітке көшіруді ұсынады. Ал, съезд қарсаңында «Ақжол» газетінде жарияланған мақаласында А.Байтұрсынов: «Қырғыз басқа, қазақ басқа екенін қазақ баласы тегіс білсе де, бұл күнге шейін оған ештеңе демей тымақтары салпиып келді. Оны өткен заманның ағымдары көтерсе де, қазіргі күнде ұлт атын жасыруды, ұлт тарихы ондай жаңсақтықты көтермейді.... Осы жолы қазақтың басы түгелдей қосылып отырған мынау Ақмешіттегі ұлы топтың қалдыратын бір ізі - «шын атымыз қырғыз емес - қазақ» деуі керек», -деп, халық көкірегінде жүрген шерді тағы да қайталап жазады.
Қазақ билігі Орынбордан Ақмешітке 1925 жылдың сәуір айында коммунистердің V съезі алдында пойызбен аса салтанатты түрде көшіп барды.
Қазақстанның Кинофотоқұжаттар және дыбыстық жазбалар мұрағатында 1925 жылдың 15-19 сәуір аралығында өткен Қазақстан коммунистерінің V съезінің кадрлары әлдеқалай сақталып қалған екен. Бұл кадрларды алғаш көрсеткен Мұрағат директоры Л.Ақтаева киноүлдірде Ахмет Байтұрсыновтың бар екенін айтқан еді. Киноға жазылған бұл жиын Ақмешітте, қаланың сол шақтағы ең көрікті жері бұрынғы ояздың ат қорасында өтіп жатыр. «Өмір мектебі» романында суреттелетін оқиғаның бәрі таспадағы дүниемен сұмдық астасып келеді. Киножазбадан анық танылатын тұлғалар: сол жиында республиканың Орталық Атқару комитеті басшысы болып тағайындалған Жалау Мыңбаев, Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақов, белді саяси қызметкерлер: О.Жандосов, Ұ.Құлымбетов, Ә.Әлібеков т.б. Мінберде Ф.Голощекин жоқ, соған қарағанда, жазба 1925 жылдың қыркүйек айына дейін түсірілген.
«Востоккино» киностудиясы түсірген (айналасы оншақты минут) бұл кадрлардың құндылығы сол - Керей-Жәнібектен Қазақ ордасы атанған елдің «Қазақ» атын қайта қайтарған шағындағы қуанышты сәті дәл осы кадрлардағы халықтың жүзінде сақталып қалуында. Яғни, Ж.Мыңбаев төрағалық еткен жаңа құрамда сайланған Қырғыз Орталық Атқару комитеті 17 сәуірдегі алғашқы жарлығымен: Қырғыз республикасын «Қазақ Кеңестік Социалистік республикасы» деп атауға; Ақмешіт қаласын «Қызылорда» атауға қол қояды.
Елдің қайтадан Қазақ атануы, Патшалық отарлау кезінде әбден бөлшектенген алты миллион қазақтың бір мемлекетке бас қосуы - Алаш идеясының шын мәнінде жеңіске жеткен сәті болатын. Дәл сол 1925 жылдың сәуірінде, дәл сол съезде қалың Алаштың төбесі көкке бір елі жетпей тұрды. Жиынның аты «Коммунистер съезі» болғанымен, оның «Алашорда» съезіне айналып кеткенін С.Мұқанов, С.Сейфуллин сияқты жазушылар «тісін басып» отырып суреттейді.
Бірін-бірі толықтыратын «Өмір мектебі» мен «Тар жол тайғақ кешудегі» суреттеулерге қарағанда, съездің сахнасындағы президиум столының артына желбірете ілінген тулар болған. С.Мұқанов жазады: «Жасыл туға көзімді тіксем: тозыңқыраған шұға, бетіне араб әрпімен: «Лә иләһа илла-алла, Мұхамәдүн Рәсул алла» деп, оны айнала, «Жасасын Алаш автономиясы!» деп жазылған!.. Осы туды маған көрсеткен Угар Жәнібеков, мен «неге бұлай?» деп сұрап үлгірмей, сахнаға қарғып шығып, жұлқып түсірем дегенде, ілінген тулардың бәрін жығып алды. Оған қарамастан, Угар Алаш туын бөліп алды да, бір шетін табанына басып тұрып, дарылдата кеп жыртты»....
Ұлттық мемлекет құрсақ деген Алаш арманы большевиктердің керзі етігімен осылайша таптала бастаған еді. Осы оқиғадан бес ай өткенде, Қазақстанға Ф.Голощекин басшылыққа келіп, Алаштың рухын таптауды шындап іске асыра бастады.
С.Сейфулиннің осы съезден соң коммунистік сәлеммен Сталинге жазған хатына қарағанда, пойызбен Орынборға қайтып келе жатқанда «алашордашы» Елдес Омаров Сәкенге: «Бұрын Алашорда едік, енді Қызылорда болдық. Қазақ үшін қызыл, жасыл, ақ түстің айырмасы жоқ. Ең бастысы Орданың бауыры бүтін болғаны» деген екен.
Бұл Алаш ардақтыларының ең соңғы ұлттық қуаныштарының бірі еді.
«Абай-ақпарат»