Еншісі бөлінбеген қазақ
Халық айтса – қалып айтпайды. Қысқа айтады, нұсқа айтады, жеткізіп айтады. Ешқашан қателеспейді. Міне, сол Жер бетін мекендеген әр ұлттың, ұлыстың өз болмысын айқындайтын қысқа қанатты сөздері болады. Сол бір-екі ауыз сөзге бүтін бір ұлттың ерекшелігі, мінезі, салт-дәстүрі бәрі-бәрі сыйып-ақ кетеді екен. Соның ішінде біздің де аталарымыздан келе жатқан ұшқыр ойлы, қанатты сөздер жетерлік. Бүгінгі әңгімеміз тек қана қазақтарға бағышталып айтылған «Еншісі бөленбеген қазақ» деген сөз тіркесі жайында болмақ. Сонымен, хош. «Енші» деген сөздің мағынасы түсінікті. Ер жетіп, етек жауып, шаңырақ көтерген ұлдың үлкен үйдегі мал мен мүліктен алар үлесі. Ал енді «Еншісі бөлінбеген қазақ» деп бүкіл бір ұлтқа анықтама беретін сөз қайдан шықты? Әңгіме сол жайында болмақ.
...Түйе толқынды Атыраудан сонау «Ерен қабырғаға» дейінгі ұланғайыр өлкені мекен еткен жауынгер халықтың ардагер Ақсақалы төсек тартып жатты. Түйенің қомында дүниеге келіп, жылқының жалында ер жетіп, өмірін ат үстінде өткізген, досы түгіл жауына да қадірлі болған қарт жауынгер кәрі емендей морт жығылды. Ұлы жорықтарда, шыңылтыр аяз бен аптап ыстықтарда шынығып өскен зор тұлға кәрілік деген үлкен дертке дауа таппаған. Өңі қуқыл тартып, ұзақ демігіп жатып, шығыста Шолпан туған шақта көзін бір ашты. Үй толған бала-шағалары, туыстары, бірді-екілі замандасы мен мосқал тартқан бәйбішесі абыр-сабыр. Қарияның басы көтеріліп қос жастық қойылды. Тобылғы иісі сіңген көне күбіден жарты аяқ қымыз әкелінді. Сүйікті немересі ұсынған сусыннан бір-екі жұтқан қария сәл демігіп жатып барып тілге келді. Дуалы ауыздан үзік-үзік күбірлеп қана шыққан сөздер жартасқа қашап салған суреттей көкейлерге сіңіп жатты: «...сағатым біткен екен... кетіп барам... үлкен ауылға... бақұл болыңдар...». Сәл демігіп жатып, назарын аяқ жағында тұрған екі ұлына аударды,жақын келіңдер дегендей ымдады: «екеуің... мал-жанды... теңдей қылып... үшке бөліп алыңдар...». Ақсақал үнсіз қалды. Оң жағында салалы саусақтарын уқалап отырған бәйбішесі үнсіз егілді. Іштегі-тыстағы қалың ел күңіреніп кетті...
Міне, сөйтіп ғұмырын ат үстінде өткізген, сайын даласының бір сүйем жерін де жатқа бермеген, досына жомарт, жауына әділ болған бабаларымыздың бабасы көз жұмыпты. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасы келе жатқан әпсәна осылай дейді. Мүмкін соңғы сөздері басқаша болған шығар, тек мыңғырған төрт түлік малды екі ұлына тең қылып үшке бөлуді өсиет еткені анық дейді. Хош, сонымен сойыс малдар сойылды, атамыз арулап қойылды. Сынаптай сырғып талай күндер өтті. Әке өсиетін орындар уақыт жетті. Қапсағай бойлы қос ұлдың қабырғасын қайыстырған малдың есебі емес, айтылған үшінші бөлік үлестің жайы еді. Ақыры ойласа келе аналарының ақылымен елдің құты – Билер Кеңесіне салуға ұйғарды. Бәрін тыңдап, жайға қаныққан Бас Би сонда тебіреніп былай толғапты: «Қарақтарым, әкелерің батырлығына ақылы сай қадірлі қарт еді. Мынау кең-байтақ Қазақ сахарасының жазылмаған заңдарына, өз елінің салт-дәстүріне өлгенше адал болды, сендерге де соны аманаттап кеткен екен. Атадан-атаға жалғасып келе жатқан салтымыздың бірі асқан қонақжайлылық еді. Ендеше, қарақтарым, әкелеріңнен қалған малдың үшінші үлесі қонақтарыңдікі. Ол үлес бөлінбей сендерде қалсын. Күн келе ме, түн келе ме, бір келе ме он келе ме, әрбір Қазақтың сендерде қалған еншісі бар. Қона жатып, қонақ болып, қалаған кезінде аттануына құқылы. Және осы салт күллі қазақ даласына жайылып, дәстүр болып қалсын!»
Сонымен бұл салт халық санасына тастай батып, судай сіңіпті. Қазақ Сахарасының жазылмаған заңына айналыпты. Осы салттың арқасында айлап-жылдап сапар шеккен жолаушы өз үйіне, өлең төсегіне аты азбай, тоны тозбай аман-есен оралатын. Тіпті өздері жол жүріп бара жатқан үй иелері қара қостың есігіне құлып салмайтын, жәй бір тұтам жіппен байлап кетер. Өйткені, олар жоқта қонақ келіп қалуы мүмкін ғой!
...Ғұлама жазушылар айтады, астаң-кестең замандарда, дүлей дауылдарда халықтың – Алып Дарақтың аман тұруы үшін тереңге кеткен үш тамыры аман болуы керек деп. Олар Тілі, Діні һәм Салт-дәстүрі екен. Ендеше біздерге осындай мықты тамырларды мұраға қалдырған ата-бабаларымыздың топырағы торқа, жандары Жәннатта болғай.
Берікбол Сыдық
Талдықорған
Abai.kz