Дихан Қамзабекұлы. Мағжанның Омбыдан табылған өлеңі
Астанада Қарағанды бағытына қарай тартылған үлкен бір даңғыл пайда болды. Ол - Мағжан даңғылы. Ресми аты «М.Жұмабаев даңғылы». Өзі бұрын, елорда көшпей тұрып, қиыршық тас төселген шағын ғана көше-тін. Жергілікті халық «Старокарагандинская трасса» дейтін. Сірә, әу баста, бүгінгі Абылайхан даңғылы (бұрын Студенттер проспекті) жоқ кезде, целиноградтықтар көмірлі шаһарға қарай осы жолмен шықса керек.
Сонымен, тәуелсіздік келіп, ел жаңғырып, елорда көшіп, сан жыл елеусіз қалған ақмолалық (неге бұлай екенін түсіндіреміз) ақиық ақынға көше бұйырды. Басында зиялылар ептеп қораштау көріп еді, бұл - бекер-ақ екен: қазір ол Мағжан ақынның ақшаңқан жырларындай жарқырап келеді.
Жалпы осы ақынның атын ардақтау бүгінгі қазақ топырағында біркелкі емес. Мысалы, әне бір жылы қызылжарлық зиялылар облыс орталығындағы мемлекеттік университетке жатып кеп Мағжан атын сұрады. «Солтүстікке айбар болсын! Тарихи әділеттікті қайта орнатайық» деді. Өтініш қабыл алынбады...
Астанада Қарағанды бағытына қарай тартылған үлкен бір даңғыл пайда болды. Ол - Мағжан даңғылы. Ресми аты «М.Жұмабаев даңғылы». Өзі бұрын, елорда көшпей тұрып, қиыршық тас төселген шағын ғана көше-тін. Жергілікті халық «Старокарагандинская трасса» дейтін. Сірә, әу баста, бүгінгі Абылайхан даңғылы (бұрын Студенттер проспекті) жоқ кезде, целиноградтықтар көмірлі шаһарға қарай осы жолмен шықса керек.
Сонымен, тәуелсіздік келіп, ел жаңғырып, елорда көшіп, сан жыл елеусіз қалған ақмолалық (неге бұлай екенін түсіндіреміз) ақиық ақынға көше бұйырды. Басында зиялылар ептеп қораштау көріп еді, бұл - бекер-ақ екен: қазір ол Мағжан ақынның ақшаңқан жырларындай жарқырап келеді.
Жалпы осы ақынның атын ардақтау бүгінгі қазақ топырағында біркелкі емес. Мысалы, әне бір жылы қызылжарлық зиялылар облыс орталығындағы мемлекеттік университетке жатып кеп Мағжан атын сұрады. «Солтүстікке айбар болсын! Тарихи әділеттікті қайта орнатайық» деді. Өтініш қабыл алынбады...
Ономастика мен топонимикада қызық құбылыстар бар. Мәселен, осы елордамызда 1997 жылы пайда болған «Қ.Мұңайтпасов» көшесін күні кеше ғана әрең «Қажымұқан» деп өзгертіп алдық. Себебі, біз үшін маңыздысы - «Мұңайтпас (ов)» емес, даңқты палуанның өзі ғой. Осы қателікті түзете отырып, басқа көшеге «Ш.Құдайбердіұлы» деп ат бердік. Сонда біраз зиялы шырылдап: «Арғы жағы Абай болғанда, бергі жағы неге Шәкәрім («Ш.Құдайбердіұлы» емес) болмайды?» деген... Тағы да мүлт кеттік. Мағжанда да солай болды. Бір жолы көше аттары қайта сарапталып жатқанда, «1997 жылғы асығыстықты түзетіп, жай «Мағжан даңғылы» дейік» деп ой тастағанбыз. Біз соған қам жеп жүрсек, жауапты азаматтардың айтуына қарағанда, «әділет департаментінде белгілі тұлғаларды фамилиясыз елестете алмайтындар және сол үшін тістеніп тұрып қалатындар отырған көрінеді...». Ал, керек болса!..
Өткенде бір танысымыз бізден: «Қазақ - меймандос халық. Мешіттеріміз мұнараланып, мінберленіп келеді. Басқа негізгі діндердің де ғибадатханалары ретімен бой түзеп отыр. Орталық Азияда жоқ шіркеу тұрғыздық. Болсын! Ол да бір Жаратқанға қарағандардың үйі ғой. Бірақ сол ауданда 95 пайыз қазақ тұрады. Әрине, ілгеріде іргетасы қаланарда генплан жағы ескерілмеген болар. Мені қатты ойлантатыны: жаңа шіркеу неге Мағжан даңғылының бойында орналасқан? Бұл жай сәйкестік пе, жоқ ойлантатын сәйкестік пе?.. Ақынның «қорсылдаған...» дегені қайда?..» деп сұрады. Біз күмілжіп қалдық. Сонан кейін: «Даңғыл ұзын ғой, оның бойына бірер мешіт те орнар» дедік.
Адамның таным-парасаты бар нәрсеге салыстырмалы түрде қарайды. Семей облысы жабылғанда, бір қу тілділер «Абай енді шығысқазақстандық болды» деп жазды. Сол айтпақшы, Петропавл, тіпті Омбының өзі уезд (үйез) мәртебесін алып тұрғанда, үлкен аумақ «Ақмола облысы» аталатын да, орталығы Омбы болатын. Ендеше Астананың арғы-бергі тарихын қаузағанда, осы өңірді және Омбыны бөлек қарау қисынға келе қоймас.
Деректерге жүгініп айтсақ, Ресей империясы Қазақ хандығын ресми жойған 1822 жылдан бастап 1891 жылға дейін Батыс Сібір генерал-губернаторлығы әкімшілік-территориялық бөлік ретінде тарих сахнасына шықты. Оның құрамына Тобыл, Том губерниясы мен Омбы облысы енді. Орталығы әу баста - Тобыл, ал 1839 жылдан кейін - Омбы қаласы болды. Батыс Сібір генерал-губернаторлығының құрамына енген Омбы облысының Ақмола, Ақсуат, Аягөз, Баянауыл, Қарқаралы, Құсмұрын, Көкпекті, Көкшетау округтерінің қазақ халқы «Сібір қырғыздары туралы Жарғыға» (1822) сәйкес басқарылады. Округтер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді. 1868 жылы 21 қазанда бекітілген «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының далалық облыстарын басқару туралы уақытша Ереже» бойынша құрылған қазақ облыстарының ішінде Ақмола облысы мен Семей облысы Батыс Сібір генерал-губернаторлығына қарады. Ақмола облысына - Ақмола, Көкшетау, Омбы, Петропавл уездері, ал Семей облысына - Семей, Көкпекті, Зайсан, Баянауыл, Қарқаралы, Өскемен уездері кірді.
Патша жарлығымен 1882 жылы 18 мамырда Дала генерал-губернаторлығы құрылып, орталығы - Омбы қаласы болып белгіленді. Түркістан генерал-губернаторлығы құрамындағы Жетісу облысы 1883 жылы Дала генерал-губернаторлығы қарамағына берілді (1897 жылы Жетісу облысы қайта Түркістан генерал-губернаторлығы құрамына енді). 1891 жылы 25 наурыздағы «Дала ережесі» бойынша оған Орал, Торғай облыстары қосылды. Дала генерал-губернаторлығы шығысында Қытаймен, оңтүстігінде Түркістан генерал-губернаторлығының Ферғана және Сырдария облыстарымен, батысында Бөкей ордасы мен Самар губернияларындағы Орал казак әскерлерінің жерімен, солтүстігінде Самар, Орынбор, Тобыл, Том губернияларымен шектесті. Аталған генерал-губернаторлық патша өкіметі құлағаннан кейін таратылды.
Міне, сол себепті де Батыс Сібір немесе Омбы десе, есімізге бұрынғыдан Құнанбай, Шыңғыс төре, Шоқан мен Абай, кейінгіден Әлихан мен Мағжандар түседі. Ал, Ақмола атауы ұланғайыр өлкені тұтастандыра түседі. Ендеше осыдан бүгінгі елдік шараларға тағылым алудың маңызы да айрықша.
Бұдан шығатын қорытынды: ресми түрде ақын Мағжан Ақмола облысы Ақмола уезінде (Полуденов болысы) дүниеге келген. Олай болса, ХХ-ХІХ ғасырлар аралығында аты, аумағы сан мәрте өзгерген Ақмоланың мәртебелі мұрагері - Астана үшін бұл есім қашанда аяулы әрі жақын.
Мағжан Жұмабайұлы (өз тұсындағы газет-журналдарда осылай жазылған) мұрасы қазір біршама жиылды. 1989 жылы «Шығармалары», 1992 жылы «Таңдамалысы», 1995-1996 жылы «Үш томдық шығармалары» жарық көрді. Мұның сыртында аталған басылымдардан алынған басқа да жинақтары шыққан болуы мүмкін.
Сәтін салып, қазақ баспасы («Ғылым») жазу-сызуға ұқыпты қараған жылдары профессор М.Базарбаев жауапты редактор болған ақын «Таңдамалысының» гранкасын оқуға қатыстық. Алғысөзде Мүсекең: «Көптеген өлеңдері, поэмалары, әңгімелері, аудармалары - газет-журнал беттерінде, олар әлі толық жинала қойған жоқ. Мағжанның толық жинағын халық қолына жеткізу - алдағы күннің кезек күттірмейтін ісі» деп жазған еді. Сондай-ақ жинақ соңында «Соңғы кезде табылған өлеңдері» деген топтама бар-ды. 1995 жылғы 1-томында сол топтама «Өміріме өкпем» атты тағы да бір өлеңмен толығып, бұған түсінік жазған зерттеуші Б.Дәрімбет: «Інісі Мұхаметжан есіне сақтап жүріп, кейін қағазға түсірген. Мұхаметжанның қызы Гүлқаныстан алынды» деп көрсеткені жадымызда...
2004 жылы Еуразия ұлттық университетіне Павлодардан Қабылдинов Зиябек есімді жас тарих ғылымдарының докторы ауысып келді. Өзі Омбыда туып, сонда өскен. Студент күнінде университет музейін басқарған. Кейін осы қалада ұлтты серпілту жұмыстарымен де айналысқан.
Зиябекпен араласып-құраласып, өзіміз білетін Омбының «мәдени қазынасы» туралы айта бастадық. Сонда ол: «Айтқандайын, 80-жылдардағы экспедициядан қалған папка бір жерде жатыр еді. Ішінде Мағжан өлеңі де кездеседі» деп қалды. Біз көрсетуін өтіндік. Ертесіне 5-6 параққа көшіріп алған Мағжан Жұмабайұлы мен Олжабай Нұралыұлының бір-бір өлеңін алып келді. Даңқты ақынның «Өміріме өкпем» өлеңі екен. Жадында хаттап, жеткізген адам - омбылық Болатхан Алпысбайұлы. Зиябектің жазып алған уақыты - 1988 жыл. «Бұл өлең ақын кітаптарына енді ме, жоқ па - білмедім» деді ол.
Шығармаларын алып, салыстырып көрдік. Мәтінде біршама өзгеріс бар. Енбей қалған шумақтар-тармақтар да аз емес.
Енді Омбыдан табылған Мағжан өлеңін оқып көрелік:
ӨМІРІМЕ ӨКПЕМ
Сұм өмір, сұм дүние алдады ма?
Тән арып, тамырда қан қалмады ма?
Жалған үшін жан қинап, жапа шеккен,
Еңбегің екі болып жанбады ма?
Жайшылықта жан қиған жақын дүние,
Талып тұрсаң назарын салмады ма?
Ортекедей орғытып отқа шығып,
Жалмауыз, жауыз жалған жалмады ма?
Арсыз нәпсім армансыз арандатып,
Қайырымсыз қанжығасын қандады ма?
Қомағай, қорқау ажал қойнын ашып,
Қапа менен қайғыға қан жалғады ма?
Алдадың, алжастырдың, аңғырттандым,
Ақылсыз, аңқау басым аңдадың ба?
Қимас досты қыспақта жылаттың ба?
Қайғымен қан жұтқызып сұлаттың ба?
Қасіретті қасапшының ешкісіндей,
Құрым іліп, құдыққа құлаттың ба?
Құбылдың, құйқылжыдың құртқа дүние,
Қызықпайын десем де шыдаттың ба?
Ар, ұят, адамдықты арам қылып,
Бәрін саған жұмсадым қуанттың ба?
Сен үшін жақынымды жат қылып ем,
Қайырылып, қам көңілімді жұбаттың ба?
Өзім деген жан достым өзің билеп,
Балапандай баламды шулаттың ба?
Балдай деген балдырған балға болып,
Сүйгенім сүйегімді уаттың ба?
Жазықсыз жаламенен жандырдың ба?
Ескермей мені есімнен тандырдың ба?
Мелшиген мейірімсіз меңіреу дүние,
Алдап ап, айызыңды қандырдың ба?
Қазынаны ұрлаған қарақшыдай,
Бас салып басқа байлау салдырдың ба?
Жау тонаған адамдай жаудыратып,
Азаматтық арымды алдырдың ба?
Есекке артқан жүн-жұрқа қостай болып,
Қалашының итіндей қаңғырдың ба?
Кетеріңе келгенде, кеззеп дүние,
Түлкідей құйрығыңды шалдырдың ба?
Айлық азық тастамай айдарлыма,
Жұрдай қылып жұртыңды қалдырдың ба?
Мінекей, жетті көзім иландың ба?
Адалқан албырт басым миландың ба?
Қапаста қан азайып, қажыр мұқап,
Қаласпен қараңғы үйде сыйландың ба?
«Халу-бәлә» дегенді хатқа жазған,
Сертіңнен сергек тағдыр таймадың ба?
Әзелде алысқа ұшқан дәм мен тұзым,
Жерлерге топырақ ұшқан айдадың ба?
Тәуекел, тасқа қондым, Тәңірім сақтар,
Неген жанмын құнымды Құдай жоқтар.
«Адам басы - Алланың құлы» болса,
Дағдардым табандатып тиді шоқпар.
Жалындым, жанталастым, жалбарындым,
Қылмады ешбір рақым Тәңірім сақтар.
Мақбұздың тақтайына жазған жұмыс,
Бұйрықты жерлеріне барып тоқтар.
Басқадан менің жаным бағалы ма?
Талай жан тап жолында болды көкпар.
Қиядан сөз табатын ақын бар ма?
Тыңдайтын бойы балқып нақыл бар ма?
Есіл сөзім есепсіз босқа кетсе,
Обалы жаулығы жоқ қатындарға.
«Өміріме өкпемнің» пәлсафалық-дүниетанымдық мән-мағынасы да, көркемдік сипаты да айрықша. Ең бастысы, мұнда елшіл, ойшыл, қағидатшыл Алаш ақынының болмысы айқын көрінеді. Мағжан ақындығы туралы жазған Жүсіпбек Аймауытұлының: «Ақын ерікті-еріксіз өз заманының тонын кимеске, өз әлеуметінің мұңын жоқтамасқа, тілегін орындамасқа әдді жоқ» дегені де жоғарыдағы өлең жолдарының қыр-сырын ашады.
1995 жылғы жинақта (Үш томдық, 1-том, 226-228 беттер) «Өміріме өкпем» өлеңі нұсқасына біршама шумақ-тармақтың енбей қалу себебі түсінікті. Өйткені, мұнда мәселе ауызша жеткізушінің жадының әлді-әлсіздігінде (біз қарамен терген жолдар кірмеген, ал қарамен терілген сөздер басқаша қолданылған).
Енді бірер сөзді салыстырайық:
1995 жылғы кітапта: «Ортекедей орғытып оққа жығып», Омбы нұсқасында: «Ортекедей орғытып отқа шығып».
1995 жылғы кітапта: «Арсыз нәсіп, армансыз алдадың ба?», Омбы нұсқасында: «Арсыз нәпсім армансыз арандатып».
1995 жылғы кітапта: «Бас салып басқа бұғау салдырдың ба?», Омбы нұсқасында: «Бас салып басқа байлау салдырдың ба?».
Қазақ ұғымында ортеке (мал) отқа шығатынын, нәпсі арсыз болатынын, басқа байлау (мойынға - бұғау) салынатынын ескерсек, бұл ретте Омбы нұсқасы (Болатхан Алпысбайұлы нұсқасы) қисынды болып шығады. Сонымен бірге 1995 жылғы нұсқада даярлаушылар «Өміріме өкпем» өлеңінің біршама жеріне көп нүкте қойып («жол түсіп қалғанын» меңзеп), ғалымдарды ойлантып кеткен. Ал, енді Болатхан Алпысбайұлынан - Зиябек Ермұқанұлына, зерделі омбылықтардан алаштанушылардың қолына жетіп отырған нұсқа «түсіп қалған жолдарды» толықтырады. Бұл - мағжантану үшін елеулі олжа.
«Абай-ақпарат»