Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3794 0 пікір 29 Сәуір, 2011 сағат 04:30

Ғаббас Қабышұлы. Зулейха апай

Естелік

1977-жылғы қаңтар айының бас шені болар. Жұмыс бөлмеме (Қазақ әдеби қоры) бір келіншек қолтығынан демеген бәйбіше келді. Реңді кісі. Қарсы алып, диванға жайғастырып, есендесіп, жөн сұрасып таныстық. Мағжан аға Жұмабаевтың жұбайы болған Зулейха апай екен. Келіншекті «немерелес сіңлім» деп таныстырды (есімі жадымда қалмапты). Апай  ентігін басқан соң:

-Мені "халық  жауының  қатыны" деп бұл литфондыға жолатпай қойған, жолаттырмай қойған, Мағжан ағаңның әлгібір "достары", - деп мырс тті де: - Мағжанды білесің бе? - деді.

-Білем, апай, білмегенде ше?! Менде бес-алты өлеңінің, "Батыр Баян" дастанының көшірмелері бар, - дедім. "Қыз-келіншек кезіңізде тым сұлу болғанға ұқсайсыз, Мағаң "Бәрінен де сен сұлуды" сізге арнаған-ау!" деп ойлап та үлгірдім.

-Мұраттың айтуымен келдім, сені маған сырттай таныстырған - сол Мұрат інің. Мұхтар Әуезовтің баласы. Ал енді сөзді көбейтпейін, уақытыңды алмайын, бұйымтайымды айтайын, - деді де, жағдайын қыскаша айтты. Жасы сексенге іліккен. Тимирязев көшесінде бір бөлмелі пәтері бар екен. Зейнетақысы мардымсыз, пәтерге төлеуінен көп артылмайтын көрінеді.

-Апай, қағаз деген пәлесіз ештеңе реттелмейді ғой, өтініш жазып беріңіз, - деп бір парақ қағаз бен қалам ұсындым. Апай:

-Ә, оны алдын ала жазып қойғанбыз, мына қарындасында, - деді де, келіншекке иек қақты.

Естелік

1977-жылғы қаңтар айының бас шені болар. Жұмыс бөлмеме (Қазақ әдеби қоры) бір келіншек қолтығынан демеген бәйбіше келді. Реңді кісі. Қарсы алып, диванға жайғастырып, есендесіп, жөн сұрасып таныстық. Мағжан аға Жұмабаевтың жұбайы болған Зулейха апай екен. Келіншекті «немерелес сіңлім» деп таныстырды (есімі жадымда қалмапты). Апай  ентігін басқан соң:

-Мені "халық  жауының  қатыны" деп бұл литфондыға жолатпай қойған, жолаттырмай қойған, Мағжан ағаңның әлгібір "достары", - деп мырс тті де: - Мағжанды білесің бе? - деді.

-Білем, апай, білмегенде ше?! Менде бес-алты өлеңінің, "Батыр Баян" дастанының көшірмелері бар, - дедім. "Қыз-келіншек кезіңізде тым сұлу болғанға ұқсайсыз, Мағаң "Бәрінен де сен сұлуды" сізге арнаған-ау!" деп ойлап та үлгірдім.

-Мұраттың айтуымен келдім, сені маған сырттай таныстырған - сол Мұрат інің. Мұхтар Әуезовтің баласы. Ал енді сөзді көбейтпейін, уақытыңды алмайын, бұйымтайымды айтайын, - деді де, жағдайын қыскаша айтты. Жасы сексенге іліккен. Тимирязев көшесінде бір бөлмелі пәтері бар екен. Зейнетақысы мардымсыз, пәтерге төлеуінен көп артылмайтын көрінеді.

-Апай, қағаз деген пәлесіз ештеңе реттелмейді ғой, өтініш жазып беріңіз, - деп бір парақ қағаз бен қалам ұсындым. Апай:

-Ә, оны алдын ала жазып қойғанбыз, мына қарындасында, - деді де, келіншекке иек қақты.

-Қордың "Қайтыс болған жазушылардың отбасы мүшелеріне жәрдем" дейтін бабы бар еді, соның негізінде ақшалай көмек көрсеттім. Апай риза болды. Содан кейін де жыл сайын кейде бір мәрте, кейде екі мәрте жәрдемдесіп жүрдім. Бір күні үйіне қонаққа шақырды. Бара алмадым, әлде бір
бөгет болып қалды. Ертеңінде бір бөтелке шампан, бір қорап торт алып барып, кешірім өтіндім.

-Дом творчества деді ме, бір үлкен үй салдырып жүр деп естідім, соның жүмысынан қолың тимей қалған шығар, түсінем, ренжіген жоқпын. Олжас пен Мұрат келді, сен келе алғаныңда тіпті жақсы болатын еді, - дейді балаша қалбалақтап.

Зулейха апаймен шүйіркелесіп жүрген күндердің бірінде ол кісіге:

-Апай, Мағаңның қолыңызда бар шығармаларының бәрін маған беріңіз, неше дана кажет десеңіз, сонша етіп мәшіңкелетіп, түптетіп, әзірлеп қояйын, Мағаң ақталып, айымыз оңынан туатын күн болар, сонда баспаға тапсыра қоюға дайын тұрсын, жарай ма? - дедім. Талай тауқымет тартқан, сан алдау-арбау көрген жанның өзіме сенер-сенбесін болжай алмасам да, марқұм ақын ағамыздың әдеби мұрасын барынша жинақгау, ұқыптап сақтау керектігін ойлағанмын. Апай пәтерінің аула жақтағы терезесіне мойнын бұрып, сыртқа көз тастап, бірер минөттей үнсіз отырды да, ойымды оқып болғандай-ақ:

-Ғаббас қалқам, саған сенемін, - деді. Дауысы дірілдеп шықты. Жүрегім жұлқып қалғандай бір күй кешіп, өнебойым ыси қалды. Сол әредікте маған жайлап бұрылып қараған апайдың көзінен жас төгіліп кетті...

Мағаңның өлең-дастандары, әдеби аудармалары жарияланған гәзет-жорналдарды іздеп табу, көшірме жасатып алу, әрине, апайға қиын болған. Ақы-пұлын төлеу былай тұрыпты, кедергі-кесір жетерлік кездерде ашық іздеудің өзі қандай тәуекелді қажет етті десек ше?!. Күйеуіне жағылған күйені кетіру үшін жан тыныштығын ұмытқан, алғаш тұтқындалғанында ізденіп Мәскеуге, Максим Горькийге дейін барған, Мағаңның ол жолы ақталуына бірден-бір себепші бола білген, ал ері екінші рет тұтқындалғанда соңынан Сібірге барғаннан өзге шарасы қалмаған Зукең, кім не десе де, бүгінгі бізге де, келер ұрпаққа да аса қажет қыруар іс тындырды. Қолынан келгенінше қорғанбай қимылдап, Мағжан ағаның әдеби мұрасын жиыстырып, сақтап бақты. Апай қайтыс болғаннан кейінгі екі-үш жыл көлемінде кейбіреулер ол кісі туралы оны-мұны ғайбат пікір айтып та, жазып та жүргені бар. Зукеңе қолбала болып кеткен дерлік жанашыр туысы жорналшы Сүнят Бәкенов Мағаңның да, Зулейха апайдың да өмірін жақсы біледі (Алматыда тұрады, зейнеткер), ғайбат пікірлердің орынсыз, ұят екенін айтып отырады. Мен оған сенемін, себебі: Сүкең - Жазушылар одағымызда көп жыл қызмет істеді, не теріс сөзі, не теріс іс-әрекеті болмаған силы адам. Иә, кім не десе де, мейлі, ал, меніңше, Мағаңның шығармаларын жинап, сақтап, қызғышша қорып, бізге жеткізгені үшін-ақ Зулейха апайдың аруағын құрметтеуіміз қажет (апай, 1992-жылдың жазында-ау деймін, Қызылжарға көшіп, екі жылдан кейін қайтыс болды).

-Мен таба алмаған өлеңдері, басқа да дүниелер әлі де бары сөзсіз. Кеңшілік болар күн туса, Мағжанды іздеушілер шығар, аз болмас та, қалғанын солар тауып алар... - деп ойлана сөйлеп сәл кідіргені, одан соң таңданысты үнмен: - 1923-жылы Тәшкенде араб әрпімен шыққан өлеңдер жинағын Ғабит Мүсірепов ағаларың алып еді, біржарым жыл болды, неге екенін білмеймін, неше рет телефон соқсам да, қайтарып берер емес, - деп, маған сұраулы кескінмен қарағаны әлі көз алдымда.

-Ғабеңмен сөйлесермін, берер, - дегенмін. Иә, Ғабеңе телефон шалып, ниетімді айттым.

-Солай ма-а? - деді соза сөйлейтін дағдысымен.

-    Кітап керек болып тұр, бүгін бе, ертең бе, тезірек беріп жіберіңізші! - дедім. Біраз үнсіздіктен кейін:

-    Жарайды, - деді.

Кітаптағыларын,  гәзет   қиындысындағыларын,   мәшіңкемен,   қолмен

көшірілгендерін жинақтап, реттеп, төрт дана етіп мәшіңкелеттім. Екі томға бөліп түптеттім. Біріншісіне "Батыр Баян", "Қорқыт" дастаңдары мен 221 өлеңін, екіншісіне Максим Горькийдің Ана туралы әңгімелерінің, Мамин-Сибиряктан, т.б. аударғандарын, мақалаларын топтадым. Ол жұмысқа төлер ақы өзіме ауырлау болған соң сыралғы ініміз Мұрат Әуезовпен ақылдасып едім, ол сөзге келместен көмектесті.

Фотосуреттерді қарап отырғанымызда он бес шақты адам топ болып түскен біріне көз тоқгатып:

-Апай, мына фотода кімдер бар, қай жылғы? - дегенмін.

-Бұл, егер ұмытпасам, Мағжан бірінші тұтқыннан босағаннан кейін Мәскеуде болғанымызда сондағы жолдастарымен, таныстарымен түскені ғой деймін... Мәскеуде достары, жолдастары болды. Александр Блокпен, тағы басқа ақындармен араласқан. Блокпен бірге театрға екі-үш рет барғанбыз.

-Мына фотода Блок жоқ сияқты, ал Мағаң қайсысы? - дедім. Блоктың фотоларын сан көргендіктен оның мұнда жоқтығына шүбәләнбадым, ал бейнесі көзімізден ерте таса болған Мағаңды тани алмадым.

-Блокпен де фотоға түскеніміз есімде, бірақ, ол фотоны алған-алмағанымды білмеймін, "байтал түтіл бас кайғы" болғанда неміздің, қайда қалғанын білер ес болды ма бізде?!. Иә, аңдағыда Блок жоқ, ал Мағжан бар,..- деп апай аса ажарлы жігіт бейнесін сұқсаусағымен нұсқаңқырады да, сонсоң басындағы сары шағи орамалының бір ұшымен әуелі Мағаңның бейнесін, одан кейін басқаларын ақырын ғана сипай сүртіп, бір күрсініп қойды...

-Апай, бұл фотоны да алайын, үлкейттірейін, - дедім.

-Ала ғой, - деп тағы бір суретті де ұсынды.

Мағаңның фотобейнесін қолжазба-кітәп көлеміне сай 17x22 см. еттіріп төрт дана жасаттым да, бірінші томдарының беташарына желімдедім. Гәзет-жорналдарда Мағаңның шаршаңқыраған кейіптегі фотосы жариялана беретін. Бұйрасындау шашы маңдайын жабыңқыраған, өзі бұйығыңқыраған күйдегісі.  Ал мына фотосында Мағаң - жігіттің сұлтаны! Бір көргенде-ақ талай көзді суырып ала жаздаған шығар дерлік сұлу бейне! Оның бір данасын 2002-жылы "Қазақ әдебиеті" гәзетінің редакциясына алып барып, жауапты хатшы Еркін Жаппасовқа тапсырдым. "Мағжан  ағамыз ғажап көркем болған екен ғой!" деп таңқалды ол.

Фотоның бір данасын, міне, осы сайтқа ұсындым.

...Сегіз кітапты Зулейха апайға алып бардым.

-Апай, міне, дайын болды! - дедім, қуанышымды жасырмай жарқын сөйлеп.

-Рахмет, қалқам, рахмет, көп жаса! - дей  қалбалақтаған  апай
көз жасына ие бола алмай, кітаптарды кезек-кезек сипалай берді...

Кітап төрт дана боларын айтып ақылдасқанымда апай оның біреуін өзіңде қалдырып, екеуін мемлекеттік архивке, біреуін А. Пушкин атындағы орталық кітапханаға тапсыру ойы барып айтқан-ды. Соны ескеріп:

-Мен үшеуін апарып тапсырайын, сіз әуре болмаңыз, жарай ма? - деп едім, апай басын шайқап, білезікті оң қолын сілтеп:

-Қалқам, мен басқаша ойлап отырмын. Архивке, кітапханаға тапсырмайық, оларды Әбділда Тәжібаев алып, құртып жібереді, ол Мағжанға тірісінде жау болып еді, өлісінде де әлі жау... Жоқ, кітапты оның қолына түсірмейік! Біреуін Әнуар Әлімжановқа бер, біреуін өзің ал, біреуін... Олжас Сүлейменовке апарып бер, жарай ма? - деді, әншейіндегі басыңқы қоңыр үні шыңылдаңқырап шығып.

Тілегін орындадым. Томдардың алғы бетін өзгерткен жоқпын, онда "архивке тапсырылды" деп қазақ, орыс тілдерінде қысқаша сілтеме-түсінік жазғанмын-ды. Әнуар өзіне тапсырылғанды: "Сен архивші-тарихшысың ғой, менен гөрі сенде болғаны дұрыс шығар", деп жазушы Амантай Сатаевқа силағанын айтты. Жақсы жолдасым, сырласым Амантай сөйтіп ойында жоқ олжаға кенелді. Ал екі томдықтың басқа данасын бір күні Жазушылар одағы кеңсесінің подвалынан тауып алдым. Сол жылы, кеңсе күрделі жөндеуден өткізілгенде, кабинеттердегі кітаптар подвалға түсірілген екен. Әлдебір мерейтой алдында бір кітаптар керек болды да, ақын жолдасым Сабырхан Асанов екеуіміз подвалдың кілтін алып түскенбіз. Кітаптар бөлменің ортасына үйіліп тасталған екен. Сабырхан аңырып тұрып қалып: "Астапыралла! Мынау сұмдық қой!" - деді. Шынында солай болғанмен, не істерсің, керегімізді іздеуге кірістік. Бір тұстан өзіме таныс қос қоңыр томды көріп қалдым да, дереу ұмтылып барып алдым. "О не? Не кітап?" деді Сабырхан. Мен көрсеттім, айттым (Жазушылар одағындағы төртінші хатшылық қызметінен Кинематография комитетінің төрағалығына ауысып кеткен Олжастың кабинетінде қалған кітаптармен бірге шығарып тасталғанын түсіндім.) Сабырхан: "Маған берші!" деді, құмарта қалып. Көңілін жықпадым, бірінші томын бердім. Ал екінші томын жазушы-сыншы профессор Тұрсынбек Кәкішев: "Мағжан Жұмабаевтың аудармалары туралы зерттеу еңбек жазуыма керек еді" деп сұрап алған еді, әлі де сол кісіде.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308