Жұма, 22 Қараша 2024
Рух 5465 9 пікір 28 Қаңтар, 2019 сағат 08:55

Бүгінгі ұстаным «рухтан қазақ», «ұлттан қазақ» болуы тиіс

Отарлаудың бір құралы - қару болса, екіншісі - идеология. Соңғы үш жүз жыл арасында Ібілістік идеологияның білдіртпей еніп, рухымызды жаншып, ұлттық келбетімізден бірте-бірте айрылуымыздың нәтижесі ХХІ ғасырда айқын көріне бастады. Оны сізбен біз күнделікті көріп те жүрміз. Қарумен халықтың санын азайтып жерін иеленуге болады, бұл әрине іс жүзіндегі соғыс әрекеті, ал көзге көрінбейтін соғыс басқыншылық идеологиямен ше?. Ол - шекарасыз, шексіз кеңістікке кеңінен жайылып, бір ұлтты ғана емес, бірнеше халықтың рухын улап, жоюдың бірден бір амалы. Ұлтсыздану идеологиясы біздің ұлтымыз үшін төніп тұрған қасірет, одан сақтану қазақ үшін ауадай қажет.

Әлемде 200 ден астам мемлекет бар болса, соның бірі қазақтар, қазақтарды ұлтсыздандыру ХІХ ғасырда басталды. Біртұтас ұлт ретінде біріктіріп, дінін де, тілін де, салт-дәстүрін де берік сақтап тұрған хандар мен билер институты орыстың ұлтсыздандыру идеологиясының әсерімен әлсіреп, соңғы демін 1860 жылы бірақ шығарып тынды. Қазақтық идеяны сақтап қалу біздің алдымызда тұрған үлкен аманат, ол үшін ең алдымен рухани шекарамызды бүтіндеу жолын таңдағанымыз жөн. Кезіндегі Алаш арыстарының ұраны «оян қазақ», «ойлан қазақ» еді. Бүгінгі ұстаным біздің ұлт үшін - «рухтан қазақ», «ұлттан қазақ» болуы тиіс.

Қазақ халқының тағдырын адамзат тағдырымен қатар қойып, ұлт ретіндегі даму жолымызды таңдағанда ғана өзге мәдениеттерге жұтылып кетпейтініміз анық. Адамзаттық сатыларда, философиялық рухани жағынан қойылар ерекше талаптар бар. Міне, осы талаптарға жауап бере алмаған ұлттар тез жойылып немесе өзге халықтың көлеңкесіне айналып кете бермек.

Әлемдегі электрондық-роботтану үрдісі арқылы технократиялық синтездеуге ұмтылған жаһандану көші көпшіліктің бас ауруына айналып отыр. Қазақ секілді аз ұлттар ғана емес, үлкен ұлттар мен алып мемлекеттер де оны сырт айналып өтудің амалын қарастырып, қамданып жатыр.

Ұлттың мәні - материалдық байлықта емес, ұлттың рухында. Рухы мықты ұлт, құзіретті - халық, толық адам толыққанды мемлекет. Ең алдымен ұлт ретінде, халық ретінде ғана емес, адам ретінде жойылып кетпеуді алдымызға шамшырақ еткеніміз жөн болар. Тіршілік үшін күресу уақытша, жалған нәрсе, ақиқаттың заңдылығымен жүріп, ақиқаттың мәнін ұғынып өмір сүрсек, адам ретінде ғана емес, ұлт ретінде мойындаламыз. Рухты жетілдірген адам - адам, тіршілік үшін күрескен - пенде.Пенделер көбейген жерде саяси-әлеуметтік дағдарыстар, табиғи апаттар жиі орын алады. Пенделік қасиеттерді ұлы рухқа арнап, соның жолына ұлықтауды үйреніп барып, барлық пен байлыққа ұмтылған жағдайда ғана материалдық байлық ұлттың игілігіне айналады.

Қазақ беделге, оның ішінде өзінен үлкенге мойынсұнатын халық. Бізде шекаралық (маргиналдық) қасиеттер көп. Осы қасиеттерден айрылмаған жағдайда ғана ұлттық мінезімізден ажырамаймыз. Экономикасы дамыған алпауыт елдердердің қайсысы болмасын, олар тек экономикалық тұрғыдан емес, рухтың азғындауы тұрғысынан да алдыңғы саптан көрініп келеді. "Ең көп қылмыс - біз өркениетті деп аузымыздың суы құри мақтайтын елдерде. Ең көп өзіне-өзі қол жұмсаушылық - Еуропада. Ең көп нашақор мен маскүнем, жезөкшелер - батыста" деп айтуын айтамыз-ау. Ал, бүгінгі қазақ қоғамы осы сорақылықтарды айналып өте алды ма? Өте алмаса, бұл нені көрсетеді? Кез келген қоғамда көпшіліктің мүддесі кейінге ысырылып, аяққа тапталса, тұлғаның қоғам алдындағы борышы мен парызы, перзенттік міндеттері маңызсыз мәселеге айналады. Осы бір бәлекетті жат әдеттер біздің қоғамға да қауіп төндіріп тұрғаны құпия емес. Әркімнің өзі үшін ғана тіршілік етуі басты орынға көтерілген жерде «тіршілік етушілер» өз ортасына қауіп төндіреді. Иә, олар «өмір сүруші» емес,«тіршілік етуішілер». Себебі «өмір сүретін» - адамдар. Ал пенделік қасиеттері басым түскендер тек «тіршілік иесі» ретінде ғана «тіршілік» кешпек.

Әрбір қазақ өзін сол қазақтың жалғызымын деп ойлап, осы мінездерден аулақ болса, біз жанымызды жаман қасиеттерден аршып алатынымыз даусыз. Жан тазалығын алдыңғы қатарға қойған атам қазақтың ұрпақтары - біздердің, иә бәріде біздердің қолымызда. Осы бір бабадан қалған жан тазалығын әспеттеп, жаһандану аждаһасы мен ұлтсызданудың аузына ілікпей сақтана білсек, оны жеткіншек ұрпақ жанына сіңірсек, қан тазалығы да, қазақы мінез де өз орындарынан табылары сөзсіз! Ол үшін рухтану мен ұлттану деген қасиетті сөздерді жадымызда жаңғырта берудің еш артықшылығы жоқ, оны қайталап айта берумен бірге іс жүзіне асыру ойлы да, арлы қазақтың мойнындағы борышы. Рухыңды биік ұстап, ұлтыңның ұлылығын ұлықтай білсең, жаңа заман, жаңа ғасыр - сенің ғасырың, менің заманым, қазақтың ғасыры болары даусыз.

Мақсат Әубәкіров

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315