Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2991 0 пікір 17 Мамыр, 2011 сағат 03:24

Рәтбек Нысанбайұлы. Елбасына хат жаздым, құлағдар бол, жамағат

Елбасы Н.Назарбаевқа хат!

 

(«Қазақстан қажылары» діни бірлетігінің төрағасы Б.Айнабековтың «Хазіретке хат жаздым, құлағдар бол, жамағат. «Қазақстанның Құрметті муфтиі Р.Нысанбайұлына Ашық Хатына» жауап).

Бисмиллаһир Ирахманир Рахим

Құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы!

Алдымен халқыңыздың бір ауыздан қолдап, Алланың берген үлкен абыроймен қайта Елбасы болып сайлануыңызбен шын жүрегіммен құттықтаймын. Сіз өзіңіздің бұл абройға ылайықтылығыңызды ел егемендігін алған уақыттан бергі жасампаз тірлігіңізбен, ел ғана емес әлем алдында  дәлелдей білген қайраткерсіз. Алла ендігі жерде  Өзіңіздің cол қасиетті еліңіздің алдында орындау үшін алға қойып отырған мақсаттарыңызға жетуге күш-қуат берсін деп тілеймін.

Елбасы Н.Назарбаевқа хат!

 

(«Қазақстан қажылары» діни бірлетігінің төрағасы Б.Айнабековтың «Хазіретке хат жаздым, құлағдар бол, жамағат. «Қазақстанның Құрметті муфтиі Р.Нысанбайұлына Ашық Хатына» жауап).

Бисмиллаһир Ирахманир Рахим

Құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы!

Алдымен халқыңыздың бір ауыздан қолдап, Алланың берген үлкен абыроймен қайта Елбасы болып сайлануыңызбен шын жүрегіммен құттықтаймын. Сіз өзіңіздің бұл абройға ылайықтылығыңызды ел егемендігін алған уақыттан бергі жасампаз тірлігіңізбен, ел ғана емес әлем алдында  дәлелдей білген қайраткерсіз. Алла ендігі жерде  Өзіңіздің cол қасиетті еліңіздің алдында орындау үшін алға қойып отырған мақсаттарыңызға жетуге күш-қуат берсін деп тілеймін.

Мен Сіздің атыңызға бұл хатты жазу үшін көп ойландым. Менің атыма БАҚ беттерінде Ашық хат жазып, оны Сіздің назарыңызға салған «Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы,  жазушы-журналист Бақтыбай Айнабеков ініміз өз хатында былай деп жазған екен; «...Осы жәйттарды біле тұрсам да, бүгінгі хаттың жазылуына «Ақылды тақтағы емес, тағынан түскен патшадан сұра.  Тағынан түскен патша сабасына түсіп, сабырға келеді. Терең ойға барып, ақылыңа ақыл қосады» деген ескіліктен жеткен ұлағатты әңгіме дәнекер болып отыр. Қазір еліміздегі тіршілік ана сүтіндей ақ, ана тілегіндей таза болып тұрған жоқ. Діни басқармадан кеткен  он жыл Сізге де сабақ болған шығар. Оның үстіне елдегі қазіргі діни  жағдай Сізді де бе- жай күйде қалдыра қоймас. Қазір еліміздегі ішкі діни ақуал ел егемендігін барынша қауіпті жағдайға әкеліп тіреп отыр. Бұл жағдайды қазір кім жөнге сала алады, мұнымен түпкілікті кім айналысуы тиіс?.. Бізге дәл қазір сөз емес, нақтылы іс қажет. Сіз өткізген соңғы құрылтай алдында өзіңізді Ел Президенті Н.Назарбаев қабылдап, республика көлемінде шешімін таппай отырған діни мәселелер жайлы кең көлемде жеке әңгімелесіп, талап-тілектеріңізге құлақ асқан болатын. Елдегі діннің проблемалары туралы біраз ортақ пікірге тоқтасқансыздар.

Міне, осы мәртебеңіз бен абыройыңыз, дәл қазір Сізге еліміздегі діннің бүгінгі жағдайына байланысты ел алдына шығуға да, Елбасымен жолығып пікірлесуге де  моральдық құқық береді.  Бұған қосымша бүгінгі таңда әлемдегі діни ынтымақтастық туралы ықпалды жұмыс жасап жүрген Елбасымыз Сіздің еліміздегі Ислам дініне сіңірген мол еңбегіңізді жақсы біледі және  құрметтейді. Сондықтан ендігі жерде өзіңіз негізін қалаған Республика мұсылмандары діни басқармасының қазіргі бетімен кеткен жайына,  республикадағы бірден-бір зиялы дін қайраткері, дін хазіреті ретінде өзіңіздің тікелей араласуыңызға тура келеді. Еліңіз бен дініңізге жаныңыз ашыса, үлкен сілкініспен қайрат жігер шақырып, Елбасы алдына нақтылы ұсыныспен шығуыңыз керек...».

Өз атына қойылған мұндай нақтылы  сұраққа уақтылы жауап беру әрбір мұсылман баласына парыз. Мақаладағы айтылған осы пікірді оқыған соң, Өзіңізден болмағанмен, Аппарат жетекшісінен бір хабар болып қалар, хатқа содан соң да жауап жазсам да кешікпеспін деген ойда жүргенмін. Осы аралықта апай-топай Астанада республика мұсылмандары діни басқармасының  кезекті құрылтайы өткенін естідік. Республикадағы жалғыз Құрметті муфти бола тұра өз басым діндарлардың бас жиынына  шақырту алғаным жоқ. Ұйымдастырушылардың имани сана сезімдерінің жеткен жері осы болса оған не шара?!.  Құрылтайдың бұлай атүсті  өтуі әрине көпшілік арасында әрқалай пікір тудырды...

Жалпы - діни басқарма үкіметтік саяси ұйым емес. Халықтан жасыратын ештеңесі жоқ. Елдің діни сенімін арттыратын ұйым болғандықтан, кезекті құрылтай өтетін күн алдын-ала хабарланып, күн тәртібіне бүгінгі таңның өзекті мәселелері қойылып,  жариялы түрде өткенде көп мәселені  абройлы шешкен болар еді...

Осы құрылтайдан соң, маған Ашық хат жазған  автор Б.Айнабековтың  «Елбасына хат жаздым, құлағдар бол жамағат» деген тікелей өз атыңызға БАҚ беттерінде жарияланған Ашық хатына да назарым түсті. Ойға берілдім...

Мен журналист-жазушы Бақтыбай Айнабеков інімді дін жанашыры ретінде ертеден танимын. Қазақ теледидарында алғаш діни хабарларды  өмірге алып келген  қайсар азамат. Бұлай айтып отырғаным осы азаматтың белгілі әдебиет сыншысы, Мұхамеджан Қаратаев ағамызды қатыстыра отырып менімен дайындаған «Әдет ғұрыптың озығы бар, тозығы бар» атты бір сағаттық діни хабары кезінде қылышынан қан тамып тұрған  ҚКП Орталық Комитетінен болған сегіз рет тексеруден соң, бір жыл бір айдан кейін, сол кезде Орталық Комитетке хатшы болып келген Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың мақұлдауымен ғана эфирден әзер өткені есімде. Айнабековтен басқа журналист болса, ол кезде жоғары жақтан болған ескертуден соң ол хабарға қайта айналып соқпас та еді. Қайсар азамат өзі дайындаған сол хабарды кезінде тайсалмай табандылықпен алып шықты. Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайын да, одан кейінгі он бес-он сегіз жыл көлемінде жоспарлы діни хабарлар да осы азаматтың басшылығымен эфирден өткенін  жақсы білемін. 1996 жылғы Қазақстан қажыларының қажылық сапары туралы «Сәлем, Мекке!» деген тақырыппен алғаш рет алты сериялы телефильм түсірген де осы азамат. Бұл хабарлар дінге сусап жүрген халқымызға теледидардан жеткен алғашқы бұлақ көзі болатын. Мен бұл пікірді жасым жетпіске келгенде жарамсақтанып,  інімізді жалған мақтау үшін айтып отырғаным жоқ, болған оқиғаны сол көрген қаз қалпында жеткізіп отырмын...

Маған жазылған бұл Ашық хат  негізінен  қалың бұқара болып талқылауға,  бұзылғалы тұрған ел тыныштығы мен тағдырына жұртшылық  назарын аударуға ниеттелініпті. Бұл мәселе дәл қазір Өкімет пен Үкіметтік дәрежеде қаралса да артықтығы жоқ,  ел тыныштығы үшін өте қажетті  жауапты шаруа.  Ашық хатта, мен басшылықтан кеткен соңғы он жыл көлемінде республика көлеміндегі дәстүрлі Ислам дінінде  орын алып отырған ел бірлігі мен қауіпсіздігіне қатер тудырар өрескел олқылықтар нақтылы деректермен өте орынды ортаға салыныпты...

Қазір араб Ислам әлеміндегі бірсыпыра мемлекеттерде толқулар мен төңкерістер орын алып отырғанын барша халық көгілдір экран арқылы көріп-біліп, көп нәрсеге көздері жетіп отыр. Діні мен иманы мықты елде еш уақытта мұндай жаппай бас көтерулер мен масқара көріністер болмаған...

Бұл ретте біздің  елімізде де қазір  басқа діни ағымдардың орасан зор мүмкіндікке иелік етуі, әрине ел тағдырына үлкен қатер.

Осы орайда өткен жылы  «Орда-kz» (№3, 30.07.2010 ж.) газетінде жарияланған «Діни басқарманы тарату керек!» деген тақырыппен   Жамбыл облысы Қордай аудандық мәслихатының депутаты, дәрігер Біржан Әлімбетовтың жан-айқайы сұхбатын мен де таптыртып оқып шықтым.   Оқыған адамның құйқа тамыры шымырлайтын бұл  жанайқай-сұхбатта, өткен жылдың 22 маусымында Ақтау қаласы маңындағы қатаң тәртіпті режимдегі түрмеден қашып шықан 21 тұтқынның құқық қорғаушыларға көрсеткен қарулы қарсылығын, бірнеше күнге созылған әбігерден кейін олардың басым бөлігінің қаза тапқанын, солардың арасында Біржанның өз ұлы Дәурен Әлімбетовтың қайдағы бір жат дін содырларының насихатына еріп,  қыршын жасында тектен-текке «шаһит» болып, оққа ұшқандығын әңгімеге өзек етіпті. Әрине, жан түршігерлік аянышты да қайғылы жәит...

Газет тілшісінің сұрағына орай,  қайғыдан қан жұтқан әке   бүгінгі таңда ешкімнен жасыруға болмайтын күрделі екі мәселенің басын  ашып көрсетіпті. Бірінші, қаралы әкенің сөзіне илансақ, азамат баласы «Аллаһу акпарлап» өзін-өзі жарып жіберген. Сонда бұл жігіт кім үшін, не үшін, қандай мақсатпен жас жанын «шаһит» құрбандыққа тігіп, өзін-өзі жарып жіберіп отыр? Бұлардың артында қандай күш, қандай саясат  тұр?.. Екінші, қаралы  депутат өзі діндар болмаса да, ел үміт артып келген ұйым Республика мұсылмандары діни басқармасын таратуды талап етеді. Неге?.. Журналист Б.Айнабеков бөліп алып сұхбаттағы осы екі мәселеге ел назарын аударыпты.

«Аллаһу акпарлап» өзін-өзі жарып жіберу сырқатының елге енуін, өз жандарын көзсіздікпен құрбан еткен жастарымыздың мына «шаһит» жарылыстарын елге қалай түсіндіріп, олардың  үрейін қалай басуға болады? Бұрын мұндай «шаһит» жарылыстар шет елдерде ғана орын алып жататын,  енді өз елімізде, тіпті ұрықсатсыз жан баласының аяғы жете бермейтін қапастағы түрмеміздің төрінде орын алуын кім қалай  ұғынады?.. Осындай жарылыстың жалғасын енді Республика Мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Нұр Мүбәрәк» университетінің түлегі Рузембай Ишімбетов жетекшілік еткен  діни  лаңкестер  Алматы шаһарының қақ ортасында жасап, қаншама жанды қанға бөгегенін  кеше телидидардан көрдік.  Бұлайша «Алаһу ақпарлап» өзін-өзі жарып жіберу деген не деген сұмдық?! Елімізде бұрын-соңды мұндай сорақы жанкештілік болып па еді. Өмір - Алланың адамға берген ең басты сыйлығы. Мұны әр пенде қадірлей білуі керек.    Сонда, тыныш елдің шырқын бұзар мұндай бұзақы  діни ағымдар кімге қажет?..  Менің білетінім еліміз  үшін дәл қазір де, ертең де ешбір Ислами діни ағымның қажеті жоқ! Кірме діни ағымдарға заң жүзінде де, діни жолмен де жедел тоқтау салған мақұл. Исламның атын жамылған мұндай жағымсыз экстремистік күштермен  қатаң күресу керек. Бұлардан да бұрын өзіміздің дәстүрлі қазақы Ислам  үлкен күш ретінде өзін-өзі көрсете білуі тиіс. Кейбір  дүмшелер «Ислам діні ұлтқа түспеген, жалпы әлем жұртшылығына түскен» деп дінді ұлттан қашқақтатқысы келеді. Бұл шолақ пікір. Ұлтты ойламау - елді ойламау. Дін деген -  сенім. Ал сенімі болмаса ел бірлігі, ұлт бірлігі туралы, оның іргесінің мықтылығы туралы әңгіме де айтуға болмайды. Бұл пікірге  Ислам да  ешуақытта қарсы болған емес. Құран да; «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» («Хұжырат» 49 - 13). деп ескертеді. Демек, жаратушымыз ұлт етіп жаратқан соң, оның дербестігі мен бірлігін сақтау әрбір ұлт азаматының ғана емес, дін иелерінің де абройлы борышы. Елде дәл қазіргі таңда орын алып отырған ертеңі қатерлі бұл мәселені ең алдымен Республика мұсылмандары діни басқармасы көтеруі тиіс. Дін - Алланың ісі, саясат - адамның ісі. Саясат - сағат сайын өзгеруі мүмкін, дін - мәңгілік. Осылардың арқасында бұрын үш жүзге, руға бөлінсек, енді түрлі дін мен ағымға бөліне бастадық.   Дін мен саясатты қосқысы келіп  жүргендердің бұл мақсаты үрей тудырады. Бұл өте қатерлі қадам, қате пікір. Қоғамға бүлік салады. Мұндай қауіп қатерді көре біле тұра үнсіз қалсақ, Алла алдында да, Отан алдында да қылмыс болып саналады. Бұл ретте көрші қырғыз, өзбек, тәжік, шешен елдерінде орын алған қанды қырғын оқиғалардан сабақ алуымыз керек.

Енді республика мұсылмандары діни басқармасы таратылуы тиіс деген одағайлау естілер екінші мәселеге ойысайық. Әрине, өзім алғаш негізін қалап, кейінгі кезде өзім де есігінен кіре алмай қалған діни басқарманы жою туралы талапты есту маған оңай тиген жоқ. Осы орайда журналист   2000 жылғы маусым айында өткізілген  Құрылтайдың,  Республика мұсылмандары діни басқармасының 23 мамыр 1996 жылы Әділет министрлігіне тіркелген Жарғысының 9 тарау 4-ші тармағында көрсетілген; «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас муфти жоғары діни білімі бар, араб тілін жетік білетін және дін басқару жұмысында кемінде 10 жылдық тәжірибесі бар, денсаулығы шариғат үкіміне сәйкес келетін адам болуы қажет» деп жазылған  талабын бұзып,   жоғары діни түгілі, арнайы орта білімі де жоқ, діни басқару жұмысында он жыл түгілі, он күн де жұмыс жасамаған, діни ортаға бейтаныс, өзінің коммунистігін қасақана жасырған - атейст, филолог-ғалым Ә.Дербісәлінің  басқарма төрағалғына заңсыз сайланғанын, сайланып болған соң жаңа дінбасының  діни сауатсыздығына ашынған республиканың он екі имамы "Жаңа Төраға жағдайды жақсартты ма? Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев мырзаға Ашық хат", "Қазақ Елі" №7, 2001 жыл/ деген мақала жариялап, орын алып отырған осы олқылықты Сіздің назарыңызға салғанынан, құдайдан қорықпағандар "құдай жолында" қалып, құдай деген «арызқой имамдар» қуғынға ұшырап, имамдық қызметтерімен қоштасқанын айтып, ең соңында  Ә. Дербісәлінің  1982 жылы "Мектеп" баспасынан жарық көрген "Араб әдебиеті" атты кітабы Исламға қарсы жазылғандығы үшін  фәтуа айтуымды талап етіпті. Мен осыншама ұзақ сауалға жалғыз сөйлеммен жауап қайырғым келіп отыр.  Біз әлем мойындаған құқықтық мемлекетпіз, заңдылықтың сақталуын тиісті заң орындары шешуі тиіс, ал Әбсаттардың Исламға қарсы жазған еңбегіне байланысты фәтуа газет бетінде емес, муфтиятта, муфтилер бас қосқан бас жиында берілер фәтуамен шешілуі тиіс.

Журналист діни ағым фанаттары мен шетелдерден келген миссионерлер жұмысының бетімен кетуі туралы айта келіп, өз хатында кезінде Кенияның тұңғыш президенті Джумо Кеньята айтқан; «Миссионерлер Африкаға келгенде, біздің жеріміз бар еді, ал олардың «Інжілі» болды. Олар біздің көзімізді жұмып қойып табынуға көндірді. Ақырында көзімізді ашқан кезде біздің жеріміз олардың иелігінде, ал «Інжіл» бізде қалды» деген сөзін орынды еске алыпты. Қазір осы жағдай біздің де басымызға төніп келе жатқан сияқты. Оған дәлел қазіргі Дін басшысының өзі жазған мақаласындағы («Егемен Қазақстан» 19.09.2003 ж.)  дерегіне сенсек елімізде жарты миллион қазақ Ислам ағымдарынан басқа діннің ықпалында кетіпті. Әрине, бұл жалған дерек болса керек. Алла бетін аулақ қылсын...

Құрметті  Елбасы!

«Данышпанның көзі зынданға түссе, зынданның түбіне күннің сәулесі түседі» деген мақал бар емес пе.  Осыдан 20 жыл бұрын Алланың жарылқауымен еліміз өз егемендігін алды. Сол кезде Елбасына Сіз, Дінбасына Мен келдім. Бірігіп ел егемендігін сақтап қалуда шама-шарқымызша ынтымақтастықта жұмыс жасадық.  Осыдан он жыл бұрын Сіздің ұсынысыңызға келісім беріп, мен Дінбасылық қызметімді тоқтаттым...

Соңғы 20 жылда өзіңіз басқарған еліміз қаншалқты абройға бөленгенін күні кеше Астанада 56 елдің басшылары мен халықаралық ұйым өкілдерінің басын қосқан Саммит толық көрсетті. Сізге рахмет!..

Бірақ, соңғы он жылда имани жұмыстағы дәрменсіздіктен атадан қалған дәстүрлі Ислам дініне ене бастаған әртүрлі ағымдар мен олар әкелген анайы тыныс-тіршілік елдің осы тұтастығы мен ынтымағына, ел ертеңіне үлкен қауіп тудырар жағдайға жеткізіп отырған сияқты. Қазір өз қатарларын  күшейткен  діни кірме  ағымдар  өзімен-өзі бітіспес кикілжіңге түсіп, жасаған қылмыстарын бір-біріне аударып салып, бірімен-бірі қырқысып жатқанын да ел көріп отыр. Бұл тіршілік одан әрі жалғаса берсе, мұндай  қырқысулардың соңы ел егемендігіне қатер болып тиер қанды қырғынға ұласуы да бек мүмкін. Менің пайымдауымызша бұл берекесіздік, еліміздің  бүгінгі өнегелі де өркенді қадамын көре алмай отырған дұшпандарымыздың қимылы. Олар  сүттей ұйыған көп ұлтты,  ел ынтымағын бұзар  соғыс отын тұтандыру үшін ештеңеден аянбайды. Бір ұлттың әлденеше дін мен сектаға бөлінуі аса ауыр қасірет. Тарихқа үңілсек, мұндай жағдай ұлттың да, мемлекеттің де тұтастығын жойып, түбіне жетіп тынған... Мұндай аты мен заты  белгісіз есепсіз діни ағымдарды үкімет еш уақытта тоқтата алмайды.  Дінді -  дін ғана тоқтатады. Ол үшін еліміздегі дәстүрлі дін Ислам күшті де, қуатты болуы керек.

Сондықтан хатымның  соңында айтарым, кезінде осы діни басқарманы Өзбекстаннан бөліп алуда, Алматыдағы Бас мешіт құрылысын бастауда Сіз бен марқұм Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың  көп көмектеріңіз тиген еді. Мен сол кез үшін қарышты қадам болып саналатын бұл жұмысты тікелей Сіздердің көмектеріңізбен іске асырғанымды еш уақытта  халықтан жасыра алмаймын. Сіздердің көмектеріңізбен осы діни басқарманы жеке шаңырақ етіп құруды Алла тағала менің еншіме жазған соң, сол шаңырақтың еліміздегі Ислам дінін заманауи талаптар негізінде басқаруда өз жолынан жаңылмауын әрдайым назарда ұстап отыратыным жасырын емес. Бұл орайда Қазақстанның Құрметті муфтиі ретінде тікелей өз атыма келіп жатқан хаттар мен кездесулер барысында қойылатын сұрақтар да аз емес. Осы орайда «Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы, журналист-жазушы Бақтыбай Айнабековтың Ашық Хатына Сізге жазған осы хатыммен жауап берумен бірге, автор талап етіп отырғандай еліміздегі Ислам дінінің бүгінгі жағдайына байланысты Сіздің қабылдауыңызда болып, ой бөліссем деп едім. Ел тағдары мен дін абройы үшін бұл кездесудің пайдасы молырақ болар еді.

Ислам бірлігі - ел бірлігі. Қазіргідей қазақ халқы ұлт болып бірігіп жатқан кезде елімізде Әділет министрлігіне тіркеліп жұмыс жасап жатқан барлық Ислам діни бірлестіктері де өзара бірлікке келіп, Елбасымыз Сіз ұстап отырған еліміздің бір тұтастығын сақтап қалуда  бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып,  жұмыс жасауға күш біріктірулері керек. Бұл орайда бізге жыл сайын Меккеде өтетін қажылықтағы әлем мұсылмандарының намазда қибылаға бірігіп бір кісідей сап түзеп,  бет бұрған сұлу ынтымақтастығы өнеге болса жарасар еді...

Сәлеммен, Рәтбек НЫСАНБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті муфтиі

10.05.2011 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562