Елтілек. Абай неге ана тілін білмейді!?
Ақорданың төріне шыға алмаған ана тілім, «ақжағалылардың» аузына түспеген алмас тілім... Сенің көсегеңді қайтсек көгертеміз?
Иә, Президент «түсініксіз тілде» көп сөйлемеуге тырысып келеді. Баяғы жартас, сол жартас... Мемлекеттік хатшы екібастан қазақша сөйлемейді. Сөйлей қалса, қақалған адамның күйін кешетіні бар. Бұл кісі де Ақордада отырады. Парламенттегі бірлі-жарым депутат ана тілімізге жаны ашыған кейіп танытып жүреді, әйтеуір. Айтпақшы, әнеубір ағамыз.... депутат мандатын алғанға дейін, қазақ тілі деп кеңірдегі жыртылғанша айғайлап жүретін. Біз ол кісіні жатып келіп, жарыса мақтап қырылып қала жаздайтынбыз. Бақсақ... мәжілістің жұмсақ орындығына бөксесі тиіп еді, ұлтшыл ағамның түрі де, тілі де өзгерген. Екі күннің бірінде парламент партасында орысша гөйітетін болды. Депутаттық сауалын «ресми тілде» ғана жасайды. Кешегі ана тілге деген емешегі үзіле сөйлейтін қызуқандылығының «сау тамтығы» қалмаған. Опасыз дүние!

Премьер-министр Кәрім Мәсімов қазақ тілін мазақ тілі қылғандай. Бітпейтін жиынын «бугин қаралатын масале» деп бастайды да ары қарай орысша ойқастай жөнеледі. Министрлер де жиын өткізсе, әйтпесе, сұхбат берсе әуелі орысша сөйлеуге аңсарлары ауып тұрады. Бір-екеуінен өзгесі. Тіпті, «қазақша сұрақ қойған журналистерге «орысшадан аударып алмайсыңдар ма!» деп қыр көрсетіп, кекірейген министрді де мына шықпағыр көз көрді» деп зар илеген әріптесімнің жанайқай әлі құлағымда тұр...
Ана тіліміздің мәйегін ұстап отырған ауылдағы халық болса, телеарналарды қосады, газеттердің бетін ашады тілдің аясын кеңейтуге арналған қаптаған, қарақұрым жиналыс жайлы ақпар алып, «е, мыналар жырғатып жатыр екен» деп тоқмейілсиді. Бірлі-жарымды қалаға жолы түсіп келгендері түтігіп қайтады. «Әлгі сендердің мемлекеттік тілді дамыту үстіндеміз» деп Құдайдың құтты күні емешектерің үзіліп сөйліп жататындарың қайда, мұнда орысша білмесең, құның бес тиын» екен дейді түнеріп... «Кешір, аға», деп кемсең күй кешіп, налығаннан арыға бара алмаймыз.
Биліктің ұшар басының көңіл-ауаны тілге келгенде осындай салқын болған соң, төмеңгі жақ қалай оңсын. Жоғарының ығына жығылады да. Қыл аяғы ұсақ-түйек жиналыстың бәрі орысша өтеді. Тағы бір осындай жиыннан күні кеше қазақша сөйлейтін бір адам таба алмай, салымыз суға кетіп шықтық. «Ресейдің бір облысы емеспіз ғой?» деп қапаланасың келіп. Күні бойы осы бір ойдың жанымды жегідей жеп, «мүжігені» сонша құр сүлдерім қалғандай... Ызадан өлердей болған мен үйге сыймай кешкісін саябаққа шығып, уытты ойларды саябырсытып қайтпаққа бекінгем. Қайнаған зығырданды баспаққа. Саябақтағы оқшаулау орындыққа жайғасып, көкжиекке көз жүгіртіп, ана тіліме қатысты өлмеші үміт отының шоғын көсей түсем... Сол сәт қасыма төрт-бес жас шамасындағы екі беті томпиған, өзі монтиған қара домалақ балақайдың келе қалмасы бар ма? Сүйкімді. Тіпәй-тіпәй тілім тасқа! «Болашақ сендердікі, сендердің кездеріңде ана тілімізге қатысты еш түйткіл болмайды. Амандық болса, енді тоғыз жылдан кейін Қазақ елі жүз пайызға жетеқабыл қазақша сөйлейді. Сендер бақытты ұрпақ боласыңдар!»,- деп жынды адамша өз-өзімнен күбірлеп отырмын. Ол таңданып қарап қалыпты. «Атың кім балақай?». Ол аңырып тіл қатпастан тұр. «Әй, батыр атың кім, айта ғой», үн жоқ. Жатырқап тұр ғой деп шамаладым. Оң жақ бүйірден отыздардың бел ортасын еңсеріп қалған келіншектің «Абай, Абай!» деген дауысы естілді. «Қазақтың данасындай - Абайдай атыңа, затың сай болып өс! Бүгінгі қазақтың ойшылы бол, ұлтты оңға бастар!» деп іштей тілек еттім. «Атың керемет екен! Абайжан жасың нешеде?». Ол тағы үндемеді, бірдеңе айтқысы келеді, бірақ айта алмайды... «Айта ғой». Осы кезде жақындап қалған келіншектің «Иди сюда!» деген ызбарлы даусы қаттырақ шықты. Маған алакөздене бір қарап қойды. Біреудің баласында нем бар еді... Қолынан анасы дедектетіп жетектеп бара жатқан Абайдың екі көзі менде. Қолымды бұлғап қойдым. Керең болғыр құлағым анық естіп тұр: «дяденька у меня что-то спросил, но я не понял его», деп былдырлап барады. Тілі не деген тәтті еді. Жүрегім қан жылай жөнелді... Тағы да терең ойға батып бара жатырмын. Иә, Тәуелсіз елде тұтас бір буын өз ана тілін білмей өсті. Тілге жаны ашу, ұлтқа деген махаббат сынды өзекті мәселелердің иісі олардың мұрындарына да бармайды. Енді міне, Абай бастаған және бір толқынның жағдайы соның кебін құшпақ. Ана тілге қатысты өткен 20 жылдағы жемісіміз осы! Алдағы он жылдағы жетістігіміздің қалай боларын өзіңіз парықтай беріңіз...
«Абай-ақпарат»