Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Біздің шенеунік 15520 17 пікір 14 Мамыр, 2019 сағат 15:09

Қарақұсова жөн сөз айтыпты

Гүлжан апа Қарақұсованың қазір екінің бірі біледі. Әр айтқан сөзі интернеттің "хиті" боп жүр. Заманауи тілмен айтсақ, "хайпанутая" деген теңеу дәл келеді.  Мәжілістің ең тәжірбиелі депутаттарының бірі. 

Гүлжан Қарақұсова биыл 69 жаста. 3 бала, 8 немере сүйіп отырған әже.  Мәжіліс депутаты. Сенатта да депутат болған. Жалпы депутаттық қызметіне биыл 16 жыл. Эконмист, ғылым докторы, профессор, айта берсеңіз атағы көп...Орден-медальдерін тізбелеп жатпайық. Бір басына жетіп-артылады.

Бір жылдары Астанадағы (ол кезде бас қаланың аты Астана еді ғой) депутаттар үйсіз қалып, біраз уақыт қымбат қонақ үйлерге қоныстанғаны естеріңізде болар.

Сол қымбат қонақ үйде бюджет есебінен тұрып жатқан өз әріптестерін жақтап сөйлеп, журналистерге жекіген. "Ребята, Кто как содержится, тот так и работает" деген-ді. Бұл Қарақұсованың өз сөзі. Дүйім жұрт депутаттың бұл дарақылығын сынға алған. Кейін Қарақұсова өз сөзінен айнып, ақталғандай болды. Жә, оны қойшы, айта берсең депутат Қарақұсованың қыңыр-қисық сөздері көп.

Бұл - "Біздің Совет одағы" деп сөйлеп, сынға қалған Қарақұсова.

Бұл - "Қартар пансионатын салайық" деп сөйлеп, сынға қалған Қарақұсова.

Бұл - "таза қазақы" тілмен "бір бала жақсы, екі бала жақсы" деп сөйлеп,  сынға қалған Қарақұсова...

Есімізде, әлеуметтік желідегі әжуадан кейін Гүлжан апа "Қазақ тілін үйрене беремін. Бірақ маған қолдау керек.  50 жыл орыс тілінде сөйлеп, сол тілде жұмыс жасап, сол тілде ойланып келдім. Қазақ тілін үйренуді енді бастадым" деген еді. Онысын құптадық және.

Шыны керек, Гүлжан Жанпейісқызын біз жетер жеріне жеткізіп, шымбайынан өткізіп, көп сынадық. Зейнеткерлігін де айттық, қазақ тілінде сөйлемейтінін де сынадық. Қазаққа жат, бөтен менталиттетке тән бастамалары үшін де сөктік. Енді бүгін сөйткен Қарақұсова жөн сөз айтыпты. Сынауды білгенде, мақтауды білмейміз бе?

Өткенде Мәжілісте жиын өтті. Ұлттық қордың басшылары келіп, депутаттарға есеп берді. Бюджеттік кодекске сәйкес, зейнетақы қоры активтерін басқару құқығы Ұлттық қорды басқару кеңесіне беріліпті. Яғни, кеңес Ұлттық қордың да, Зейненақы қорының да активтерін басқарады. Біз күлкі етіп жүрген Қарақұсова депутаттардың алдына келген сол қор басшыларына шүйлікті.

Қорды әрі бері сүйреп жүргенде, салымшылардың жинақтарын жоғалтып алудан қауіптенетінін жылармандай болып айтты.

"Мен зейнеткермін. Менің ол жерде (қорды айтады) салымымнан гөрі көз жасым жинақталып жатыр. Мен бұл жерде өз азаматтарымыздың жеке жинағы туралы айтып отырмын. Мемлекет әрбір азаматтың жинағының аман сақталуына кепіл болуы керек қой. Ол жинақ тек аман сақталып қана қоймай, ол зейнетке шыққанша жыл сайын өсіп отыруға тиіс. Осыны ұмытпаған жөн. Ол азамат жылдар бойы жинаған ақшасын зейнетке шыққан соң толық алуы керек. Ең құрығанда инвест табыс инфлияциядан төмен болмауы керек" деді ол.

Сондай-ақ, депутат Қарақұсова қызметтердің біріктірілуі жұмыстың жүйесіне әсер етіп, міндеттердің шатасуы, жұмыстың жүрмей қалуына әкеліп соқтыруы мүмкін екенін айтып:

"Ұлттық қорда ақша жетпей ме? Ендеше ешқандай да тәуекелге бармай, ақшаларын қайтарып берейік. Біздің Бірыңғай зейнетақы қорының проблемалары аз емес қой. Мен осыдан қорқамын. Міндеттерді қалай бөліседі?" деді.

Түйін

Қарақұсова "Мен зейнеткермін. Менің ол жерде (қорды айтады) салымымнан гөрі көз жасым жинақталып жатыр" деу арқылы бүкіл халықтың көз жасы зейнетақы қорында жиналып, теңізге айналуға таяу қалғанын айтты. Ол теңіз толқыса не болмақ? Соны да ескертті. Қорды әрі бері сүйреп жүргендер салымшылардың жинақтарын жоғалтып жібере ме деген қаупін де жасырған жоқ. Қазір биліктегілердің майлы-қалтасына айналған зейнетақы қорының сұрауы болатынын еске салды. Осы үшін Гүлжан ханымға бір алғыс айтып қойғанның айыбы болмас!

Жарайсыз, Қарақұсова ханым!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

17 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053