Тіл туралы бір күндік айқай емес, жүйелі жұмыс керек
Бижомарт ҚАПАЛБЕКОВ, Мемлекеттік тілді дамыту институтының бас директоры:
- Биыл тәуелсіздігімізге жиырма жыл толады. Тіл туралы заңның қабылданғанына да жиырма жылдан асты. Бірақ мемлекеттік тілдің мәртебесі де, оның заңмен берілген құқығы да әлі күнге дейін толық жүзеге аспай жатуының себебі неде?
Бижомарт ҚАПАЛБЕКОВ, Мемлекеттік тілді дамыту институтының бас директоры:
- Биыл тәуелсіздігімізге жиырма жыл толады. Тіл туралы заңның қабылданғанына да жиырма жылдан асты. Бірақ мемлекеттік тілдің мәртебесі де, оның заңмен берілген құқығы да әлі күнге дейін толық жүзеге аспай жатуының себебі неде?
- Біріншіден, мемлекеттік тілді дамытуға қатысты ресми мекемелердің жұмысында үйлесім байқалмайды. Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті, Астана, Алматы қалаларының және барлық облыстардағы Тіл басқармалары мен орталықтарының арасында вертикалды байланыс жоқ. Басқармалар тілді дамытуға арналған қаржыны жергілікті әкімдіктерден алатындықтан, өздерінің бөлек бағдарламалары, өткізілетін іс-шаралары, шығаратын кітаптарына қаржы таппайды. Мәселен, Ақтөбеде жасалған оқу құралын Қарағанды қайта шығарып жатуы мүмкін ғой. Сондықтан олар мемлекеттік сатып алуға қойылатын қызметтер мен тауарлар бойынша Тіл комитетінде бас қосып, ақылдасып, сол жерде жұмыстарын үйлестіріп отыруы керек. Екіншіден, Үкіметтің тілге қатысты саясатының босаңдығынан 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы орындалмай қалды. Егер «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдана қалса, басқа заңдардың баптары соның талаптарына сай өзгертілуі тиіс. Мәселен, «Мемлекеттік қызмет туралы» заң мен «Білім туралы» заңға азғантай түзетулер мен толықтырулар енгізілсе, тіліміз жиырма емес, екі-ақ жылда қанатын кеңінен жаяды.
- Ол қандай өзгеріс?
- Барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметке қабылданар кезде мемлекеттік тілді білу дәрежесін тексеретін емтихан алу туралы бап керек. Мысалы, Президент сайлауы қарсаңында президенттікке үміткерлерден емтихан алынады емес пе?! Онда мемлекеттік қызметтегі министрлерді, әкімдерді, бас мамандар мен жай мамандарды неге сынақтан өткізбеске?! Мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін үйрету үшін әрбір Тіл басқармасына жыл сайын кемінде 15-20 млн теңге бөлінеді. Осылай, оқытуға мемлекеттік қазынадан қомақты ақша шығындалғанына 7-8 жылдан асыпты. Бірақ осыдан шығатын нәтиже қандай? Қазақ тілін меңгергісі келетіндерге неге нақты мерзім қоймасқа? Егер қазақ тілін орта мектепте, жоғары оқу орнында пән ретінде оқып келген қызметкердің тілді білу деңгейін тексеріп, жұмысқа қабылдайтын болсақ, бюджеттің ақшасы «тесік шелекке құйылған су» сияқты кете бермес еді. Ал «Білім туралы» заңға қазақ тілінен ҰБТ тапсыруды міндетті етіп, одан 13 балл алған талапкер ғана жоғары оқу орнына қабылданатындай бап керек.
- Сіз жаңа тіл мәселесімен айналысатын мекемелер арасында байланыс жоқ екендігін айтып қалдыңыз. Мүмкін олардың жұмыстарын үйлестіріп отыратын жаңа құзырлы орган керек шығар?
- Рас, қазір Тіл комитеті мен Тіл басқармаларының үстінен агенттік құруға қатысты ұсыныстар айтылуда. Мысалы, Тіл білімі институты Білім және ғылым министрлігіне, Тіл комитеті Мәдениет министрлігіне, Тіл басқармалары өздерінің әкімдіктеріне қарайды. «Қазақ тілі» қоғамының үні мүлдем естілмейді. Осылардың бәрінің басын біріктіріп, жұмыстарын үйлестіріп отыратын бір орталық керек-ақ.
- Мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнына қатысты аз айтылмайды. Осы мәселеде «маманданып» алған саясаткерлер мен қоғамдық ұйымдар да бар. Бірақ сол көп пікірталастан шығатын нәтиже аз сияқты ғой?
- Мемлекеттік тіл туралы бір күндік айқай емес, жүйелі жұмыс керек. Мәселен, өзіміз төлейтін салықтан құралатын бюджеттен мемлекеттік тілді дамытуға кететін қаражат тиімді жұмсала ма? Осы қаржыға шығарылатын өнімдер қоғамға керек пе? Мінеки, осы мәселелерге қоғамдық ұйымдар тарапынан бақылау жүргізілмей жатыр.
Ал «Алматы» телеарнасынан берілетін «Тіл сақшысы» бағдарламасы - аз да болса азаматтық қоғам тарапынан бұл істе бақылау орнату. Мемлекеттік тілді дамыту институты сайтында «Тіл полициясы» деген бөлім ашып қойдық. Онда көшедегі жарнамалар туралы бірнеше материалдар бар. «Олар неге қате күйінде ілінеді? Оған кім кінәлі? Оларды кім бақылайды?» деген сияқты сауалдар бойынша зерттеулер жүргіздік. Оған қоса, мемлекеттік тілге қатысты шығарылған кітаптарға мониторинг жасап, оның нәтижелерін сарапшыларымызға жібереміз. Яғни институт жанынан құрылған Қоғамдық кеңеске заң, құқық қорғау орындарының қызметкерлерін, тілші мамандар мен Алдан Смайыл, Бекболат Тілеухан сияқты халық қалаулыларын тарттық. Мәселен, қазіргі таңда, Алматы қаласы Тіл басқармасының мемлекеттік тапсырыспен шығарған өнімдеріне сараптама жасап жатырмыз. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Ұлт жұмысы - машинаның тетігі емес, басып қалсаң, басқа жөнге түсетін, ол - құмырсқаның илеуіндегідей жұмыс. Оған әркім өзінің шамасы келген шөпшегін апарып, ортақ илеуге салуы керек».
Жалпы, азаматтық қоғамда нақты идеялар төменнен туындап, жүзеге аса бастаса, оны мемлекеттік деңгейде қолдау керек. Себебі жоғарыдан басталған идеялардың іс жүзінде нәтиже бермей жатқаны көп қой. Былтыр «қазақша сайт ашамыз» деп миллиондаған теңге жұмсалды. Одан гөрі өздері сайт ашып, талпынып жатқандарды қолдау керек еді. Оларда идея да, белсенді жұмыс істеуге жағдай да, мамандар да дайын.
- Мемлекеттік тілді дамытумен айналысатын қоғамдық ұйымдар ғана емес, институттар да бар. Бірақ олардың жұмысының тиімділігі қандай? Мысалы, Мемлекеттік тілді дамыту институты нақты қандай жобаларды жүзеге асыруда?
- Біріншіден, мемлекеттік қызметкерлерге арналған 20 томдық салалық терминологиялық анықтамалық сөздіктердің он екісін шығарып, қалған сегізін дайындап отырмыз. Бірақ бұл жобаға Алматы қаласы Тіл басқармасынан биыл ақша бөлінбегендіктен, оны шығарудың басқа жолдарын іздестірудеміз.
Екіншіден, балалардың ұлттық табиғатына сай балалар әдебиетін шығаруды қолға алдық. Үш кітап дайындалуда: біреуі - экологиялық әліппе, екіншісі - өтірік өлең, үшіншісі - хайуанаттар жайлы қазақ ертегілері. Олардың барлығын заманауи техникаға сай қылып, түрлі-түсті суретпен көркемдеп, компьютерде тыңдай алатындай етіп шығарамыз. Себебі қазір балалар әдебиетінің таралымы өте төмен деңгейде. Қай кітап дүкеніне барсаңыз да, көбінесе - аударма әдебиет. Орыс тілінен сауатсыз аударылғандықтан, сапалары төмен.
Үшіншіден, институт ауқымында ғылыми зерттеулер жасалынады. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жеті жыл грамматика бөлімін басқарғанмын. Тіл білімінің зерттеу нысаны екеу: бірі - тілдің ішкі құрылымын, екіншісі - тілдің қоғамдағы қызметін зерттеу. Бізде екінші саладағы зерттеулер жеткіліксіз. Тек бұл бағытта профессор Бақытжан Хасанов пен оның шәкірттері жұмыс істеуде. Ал әлеуметтік лингвистиканы дамытып, зерттеулерді жандандыратын болса, мемлекеттік тілдің, латын әліпбиінің, терминологияның және т.б. мәселелердің ғылыми шешімі табылар еді. Ғалымдар мемлекеттік тілді дамытудың ғылыми негізін жасап, кедергілерін анықтап, оның жұмсалу өрісін кеңейтудің жолын көрсетіп, халыққа жариялауы қажет. Егер ғылыми негізі бар нәрсені Үкімет қолға алмай жатса, онда бұл - басқа әңгіме.
- Бірақ қазірдің өзінде көрсетіліп жатқан кемшіліктер түзетіліп отыр ма? Мысалы, өзіңіз айтқан «Тіл сақшысы» бағдарламасы анықтаған олқылықтарды мемлекеттік Тіл басқармасы неге назарға алмайды? Басқармалардың жұмысы көп жағдайда мерекелік шаралар мен Абай оқуларын өткізумен шектеледі...
- Олардың айтысына қарағанда, көше аралауға он бес адам жетпейді, көлік жоқ. Талап қоятын заң да қатал емес. Ал Алматы қаласының Тіл басқармасына жылына 170 млн теңге бөлінеді. Бұл ақшаға жерді қопарып, Алматыны мың рет айналып шығуға болады емес пе?! Егер тіл басқармасы құзырын пайдаланып, ескерту жасаса, бір рет, екі рет, үш реттен кейін өздері ұялады. «Тіл сақшысы» солай істеп отыр ғой: бір рет ескертеді, қайта айналып соғады, тексереді, ұялтады, ақыры түзеттіреді. Қазіргі заңның өзімен де жұмыс істеуге болады. Ал басқармаға Тіл полициясы сияқты айыппұл салатын күші бар құзырет керек. Сонда ғана сең қозғалатын сияқты. Ал Астана қаласы Тіл басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы: «Мен Астана қаласының әкімі Тасмағамбетовке кіріп, көшеде қате ілініп тұрған билбордты алғызу үшін кран сұрап аламын», - дейді. Жаны ашитындар солай жұмыс істейді. Заңды сылтауратудың керегі жоқ!
- Өздеріңіз қаржыны қайдан аласыздар? Тілге қатысты жобаларды жүзеге асыруға ақша жеткілікті ме?
- Үкімет бізге: «мынанша ақша береміз, тілді дамыт» деп отырған жоқ. Көппен бірге тендерге қатысамыз. Коммерциялық мекемелер шығаратын өнімдерін қазақшаға аудартады. Олардың арасында «Food Master», «Nestle», «Gallaher Kazakhstan», «Efes» сияқты ірі компаниялар бар. Кейбір мекемелерге мәтіннің қазақшасы тұрса болды. Ал біз оны аудармашыдан кейін редакторға, содан кейін корректуралық тексеруге жібереміз. Келесі бір қаржы көзі - мемлекеттік тілді оқыту. Арнайы жабдықталған кабинеттерде халыққа ақылы түрде қазақ тілін үйретеміз. Қазақ тілі пәнінен үлгере алмай жатқан оқушылар, «Болашақ» бағдарламасымен оқуға баратындар, бизнес өкілдері, зейнеткерлер келеді. Қазақ тілін қажет етіп, үйреніп жатқандар бар. Кейде мемлекеттік мекемені оқыту мүмкіндігін тендер арқылы ұтып аламыз.
- Ал өзіңіз айтқан ірі бизнестің қазақ тілін дамытуға қатысты көзқарасы қандай?
- Барлығы тілдік қажеттіліктен туындайды. Қазақстанға әкелінетін өнімдердің барлығында мемлекеттік тілде мәліметтер болуы тиіс. Олар сол үшін қазақ тілін қажет етіп, аудартып отыр. Оларда тілге деген басқа қажеттілік жоқ. Егер тіл туралы бұрынғы бағдарламада көрсетілгендей, 2010 жылы мемлекеттік органдар мемлекеттік тілге көшіп кеткенде, бизнестің де беті бері қарай бұрылар еді. Олардың жұмыстары мемлекеттік органдармен тығыз байланысты ғой. 90 пайыздан астамы қазақтар істейтін мемлекеттік қызмет қазақша сөйлемей тұрғанда, бизнес қай тілде сөйлейді деп ойлайсыз?!
- Кейде мемлекеттік тілдің дамымауын басқа тілдерден көреміз. Қазақстанда шынымен, «шет тілдерінің экспансиясы» бар ма?
- Бізде тек орыс тілінің ықпалы басым болып тұр. Ағылшын, қытай тілдерінің де өріс алуы байқалады. Тірлігіңнің тілі қай тіл болса, халық соған қарай ауады. Азаматтарымыздың шет тілдерін білуін қолдаймын. Ақпараттық кеңістікте еркін жүзуі үшін әрбір қазақ, әсіресе, ағылшын тілін жақсы білуі керек. Бірақ шет тілдері бізде 12 жастан, 5-сыныптан бастап оқытылса дұрыс болар еді. Себебі бала алдымен «өз қазанында пісуі» керек. Ол өзге тілді өз тілі арқылы тануы тиіс. Тіл үйрену жаттау арқылы жүзеге асатындықтан, баланың ой-өрісін дамытпаса, ол бір заттың екі атауын ғана білумен шектеледі. Сондықтан алдымен ынта-жігерді баланың өз ана тілі арқылы әлемді тануына жұмсау керек деп ойлаймын. Ал орыс тілінің ықпалын азайту үшін Үкіметтің жүргізіп отырған тіл саясатын дұрыс жолға қойып, тілдік орта қалыптастыруға жағдай жасаған жөн.
- Кейінгі кезде «қазақ тілі ғылымның тілі, техниканың тілі бола алмайды» деген әңгімелер айтылып жүр. Осыған қалай қарайсыз?
- А.Байтұрсынұлы: «Тілдің міндеті - ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Айтқызатын адамы болса, тіл соған жарайды» деген болатын. Тілдің мүмкіндігі шексіз. Тілден тілдің кемдігі жоқ, кеңдігі ғана бар. Мысалы, жаһанға жайылған ағылшын тілі ертеректе британ аралдарында сан мыңдаған адамдар ғана сөйлейтін тіл болған. АҚШ мемлекетінің күшеюіне байланысты, оның әлемге ықпалы да артты. Кеше Байтұрсынұлы айтқандай, «ит деп жазып, шошқа деп оқитын» тілді жұрт керемет, көркем, әуезді тіл болған соң үйреніп жатқан жоқ.
Егер физик, химик, технолог, информатик мамандар қазақша тәрбиеленген болса, олар сол ғылым түрлерін де қазақша сөйлетеді емес пе?! Кезінде алаш зиялылары - Жүсіпбек Аймауытов психологияны, Мағжан педагогиканы, Міржақып математиканы, Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімін жетілдірді.
Кейде қазақтілді кейбір ғалымдардың өздері сөздерді аударғанда «тым қазақыландырып кеттіңдер», «әр терминді қазақшаға аудара бермеңдер», - деп жақтырмайды. Өйткені оларға орысша айтқан жеңіл. Ғылымның нәтижесі - ортақ, ал жеткізу құралы - әртүрлі. Мысалы, 80- жылдары «терроршы» деп жазса, қазір «лаңкес» деп жазылады. Қандай керемет аударылған сөз! «Инаугурация» сөзін «ұлықтау» деп аударғаны қандай түсінікті! Терминдер «халықаралық», «ғылыми стиль» деп, мүлдем тиіспейтін Құран сөзі емес қой?! Тілге жатық, көңілге қонымды болса, аударылмайтын сөз болмайды! Тек әр ғылым саласында, біздің тіл Байтұрсынұлы айтқандай «айтқызатын адамы табылмай, қор болып» тұр ғой. Ғалымдардың көпшілігі орысша ойлайды. Олардан қазаққа пайдалы өнім шыға ма? Меніңше, қазаққа қатысты дүниені, тек қазақша ойлайтындар ғана жасай алады. Мемлекет сондай мамандардың көбірек шығуына жағдай жасауы қажет.
- Президент ең алдымен қазақтар өзара қазақ тілінде сөйлесуі керек деп еді ғой. Жиырма жылда қандастарымыздың туған тілін үйреніп шыға алмауының сыры неде?
- Мен үйінде де, түзде де қазақша сөйлеп, «тіліміздің күні бір туар-ау» деп қазақтығын сақтап отырған қандастарымыздың алдында басымды иемін. Ал ана тілі жоқ сияқты, әлі де өзге тілде сөйлеп жүрген азаматтардың күйі - таза құлдық сананың салдары. Қазақты қазақ етіп тұрған - тіл. Тіл - мәдениеттің сақталатын орны, оны танытатын құралы. Тіл - ұлттың ішкі мазмұны, сол ұлттың өзі. Солай бола тұра, оны білмеуді, басқа қалай түсіндіруге болады?! Бұл құбылыс - Үкіметтің тілге қатысты әсіре интернационалистік саясатынан туындаған.
Мен сізге мына қызықты айтайын: 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғыста орыс пен неміс соғысып жатты. Қазақтар «азаматымызды соғысқа жібермейміз» деп көтеріліс ұйымдастырып, Торғайда, Жетісуда талай қазақ қырылды. Кешегі Амангелді батырларды айтамын. Ал енді 1941 жылы тағы сол орыс пен немістің соғысы болды емес пе?! Бірақ көп қазақ оған «отанымды қорғаймын» деп аттанды. Сонда кеңес өкіметінің идеологиясы қандай мықты болған?! Жиырма жылдың ішінде халықтың басын шыр айналдырып жіберді емес пе?! Ал бізде ұлттық идеология қалыптаспаған. Сондықтан жиырма жылда қазақ өз тілін өзі үйрене алмай жүр. Жұрттың көбі - прагматик, бүгінгі күнмен өмір сүреді. Қазақ тіліне қатысты «мемлекеттік тілді білмейтіндер мемлекеттік қызметке алынбайды» деген талапты қоятын салмақтылау заң шықсыншы, ертең-ақ барлығы балаларын орыс мектебінен алып, қазақ мектебіне сүйрей жөнелер еді...
Сұхбаттасқан
Н.ЖЕҢІС
http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=8397&Itemid=2