Ғылым мен ұлттық сөйлеу тіліміз әлі орыс тілінің ықпалында...
Жалпы қызыл империялық ақыл-ой бізге алаш ағартушы арыстарының және Тұрандық ислам қайта өрлеуінің белді өкілдерінің 5 одақтас республикадағы ірі тұлғаларының көзін жойған соң, екі рет әліпби ауыстырумен «халықаралық термин» деген жалған пәлені таңды. Ал, орыс тілінде бұл Батыс елдерінен, яғни, өлі латын мен грек, қазіргі неміс, ағылшын, испан, француз т.б. елдердің тілінен кірген сөздер «еуропизм» деп аталады. Орыстар осы «еуропизмдік» кірме сөздерді өздерінде тілдік жағынан заңдастырып қабылдаған соң, «халықаралық термин» деген желеумен бодан елдерінің тілдеріне енгізіп мәдени экспанция жасауды әлі күнге тоқтатпай отыр.
Біз неге өз тілдік заңдылығымыз аясында «еуропизмдік» сөз қабылдауға көшпейміз деген заңды сұрақ туындайды.
Осы мәдени қастандыққа әзірше Орталық Азия елдері ашық қарсылық танытпай отыр. Бұл Орталық Азия елдерінің өз тәуелсіздігін алғанымен «отаршылдық синдромы» дертінен арылмай отырғанын танытады. Сонымен қазақ елінде осы дерт қалай орын алып отырғаны жөнінде аз-кем сөз етейік. Ақ және Қызыл Ресей ғылымы мен саясаты бізге орысшаланған ұлттық негіздегі «жазу» мен «сөйлеу» тілін араб және латын әліпбиін кириллицаға көшіру арқылы таңды. Патшалық Ресей кезінде бұратаналарға арналған мектептерде шәкірттерді зорлап шоқындыру мен кириллге негізделген ұлттық жазулар негізінде ана тілінде білім беру жолға қойылды. Бұны кейін асқан зәлімдікпен коммунистер толық жүзеге асырып, Орталық Азияны мәдени-рухани тұрғыда толық жаулай алды.
Қазақстан мен ОА өзге елдерінде осыдан құтылудың жолы әлі қарастырылмай отыр. Ғылым тілі мен ұлттық сөйлеу тілі орыс ықпалында қала беруде. Бұған кінәлі аталған елдердің ғалымдары мен қоғамдық-саяси күштердің өкілдерінің бойын жайлаған «отаршылдық синдромы» дерті.
Әуелі мысалға тілінің төрт құбыласы түгел деген Тәжікстанды алайық.
Бұл елде орыс тілі мемлекеттік мәртебеге ие болмаса да заңдар мен үкімет қаулылары орыс және тәжік тілдерінде жарық көріп келеді. Тәжік тілі өз тәуелсіздігінің 28 жылы ішінде орыс тілінің үстемдігін жеңе алмай отыр. Керек десеңіз, ана тілінде сөйлейтін оқыған-тоқыған тәжіктердің белгілі бір тобы соңғы кезде балаларын оқытатын орыс тілді мектеп ашу үшін ел билігіне талап етіп, шағымдар түсіре бастады. Сонымен осы елде орыс тілі өзінің екінші тынысын алуда.
Тәжікстан Ұлттық университетінің оқытушысы Кутбиддин Мухтори орыс тілді «Азаттық» радиосына берген сұхбатында: «наша научная среда до сих пор русскоязычная. Большинство наших научных источников, особенно, в точных науках, на русском языке. Ученые уже привыкли и считают, что на русском языке им все гораздо понятнее. Полагаясь на русский язык, мы невольно в некоторых случаях становимся преградой использованию таджикской терминалогии. Когда научные работы переводятся на русский язык, ученые заявляют, что не нашли таджикского аналога и потому изъясняться им на русском языке гораздо удобнее», - деген пікір айтады.
Орыс елінің неоимпериялық қоршауында қалған қазақтар осы бағытта дер кезінде істеуге тиіс екі мәселені назардан тыс қалдырды.
Біріншісі – кирилл жазуын тәуелсіздік алған бетте 28-29 әріптік емле мен ережеге көшіру керек еді.
Екіншісі – тікелей латын, грек, ағылшын және еуропа тілдерінен сөз қабылдауымыз қажет болатын.
Латынға көшіруде өзбектер әлі бірізге түскен жазуын оңдай алған жоқ. Оған куә таяуда тағы бір рет өз жазуына жасаған реформасы.
ОА елдері тікелей өзге тілден сөз қабылдамауы үшін орыс отаршыл ғалымдары жалған «Халықаралық термин» деген ұғым-түсінікті орталық азия ғалымдарының миына мықтап сіңірді. Әлемдік лингвистикада «Халықаралық термин» деген ұғым жоқ, тек өзге тілден енген «еуропизм» деген аталым бар. Осы кірме сөздердің сөздігі өз тілін құрметтеген елдерде жыл сайын жергілікті тілдің сөйлеу заңдылығына бейімделіп, орфографиялық және орфоэфиялық жосықта толықтырылып шығып отырады.
Аталған аяр тілдік-ділдік диверсияның кесірінен «халықаралық термин» деген бәлекетті айналып өту үшін қазақ лингвистері түрлі салада бейберекет аударылып қолданылған пуризмге жол беріп алды. Елбасымыз осыны кезінде орынды сынаған болатын. Тіпті «маған нағыз қазақ тілінде жазылған оқулықты көрсетіңіздерші» деген ащы шындықты айтуға дейін барды.
Кірме сөздерге не жатады деген мәселе басы ашық қалып, ғалымдарымыз тарапынан қолға алынып қарастырылмай жатыр. Кірме сөздерге ең бірінші – кәсіби сөздер, одан кейін варваризмдер, арго мен жаргондар жатады. Мысалы біз неге орыстың подъез, разъез сөздерін аударып әуре боламыз. Орыс тілінен енген кірме сөз ретінде сөйлеу тілімізге бейімдеп, пәдиез және рәзиез деп қолданбаймыз. Осылай қолдансақ, біреу қолымызға кісен алып, аузымызға қақпақ бола ма?!
Сонымен «халықаралық терминнің» ар жағында ұлттық сөйлеу тілінің дербес сөз қабылдауына тосқауыл қоятын арыдан ойластырылған орыстық тілдік-ділдік саясат жатыр. Қазір түрме тілі қолданылып жазылған орыс детективін аудару үшін тәржіма жасаушы аудармашы арнайы ереже жоқтықтан орысша қалай жазылса солай жазып аударма жасауға мәжбүр. Немесе белгілі бір ғылым саласында, айталық медицинадан оқулық жазушы ғалым да латыннан тікелей сөз қабылдайтын ереже жоқтықтан кірме сөздерге қатысты жалған «халықаралық терминнің» жалына жабысады. Қазақ тілінде техникалық терминдермен оқулық шығаруда пән оқытушылары түрлі қиындықтарға ұшырасып, бір оқу орнының оқулығындағы қазақша терминдерді екінші оқу орнының студенттері түсіне алмай басы қатқан кездерде орын алды.
Бұның бәрі өзге тілдік сөз ана тілімдің заңдылығана бейімделіп «еуропизм» жаңа сөздері ол кірген тілден қазақшаға бейімделіп «қалай айтылса, солай жазылуы керек» дейтін ұлттық тілдегі бірізді ереже жоқтығы бәріне қолбайлау болуда. Қазақ дыбыстары еуропа тілдерінің баршасының сөздерін өзіне жуықтап қабылдауға бейім.
Халықаралық терминді «еуропизм» атауымен алмастыратын кез жетті. Бұл терминді енгізсек, өзге тілдерден тікелей сөз қабылдап, латынға лайықталған төл жазуымызға негізделген сөздерді қазақша айтылуы бойынша жазып, айтуға қол жеткіземіз. Өзбек жазу алмастыру тәжірибесінен қорытынды шығарып, кирилді де 28-29 әріпке көшіруге арнайы заң қабылдау керек.
Әрі өзге тілдің ерекшелігін сақтап отырып, қазақшаға бейімдеп сөз қабылдау ана тілімізді үйренуші басқа ұлттар үшін көп жеңілдік береді. Кірме сөзді шет тілінен хабары бар бауырлас халық өкілдері де оңай ұғынады. Әрі қазақ тілі түркі тілдес елдерден тілдік жағынан еш алшақтамайды.
Сіз бұған қалай қарайсыз ағайын!
Әбіл-Серік Әлиакпар
Abai.kz