Тайсойған тұрғындары зымыранның зардабын тартып отыр
Кеңестік кезеңде Ресейге ұзақ жылға жалға берілген Тайсойған әскери сынақ алаңы ауданның ең шұрайлы аумағында орналасқан. Ауданның шұрайлы жерін алған ресейліктер сол жылдары ауыл тұрғындарының шырайын да бірге әкетті... Бір жылдың ішінде бірнеше зымыранның қалдықтары құлап, тереңдігі бес жүз метрге дейін жеткен әскери сынақтың зардабы күні бүгінге дейін тұрғылықты жердегі адамдардың денсаулығы мен төрт түлік малға зардабын тигізіп отырғаны осының айқын дәлелі. Ащы болса да ақиқаты осы. Облыс орталығынан шалғай жатқан аудан тұрғындарының 1952 жылы басталған әскери сынақтан көрмеген азабы жоқ. Ресейліктер он жылдан бері зымыран қалдығы түспеді деп ант су ішіп отырған Тайсойған полигонының залалын жергілікті халық әлі көріп отыр. Оның басты себебі әскери сынақ кезінде Тайсойған полигоны аумағына түскен зымыранның қалдықтарынан ауаға қандай ауыр металдар, улы инертті газдар, басқа радиациялық заттар бөлінгені - күні бүгінге дейін жария етілмей, беймәлім болып қалды.
Қолда бар деректер жуырда Қызылқоға ауданының орталығы Миялыға Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов бастап келген арнайы топтың аудан тұрғындарымен кездесуінде кеңінен тарқатылып айтылды.
Кеңестік кезеңде Ресейге ұзақ жылға жалға берілген Тайсойған әскери сынақ алаңы ауданның ең шұрайлы аумағында орналасқан. Ауданның шұрайлы жерін алған ресейліктер сол жылдары ауыл тұрғындарының шырайын да бірге әкетті... Бір жылдың ішінде бірнеше зымыранның қалдықтары құлап, тереңдігі бес жүз метрге дейін жеткен әскери сынақтың зардабы күні бүгінге дейін тұрғылықты жердегі адамдардың денсаулығы мен төрт түлік малға зардабын тигізіп отырғаны осының айқын дәлелі. Ащы болса да ақиқаты осы. Облыс орталығынан шалғай жатқан аудан тұрғындарының 1952 жылы басталған әскери сынақтан көрмеген азабы жоқ. Ресейліктер он жылдан бері зымыран қалдығы түспеді деп ант су ішіп отырған Тайсойған полигонының залалын жергілікті халық әлі көріп отыр. Оның басты себебі әскери сынақ кезінде Тайсойған полигоны аумағына түскен зымыранның қалдықтарынан ауаға қандай ауыр металдар, улы инертті газдар, басқа радиациялық заттар бөлінгені - күні бүгінге дейін жария етілмей, беймәлім болып қалды.
Қолда бар деректер жуырда Қызылқоға ауданының орталығы Миялыға Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов бастап келген арнайы топтың аудан тұрғындарымен кездесуінде кеңінен тарқатылып айтылды.
Еліміздегі сала министрліктері өкілдері мен Тайсойған полигонының Ресей тарапынан өкілі А.Зиминдердің назарына әсери сынақтың зардабынан көрген жергілікті тұрғындардың мүшкіл халі бейне көрініс арқылы көрсетілді.
Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бибоз Шаяхметовтің айтуынша, тұрғындардың денсаулығы күрделі жағдайда.
Ауданда тіркелген мүгедектер саны - 999. І-ІІтоптағы мүгедектер саны - 525. ІІІ-топ 342 адам болса, бала кезден мүгедектер саны - 132 адамға жетті.
Таратып айтсақ, соңғы 10 жыл аралығында қатерлі ісік ауданда 59 адамға, өкпе дерті 29-37-ге жетсе, қан тамыр-жүрек аурулары 371-407-ге, тыныс жолдары ауруы алты жүз адамда анықталса, психикалық аурулар белгісі бар адамдар саны 76-97-ге жетіп отыр.
- Облыс бойынша, ауданымыз суицидтен алдыңғы орында тұр. Оның себебі бізге жұмбақ. Жоғарыда айтылған аурулармен қатар әйелдер арасындағы сәби көтере алмаушылық пен нәрестенің өлі тууы немесе кемтар болып дүниеге келуі жиілеп кетті. Балалар арасында лейкоз дерті мен қатерлі ісік дерті жасарып келе жатыр, - деп, аудан тұрғындарының денсаулығы туралы ашық айтқан аудан әкімінің орынбасары Бибоз Шаяхметов бірнеше жыл бұрын 6 жасында қарияның кейпіне енген Нұржан Өркешбаевтың да осы ауданның тұрғыны екенін тағы бір мәрте еске түсірді.
Құрдастарымен құмда еркін сайран салып жүрген баланың күн санап терісі салбырап, қария адамға ұқсап бара жатқаны белгілі болғанда, республиканы айтпағанда шетелдік дәрігер мамандар шошығанын ұмыту әсте мүмкін емес...
Қолда бар деректерге сүйенсек, Нұржанның атасы Бақтығали Өркешбаев Тайсойған полигоны аумағында шабындық шапқан механизатор екен. Айы-күні жетіп туған сәби Нұржаннан басқа бұл отбасындағы балалардың денсаулықтарында ауытқушылық жоқ.
Республикалық «Ақсай» балалар ауруханасында белгілі дәрігер, марқұм Зита Мажитованың жеке бақылауында болған Нұржанның денсаулығын германиялық дәрігер мамандар да тексеріп көрді. Алайда бала Нұржанға дәрігерлер нақты диагноз қоя алмады.
Күні бүгінге дейін Нұржан Өркешбаев ағзасындағы патологиялық өзгерістерге байланысты республикамыздың және облыстық ауруханаларда әртүрлі сырқатпен емделген. Айталық Ақтөбе балалар ауруханасы Нұржанға «Гемчинсона-Гильферда» деп диагноз қойса, республикалық «Ақсай» балалар ауруханасы мамандары оған «Синдром вялой кожи. Аномалия хордиального аппарата. Миокардодисторфия. Реактивный гепатит және холецистит. Гиперметрофия» деген диагноздарды қойған. Ал Атырау облыстық балалар ауруханасында Нұржанға «Умеренные диффузный изменение паренхимий печени. Хронический холецисто-панкретаит, 2-х сторнонний хронический пиелонефрит» диагнозы қойылып, емін алған.
«Хронический» деген атауының өзі адамды шошытатын небір сырқат түріне шалдыққан 20 жастағы Нұржанның денсаулығы күрт нашарлап, «өрт сөндіруші болсам» деген арманы адыра қалды. Қазіргі таңда жас жігіттің тағдыры кімді де болса алаңдатарлық жағдайда. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша «операторлық» мамандықты оқып жатқан Нұржан денсаулығына байланысты колледждегі оқуын сырттай бөлімге ауыстырған.
Тайсойған полигоны аумағында тұратын Ізім Сексенбаев полигон жанындағы «Қазанғап» учаскесіндегі сорда кезінде ракета сынықтарының қалдықтарының үйіліп жатқанын көргенін айтты. Сайып келгенде, бұл жайт әскери сынақ кезінде құлаған ракета сынықтарының Ресей әскерилері тарапынан қауіпсіз жерге жинау жұмыстары жүргізілмегенін айқындаса керек.
Ізім аға Тайсойған елді мекенінде бір отбасында 8 адам ауруға ұшыраған, ал тағы бір отбасында 3 баланың ақыл-есі кем екенін айтып, жұртты елең еткізді.
Мұндай жағдай Қызылқоға ауданының барлық ауылына тән. Әсіресе, ақыл- есі жетілмей қалған сәби қалпындағы үлкен азаматтарды бағу ата-ана үшін азап болып отырған отбасылар көп. Ең өкініштісі, Тайсойған полигоны зардабын көрген адамдардың ұрпақтарында айықпас дерт асқынып, бүгінгі күні олардан дімкәс ұрпақ дүниеге келіп жатыр.
Аудан тұрғындардың адам шошырлық сырқат түрлеріне ұшырауының нақты себебі әзірге белгісіз.
Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімнің сенатор С.Еңсегеновтің депутаттық сауалына байланысты жолдаған жауап хатында 2006 жылы Тайсойған полигонына кешенді экологиялық, демографиялық зерттеу жүргізілгені айтылыпты. Сол кезде әскери сынақ алаңына таяу маңдағы елді мекен тұрғындарының денсаулығына Тайсойған полигонының кері әсері болмаған (!) деген тұжырым жасалыпты.
Ал биыл министрдің тапсырмасымен «Қазгидромет» РМК, Денсаулық сақтау министрлігі, СЭС, өзге органдар өкілдерінен құралған топ полигонның радиациялық фонына зерттеулер жүргізген. Тайсойған полигоны аумағындағы атмосфераның жер бетіндегі қабатының, судың және топырақтың радиациялық жай-күйін зерттеу нәтижесінің қорытындысында полигон аумағының учаскелерінде нормаланған көрсеткіштердің шектен асып кетуі анықталмаған.
Бұл деректердің барлығы да аудан тұрғындарының 40 жасқа жетпей қайтыс болуы, нәрестелердің дені кемтар болып туып немесе жатырда жатып өліп кетуіне, ауыл тұрғындарының психикалық ауруларға ұшырауына, соңғы кезде өзіне-өзі қол салу оқиғаларының тым жиілеп кетуіне Тайсойған полигонының еш залалы жоқ деген қорытындыға әкеп тұр. Ақиқатында солай ма?
Облыстың 7 ауданының ішінде аурудың небір түрінен алғашқы орын алып тұрған Қызылқоға ауданы тұрғындарының ғана белгісіз ауруға ұшырауына сонда не себеп болуы мүмкін?! Мұнайлы өңірдің тұрғындарын мазалаған осы сауалға дәрігерлер мен экологтар нақты ештеңе айта алмай, тығырыққа тіреле беруінің себебі неде?
Атыраулық сенатор С.Еңсегеновтің Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбековаға жолдаған депутаттық сауалына орай облыстық денсаулық сақтау басқармасы да биылғы 25-26 мамырда Тайсойған ауылының тұрғындарын медициналық тексеруден өткізген.
Қызылқоға ауданы тұрғындарының денсаулығы туралы жан шошырлық мәліметтерді ортаға жайып салған аудан әкімінің орынбасары Б.Шаяхметовтің айтуынша, әскери сынақтың зардабын төрт түлік мал да көріп келеді.
Айталық, 1996 жылы Тайсойған полигоны аумағындағы «Аяпберген» қыстағын мекен еткен малшы ауылында бір сиыр бұзаулағанда төлінің бес аяғы болған. Малдың бесінші аяғы бұзаудың қыр арқасына біткен. Ежелден төрт түлік малдың асыл тұқымын бағып келген ауыл тұрғындары үшін бұл - күтпеген жайт. Енді бір дерек, 1997 жылы Тайсойған ауылының тұрғыны E. Жұмахметовтің жекеменшігіндегі сиыры маңдайында бір көзі бар төл бұзаулаған. Ауыл тұрғындары жылқылардың тамырлары өздігінен жарылып, қан орнына су аққан жайттар кездескенін айтып отыр. Әскери полигон аумағындағы Тайсойған ауылында екі басты қозылар туып, енді бір төл екі аяқты, бірі төсінде, екіншісі алдына біткен болып шықты. Төрт түлік малдың тұқымының өзгеше болып тууы оқиғасы күні бүгінге дейін тіркеліп отыр.
Қызылқоға ауданының орталығы Миялыда Сенат депутаты С.Еңсегенов пен сала министрліктері өкілдері және Ресейге жалға берілген полигонның жауапты өкілі А.Зиминнің қатысуымен өткен жиында Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Б.Шаяхметов әскери сынақтан зардап көрген аудан тұрғындарының Үкіметке айтар ұсыныстарын айтып, жеткізді.
Бұл ұсыныста алдымен Тайсойған полигоны орналасқан жер экологиялық зардапты аймаққа жатқызылып, аудан тұрғындарын сауықтыру үшін арнайы орындарды көптеп ашу мәселесі көтерілген.
Екіншіден, «полигон аймағы» деп табылған Тайсойған өңірінен жаңа мұнай өнімдерін өңдіру кешендерін көптеп ашу негізінде аудан халқы үшін жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықты азайту, аудан бюджетін салық түсімдерімен, әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат көлемін көбейту.
Үшіншіден, ұзақ жылғы полигон зардабын жоюға көмек ету мақсатында аймақ тұрғындарына өтемақы төлеу және осы күнге дейін қордаланған халықтың экологиялық зардаптарына дәрігерлік жан-жақты мониторинг зерттемелі қорытындыларын жүргізу.
Тайсойған - сынақ аймағы. Бірақ солай екен деп, жергілікті тұрғындар кіндік қаны тамған жерден ажырап, көшкілері келмейді. Сол себептен де, аудан халқы Үкіметтен өздерінің жер байлығының рыздығын көріп, денсаулықтарының оңалуына жағдай жасайтындай ұтымды шешімдерді шығарады деп үміт етіп отыр.
Тұрсын ҚАЛИМОВА
Атырау облысы
"Айқын" газеті