Қазақта «и» мен «у» деген дыбыс жоқ
Жуырда Abai.kz ақпараттық порталында біздің институтымыздың жас талантты ғылыми қызметкері Ермұхамет Маралбектің «И мен У» деген мақаласы жарияланды. Ермұхаметтің өзі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жастарының арасында ерекше ізденімпаздығымен, ғылымға ыждаһаттылықпен қарайтын, алдынан көп үміт күттіріп келе жатқан маман. Дегенмен қалың көпшілік оқитын ғаламтор басылымында жариялаған мақаласында Е. Маралбектің маман емес сырт көзге мүлде байқалмайтын, ал, шынына келсек, иі қанбаған, қате ұғымдары мен пайымдары тапжылмас ақиқаттай көрініс тапқаны жөн болмады деп есептейміз.
Қазіргі кезде елімізде түбегейлі тілдік реформамыз қарқынды даму үстінде жүріп жатқан шақта ана тілімізге байланысты әр маңызды мәселенің байыбына бармай, мен білемдік жасау – құптарлық тірлік емес. Сондықтан менің жазғанымды қатаң сыни сөз деп бағаламай, жас ғалымға бұдан былай ұстамдылық жасап, жарияланымдарын таразы мен безбенге салып, сынақтан өткізіп алып, әріптес ғалымдармен ақылдаса отырып жария еткені жөн болар еді деген ағалық тілеулес ескертпем деп қабылдауыңызды сұраймын.
Нақты мысалдарға көшелік.
Жас ғалымның мақаласы мына сөздерден басталады: «Қазақ тілінде и, у дыбыстарының фонологиялық позициясы олардың таңбалануын анықтайды».
Нақты, қысқа да нұсқа сияқты емес пе? Осы сөйлемде сырттан қарағанда бір өрескел жаңылыс жоқ сияқты көрінетіні қауіпті. Бірден айтайық, «фонологиялық позиция» дегенінің өзі жаңылысу. «Неге?» деген сұраққа жауап берейік: «Қазақ тілінде и мен у деген дауысты дыбыстары жоқ, ешқашан болмаған және болашақта да олардың қазақ тілінде орын тебуі екіталай. Ендеше «фонологиялық позициясы» да болуы мүмкін емес, «фонетикалық позиция» десе де бір сәрі.
Демек, мәселе соншалықты қарапайым: мұндай дыбыстар тілімізде жоқ болған соң олардың фонологиялық позициясын сөз қылудың өзі мүмкін емес қой! Жоқтың аты да, жоқ, заты да жоқ.
Иә, ақиқаты қазіргі қазақ тілінде и мен у дыбыстары жоқ – и мен у әріптері бар. И және у әріптері арқылы таңбаланатын тілімізге жат кірме дыбыстардың немесе қазақ тілінде бар кейбір дауыссыз және дауысты дыбыстардың тіркесімінің фонетикалық (фонологиялық емес) позициялары болу мүмкін, әрине. Атап айтсақ, олар –
*орыс және күні бүгінге дейін айнытпай тілін «сындырып айтқан» қазақ тіліндегі министр және университет деген сөздердегі у мен и;
*тіліміздегі ый, ій, ұу, үу – дауысты және дауыссыз дыбыстардан тұратын дыбыс тіркестері;
*тай, ай сөздеріндегі дауыссыз й және тау, жау деген сөздердегі дауыссыз у ;
*жоғарыда көрсетілген фонетикалық дифтонгтардың құрамындағы ұ, ү мен ы, і т.б.
Және олар әрдайым нақты жағдайға байланысты әртүрлі, орфографиялық деп айтайықшы (тағы да фонологиялық емес) позицияда кездесетіні анық. Сондықтан «қазақ тілінде и, у дыбыстарының» деп сөз саптаудың өзі, таза ғылыми тұрғыдан алғанда, қарапайым тілмен айтсақ та – ғылымға жасалып отырған қиянат.
Автордың екінші сөйлемін қарайық: "Бұл дыбыстарды толық дауыссыз деп танитын ғалымдар оны таратып жазуды қолдайтыны белгілі".
Бұл сөйлемді оқыған адам да ешбір «кінәратты» сезбейді. Ойы анық сияқты көрінеді. Алайда, осы сөйлемнің де мазмұны бірінші сөйлем түріне тән.
Біріншіден, қазақ тілінде и мен у дыбыстары атымен жоқ болғандықтан, оларды былайша немесе басқаша жазу дегеннің өзі қате. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұжымы дайындаған және «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған ресми және негізгі қазақ тілінің емле жобасында төл дауысты және дауыссыз дыбыстардың ішінде и мен у дыбыстарын таба алмайсыз. Автордың ойлап тапқан «толық дауыссыздар» дегені – еш ақылға қонбайтын термин! «Толық» және «толық емес» дауыссыздарды (толығы бар болса, толығы емесі де болу шарт қой) қайдан тапқаны белгісіз жас ғалымның. Енді, сол «толық дауыссыздарды» таратып жазғысы келген тілшіні мен өз басып кездестіріп көрмедім. Жалпы «толық дауыссыз» деген не? Дауыссыз дыбысты кім және қалай таратпақшы? Ақылға сыймайтын дүние...
Нөмірі 6-ншы параграфта аталмыш мәселе айқын көрсетіледі: «ı, ý әріптері (бұлар – дәл сол Е. Маралбектің мақаласындағы и мен у-ы) дауыссыз дыбыс ретінде таңбаланады». Олай болса, «бұл дыбыстарды толық дауыссыз деп танитын ғалымдар» деген сөз оралымның да ғылыми тұрғыдан алып қарағанда еш мәні жоқ бос сөз болып шығады. Өйткені дауыссыз дыбыстарды «дауыссыз деп таныған ғалымдар» бар екен дегеннің өзі – мәні мүлде жоқ ғылымисымақ нәрсе.
Тағы да қайталап айтайын: біріншіден, қазақ тілінде и және у дауысты дыбыстары жоқ; екіншіден, қазақ тілінде екі дауыссыз дыбыс бары дау тудырмасы ақиқат: олар – (дұрыс таңбалағанда и емес) й (ай, қой, жой) және у (жау, қауын, сауап).
Енді осы қазақ тілінде жоқ, бірақ, мысалы, орыс немесе ағылшын тілінде бар и мен у дыбыстарына (министр, университет т.б. кірме сөздердегі созылыңқы дауысты дыбыстары) ұқсас қандай дыбыстар бар тілімізде десек, олар мыналар: іні деген сөздегі і дыбысы, ырғақ деген сөздегі ы дыбысы және біз жоғарыда көрсеткен және емлемізде ý, ı таңбасымен белгіленген дауыссыз дыбыстар: тау, ауа, сауап, тайақ, сай және т.б.
Аталмыш емледе осы екі и мен ý таңбасымен қазақ тілінде төмендегідей дыбыс тіркестері беріліп келгені айқын көрсетілді:
*и-мен – ый және ій дыбыс тіркестері беріледі (киім < кійім, тиын < тыйын) делінген;
*у-мен – ұу және үу дыбыс тіркестері.
Қорыта келсек, и мен у-дың тіліміздегі дыбыстың мазмұны төмендегідей:
-і -ұ
-ы -ү
-и: -ый -у: -ұу
-ій -үу
-и -у (дауыссыз)
-й -у (жат, кірме дауысты)
Шындығын айтсақ, біз тіліміздегі -ій, -ый, -ұу, үу деген дауыссыз және дауысты дыбыстан құралған дыбыс тіркестерін бір -и немесе -у әрпімен (дыбысымен емес!) «кіріктіріп», «біріктіріп», оларды бір таңбаға сыйдырып, сыйғызып беріп келдік. «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан емлемізде осы мәселе толық түсіндірілген.
Байқап қарасаңыз, мәселенің басы төменге, аяғы жоғары аударылып қойылып тұрған сияқты. Біз түпнұсқалық киін-ді – кійін деп "таратып" жазып отырған жоқпыз: біз төл және түпнұсқалық кійін-ді "кіріктіріп" киін деп жазып отырмыз ғой. Ақиқаты осы. "Таратып жазу" деген оралым мәселені мүлде теріс түсіндіріп келеді. Дұрысы «дыбыс тіркесін кіріктіріп бір таңбамен белгілеу» десек – қателеспейміз.
Дыбысты таңбамен, дыбыстардың тіркесін жеке әріппен, фонетикалық позицияны фонологиялық позициямен шатастырып, араластырып жазған «ғылыми» тұжырымдарды бұдан былай сынау түгілі, сынау үшін сол сыналатын пайымдарды іріктеудің өзі мүмкін емес болып тұр – қате пайымды бұл бір пайым деп сынай да ала алмайсыз ғой. Мақаланың бастан аяқ, негізінен, тілімізде жоқ «и мен у дыбыстарының» талдауына арналғанын ескерсек, әрі қарай мұқият қарастыруды тоқтатуға мәжбүрміз.
Жас ғалымның ұсынып отырған басты «жаңалығы» – ғылымдағы бұрыннан әбден белгілі мәселелер. Қорыта келе, қарапайым тілмен айтсақ, ең үлкен жаңалығы мынау: қазақ тіліндегі и (дұрысы й – и емес) және у – тек қана дауыссыз дыбыстар емес, оларды кейбір жағдайларда дауысты дыбыстардың қатарына жатқызған жөн болар деп есептейді жас автор. Керемет «жаңалығы», ашқан «Америкасы» – дөп осы. Жөн-ақ дейік.
Бұл пікіріне қатысты алға тартқан дәлелдері мынау.
Біріншіден, оларды «жарты дауысты» деп атаған және «таратпай жазу» жобасының төл иесі Ахаңның өзі екен деп автор Ахмет Байтұрсынұлының 1922 жылғы бір сөйлеміне сілтеме жасайды.
Екіншіден, и және у-ға аяқталған түбірлерге жұрнақтардың қосылуы дауысты дыбыстарға бітетін сөздерге жалғану жолдарына ұқсас мысалдарды келтіреді.
Үшінші топ дәлелдері: «кіріктірмей» жазсақ («таратып жазу» деген терминді қолдануға мен өз басып принципті түрде қарсымын), сөз ұзара бермейді дейді және ұзарып кеткен сөздердің мысалдарын келтіреді.
Осы жерде бірден кесіп айтуға тура келеді. Ахмет Байтұрсынұлы ешқашан қазақтың й және у дауыссыз дыбыстарын дауысты дыбыс деп атамаған! Бұл – тапжылмас ақиқат. Иә, й, у, р, л, м, н сияқты дыбыстарды ол жарты дауысты, шолақ дауысты немесе шала дауысты дауыссыз дыбыстардың қатарына жатқызғаны рас. Бұл жерде Ермұхамет ініміз дауыссыз дыбыстарды дәл осылайша атау – классикалық тіл білімінің қағидалы дәстүрі екенін білмегенін көрсетіп отыр. Кез келген тілде «дауыстылығы басым» дауыссыз дыбыстары болады, оларды «үнді дауыссыз», яғни латынша айтсақ, «сонор» (латынша «үнді, дауысты» деген сөз) дауыссыз дыбыстар деп атайды, олар – дәл жоғарыда көрсетілген м, л, н, р сияқты дыбыстары. Орыс тілінде де, ағылшын тілінде де, түркі тілдерінде де оларды үнді дауыссыз, яғни сонор дауыссыз дабыстары деп атайды. Сонорлық, дауыстылық қасиеті бар болғаны үшін оларды бірде-бір тілші ғалым ешқашан дауысты дыбыс деп атамаған.
Ал, Ахаңның позициясын анық білу үшін Халықаралық түркі академиясы шығарған «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінің» (факсимилесімен бірге 270 беттік) толық стенограммасына зер салсақ жеткілікті. 1924 жылдың 12-18 маусымы аралығында Орынборда бір апталық құрылтай аясында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы, Хәлел Досмұхаметұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Сәкен Сейфуллин (ұзын саны жиырма-отыздан астам адам) қатысқан үш күн қатар үлкен жиналыс, жан-жақты талқылау өткізіледі. Тақырыбы қазақ тілінің жазуы мен емле ережелеріне арналады. Төрағалыққа Ахаңның өзі сайланады. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша арнайы тағайындалған баяндамашылар сөз сөйлейді. Баяндамашыға бір сағат регламент беріледі (қандай керемет! – Е.Қ.). Қосымша сөз сөйлегендерге – жарты сағаттан уақыт беріледі. Пікір айтушыларға – 15 минуттан. Жиналыс жұмысы – күнде таңғы сағат онда басталып, кешкі тоғызға дейін үздіксіз жалғасады. Баяндамалардың, сөздердің бәрі – толық қағазға түсірілген.
Ашығын айтайық, жоғарыда Ермұхамет айтқан уәждердің бәрі дерлік осы басқосуда егжей-тегжейлі және әлдеқайда толық түрде тізіліп берілген. Е. Маралбек келтірген жұуұуының сияқты көптеген ұзартылған мысалдарды сол құрылтайда Телжан Шонанұлы және басқа ғалымдар толық баяндаған. Нйанйа (няня) деген сықылды ұзарып кететін кірме сөздер де алға тартылып, талқыға түскен. Қайталап айтайық, жас ғалымның мақаласында келтірілген мәселелердің (дәлелдердің) баршасы – Телжан Шонанұлы, Мұқтар Саматұлы, Манан Тұрғамбайұлы және т.б. білімпаздар құрылтайына қатысушылардың тарапынан таратылып, нақты, көптеген мысалдарымен құжатталған (оларға сілтеме жасау керек еді, әлбетте).
Жас ғалым бір жақтың толық пікірін білдірген соң, соларға қарсы айтылған, мұқият сарапталған, салмақты талдау жасаған Қалекең, Елдес және Ахаңның жауап сөздерін неге келтірмегені түсініксіз. Өйткені сол тарихи қазақ білімпаздары құрылтайында ғалымдар бір пәтуаға келеді. Және тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жиын төрағасы Ахмет Байтұрсынұлы өзі жария етеді.
Ахаң сөзін толық берейік: «Қазақ тілінде дауысты ұзын у мен и жоқ екенін мойындаған соң ыу, ұу-лардың орнына жалғыз у жазамыз деудің түк те қисыны жоқ. Мұнан былай у мен и-дің жазылуын дыбыс жүйесіне келтіріп, дұрысынша жазуымыз керек. Онан қашып, тілдің заңына келмейтін шатақ ереже шығарудың жөні жоқ» (аталған еңбек, 53-б.).
Тағы да Ахмет Байтұрсынұлының түптеп айтқан, қорыту тұжырымдарын келтірейік: «У мен и дауысты дыбыстарының қатарына кіре алмайды. Дауыссыз р мен л-ға қосылып кетеді» (бұл да сонда, 31-б.).
Ахаң й мен у-ға «дауыстыға аяқталған сөздерше» жалғалану туралы да нақты жауап береді: й мен у- «дауыссыз р мен л-ға қосылып кетеді. Бала, кісі, еге, оқы деген сөздердің аяғындағы дыбыстары дауысты, қар, жүр деген сөздердің аяғындағы дыбыстары дауыссыз р, сұу, сай, жұу, тій деген сөздердің аяғындағы дыбыстары дауыссыз у мен й... Дыбыс жүйесінше у мен й-дың дауыссыз р-дан еш басқалығы жоқ екені, екеуі де дауысты дыбыстарға қосылмайтыны сипатталады» (31-32-б.).
Ахмет Байтұрсынұлы пікірі айқын, анық және дау тудыру мүмкін емес.
Осы шешімді мәжіліс аяғында дауысқа салып көпшілік мақұлдап бекітеді. Ең ғажабы қолдаушылардың ішінде талқылау кезінде қарсы пікір білдірген Міржақып Дулатұлы да болғанын ерекше атап өту керек. Яғни ол да Ахаңның пікіріне қосылған, ғұлама ғалым ойымен келіскен.
Жиналыс барысында Хәлекең айтқан сөзі еске түседі: «Ақметтің келтірген дәлелдерінен асып кету мүмкін емес» (бұл да сонда, 35-б.).
Біз де ғұлама ұстазымыз Ахаң сөзіне тоқтаған жөн деп санаймыз.
Осымен доғара отырып, қолға қалам алғанымды, осы қысқа жазбамды, негізінен, біздің жас (және де тағы да қайталап айтамын – талантты) ғалымымыз үшін жазып отырмағанымды ескерткенім жөн болар деп ойлаймын. Ермұхаметке жұмыста, семинарларымызда ойымызды, кеңесімізді беруге мүмкіндігіміз әлі де бар ғой. Өкінішке қарай, Е.Маралбек жазғаны көпшілікке тарап кетті. Көпшіліктің мақалада айтылғандарға шындығы осы екен деп, сеніп қалуы әбден мүмкін. Менің сөзім, сол оқырман қауымына арналады. Қателеспейтін ғалым, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Ермұхамет Маралбек бауырымыз болашақта үлкен ғалым болары хақ. Тек болам деп, болдым деп асықпау керек. Көп оқу, көп тоқу керек. Ал оған жас ғалымның толық дайындығы бар екені даусыз.
Ерден Қажыбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор
Abai.kz