Жұма, 22 Қараша 2024
Құйылсын көшің 19881 30 пікір 28 Маусым, 2019 сағат 11:37

Президентке жеткізбей, Парламентте желкесін қию керек еді

Кеше сағат 11.00-де Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің конференц-залында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының таныстырылымы өтті.

Аталған жиналысқа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде құрылған жұмыс тобының мүшесі ретінде қатысып, сөйлеген сөзімді Сіздермен бөлісуді жөн көрдім.

Құрметті депутаттар!

Құрметті жиналыстың қатысушылары!

Мен бүгінгі таныстырылымын вице-министр Ахмади Әділұлы таныстырып өткен Заң жобасына байланысты 20 дан астам ұсыныс бердім. Оның бір бөлімі аталған Жобаға енді. Енбегенін Жұмыс тобының отырысы барысында, құрметті депутаттар, Сіздердің көмектеріңізге сүйене отырып, заңдастырамыз деп сенем.

Мен бүгін ол ұсыныстарды бір-бірлеп таныстырып отырмақшы емеспін.

Менің айтайын дегенім – басқа үш мәселе!

Соның біріншісі – Соттылық туралы анықтама.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, «Халықтың көші-қоны туралы» Заң – тұңғыш рет 1997 жылдың 13 желтоқсанында қабылданды.

Аталған Заңға қазірге дейін бес мәрте өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Міне, алтыншы рет қайта қаралғалы отыр.

Мен соның соңғы екі реткі талқысына қатыстым. Кәрібай Иманжанұлы шақырса, алтыншы реткісіне де қатыссам деп отырмын.

2015 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасы тоғыз ай талқыланды.

Мен өз тарапымнан ұсынған ұсыныстарымның бәрін өткіздім.

Бүгін көшіп келген ағайын соның қызығын көріп жатыр.

Тек, бір мәселе шешілмей қалды.

Ол – «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 49-бабының 9) тармағына байланысты, Қытайдан келген қандастарымызды, тұрақты тіркеуге тұруда,  сотталған немесе сотталмағаны туралы анықтама талап етуден босату туралы мәселе еді. Қаншама жиналыстар, қаншама талас-тартыс болды, соған қарамастан бұл мәселе шешілмеген күйі Заң қабылданып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енді.

Біз өз тарпымыздан күресімізді тоқтатпадық. Ақыры БАҚ-тың арқасында Елбасына жеткіздік. 2017 жылы ашылған Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен бұл мәселе шешілді – Ішкі істер министрінің №992 Бұйрығына толықтыру енгізілді.

Екіншісі – «Оралман» мәртебесі туралы.

Аталған Заң жобасы 2017 жылы Мәжілісте бесінші рет қайта қаралды. Бұл жолы қандастарымыздың «Оралман» мәртебесінің мерзімін өткізіп алып, Қазақстан азаматтығына құжат тапсыра алмау мәселесі басты орынға шықты.

Мен Мәжілістегі жұмыс тобына бұл мәселені шешудің екі жолын ұсындым. Оның бірі – Қазақстан Республикасының «Азаматтығы туралы» Заңының  16-1-бабының 1) тармағындағы «Оралмандар» деген сөзді «Этникалық қазақтар» деп өзгеру; екіншісі - «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 25-бабына тек азаматтық алу үшін «Оралман» мәртебесінің мерзімін бір мәрте ұзартып беруге мүмкіндік жасайтын жаңа тармақ қосу.

Бірінші ұсынысымды, өкінішке орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің зейнеттегі маманы Аслан Қаржаубаевтың бір ауыз сөзімен депутаттар талқыдан шығара салды. Қабылдамай тастады.

Ал, екінші ұсынысты қабылдады. Бірақ, тағы сол А. Қаржаубаевтың «ақылына» жығылып, мерзімін алты аймен шектеп тастады. «Оралман» мәртебесінің мерзімі алты айдан асып кеткен неше мыңдаған қандастарымыз шулап қала берді.

Нәтижесі не болды дейсіз ғой?!

Бұл мәселе де ақпарат құралдарының көмегімен Елбасына жетті. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатуға небары төрт-бес-күн қалғанда арнайы Жарлықпен «Оралман» мәртебесінің мерзімін 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін бір мәрте ұзартып беру туралы шешім қабылдап, бұл мәселені де шешіп беріп кетті.

Үшіншісі – «Оралман» атауы туралы.

2017 жылы Мәжілістегі Заң жобасын талқылаудағы күн тәртіпке шыққан тағы бір мәселе – «Оралман» атауын өзгерту туралы болды.

Ұсыныс бердік. Ол ұсыныс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде арнайы талқыланып, жобаға енді. Мәжіліске келгенде аталған министрліктің вице-министрі Светлана Жақыпованың бір ауыз қарсылығымен ұшты да кетті...

Нәтижесі не болды дейсіз ғой?!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың 2 сәуірінде президент ретінде "Egemen Qazaqstan" газетiне берген алғашқы сұхбатында «Оралман» деген сөзге мен қарсымын!»-деді.

Міне, бүгін сол «Оралман» деген атауды өзгертейік деп, қауқылдасып жатырсыздар!

Демек, осы үш мәселенің үшеуін де президенттерге жеткізбей-ақ, Мәжілістегі талқыда желкесін қиюға әбден болатын еді ғой!

Құрметті депутаттар!

Құрметті жиналыстың қатысушылары!

«Оралман» атауын өзгертуді айтпағанда, «Соттылық туралы» анықтама талап ету мен «Оралман» мәртебесінің уақыты өтіп кетуден қандастарымыздың тартқан азабы мен қасіретін айтып сұрамаңыз!

Сонда, Аса Мәртебелі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өз қолымен шешпегенде, бұл мәселе сол беті қала берер ме еді?!!

Егер, бұл мәселенің бар екенін біз айтпасақ, ұсыныс бермесек – бір жөн! «Құрметті депутаттар, бұл мәселе шешілмесе болмайды!» деп, қанша айттық, қанша мақала жаздық!?? Жалынып, жалбарынып тұрып сұрадық қой!!!

Айтыңыздаршы, мұралдық жауапкершілікті кім мойнына алады?!!

Құрметті депутаттар!

Сіздердің қолдарыңызда «ДЕПУТАТ» деген мандаттарыңыз бар. Ең жоғарғы заң шығарушы орган – Сіздерсіздер!

Міне, жоғарыда айттым, осы талқыланғалы отырған Заң жобасына 20-ның үстінде ұсыныс бердім. Бәрі де уақыт талабына сай туындап отырған, тек қана заңмен шешім табуды қажет ететін мәселелер. «Отандастар» қорымен бірлесіп жұмыс істейін деп отырмын...

Сіздерден өтініш: осы ұсыныстарды батыл қадам жасай отырып, заңдастырып беріңіздер! Жалтақтауды қоялық!! Жаңа Қуаныш Сұлтанов ағамыз жақсы айтты, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының соңғы нүктесін қоятын мезгіл жетті!

Мен Сіздерден соны сұраймын!!!

Тыңдағандарыңызға рахмет!!!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5241