Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3017 0 пікір 3 Шілде, 2011 сағат 16:41

Қамбар АХМЕТОВ. Ленин атында 16 көше бар, ал Әлихан Бөкейхановқа бір көше бұйырмай тұр

Қазіргі таңда Қарағанды облысының елді мекендеріндегі, қалаларындағы, аудан орталықтарындағы көше атауларының басым көпшілігі ұлттық болмысымызға мүлде сай келмейді. Көше атауларының Қазақстан тарихына қатысы жоқтығы өз алдына, көпшілігі, тіпті мағынадан жұрдай атаулар. Бұны ресми органның өзі растай алады. Атап айтқанда, Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жақында аудан, қала көшелерінің атауларына сараптама жүргізген болатын. Сол сараптама аудан, қалалардағы көше атауларының көбісінің ел тарихына ешқандай қатысы жоқ, жат атаулар екенін, сондықтан қазіргі талаптарға сай етіп, мемлекеттік сипатымызға сәйкес түбегейлі реттеуді қажет ететінін көрсетіп берді.

Қазіргі таңда Қарағанды облысының елді мекендеріндегі, қалаларындағы, аудан орталықтарындағы көше атауларының басым көпшілігі ұлттық болмысымызға мүлде сай келмейді. Көше атауларының Қазақстан тарихына қатысы жоқтығы өз алдына, көпшілігі, тіпті мағынадан жұрдай атаулар. Бұны ресми органның өзі растай алады. Атап айтқанда, Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жақында аудан, қала көшелерінің атауларына сараптама жүргізген болатын. Сол сараптама аудан, қалалардағы көше атауларының көбісінің ел тарихына ешқандай қатысы жоқ, жат атаулар екенін, сондықтан қазіргі талаптарға сай етіп, мемлекеттік сипатымызға сәйкес түбегейлі реттеуді қажет ететінін көрсетіп берді.
Мысалы, Шахтинск қаласындағы 214 көшенің 12-нің атауы ғана қазақша аталған. Саран қаласындағы 210 көшенің 11-і ғана қазақ тілінде. Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданында 253 көше бар, соның 32-сі ғана қазақша, ал Октябрь ауданына қарасты Пришахтинск елді мекенінде 204 көшенің тек 12-сі, Майқұдықта 96 көшенің небәрі 6-уы ғана қазақша. Теміртау қаласында - 10,5%, Приозерск қаласында - 14,7%, Балқаш қаласында - 25% Жезқазған қаласында - 30,5%, Осакаров ауданында - 4,1%, Бұқар жырау ауданында - 13,8%, Абай ауданында - 19,3% құраса, жалпы облыс бойынша көше атауларының мемлекеттік тілдегі пайызы 35,6% ғана құрайды. Осыдан-ақ болжай беріңіз, қайда тұрып жатқаныңызды.
«Топонимикалық жүктемелері жоқ, моральдық тұрғыдан ескірген, ұлттық болмысымызға мүлде жат: Қарағанды қаласында «Сторожевая», «Ударная», «Бензинная», «Насыпная», «Складская», «Отвальная», «Лескова», «Моторная», «Зональная», «Кочегарка», «Звездная», «Революционная», «Тюленина», «Хрустальная» т.б., Саран қаласында «Безымянный», «Веселый», «Зеленый» сияқты ешқандай сын көтермейтін көше атаулары көптеп кездессе, қазақ ұлты басым Шет ауданында «Дорожная», «Мира», «Степной», «Гаражная», «Рудничная», «Советская», «60 лет Октября», Ұлытау ауданында «Огородная», «Центральная», «Школьная», «Мира», «Садовая», Қарқаралы ауданында «Озерная», «Заречная», «Ленин», «Комсомол», «Новая» сияқты көшелер де кездеседі.
- Тәуелсіздігіміздің 20 жылының әр жылында аудан, қалаларымызда бір-бір көшеден өзгерткеннің өзінде әр қала, әр ауданда 20 көше атауы қазақшаланар еді. Бірақ атқарушы билік органдары тарапынан ешбір қимыл жасалмағаны көрініп тұр. Жергілікті билік органдары тұрғылықты халықтың басым көпшілігі басқа ұлт өкілдері болғандықтан, оларды қазақшаға өзгерту мүмкін емес дегенді желеу етеді. Бұл биліктің дәрменсіздігін көрсетеді. Қажет жағдайда атқарушы органдардың өкілдері халықпен тығыз жұмыс жасап, түсіндіріп, көше атауларының бүгінгі басқа тілдегі атауы не қалаға, не мемлекетімізге ешқандай қатысы жоқ екенін дәлелдеп, оның орнына осы өлкеге, қалаға қатысы бар атауларды ұсынып немесе осы өңірден шыққан белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы азаматтар, еңбегі сіңген тұлғаларды ұсынса, қай ұлт өкілі болса да түсіністікпен қарар еді. Өкінішке қарай, ондай жұмыс жоқ, - дейді облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Хамит Омаров.
Осы мәселеге қозғау салып, сірескен сеңді бұзбақшы болған тіл басқармасы биылғы жыл басында барлық аудан, қала әкімдерінің атына Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесіне орай моральдық тұрғыдан ескірген, мән-мағынасы жоқ көшелер атауларын өзгерту шараларын қолға алу туралы арнайы қатынас жолдап, ұсыныстар жасаған еді.
Алайда осы бір тамаша бастаманың жолы болмайтын сияқты. «Бастаған істеріңізден не нәтиже шықты?» деп хабарласқанбыз жақында. Басқарма мамандарының жауабы көңілімізді су сепкендей басты.
- Оны іске әзір асыра алмайтын сияқтымыз. Өйткені Ономастика жөніндегі тұжырымдаманың күшін жоюы және әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңның қайта қаралып жатқанына байланысты атау беруге мароторий жарияланды ғой, - дейді басқарманың бас маманы Сәуле Жемісбекқызы.
2005 жылы бір топ зиялының бастамасымен қарағандылықтар «Голубые Пруды» деген ықшамауданға әнші-композитор, күрескер Мәди Бәпиұлының есімін беру жөнінде бастама көтерді. Бұны сол аудан тұрғындарының бірқатары, тіпті өзге ұлт өкілдері де құптаған. Амал нешік, «сен тимесең, мен тимен, бадырақкөз» саясатын мықтап ұстанған ономастикалық комиссия сол бастаманың желкесін мәслихаттың қарауына жеткізбей қиды. «Мәди есімін «ескі әуежай» ауданы маңында салынатын жаңа ықшамауданға береміз» деп қашпаған қашардың уызына жарытты да қойды.
2006 жылы Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 140 жылдығы қарсаңында қарағандылықтар оның есімін облыс орталығының бір көшесіне немесе ықшам ауданына беру жөнінде ұсыныс жасады. Бастамашылардың көздегені - Қарағандының орталығындағы Ленин атындағы көше. Бұл таңдау тегін жасалмаған. Халықтың рухына от беріп, санасында сілкініс туғызу, құлдық психологиядан арылтуға қадам жасау еді мақсат. Ономастикалық комиссия бұл ұсынысты да жөргегінде тұншықтырды. Сылтау-«тұжырымдама бойынша бір адам есімі республика аумағында үш реттен артық берілмеуі керек. Әлихан атында Қазақстанда төрт нысан бар». Тұжырымдамамен жұмыс істегіш Қарағанды ономастикалық комиссиясының мүшелерін облыста Ленин есімімен аталатын 16 көше бар екені неге ойландырмайды екен? Шынтуайтында, мәселе тұжырымдамада емес, комиссия мүшелерінің ниетінде тұрған еді. Қараңыз, 2007 жылы Қарқаралы қаласының бір көшесіне Әлихан есімі берілді. Сонда, ол ауданда заң басқа болғаны ма? Жоқ. Сол заң. Сол тұжырымдама. Артықшылық - ол жақта ұлттық сана-сезімі жоғары азаматтардың басым болғанында.
Облыс орталығында қазақтың біртуары - Әлиханға көше беру мәселесі комиссия алдына соңғы 4-5 жылда бірнеше рет барып, бірнеше рет қайтты. Басқасын қойып, Алаш көсемін көзге ілмеу, тұрғындардың көше атауын өзгертуге деген ынтасын күрт төмендетті, рухы басылды. Қазірде бұл мәселеге жұрттың немқұрайлылықпен қарайтыны байқалады.
Ендігі үміт - ономастика жөнінде жаңа заңның қабылдануында. Әйтпесе әкімдік жанындағы өзіндік пікірі жоқ, жалтақ ономастикалық комиссиялар көше атауларын ұлттық мүддеге сай реттеуді жүздеген жылдарға созуы бек мүмкін. Сондықтан заңда мән-мағынасы жоқ және тарихи, саяси мазмұны ескірген көше атауларын жаппай өзгерту жүйесі міндетті түрде қарастырылуы тиіс.

Қамбар АХМЕТОВ,
Қарағанды

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=8733&Itemid=2

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364