Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2977 0 пікір 18 Маусым, 2009 сағат 08:31

Әбіш Кекілбайұлы: Әбілқайыр - тарихи қайшылыққа толы тұлға

 

 

Ақтөбе облысында Әбілқайыр ханның сүйегі іздестіріліп жатыр деген хабарға күллі қазақ елеңдеп отыр.
Даңқты жазушы Әбіш Кекілбайұлы мен іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқан ғалымдардың алдында облыс әкімі Елеусін Сағындықов осы мұратты  істі аяқтауға  барлық мүмкіндік жасалатынын айтты. Енді тек сәті болсын деңіз.
Әбілқайыр хан туралы  пікір әр түрлі.  Өз заманының ыңғайына қарай тарихи шешім  қабылдаған баһадүр хан хақында  ғайбат сөз айтып жүргендер де бар.
Біз осы ретте хан өмірін өз шығармашылығына арқау еткен жазушы Әбіш Кекілбайұлының осыдан бірнеше жыл бұрын «Айқын» газетіне берген сұхбатының Әбілқайыр ханға қатысты тұсын бөліп бергенді жөн көрдік.
- Мемлекеттілігіміз туралы әңгіме болғанда Әбілқайыр ханды аттап өте алмаймыз. Осынау қайшылығы мол тарихи тұлға бүгінгі күні өзінің нағыз бағасын алды деп ойлайсыз ба?
- Әбілқайыр - шынында да, тарихи қайшылыққа толы тұлға. Оның заманында қай халық та өзінің ішкі мүмкіндіктері арқылы дәурендеп кете алмаған. Оның ішінде көшпелі мал шаруашылығымен шектеліп қалған, ұлан-байтақ кеңістікті иемденіп жатқан, сан жағынан аз қазақ қауымы сыртқы факторға жүгінбей тұра алмайды. Тіпті, сыртқы факторды ескермеймін деген күннің өзінде сол кездегі қалыптасқан халықаралық жағдай бұған мүмкіндік бермейді. Әбілқайырдың тұсында таңдау аз еді. Қазақ жұрты батысқа немесе шығысқа ықылас білдіруге міндетті болды. Ал оның шығысында өзінен оза қимылдап, әлеуметтік немесе экономикалық прогресс жасап жатқан көршілері бола қойған жоқ. Ол кездегі Қытайдың өзі ұзақ жылғы отаршылдықтан күшін сарыққан, бір кездегі үлкен әлеуетінен айырылған әлжуаз елдердің бірі еді. Сондықтан дамуды ойлаған, елінің ілгері басуын ойлаған саясатшылардың барлығы оза қимылдап, келе жатқан сыртқы факторларға ұмсынуға мәжбүр болды. Мұны тәуелсіздіктен безіну, отаршылдықты қолдау деп ойлауға болмайды. Себебі ол кездегі Қазақ елінің жағдайы отаршылдық пен тәуелсіздіктің арасында тұрған жоқ-ты. Ол кезде елдің жағдайы одақтастықты қай тараптан іздеуге байланысты болатын. Оған Әбілқайыр жасаған дипломатиялық қадамға одан бұрынғы Тәуекел мен Тәуке, оның тұстастары Қайып, Сәмеке, Жолбарыс, одан кейінгі Әбілмәмбет, Абылайлардың да барғандығы, ал бір кезде оның бетінен алып, ізін шабақтаған Барақтың Неплюевтің алдауына түсіп, «жаман ырым» бастап, оған ақ үй апарып беріп, Әбілқайырдан да озып, алға түсіп кеткені үшін жер ауып, қазақ арасында жүрген Шона батыр мен Қазыбек, Бекболат билер онымен ат құйрығын үзісіп кетуге дейін барғанын айтсақ та дәлел бола алады. Әбілқайырдың шығыс тараптан күткен қаупін кейін Абылай өз басынан кешіп, орыс саясатшылары «двоеданство» атап кеткен қос бодандыққа баруға мәжбүр болды. Өйткені сырттан одақ іздеуден қашып құтыла алмаған жалғыз қазақ билеушілері емес еді. Украина гетманы Хмельницкий, Грузия патшасы Вахтанг VІ, армян католикосы Есаи Гасан-Жалаян, Литва, Бессарабия, Кавказ билікшілері, Хиуа ханы Шахнияз, торғауыт Аюке, ойрат Сыбан Раптан мен Ғалден Шерін де Ресей патшасына осындай өтінішпен жүгінген еді. Бұл бодан болғысы келгендіктен емес, екі оттың ортасында қалып, күші жетпейтін басқыншыға одан да күшті одақтас тауып, тойтарыс беруді ойлағандық еді. Алайда батыс отаршылдары шығыс билікшілерінің мұндай пиғылын өз мақсаттарына пайдаланудың қитұрқы жолдарын тапты. Сөйтіп, оларды бір-біріне қарсы айдап салып, кезек-кезек өз тұзағына түсіріп отырды. Кейін ондай құрықтан қазақ, жоңғар сияқты көшпенді мемлекеттер түгілі, бір кезде әлемді тітіреткен Иран, Үнді, Араб, Қытай бастаған бүкіл Африка, Азия елдері де құтыла алмады. Сондықтан ХVІІІ ғасырдағы қазақ билеушілерінің бірін пері, бірін періште қылып, екі ұдай таласқа түсудің қажеті жоқ. Олардың қай-қайсысы да ұлысты емес, ұлтты билегісі келді. Жерге, суға ие болғысы келді. Бірақ оны бұрынғы көшпелі ордалар тәжірибесімен жүзеге асыру мүмкін еместігін, ол үшін жаңа саяси сәйкестік керек екендігін түсінуге мұршалары болмады. Оған сол кездегі тарихи жағдай мүмкіндік бермеді. Алайда олардың өз мемлекеттерін құтқарып қалу жолындағы қайшылыққа толы дипломатиялық әрекеттерін Ресей мен Қытай билікшілері өздерінше пайымдап, өздерінше шешімдегені белгілі. Сөйте тұрса да, олар қазақ мемлекеттілігін мойындап, олардың билікшілерімен жоғары дәрежелі келіссөздер жүргізді. Бұл ақиқатты Ресейдің де, Қытайдың да дипломатиялық мұрағаттары жоққа шығармайды. Қайта нақты құжаттармен айғақтай түседі. Сөйтіп, бұл құжаттар ол кезде ұлан-байтақ Қазақстан аумағын қандай ұлт мекендегенін анық куәландырады. Бұл, кейбіреулер айтып жүргендей, қазақтардың жиырмасыншы ғасырдың аяғында қолдан жасалған ұлт емес екендігін, ежелден өз мемлекетіміз болғандығын, жаппай тәуелсіздену кезеңінде байырғы атамекенімізде төл ұлттық мемлекет құруға тарихи негізіміз жеткілікті екендігін құжат түрінде деректейді. Сондықтан қалыптасқан жағдайға орай Әбілқайырдың жасаған таңдауының ұтымды да, ұтымсыз да тұстары болды. Ұтымдылығы, дәл сол жылдары өзінің шығыстағы көршісі жоңғармен одақтас болып кетсе, онда 1751 жылға жетпей жоңғармен бірге құритын еді. Егер жоңғарды жеңген қытаймен одақтас болса, күндердің күнінде сол жоңғарды жайпаған Цин империясының қазақ мемлекеттілігін жоймайтынына кепіл аз. Ал бұл қауіп батыстан тумайды деп ойлау тағы да тарихи шындыққа жанаспайды. Бірақ сол кездегі Ресеймен одақтас болуға талпынғаны Қазақ елінің аумақтық тұтастығын тағы бір ғасырға дейін ұстап отыруына, өз халқының тілі мен этникалық дербестігін осы заманға, жиырма бірінші ғасырға жеткізуне мүмкіндік берді. Алайда бұл Ресейдің сахилығынан не болмаса бізге көп жаны ашығандығынан емес еді. Негізінде, өркениеті бөлек, тілі мен діні бөлек, өмір үрдісі бөлек Ресей қазақ жеріне қаптап енуге көп уақытқа дейін құлықты болған жоқ. Себебі сол кездегі қазақ даласын олар қурап жатқан құладүз кеңістік қана деп есептеді. Ондағы қорек айырып отырған мал шаруашылығы оларды тіпті де қызықтырған жоқ. Елдің отаршылдыққа ұрынуы бүкіл адамзат жер асты байлықтарын игеруге көшкен кезден басталады. Ал мұндай кезең басталған кезде тек Ресей ғана емес, жер бетіндегі барлық мемлекеттер де экспанцияға ұрынды. Біздің шығыстағы көршіміз - қытай да, өздерін әлеуетті санайтын басқа халықтар да мұндай әрекеттен қашып құтылған жоқ. Сөйтіп, жаңа әлемдік саяси қатынастардың дәурені басталды. Осының арқасында азаматтар мен халықтардың бостандығына залал келтірмейтін тиімді қарым-қатынастардың жаңа әлемдік үлгісін жасау міндеті қойылды. Мінеки, осы шындықты мойындаудың және оның жолында бүкіл адамзат болып күресудің нәтижесінде бұрынғы тәуелді елдер де тәуелсіздік ала бастады. Бүкіләлемдік қоғамдық сананы билеген демократиялық серпілудің үшінші ағымы күшейген кезде біздің елге де мүмкіндік туды.

 


Бауыржан ОМАРҰЛЫ
«Ақтөбе» облыстық газеті 18 Маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592