Қазақ әңгімесіндегі ренессанс
Әлихан мен Арманның әңгімелері хақында
Қазақ прозашыларының ұлттық әдеби процесте қол жеткізген жетістіктері әдебиеттануда көрініс таба алмай жатыр. Оның басты себебі ұлт әдебиеттануының тілдің жетегінде жүруінен. Екіншісі 2000-2019 жылдар аралығындағы әдеби процесс пен қаламгерлер шоғыры әдебиеттанушылар назарынан тыс қалып келеді.
Үнсіз қалмайтын осы бір жайт, «Abai.kz-ке» жарияланған Әлихан Нұрбергенұлының «Жан Азасы», Арман Әділбектің «Жоғалған бөлмелер» атты туындыларын оқығаннан кейін қолға қалам ұстатып, ауызға сөз салдырды.
Дәл қазір 19-29 жастағы егемендік дәуірінің жаңа буын қаламгерлерінің алаш әдебиетіне не қосып, нені әкелгені жөнінде терең әдебиеттанушылық зерттеулерді қолға алғанымыз ләзім. Жаңа буын әдебиет табалдырығын аттады. Қалай аттағанын ғылыми орта өз кезегінде ортақ ойға өзек ететін болады. Біз әдебиеттанушылар енді Орталық Азиялық Түркі әлеміндегі қазақ прозасы үшін 1990-2000 жылғы туғандар шоғырынан тұратын әдеби буынның не әкеліп, не қосқанын теориялық жақтан тұжырымдауды күн тәртібіндегі N1 мәселе деп көтеруге тиіспіз.
Жалпы бәшери ғылымымызда «А́debi piráses» термині мәні ашылмай жетім қозының күйін кешіп жүр. Қазіргі алаш әдебиеттануында оның кезеңін анықтап, дәуірін орнықтыру бойынша барша ғылыми ыждаһатты жұмысты әдебиет тарихшылары мен сыншылар қауымы атқарып жатыр. Ал, осы ұғымды әдеби бағыт, әдеби әдіс, әдеби мектеп, әдеби ағым және әдеби үрдіспен бірде жекелей, бірде тұтастыра байланыстыратын ұлт әдебиеттанушылары үнсіз. Неге?
Қалай десек те, қазір біреулер «әдеби үдеріс» деп орнықтырған аталған термин ұлттық әуезеде «А́debi piráses» деп орнығатын күнде алыс емес. Әлем әдебиеттануы еуро/католиктік/ һәм шығыстық /мұсылмандық//бұддалық/ нәсілшілділікпен әр кезде, әр кезеңде, әр дәуірде «А́debi piráses»-ке араласқан, араласып жатқан қаламгерлерін: мәңгілік, ғасырлық, кезеңдік және буындық деп төртке бөліп қарастырады. Әрі мәңгілік, ғасырлық қаламгерлікке қатысты назарияттық қағидаттарда ділдік тұрғыдан Батысты – Шығыс, Шығысты – Батыс мойындамайды. Бірақ бәрі де: кезеңдік және буындық қаламгерлер барлығын бір ауыздан мойындайды. Әрі бұны көзі тірі қаламгерлерге байланысты кеңінен қолданады. Ал, не ертеректе, не таяуда келместің кемесіне мінген белгілі қаламгерді мәңгілік пен ғасырлыққа жатқызуға қатысты ғылыми мектептер өз пікірлерін ортаға салады. Гуманитарлық ғылымға қосқан үлесінің еш байыбына бармай, әруақты сыйлауды алға тартып, әлдебіреулердің атын еншілетіп, бәленшені танудың ешқайда бастамайтын сопағына түсіп, есімдері ғылыми орта аузында жүрген көпке танымал өкілдері бар, көбісінің көзі тірі түп негізін салушылары бар тарихи қалыптасқан «Әдеби филологиялық, мәдени-гуманитарлық мектептерін» жоқ деп аузын ғылыми қу шөппен сүретін қазақ не істемек!?
Ал, кезеңдік және буындық қаламгерлер өмір сүрген кезеңі мен ғасырына орай тарихи және заманалық жағынан үнемі сөз етіліп, бәшери ғылымдағылардың бәріне ортақ дүниеге айналған. Бұдан біздің мәтіндік ой маржаны мұхитынан асыл сөз терген ғалымдарымыз қалыс қалып отырған жоқ. Тек әдебиеттанушыларымыз болмаса...
Қаламды бірі – ерте, енді бірі – кеш ұстаған 1990-2000 жылғы 20-29 жастағылар қазақ әдебиет майданына өз түрендерін салуда. Әрі олар қазір 4 тарам жолдың бірін таңдап: не қаламгер, не сыншы, не тарихшы, не назариятшы атанбақшы.
Әдеби туынды кейде тілден тыс, оқырманның қиял әлемінде өмір сүре алады. «Абай жолын», «Қан мен терді» оқыған шет елдік оқырман қиялымен қазақ даласын кезеді. Тілді белгілі бір ұлттың өкілі ғана түсінеді. Ал қаламгердің сөзбен салған суретін ол аударылған тілдің барша оқырманы ұғынады. Өз елінде мақталған туынды басқа тілге қанша жерден нашар тәржімалансын бәрі бір оқырман қиялы арқылы бойында жоқты толықтыра алады. Туынды әлемі мен шығарма тілі бір бірінен азат. Тек олардың басын ұлттық дүниетаным ғана қосады.
Арман Әділбектің «Жоғалған бөлмелер», Әлихан Нұрбергенұлының «Жан Азасы» атты туындылары тілден тыс, оқырманның қиял әлемінде өмір сүре алуымен құнды.
Әлихан Нұрбергенұлы «Қазақ әдебиетінің» тілшісі Б.Бөріханұлына берген сұхбатында:
«Жан азасы» әңгімесіндегі кейіпкер – адамның еркіндігі шектеліп, құқығы тапталған қоғамның өкілі. Ол жерге дәрігер ғана емес, басқа да кез келген адам өзін қойып байқаса, өзін-өзі толық көре алады деп ойлаймын. Қазақ оқыраманы модернистік шығарманы қалай қабылдайды деп уайымдаудың қажеті жоқ. Қазіргі жастар да, орта буын да әр түрлі бағыттағы шет елдің кітаптарын оқып, танып, біліп жүр. Біздің шығармаларымызға, ізденістерімізге осындай «қабылдай ма, қабылдамай ма?!» немесе «қоғам дайын емес» деген секілді ойлар кедергі келтіреді. Қоғамға, оқырманға модернистік шығарманы қабылдайтын күш біз болуға тиіспіз. Мені қынжылтатыны мотивациялық түкке тұрғысыз кітаптардың көбейіп кетуі. Ол кітаптар белгілі бір стандарт негізінде немесе жүйе негізінде жазылса, құптар едім, олар бизнестің өте жеңіл түрі үшін жазылып жатыр. Сөйтіп, біздің қоғамға кері әсерін тигізуде. «Байлыққа жеткізу үшін жалқаулықты тый» деп бір кітап жазады да, оқырманға жарнамалап, еш пайдасыз дүниелерімен кітапқа қызығушылығы енді ояна бастаған жастардың санасын улайды. Сондықтан біз оқырман не қабылдайды деп жалтақтамай, көркем туындылардың нағыз сүбелісін, керегін бере алсақ, өздері-ақ оны іздеп туып алады» деп өз туындысына түсініктеме бере кетеді. Әр оқырман әр қилы түсінетін әлем оқырманы үшін жазылған интеллектуалдық прозаны жаңа белеске көтеру үшін ат салысып отырғанын алға тартады.
Автор: «...Ақыл-санасы толысқан қыз, әрекеті бір күнде өзгеріске түсіп, төрт жасар қызға ауысады да кетеді. «Өзім барып көрмесем болмас», – дедім де үшінші қабатқа көтерілдім. Дәліз бойымен жүріп бөлмелердің нөміріне қараймын, отыз үшіншіге де жеттім. Есігі ашық, медбике жүр екен. Дәрі қабылдайтын уақытына тап келсем керек. Медбике менімен бас изесіп сәлемдесті де бөлмеден шығып кетті...» деп оқырманмен ойынға құрылған туындысын жұрт назарына ұсынады да, бірде құмарпаз дәрігер, енді бірде аруақ Ғаділ, енді бірде жынды қыз кейіпінде кейіпкерлерін сан құбылтады. Жұмбақ кейіпкерлі жұмбақ әлем оқырманды өзіне еліктіреді.
Персонаждардың характерлеріне, оқиғаларға куәгер болып оны өзінше тәпсірлеушінің сөз саптамның белгілі бір жақпен және шақпен баяндалуына байланысты бұрынғы тілшілер бүлдірген дүние қалпына келіп: 1 жақтан әңгімелеушіні – «Дербес хикаятшы»; 2 жақтан әңгмелеушіні – «Жартыкеш хикаятшы»; 3 жақтан әңгімелеушіні – «Меншіктенген хикаятшы» деген атау төңірегінде «хикаятшы образы» термині орныға бастады. Оны жас прозашылар заманалық әдеби процесте жете кәдеге жарата бастады. Осы туынды өз нәрі мен сөлін «Дербес хикаятшы» және «Меншіктенген хикаятшы» баяндауы арқылы бізге танытатады.
Және автор тарапынан саналықпен қолданылған Төлен Әбдіктің «Оң қолының» нәзирагөйлігі көзге ұрады. Осы орайда Орыс көрпесі мен Француз көрпесін әлем жамылуы үшін бір-біріне тартпақтайтын қақпақыл термин бар. Ол М.М. Бахтин ашқан «мәтін ішіндегі мәтін» деп орыстар ауырлата ұғындыратын, «дәйексөздік ойлау типіне» қатысты семиотикада Р. Барт пен Ю. Кристевалар енгізген бір туындының ішінде екінші туындының ұшырасуына қатысты ИНТЕРМӘТІНДЕМЕЛІК (ИНТЕРТЕКСТУАЛЬНОСТЬ) деген ұғым бар.
Жұртты шатыстырып жүрген бір мәселе Шығыстың нәзирагөйлігінің Батыс топырағында өзіндік өркен жаюы. Оның қайдан келгенін, неге Батыс қаламгерлері осыған барғанын, басқа жұртта бұрын болған дүние ме, әлде бір жақтан ауып келді ме деген сансыз сауалды батыс кейігқұрылымшылары мүлдем басы ашық қалдырады. Түп негізі шығыстық нәзира әдеби бағыты – постмодерн деп өзгере аталуда.
Постмодерн мен модерн қай дәуірдің әдебиетінде болмасын бар. Бірақ ол әлем келбетіндегі (дін, діл мен мәдениетке байланысты) басқаша аталған. Батыс бұрын өзінде болмаған дүниені ескерусіз қалдырып, әлем мәдениетінде болғанды өздеріне иеленуден ғылыми беттері еш шімірікпейді.
Постмодерн қазаққа аспаннан түскен жоқ. Бұрын болған, кейін өз жалғастығын проза мен поэзияда тауып отыратын әдеби үрдіс. Сонымен...
Қазақша Уикипедияда тайға таңба басқандай былай деп жазылған:
“Нәзира нәзирагөйлік (араб тілінен – жауап, ұқсату мағынасында) – Шығыс поэзиясында орта ғасырларда қалыптасқан әдеби үрдіс. Бір ақын жырлаған тақырыпты кейін басқа ақынның қайта жырлауы немесе алғашқы шығармаға екіншінің “жауап” қатуы. Бұл орайда бастапқы туындының сюжеті, кейіпкерлері, өлең ырғағы, ұйқасы, көркемдеу құралдары пайдаланылады. Ол 11 ғасырдан бастап сарай поэзиясында әдебиет тартысы, ақындық талантты сынау құралы ретінде қолданылған. Фердоуси сарынымен Нәзира үлгісінде жыр жазған Низамидың “Хамсасын” бағдарға алған нәзирагөйлік дәстүрі 13 ғасырдан өрістей бастаған. “Хамсаға” (“Бес кітап”) “жауап” жазу үрдісі дамып, бір ғана “[[Ләйлі – Мәжнүн” дастанына жүзден астам Нәзира жазылған. Низами дастандарының желісінде Дехлеуи, Науаи, Жәми, Физули сынды шайырлар бай мұра қалдырды. Нәзирагөйлік дәстүрі қазақ поэзиясында да дамыды. Алғашқы мифтерден, “Құран” желілерінен, “Мың бір түн”, “Тотынама”, “Шахнама”, “Ләйлі – Мәжнүн”, “Жүсіп – Зылиха”, т.б. ізімен жазылған қисса, дастандар қазақ әдебиетінде көптеп саналады. Соның бірі – Шәкерімнің “Ләйлі – Мәжнүн” дастаны (1907). Ал Абайдың ортағасырлық шығыс дастандарынан тамыр алатын “Ескендір” поэмасында нәзиралық үлгіден гөрі “дара сипат” басым. Қазақ әдебиеттану ғылымында Нәзира әдеби үрдісін М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, Р.Бердібай, Ш.Сәтбаева, А.Қыраубайқызы, Ө.Күмісбаевтар зерттеді.”
ИНТЕРМӘТІНДЕМЕЛІК дегеніміз – нәзира бар болғаны сол. Осы терминге М.М. Бахтин плагиат жасап, араб тіліндегі – жауап мағынасына орай “диалогтықтықты” енгізді. Батыс жұрты бұған құлап түсті. Орыс ғылыми әлемі түбі шикілігін біліп, Бахтинді ұлы филологтар қатарына әзер дегенде қосты. Ол оған дейін Рабле стиліндегі француздық «ұлттық күлкісінің» өңін айналдырып, Ницшенің дионистігінің шапанын жамылдырып, «карнавалдықты» енгізді.
Осы француз мәдениетімен аралас-құраластық оны Батысқа танытты. Орыстар енді плагиатшыл ғалымды, ұлы деп тануға мәжбүр болды. Оның Батыста жарнамалауына Солженицын сияқты «қырғи-қабақ соғыс» идеологиясы сеп болды. Әр сөзі алтынға баланды. «Әйелдер прозасы» деген лағындық әдеби бағыттың идеологтарының бірі Ю. Кристева оның шашбауын көтерді.
Ницшенің дионистігі классикалық емес әлемді ұғынумен: дүние адамды шетқақпай ететін хаостан, мәнсіздіктен тұруымен байланысты. Осындай дүниені ұғыну Ницшеде айқын көрініс табады, ғалымның ойынша, тұрақты болмыс деген мүлдем жоқ, ол тек бізге қай жерде болмасын орынсыз тықпаланып отыратын ойдан шығарылған дүние, ең татымсыз талғам – патологияның аясына жататын міндеттілік [Ницше Ф. Соч.: В 2 т. Т. 2. С.570-571, 266, 302.]. Тап осындай ретте атеистік философиялық тәжірибелер негізінде барлық және барша экзистенциализмге қарсы Ж.-П. Сартр, А. Камю, сонымен қатар, Ж. Деррид бастаған заманалық постмодернистер де барлық тұрақтылық, мүмкіндікті жоққа шығара отыра, логоцентризмге қарсы бітіспес күрес ашты.
Бахтин бізге бірінші сыныптың оқушысындай лингвистикалық ұғым-түсінік «өздік» және «өзгелік» сөзді әдебиеттануға жаңалық ашқандай енгізсе, Батыс әдеби туындыда нәзиралықпен ұшырасатын цитат, аллюзий, реминисценцияларды қолданушы қаламгерлерді ендігі жерде «дәйекшелі ойлау типіндегі» жазушылар деген бәлекетті ойлап тауып, бізге де таңбақшы болып отыр.
Шығыс оның ішінде, түркі әдебиеті бұндай постмодерндікті орта ғасырда бастан өткерсе, Батыс қаламгерлері бір-бірінен мәтін үзігін алып, енді бас аяғы 50 жыл маңайында шығармашылықпен үздігіп жатыр.
«Дәйекшелі ойлау типіндегі» жас прозашыларымызды неонәзрашылар деп атаған орынды. Өйткені, олар мәдени кеңістігіміздегі өлгенді тірлітіп, өшкенді жандырып отыр.
Жұмбақ кейіпкерлер арқылы жұмбақ әлеммен оқырманды өзіне еліктіруге құрылған екінші туынды Арман Әділбектің «Жоғалған бөлмелер» әңгімесі.
Автор өзінің «ИШИГУРО: ТАНЫМ МЕН ТАРИХТЫҢ БЕЗБЕНІ» атты философиялық эссесінде: «...Романда ұмыту, еске алу, жад, махаббат төртеуі диалогқа түседі. Бұл арада бір нәрседе ғана өзгешелік бар: қара сөзде шешім шығарылады, ал, романда шешімді әр оқырман өзі шығарады, өйткені романдағы талас қарасөзде жеңістік алған жүрек мырзаның ішіндегі талас. Оған шешім шығаруға еш автордың толық хақы жоқ, бірақ, сіздің хақыңыз жеткілікті, мәртебелі оқырман!» дейді. Біз осы ұстанымды темірқазық етіп алып өз ойымызды айтпақпыз.
Арман туындысында «АЛАШТЫҢ: ӘЛЕМ КЕЛБЕТІНДЕГІ ТАНЫМЫ МЕН ТАРИХЫ БЕЗБЕНДЕЛІП» ұлт ата-анасы өз отбасының төрт құбыласын түгендемесе ұрпағы қазақ үшін жат болып жойылады деген милети ақырзаманың елесі символданады. Автордың жұмбақ әлемінің өкілдері саналатын – қаны бір ұлтына керексіз, тілі бір орысқа жат орыс тілді қазақтар әлеміндегі жұмбақ кейіпкерлерінің – орыс тілді ұрпақты өмірге әкелген ерлі-зайыптылардың – басындағы трагедияның ащы шындығы. Осында ауыр ойға қалдыратын туынды: «Оны жер қойнына берген соң әке-шешесі көп өтпей бөлмесін айнадай етіп жиыстырды да, ұлының барлық керек-жарақтарын отқа жақты, сосын бірнеше адам жалдап бөлменің есігі мен терезесін бекіттіріп, қабырғамен бірдей қылып сырлап, өрнектеп тастады.
– Бұл тұста бөлме болған екен-ау дейтұғын із қалмасын, – деді жұмыскерлерге шешесі.
Ұзамай-ақ бұл үйде бұрын осындай төрт бөлме болғанын ұмытып үлгірген қарттар:
– Біздің бала сүюге мүмкіндігіміз болмады, қараңдаршы, сөйтіп бар өмірімізді арпалыспен өткізгенде екі бөлмелі ғана үйіміз бар, өзге ештеңеміз жоқ, қубаспыз... – деп кездескен жандарға мұң шаға бастады, көрші-қолаңдары мен туыс-туғандары да сұрағандарға:
– Бейбақтар ғой, ғұмыр бойы шаршап-шалдыққанда артында түтін түтетер ұрпағы жоқ, шынында, бақытсыздық, дегенмен, біз де оларға жастау кездерінде балалы болу жәйінда көп айтқан едік, енді міне, жағыдайлары осы... – десті.
Төрт қабатты ғимараттың бірінші қабатының артындағы аласалау қара ағаштың бұтақтарында бір топ қарға қарқылдап отыр, бұрынырақта осында бір терезенің болғаны солардың ғана есінде қалса керек.» деп аяқталады. Көзге өксікті жас алдырады.
Астар мәтіннің шындығын табу үшін көркем туындыны танып білу мүмкін емес деген кеңестік ғылыми мифтен арылу керек. Көркем туындының ең мәйегі сырт көзге бірден байқалмайтын тек ой елегіннен өткен соң ғана аңғарылатын универсумдық бөлшектілігі өз қойынын ашып, туынды діңі табылып – автор образы ашылып – оқырмандық өздік тұжырым жасауға қол жеткізіледі.
Қазақ әңгіме жанрындағы прозашылар қаламгерлік ұстанған шығармашылық стратегиясына орай қазір ұлт үшін жазатындар әм әлем үшін жазатындар және осы екеуінің синтезінен тұратын әдебиет үшін жазатындар болып үшке бөлінді. Оны үшке бөлгізген жас прозагерлердің әдеби тегеуіріні. Әзірше «Қазіргі қазақ әңгімесіндегі Ренессанс дәуірінің» қарлығаштары саналатын Әлихан Нұрбергенұлы мен Арман Әділбектің «Жан Азасы», «Жоғалған бөлмелер» атты қос туындысы «Бір мәннің (алаш жаны мен алаш адамы жанының) діндік, ділдік және нәсілдік тұрғыдан түрлінше авторлық концепциялық түсіндірілуі» тұрғысынан «өлім» мен «өлім» антитезалық дүниетанымын оқырманға ішімдегіні тап деп астар мәтіндей ұсынады.
Қазақ әдебиетінің тарихына көз жіберсек, бір кездері алдыңғы орынға қайталанбастық, төлтумалық шығарылып, ондай шығармалар шоғыры «шоқтықты қиял» деп саналды. Әдеби мәтіннің құндылығы мәлімет дәлдігі мен оның құжатнамалық сипатында деген ағат ойлар өмірге келді. Бұның бәрі шығарманың өзіндік ерекшелігін күйіттеп кетуден туындаған дүние. Әдеби туындының көзге ұрып тұрған тұсын емес, оның ой түбіндегі асылын ұғынуға ден қоймау осыған әкеп соқтырады. Көркем шығарманың екі қыры мәдениетіміз бен қоғамымызды амаляттық және бейамаляттық деп екіге жіліктейді. КСРО құрамында болған кезде біз өзімізді жеке азат ұлт дәрежесінде сезіне алмадық. Әлемге – орыстың көзімен қарадық. Енді жаһанға – қазақша көз тігуге кірістік. Саналары құлдық таңбадан ада «Қазіргі қазақ әңгімесіндегі Ренессанс дәуірінің» қарлығаштары Батысты пір тұтпай, Шығысты әспеттей жаһанға – қазақша көз тігуге кірісіп кетті.
Бостан кезеңде өмірге келген шығармаларға жаңаша ғылыми тұрғыдан келу керек. Жалпы, белгілі бір кезеңдегі әдеби процесте өмірге келген таңбалық құбылыс қоғамдық және тұлғааралық (интерсубъектілік) деңгейде сараланады да, ұлттық бәтуалы пікір қаққа жарылады. Біреулер зор әдеби табыс пен жетістік десе, екіншілері оған әдеби кері кеткендік деп қарсы шығып өз уәждарын алға тартады.
Бұл танылу туындының шоқтықты туындыға айналуын не анықтайды не мансұқтайды. Эстетикалық татымы бар-жоғы екшеленеді. Мәтін сыртқы белгісі арқылы емес, ішіне бүккен тылсымды сыры арқылы қоғам мен мәдениеттің бір бөлшегіне айналады. Ал, оның бір бөлшегіне айналуы еш мүмкін емес шығарманы мүдделі топ қанша жерден қолпаштасада ұлт пен мәдениеттің алтын қазығына еш байлай алмайды. Бір сөзбен айтқанда туындының сыртқы сипаты емес, ішкі құрылымы оны әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосады. Дәуір тынысы мен зерттеуші мүддесі үйлесіп, туынды жұртқа танылады.
Жаһұттың – Жәутікке, Жәутіктің – Жаһұтқа айналуы әдебиет тарихы мен сыныдағы ғалымдардың ғана арына сын. Жабыны – жұлдыз етумен, жұлдызды – жабы жасау әдебиеттанушының еркіндегі дүние емес, әдебиет теориясының ешқайда адастырмайтын соқпағы арқылы әбиеттанушы жабының – жұлдызды қырын, жәутіктің – жаһұтты тұсы барын айта алатын әдеби тура биге айнала алады. Біреулер үшін түкке тұрмайтын қаламгер тауып қолданған мәтінгерлігі арқылы өзгелерге тәлім беретін шығармашылық тұлғаға айналады. Бұл – әдебиеттанудың жазылмаған заңы. Өйткені, әдеби процестегі әр сөз зергері назардан тыс қалмауы керек-ақ. Амал не шындық ғылыми өмірде бұлай болмай жатады.
Әбіл-Серік Әліәкбар
салыстырмалы әдебиеттанушы
Abai.kz