Әлихан Бөкейхан: «Әрбір түйір тас қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек»
«Әлихан Бөкейхановқа 145 жыл» деген мына билбордты Қазақ елінің қай қаласынан кездестіруге болады деп ойлайсыз? Елордамыз Астанадан ба, әлде ару қала Алматыдан ба? Бәлкім аталмыш билбордты қайраткердің туған өлкесі Қарағанды немесе Ақтоғай ауданынан кездестірерсіз? Өкінішке қарай аталған қалалардың бірі де емес. «Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болады», - деген жазудағы билбордты Жезқазған қаласының әкімі Берік Әбдіғали ілдірген екен. Алаш арысын ардақтай білген Бекеңе алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
«Әлихан Бөкейхановқа 145 жыл» деген мына билбордты Қазақ елінің қай қаласынан кездестіруге болады деп ойлайсыз? Елордамыз Астанадан ба, әлде ару қала Алматыдан ба? Бәлкім аталмыш билбордты қайраткердің туған өлкесі Қарағанды немесе Ақтоғай ауданынан кездестірерсіз? Өкінішке қарай аталған қалалардың бірі де емес. «Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болады», - деген жазудағы билбордты Жезқазған қаласының әкімі Берік Әбдіғали ілдірген екен. Алаш арысын ардақтай білген Бекеңе алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал басқаларына өкпеміз қара қазандай. Шынтуайтында исі қазақ тойлауы тиіс алаш ардақтысының 145 жылдық мерейтойын атап өтпеуіміз өкінішті. Осындай да алаш ардақтысының аруағымен мұңдасып, жүрегiңе еңбектерiнен дауа тапқың келетiнi бар...
- Желтоқсанның 5 мен 13 аралығында (1917 жыл) Орынбор қаласында өткен екінші қазақ-қырғыз съезінде Кадет партиясынан шығатыныңызды ресми түрде мәлімдедіңіз. Осы мәселе төңірегінде жұртшылық арасында алып қашпа әңгімелер айтылуда. Сіздің ықпалды партиядан шығыуыңызға не себеп болды?
- Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де, жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұрдша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді. Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз алаш ұранды жұрт жиылып, Ұлт автономиясын тікпек болдық. Француз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді; молла үкіметтен ақша алса, сатылып кетеді. Рухани іс аяқ асты болады. Жалование алған моллалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыздың ісін көркейтетін болсақ, үкімет ісінен бөліп қойған жөн болады. Оны орысша "отделение церкви от государства" дейді. Кадет партиясы менің бұл пікіріме өзгеше қарайды.
Осы үш жол айырылғалы биыл ашыққа шықты. Мен сонан соң қазаққа Алаш партиясын ашуға тырыстым. Мұны мен шілдедегі жалпы қазақ съезінде айтқан едім.
- Айтпақшы "Алаш" партиясының біртұтас ұлттық ұстанымдарында "Жер, жер және жер. Жерсіз отан жоқ", сондай-ақ "Қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек" деген екенсіздер. Жалпы бұдан өзге алдарыңызға нендей мақсат қойып отырсыздар?
- ...Қазақтың байырғы жерін қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді. Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек... Ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру. Бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек...
- Байқағаным, мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігіне жете назар аударған сияқтысыздар. Осы мақсатқа жету үшін зауыт, фабрика салу қажет емес пе?
- Зауыт ісі жұрттың жалпы, шебер, көнбіс, ұста болуына байлаулы. Қазақ білетін атақты Зингер киім машинасы Америкадан келеді. Мұны біздің Ресейде істеуге қызмет атқаратын жұрт шеберлігі кем. Зауыт ісі мәдениет дәрежесіне байлаулы. Біздің қазақ анық білетін саудаға келелік. Сауда өнері де мәдениет дәрежесіне құл. Мәдениеті кем жұртта саудалық алдау, ұрлықтан қылдай жіңішке болып айырылады. 50-60 жыл бұрын біздің қазақ жерінде бір шай бір ат, бір түйе болған. Мұның ұрлықтан артық-кемі қанша. Орыс көпесі шығарған бір мақал бар: "Алдамасаң, сатпайсың". Бұл мақалға біздің қазақ саудагер де құл. Мәдениет жалпы жұртқа жайылса, сауда тәртібі ұрлықтан шығады. Жұрт жалпы ұсталыққа айналғанда, зауыт, тәрбие қылу ісі жақсы дүкенге айналады. Біздің Ресейде мәдениет төмен. Жақсы нәрсе шығаратын зауыт, фабрика жоқ. істеген ісі сарт шегесі, сарт бөзі сияқты. Жақсы киім жақсы нәрсе ұстайтын адам бұларды Англия, Бельгия, Франция, Германиядан алғызады. Бұлардың саудасында ұрлық, ісінде қаяу жоқ, Зингер машинасы қалпы.
...Біздің қазақтың көп терісі Тумен, Макаржа арқылы Вяткаға барып, былғары болып бізге қайтады. Үй іші - қатын, бала болып былғары илейді. Біздің қазақтың үйшісі, ұстасы қалыпты. Бір жағынан ағашын кесіп, егінін сала жүріп, былғары да илейді.
- Мынадай бір кілтипан бар сияқты. Мәселен. болашақ ұрпақ "Әлихан Бөкейхан ұлы жүзді бөліп тастады" демес үшін Түркістан қазағының жайына назар аударғандарыңыз жөн болар еді?
- Екінші жалпы қазақ-қырғыз съезі бүкіл Алаш баласын біріктіріп өз алдына автономия етуге қаулы қылды. Бұл туралы Түркістан қазағымен келісу үшін Алаш ордасы 5-ші ғинуарда Түркістан шаһарына Сырдария облысының съезін шақырады. Съезге болыс басы бір өкіл келсін. Мұстафа һәм жолдастары бұл съезді 10-шы ғинуарда шақырған еді. Оны өзгертіп 5-нде болсын делінді. Түркістан қазақтарымен сөйлесуге Алаш ордадан Бақтыкерей Құлмановты, Міржақып Дулатовты һәм Тұрағұл Құнанбаевты жібереді. Уақыт шұғыл, мәселе зор болғандықтан шақырылған өкілдер съезге айтылған күннен қалмай келулері керек.
- Міржақып Дулатұлы: "Автономия алу, мемлекет болды дегенмен бірдей" деген екен. Өз алдына бөлек мелекет болайын деп отырған халықтың санының көп болуы өте маңызды. Өзіңіз басқарып отырған қазақтың қазіргі жан саны қанша?
- 1898-ші жылғы есепте қазақ затынан қазақ тілі мен сөйлейтін адамның саны 4 миллион 84 мың. Бір жылғы адам баласының таза өсімі мыңға 15 адам. Он жыл аралатып екі есеп алғанда Көкшетау уезінің қазағы мыңға бір жылда 25 адам қосылып өскен. Бұған қарағанда қазақ баласының өсімі өзге халықтардан артық болмаса кем емес, қазақ жұрты мыңға 15-тен өсіп, 1897-нші жылы орыс қол астындағы қазақ 4 миллион 84 мың деп есеп қылынса, 1913-нші жылда 5 миллион 64 мың болады. Бұл есепте Жетісу қырғыздары да бар.
- Саясаттан руханиятқа ойыссақ. Жалпы Сіздің алғашқы абайтанушы екеніңізді білеміз. Сіздің Абай ақынның жақындарымен араласқаныңыз рас па?
- Кәкітайдың әкесі - Ысқақ ақын Абайдың інісі. Кәкітайды жасынан сүйіп, Абай қасына ертіп баулыған. Кәкітай орысша жаза да, оқи да білген, Абай білетін Европа жазушыларымен Кәкітай да таныс болған еді. Ыждағаттылық арқасында сөзге ұста болды. Топта орысша сөйлеуге қысылмайтын. Сөз білетін еді.
Мен депутат болып сайланып шыққан жылы Семей қаласының орыстары бізді клубқа қонақ қылғанда, орыс шешендеріне Кәкітай жауап та қайырған еді. "Біз Михаэлис пікіріндеміз. Солардың шәкірті Әлиханды сайлағанымыздың себебі - осы" деп. Абайдың тәржіме халін жазған да Кәкітай. Осы екі істен-ақ Кәкітайдың білімі оқушыларға білініп қалар.
Әуелі Кәкітайды 1900-жылы күзді күні көрдім. Қасқырдың бөлтірігіндей тоғыздағы баласы Біләлді гимназияға беремін деп Семейге келген-ді.
- Абай Құнанбайұлының өлеңдерін шығаруға себепкер болған екенсіз...
- 1904-жылы Абай марқұмның өлеңдерін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. 1905 жылғы апрельдің аяғында Кәкітай Абайдың қолжазба кітабын алып, Омбыдағы маған келді...
5 майда қазаққа саясат ісін кеңесуге мен Семейге бұғып бардым. Параходта, Кәкітаймен бірге жүрдік. Содан бері саясат ісінде бір одақ болдық. Январ басында, 1906 жылы Семейге хабар келген, Керекуден Семейге шыққан мені ұстасын деп. Марқұм Омарбек пен Кәкітай һәм өзге аты теріс достар мені қашыртпақ болып, маған қарсы үш атпен "Б"-ды жіберген. Бірақ мен Тұзқалада ұсталған едім. Бірақ мен ол күні "Б"-ға жолықсамда қашпақ емеспін. Егер мен қашсам онда қырға отряд шығып, қазақты қор қылмай ма?
Мені Тұзқалада күзетке алып, қарауылға бір қазақ-орыс қойып, мені ұстаған орыстар бір үйге тамақ ішуге кетті. Сонда жиылып келіп, Тұзқала кісілері "Қашырайық, қаш" деді.мені ұстамас бұрын маған Керекуден "С" қуып келді, қашайық деп. Керегі мен болсам, мен қашпаймын, абақтыда бір кісі жатқаны жұрт қор болғаннан ыңғайлы болар дедім "С"-ға. Омарбек пен Кәкітай (өзге достар бұға тұрсын) іс жолдасқа осылай болатын.
(Материалдар Ә.Бөкейханның "Қазақ" газетінде шыққан мақалаларыннан дайындалды)
Әзірлеген Серік Жолдасбай
«Абай-ақпарат»