Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ. «Шатақ – иман, дін – қиянат» немесе уахабилік қандай ағым?
Ақтөбедегі содырларды құрықтау операциясы аяқталды делінгенмен, қалыптасқан жағдай қай-қайсысымызды да бейқам отырғыза қоймайды. Қазақты қазаққа айдап салып, бірін-бірімен қырықпышақ ету бүгін ғана болып жатқан жағдай емес. Он жетінші жылы қазақ бір-бірін «ақ», «қызыл» болып қырып еді, одан соң «бай», «құлақ», «батрақ» болып қырып еді... Оған отыз жетінің дүрбелеңін қосыңыз... Енді міне, айдың, күннің аманында, еліміз құлдық қамытын көнтерілі мойнынан сыпырғанына 20 жыл толу қарсаңында қазақ бір-бірін «уахаби» және «уахаби емес» болып, бөлініп қыра бастапты...
Ақтөбедегі содырларды құрықтау операциясы аяқталды делінгенмен, қалыптасқан жағдай қай-қайсысымызды да бейқам отырғыза қоймайды. Қазақты қазаққа айдап салып, бірін-бірімен қырықпышақ ету бүгін ғана болып жатқан жағдай емес. Он жетінші жылы қазақ бір-бірін «ақ», «қызыл» болып қырып еді, одан соң «бай», «құлақ», «батрақ» болып қырып еді... Оған отыз жетінің дүрбелеңін қосыңыз... Енді міне, айдың, күннің аманында, еліміз құлдық қамытын көнтерілі мойнынан сыпырғанына 20 жыл толу қарсаңында қазақ бір-бірін «уахаби» және «уахаби емес» болып, бөлініп қыра бастапты...
«Уахаби еместің» қатарына ата дінін ұстанған қаймана қазақ пен оның Үкіметі де кіреді екен. Сол Үкіметтің жайбасарлығынан, идеология майданындағы дәрменсіздігінен өрімдей қазақтың ұлдары бірін-бірі атып, өлтіріп жатыр. Екі жастың біріне келмей, санасы уланып, басқыншы теріс діни идеологияның құрбанына айналған кешегі өз бауырың, өз қандасың ғой... Қайтып, «оларға сол керек» деп қаннен қаперсіз отырамыз?! Кеше ғана ол дінмен де, басқамен де шаруасы жоқ, жастықтың бейқам да бақытты аулында жүрмеп пе еді?.. Кеше ғана ол жүрегі елім, жерім деп соғатын соқталдай азамат еді ғой... Қай жерден қателестік, қай жерден мүлт кеттік?.. Неге олар аз ғана жылдың ішінде қанынан қарайып, ата-бабасы ұстанған дінді мансұқтап, қазақтың жауына айналып шыға келді? Дін орнына у ішіп, өз-өзінен жынданып, айналасынан жау іздеп, отқа ұмтылған жынды көбелектей ажалға неге қарсы ұмтылады?..
Бұл сүрақтарға жауап беретін кез келген де сияқты... Жазықсыз қырылып жатқан өрімдей қазақ жастарының обалы кімде? Олардың обалы арабтың көл-көсір мұнайынан түскен тегін ақшасына қызығып, шатақ иманға негізделген шатақ дінді уағыздаушыларда. Тегін ақша болушы ма еді? Судың да сұрауы бар, алмақтың да салмағы бар екенін неге ұмыттық? Сол ақша енді желкемізден шығып жұрмесін, қазақ жамағаты! Сол қаржының құны Қазақ мемлеткетінің тыныштығы, қыршынынан қиылған жастарымыздың өмірі болып жүрмесін...
Он сегізінші ғасырда Араб түбегінде дүниеге келіп, қырып-жою мен қорқытып-үркітуге негізделген Уахабилік ілімнің зардабын ең алғаш тартқан сол арабтардың өзі еді. Бір Аллаға сиынудан басқаның бәрін ширқ деп санаған шатақ дін өкілдері, өз әрекеттерін арадақты пайғамбарымыздың қасына ерген, асыл дініміздің шырағына айналған сахабалар мен табиғиндердің, әулие-әмбиелердің мазарын қиратудан бастады. Қызды-қыздымен тіпті пайғамбарымыздың өзінің мазарына көз алартып, оны да күреп тастауға әрекет еткенде дүйім мұсылман жұрты өре түрегеліп әзер аман алып қалған деседі... Ардақты пайғамбарымыздың үмбетіне мирас еткен сүннетін орындауды өзіне ар санайтын, ешқандай мәзхабты мойындамайтын, Ахмет бин Таймийаның әһли сүннетке қайшы келетін кітаптарына негізделген бұл ілімнің дүниеге келуі, Сауд әулетінің билік басына келуімен тұспа-тұс келді. Үш жақты келісімнің негізінде: Мұхаммед бин Абдулуаххаб пен Сауд әулетінің және Ағылшын колониалдық министрлігінің ымыраласуы нәтижесінде дүниеге келген бұл ілім билікке келген Сауд әулетінің рухани һәм идеологиялық платформасы бола білді. Осындай жолмен осы мемлекетте жеңіске жеткен бұл ілім кейіннен араб мұнайынан түскен мол қаржыдан күш алып әлемге тарай бастады. Шәкәрім қажы шатақ дін атандырған уахабилік лаңның дүниеге келуінің қысқаша тарихы осындай...
Бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, жүрген жерінде лаң мен соғыс өртін сепкен бұл ілім міне бүгін қазақ даласына да келіп жетті. Табиғатынан бейбіт сүйгіш, мейірім мен әділеттілікке, ғылым мен ақиқатқа негізделген асыл дініміз - Исламның атына кір келтіріп, оны терроризммен қатар аталуына да көбіне-көп себепкер болған да, осы шатақ діннің бірі де бірегейі - уахабилік ілім.
«Жұт жеті ағайынды» дегендей, асты-үсті қазынаға толы, халқы аңғал да бейқам, орыс отаршылдығының ауыр күрзісінен әлі есін жия қоймаған, тәуелсіздік алғанмен етек-жеңін жыюға мұршасы келмей жатқан қазақ даласына андыздай ат қойған шатақ діндердің саны бір ғана уахабилікпен өлшенбесе керек: олардың қатарына біз білетін хизбут тахрир, таблиғи жамағат, құраниттер және тағы да біз танып, білмейтін Қазақ жеріне орнығып үлгерген шатақ діндер жатады. Олардың шатақтығы да сонда, өзінікінен басқаның бәрін жалған және теріс деп есептеп, өзін мойындамағанның бәрін жау деп санау. Бірақ осылардың ішіндегі ең радикалдысы, қаржылық жағынан да, идеологиялық жағынан да ең әлеуеттісі - уахабилік ілім. Өйткені оның ар жағында әлемдегі өте бай мемлекеттердің бірі Сауд Арабиясы (уахабилік - осы елдің ресми діні), әлемдік қаржы көздері тұр. Ресми деректерге сүйенсек, уаххабилік ілімнің таралуына жұмсалатын ақшаның жылдық бюджеті 3,4 млрд. долларды құрайды екен («Обыкновенный вахабизм» деректі фильмі). Осыншама мол қаржы құйылып жатқан соң, олар күшеймегенде кім күшейеді, олар жынданбағанда кім жынданады? «Біздің түбімізге жеткен - кедейшілік» дегендей, ата-бабасы кешегі қазан төңкерісінен кейін тақыр кедейге айналған, байлық бөлісінен шет қалған, жарымаған қазақ баласына бұл ілімнің «сүйкімділігінің» бір себебі де осында.
Шатақ діндердің қазақ даласына таралуының басты себебі - халықтың жалпы діни сауатсыздығы екенін баса айтпақпыз. Осы діни сауаттылық отбасы, балабақшадан бастап, орта мектеп, жоғарғы оқу деңгейінде мемлекеттік деңгейде жолға қойылмаса, бізге шатақ діндерден құтылу жоқ! Және де кейін сан соқтырып, өкініші өзекті өртейтін, көзден қанды жас ағызатын жайт - өзіңнің беліңнен шыққан, бауыр еті балаңның шатақ діндердің шырмауығына шырмалуы. Қаншама қазақтың ата-анасы осы шатақ діндерден зардап шегіп, еңірегенде етегі жасқа толып жүргені, бір Құдайға аян! Осылай болмас үшін де, қазіргі қазақ ата-анасы баласының зайырлы білім алуын қамтамасыз етуімен қатар, оның діни білім алуына да жағдай жасауы ауадай қажет. Оған, құдайға шүкір, біздің мемлекетте барлық жағдайлар жасалған. Тек, «өзің білме, білгеннің тілін алма!» деген оңбаған қарғыстың шылауында кетуден бізді бір Алла өзі сақтасын. Және Құран Кәрімде: «Білмегендерің білгендерден сұрап алыңдар» деген өсиет те бар емес пе? Оның сыртында дана қазақтың: «Ақылың жетпесе, ақылды сатып ал!» деген нақылы тағы бар...
«Тарихтың ең негізгі сабағы - тарихтан сабақ алмау» деген де бір қисық-қыңыр сөз осындайда еске оралады. Құдайым-ау, тіпті алысқа бармай-ақ қояйық, кешегі Шешенстандағы жағдай бізге сабақ болуы керек қой! Уахабилік ілімнің қаншалықты қауіпті екенін талай боздағынан айырылған, ізгі ниеті көкке ұшып, ұлт азаттығы жолындағы асыл мұраты уахабилік лаңға қалай айналып шыға келгенін өздері де сезбей қалған Шешен жұрты біледі! Әлде «көрмес - түйені де көрмес» деп, ежелгі саппастығымызға салып отыра береміз бе? Әлде кешегі Шұбаршиде тұтанған от бүкіл Қазақстанды қамтуын күтеміз бе?
Қазақ ежелден мұсылман жұртымыз! Айтудың өзі ұят, осыған бүкінгі қазақ баласы сенбейді. Әсіресе жастар. Шатақ діндер олардың санасын улап тастағандары сондай, өзінің қазақ екеніне жиіркенетін бір топ қауым пайда болды. «Құлан қағынан жерісе, аштан өледі» дегендей, олар шатақ дін идеологтарының көмегімен қазақтың дәстүрінен, оның өткенінен бас тартып, ата-бабамыз адасқан, қазақта дін болмаған екен деп ойлайды. Өз ұрпағына өзінің ата-бабасын жамандатып қоюдан, тұтас бір ұрпақтың санасынан ұлттық нигилизмді сіңіруден артық қандай сорақылық болуы мүмкін?! Өзінің ата-бабасынан, оның тарихы мен дәстүрінен бас тартқан ұрпақ, ертең басымызға қиын-қыстау күн туса кімге опа береде, кімге тұлға болады?! «Өзі шығайын деп тұрған көз еді, түртіп қалған соң, не сорым?» демекші, жартысы орысша шүлдіреп, орыс отаршылдығынан есін жия алмай жүрген қазаққа, жаңа отаршылдық, діни негізде отарлану қаупі төніп тұр. Қазіргі қазақтың жағдайы қысқаша осындай...
Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ
«Халық сөзі» газеті, №54 (94) 8 шілде, 2011 жыл.