30 жылда мемлекет аудармашылар кастасын қалыптастырған жоқ...
Әлемнің түрлі тілдерінен қазақшаға кәсіби, әдеби түрде аударатын мамандар жоқтың қасы. Ілеспе аудармашылар да саусақпен санарлық.
30 жылда білдей Қазақ мемлекеті ана тілінен өзге сан алуан тілдерге сауатты түрде аударатын, тілі көркем, кәсіби мамандар кастасын қалыптастырған жоқ...
Мемлекет ретінде дамып болдық деп даңғойланамыз. Ал елдігімізді паш ететін осындай мемлекет үшін аса маңызды істерге немқұрайлы қараймыз.
Сыртқы істер министрлігі неге дабыл қақпайды? Қасым-Жомарт Тоқаев осы ведомствоны қанша жыл басқарғанда неге мәселені қолға алмады?
Неге Білім министрлігіне айтып, қазақтың дәстүрлі қазақтілді аудармашылар мектебін қалыптастыруға мемлекет тарапынан тапсырыс бермеді?
Бір мемлекет үшін аса қиын іс па? Француз, кәріс, жапон, парсы тағы да өзге тілдерден сауатты түрде қазақ тіліне аударатын мамандар легі қайда? Форумдар болса шақыра қоятын, сырттан қонақтар келсе алып жүретін... Орыстілділер бар, қазақша мамандар неге жоқтың қасы?! Өткенде корей тілінен қазақшаға мыңқ-мыңқ етіп аударып тұрған аудармашыны көріп, жерге кірдім. Оның не айтқанын да түсінбей дал болдым...
Мұндай іспен мемлекет айналысу керек!
Ол -мемлекет үшін керек!
Дариға Назарбаева Сағадиевпен қосылып алып, еш дайындығы жоқ ұстаздар қауымын бірнеше курспен-ақ ағылшынша сөйлетіп жібергісі келгені енді ақылға сыймайды... Бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінді. Ол қайтқан жоқ. Баянсыз шикі бастамадан мемлекеттік бюджет - біздің салығымыз орасан зор зардап шекті. Енді кім жауап береді. Ешкім жауап бермейді... Неге жауап бермейтінін мен айтпасам да, іштеріңіз сезіп отырған болар. Қазақстанда барлық шет тілі тек қана орыс тілінде оқытылады! Қазақша оқулықтар жоқ! Дәріс беретін педагогтар жоқ! Сағидиев-Назарбаеваның "реформасына" кеткен сан млрд қаражатты осы "аударма ісіне" жібергенде, мемлекет үшін пайдасы оңынан болар еді...
Бұл - тұтас жүйенің ана тіліне деген ниетінен туған проблема. Оларды 30 жыл бойы орыстілді аудармашылар сүйемелдеп жүрді. Форумдарда, іс сапарларда, мемлекеттік маңызды іс-шараларда...
Қазақтілді аудармашыларға мемлекет тарапынан сұраныс болмағандықтан, бұл салаға төл мектептен тәлім алғандар барған жоқ және алда бармайды да.
Ал, сіздер, "Ақан Сатаев неге ең бірінші мемлекеттік тілдегі аударманы кинотеатрларға салған жоқ" деп күйінесіздер. Осындай күнделікті қарапайым оқиғалар легі арқылы Қазақ мемлекетінде орыс тілі әлі де үстемдік құрып келе жатқанын түсінеміз.
Айта-айта жауыр болған әңгіме, бірақ әрбір қазақ баласы еңіреп тұрып жылайтын дүние...
Дина Елгезектің жазбасы
Abai.kz