Алдымен бизнес іздеме, клиент ізде
Өткен жылдары естіген сұмдық статистикам, Қазақстанда өзінің туған баласына алимент төлемей, қашып жүрген 500 000 "еркек" бар. Қорқынышты ма? Тағы бір алаңдатын статистика, бүгінгі таңда бала-бақшаға ресми кезекке 500 000 бүлдіршін тіркелген. Бұл цифрлар кәдімгідей ресми ұйымдардың зерттегені. Ұшып-қашып жүргендері мен құжаты дұрыс болмай статистикаға енбей қалғаны қанша ма деші...
⠀
Бұл цифрларды пайдаланып зарлап, біреуді кінәлап, негатив айтқым келіп тұрған жоқ. Керісінше керемет кеңес пен әдемі ақыл, болатын бизнеси идеяны ұсынғалы отырмын. Кейде сұрап жатады, қолымда ақшам бар не бос уақытым, желанием бар, қандай бизнес ашсам болады деп. Мен айтамын, ең алдымен бизнес іздеме, клиент ізде. Түсініктірек болсын, алдымен клиентің бар болып тұрса, содан соң бизнес жайлы ойлан. Яғни бірінші сұраныс туып, кейін ұсыныс жасаған әдемі жүреді. Ал бізде көпшілік алдымен ұсыныс жасайды, сосын оған сұраныстың бар екенін өзіндік ойы мен стереотиптеріне сүйеніп, дәлелдеуге тырысады. Негізі клиенті жоқ, сәйкесінше бизнесте даму, қалтада ақша жоқ.
⠀
Енді не істемек керек... Бизнестің көкесі - сервис. Шығыны аз, рискі дерлік жоқ, пайдасы көп. Оған клиент табу үшін соткаңды ашасың, соңғы 3 күндегі кіріс қоңырауларында не әңгіме болғанын есіңе түсіресің. Саған жұрт не мәселемен хабарласады, сол - сенің нишаң. Айтпақшы, соңғы кезде 2 ұнамайтын сөздің бірі - ниша (Екіншісі - стартап. Ол жайлы кейінірек көсілермін). Ниша іздегіштерге айтарым, сен нишаны таппайсың, ниша сені табады. Сенің жұрттан жақсы жасайтын шаруаңның, қызметіңнің, тірлігіңнің бәрі - сенің нишаң. Екінің бірі көшіріп алатын дүние - ниша емес. Телефон арқылы достарың мен таныстарың көп сұрайтын сервисті әдемілеп упаковкалап, жүйелеп, құндылығын арттырып, нарыққа ұсынасың. Сен бір тірлікті елден жылдам, сапалы не арзан жасай алсаң, демек нағыз сен жасайтын бизнес сол!
⠀
Контактіден дені дұрыс бірдеңе шықпаса, телефонда бос былшылдап отыратын болсаң, ТВ, газет, неше түрлі сайттардан жаңалық оқып жүресің. Әрине, жаға ұстатарлық, жан түршігерлік, адам шошытарлық статистика алдыңнан шыға келеді. Сол бір проблемаға мемлекетті сынайтын азаматтық ракурстан емес, шансты жібермейтін кәсіпкери көзқараспен қарайсың. Мысалы, 500 000 алимент төлемейтін еркексымақтарға не бизнес ойлап табуға болады? Бірден 3 идея жарқ ете қалды: 1) Алиментін өндіріп беретін жеке заңгерлік көмек немесе жеке сот орындаушы қызметі 2) Алимент ала алмай жәутеңдеген әйелдерге психологиялық қолжетімді қызмет 3) Әке мейіріміне тоймаған балаларды дамытатын орталықтар...
Жалпы ойлансаң, шыға береді. Бала-бақша кезегіне тұрған балалардың статистикасына қарап, жеке бала-бақша ашсаң, клиентсіз қалмайсың. Баланы жан-жақты интеллектуал дамытатын бала қараушы қызметі. Таңнан кешке дейін 2-3 сағат баланың ойы бөлінуі үшін сауда орталықтардың ішінен балаларға арналған ойын алаңдары, шоулар, концерттік бағдарламалар деп кете береді. Бұл маркетинг анализ жасау арқылы саналы түрде бизнеске келу деп аталады.
⠀
Айта берсек, идея көп. Екі қолға бір күрек демекші, диван жағаламаған, сотка сипаламаған адамға нарық та, ақша да, тірлік те көп. Ол үшін сұмдық бас пен асып-тасып бара жатқан білімнің де қажеті шамалы...
Нұрлан Жанайдың facebook парақшасынан
Abai.kz