Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2581 0 пікір 17 Тамыз, 2011 сағат 07:10

Нұрлыбай Қошаманұлы. Қазақстандық реализмді қалай түсініп жүрміз?

Қоғамдық құрылымның ақ пен қарасын айыра білгенде ғана халқымыздың күрделі кезеңдегі өмір шындығын, асыра сілтеушілікті түсінуге, оның алдын алуға болады. Бұл өзің өмір сүріп отырған жүйені суреттеудің қарапайым қағидасы.

Жыл сайын Астана тойына деп әр облыс бюджет есебінен миллиондаған қаржыны аударып, алты күн бойы мерекелеп, бейне бір Қазақстан халқы қағанағы қарық, сағанағы сарық болып, қамсыз-мұңсыз би билеп, ән салып жүргендей. Айнала рухани өміріміздің «сәніне» айналған жезөкшелік, нашақорлық, жемқорлықпен азғындаған қоғамның ауруын көргіміз келемейді. Мұның зардабын ескеруден қалып барамыз. «Бастық айтты болды, бас шұлғиды шыбындап»-деп Абай айтқандай, бүгінгі реализмнің шарты мен шындығы осы екен деп ой-сана, қиялды баяғыша қалыпқа бұғаулап, асыра сілтеп, «гүлденген Қазақстан» жасап, өз әкесін әшкерелеген Павлик Морозовтай кейіпкерлер жасап жүрмейік.

Қоғамдық құрылымның ақ пен қарасын айыра білгенде ғана халқымыздың күрделі кезеңдегі өмір шындығын, асыра сілтеушілікті түсінуге, оның алдын алуға болады. Бұл өзің өмір сүріп отырған жүйені суреттеудің қарапайым қағидасы.

Жыл сайын Астана тойына деп әр облыс бюджет есебінен миллиондаған қаржыны аударып, алты күн бойы мерекелеп, бейне бір Қазақстан халқы қағанағы қарық, сағанағы сарық болып, қамсыз-мұңсыз би билеп, ән салып жүргендей. Айнала рухани өміріміздің «сәніне» айналған жезөкшелік, нашақорлық, жемқорлықпен азғындаған қоғамның ауруын көргіміз келемейді. Мұның зардабын ескеруден қалып барамыз. «Бастық айтты болды, бас шұлғиды шыбындап»-деп Абай айтқандай, бүгінгі реализмнің шарты мен шындығы осы екен деп ой-сана, қиялды баяғыша қалыпқа бұғаулап, асыра сілтеп, «гүлденген Қазақстан» жасап, өз әкесін әшкерелеген Павлик Морозовтай кейіпкерлер жасап жүрмейік.

Шарт қойып, белгілі бір жоспар құру арқылы тек мақтаудан құралған бір жақты жасандылықтың кешегі социалистік реализмнің тұсында қандай зобалаңдарға ұрындырғанын да ұмытпайық. Қазіргі жағдайда ресми дерек бойынша 2000-2001 жылдары келешегі жоқ 186 ауыл таратылса, 2003 жылдың өзінде  97 елді-мекен жоқ болған (Президент жолдауынан). Халқымыздың әлеуметтік екі жақты қанауға ұшырап, өмірлік құқтары үшін жан беріп, жана алысып жүрген құлдық күйлерін билік жазбақ түгілі, естігісі де көргісі келмейді. Жазушыларымыз, зиялыларымыз көргіш болса бүгінгі болып жатқан асыра сілтеушілікті, малдың жаппай құрығанын, көптеген ауылдардың қазірдің өзінде қирап, көшіп жоқ болғанын, жұмыссыздықты, елді жайлаған сыбайластық туралы жасқанбай жазулары керек. Осы орайда от ауызды, орақ тілді С. Ғаббасов, Ғ.Қабышұлы, Г.Бельгер, А.Османова секілді жазушыларымыз басқа зиялыларымызға үлгі.

Ғылымда тирандыққа, әділетсіз ел билеушілерге қарсы күресушілерді «Монархомахтар» дейді. Европа елдерінде бұл функцияны орындаушылар әркезде де зиялы қауымға жататын жазушылар, публицистер болған. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, С.Сәдуақасұлы сияқты Алаш зиялылары да өздерінің елдік танымы, табанды көзқарасы жағынан уақытында билік мүддесінен биік тұрды. Ж.Ақпаев заңгер ғана емес, өз заманының өткір ойлы публицисі болды. Ол жасқаншақтық  көрсетпей, өмірінің ақырына дейін режиммен күресіп өтті. Кейінгі қазақ жазушылары да соцреализм тұсында да бостандық сүйгіш, жақсы өмір тілеген жайсаң жандардың шынайы тұлғаларын жасады. Мәселен Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, М.Әуезов т.б. қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде социалистік ауыл өмірінің шындығы мен көлеңкелі жақтарын сынай да білді. Бастарын қатерге тігіп Сталинге жазған әйгілі «бесеудің хаты» неге тұрады. Өкінішке орай, қазіргі қазақ зиялыларында аға буын ұстанған осы сонылық жоғалған. Тоқыраудан қалған әсіре күдікшілдіктен, кесірлі марғаулықтан арыла алмай келеді. Бойларында бүгінгі әділетсіз биліктің ыңғайына майысып, құбылу әлі басым.

«Әр ханның тұсында бір сұрқылтай» - деген, бәріне көз жұма жүріп хан сұлтандарды мадақтағандар қай заманда да болған. Тарихтан белгілі сол сұрқылтайлардың мадағынан халық жадында ештеңе де қалмаған. Керісінше, Бұхардың Абылайды сынағаны, Махамбеттің Жәңгірханды түйрегені, Шернияздың Баймағанбетке айтқаны т.с.с. халық жадында жатталып қалды. Әдебиет қоғамды мақтау арқылы өспейді, өшеді. Абай, Шәкәрім, М.Әуезов еңбектерінде де сол кез өмірін мақтау аз, керісінше сынау бар. 30-шы жылдары коммунистік идиологияның қуатты құралы, большевиктік партияның жаршысы болып келген «Социалистік Қазақстан» газеті Голощекин мен Сталиннің қанды саясатын қалай жасырып, мадақтаса, оның бүгінгі ізбасары, ҚР-сының бас газеті «Егемен Қазақстан» да соңғы жылдары кетіп жатқан асыра сілтеушілікті бүркемелеуші, сыбайластық өршіген жүйенің мақтаушысына айналды.

Кез-келген кешенді бағдарламасыз, бұйрық әдіспен асығыс жүргізілген өзгерістердің ауыртпалығы ең алдымен ауыл халқына түсетінін тарих талай дәлелдеді. Солай бола тұра, бүгінгі Қазақстан сол бір коллективтендіру кездерінде кеткен қателіктердіі тағы қайталап жатыр. Жантайып жатқан ауылдың күйі анау. 20 жыл түгілі, 20 айлық жағдайы түзелген ауыл жоқ. Кезінде «Ауыл жылы» деп ауылға бөлінген 156 миллиард қаржыны Ауыл Шаруашылығы Министрлігінің лауазым иелері шығындап, қалғанын жергілікті әкім қаралардың талан-тараж еткен еді. Бұл үшін де жазаланған бірде-бір мемлекет қызметкері жоқ.

Осындай кезде заманына қарай әні өзгеретін, ел мүддесін сатушы отызыншы жылдардағы «шолақ белсенділік» қайта бас көтеруде. Олар түрлі деңгейдегі әкімдер мен мекеме басқарып отырған жергілікті шенеуніктер. «Жеңсем хан болар едім» - деп, таққа қолдары жеткен осындай «шолақ белсенділер» қашанда ел зиялыларын қуғынға салып билік сойылын соғудан басқа ештеңені білмеген. Шолақ белсенділер 30-шы жылдары халқын аштыққа, 50 мыңдай зиялыларымызды аттырып, репрессияға ұшыратса, 50-ші жылдары тыңды көтеріп, 70-ші жылдары қазақты орыстандыруда белсенділік көрсетсе, бүгінгі жүйе сайлаудан сайлау сайын халықтың дауысын ұрлап, елдегі демократиялық бастамаларды тежеуші «қара күшке» айналды. Өз кезегінде жергілікті әкімдер режимнің марионеткасына айналып, Қарапайым халыққа астамшылық жасайды. Қанаушы тапқа айналған билік өкілдері бұрынғыдай: «коммунистік идеяларға адал қызмет етушілер» сияқты мемлекет, бюджет қызметкерлері санатында жалақылары өсіп, тағы да басқа көптеген өмірлік лауазымды артықшылықтарға ие болуда.

Қазақтың небір жайсаңдары бас көтеруге қанша рет әрекет қылмады. Қазірге кезде 30-шы жылдарға тән зиялыларымыздың басына түскен қаралы күн, өзіндік саяси көзқарасы үшін қуғындау қайта туды. Билік тарапынан саяси ағым қайраткерлеріне негізсіз сот ұйымдастырылып, кісі өлтіру қайталануда. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» - деп Мағжан ақын жырлағандай, азат ойлы азаматтарымыз Заманбек, Алтынбек, Асхат өлтірілді. Белгісіз, күмәнды жағдайда Н.Муфтах пен Б.Дәрімбет қаза болды. Ғалымжан, Мұхтар, Жасарал мен Болатты соттады. Ел басына сын айттың деп белгілі журналист Қ.Тоғызбаевтың үстінен іс те көтерді. М. Әбіләзов шетел асса, М.Жәкішев абақтыға қамалды. Елде демократиялық көзқарасты тұншықтыру, саяси ағым өкілдеріне, журналистерге қарсы жазалау шаралары әлі де жалғасып жатыр. Жазушыларымыз, зиялыларымыз тағы үнсіз.

Соңғы жылдардағы Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік, экономикалық, саяси реформа Сталин мен Голощекиннің халқымызды шұбырындыға ұшыратқан «жаппай коллективтендіру» саясатының өңін айналдырған екінші бір түрі десек те болады. Кешегі ішкі нарықты көтеру үшін деп құрылған «инвестициялық - инновациялық бағдарламаны» іске асырушы Үкімет комитеттерінің жұмыстары да бұқара үшін ақпарат алу мүмкін емес құпия жағдайға көшкен. Бүгінгі экономикада да, оның саясатында да әділ бәсекелестік, ашықтық жоқ. Міне бұл Қазақстан өмірінің бүгінгі реализмі.

«Қателескеннен сол қатені түземеген жаман» - біз сол жылдары елдің малы, жері, меншігі коллективтендіру деген желеумен конфискеленіп кеткенін, бодандыққа түсіп, ассисмиляцияға ұшырай жаздағанымызды неге ұмытамыз? Коллективтендіру ісіндегі ұраншылдық, сол қателіктер бізге сабақ болмағаны ма? Қоғамның даму заңдылығы бір бірімен тығыз байланысты рухани және материалдық құндылықтардан тұрады. Біздің қоғамда әлдеқашан барлығын ақшамен есептеген құндыдылық бірінші кезекке шыққан. Дуализм ілімі (екіжақтылық) бойынша түсіндірер болсақ, құндылықты бір қырынан ғана дәріптеу сол мемлекеттің гармониялық (қалыпты, үйлесімді) дамуын тежейді. Кеңес Одағы кезіндегі «коллективизм» бізге осыны сабақ етті.

Андре Моруа: «Кез келген билеуші жүйе үшін ең қауіпті жау - жазушы» десе, жазушыларымыздың, зиялыларымыздың аса қауіпті жауы-үнсіздік. Рас, Жазушылар Одағы әу баста пролетариат диктатурасының идеялық құралы ретінде, партияға қызмет ететін қоғамдық ұйым ретінде құрылды. Ал, бүгінде олардың еркіндігіне ерік бермей отырған кім? Бір кезде М.Әуезов уақыты келгенде әдебиеттегі бағытты, ағымды уақыттың өзі белгілеп береді деген еді. Ендеше тапсырыспен түрлі «измдерді» ойлар тапқан баяғы дәстүршілдік бағыттан арылып, жетістіктерімізбен қатар өміріміздің жан ауыртар кесапатты тұстарын да шырылдап айта білу зиялыларымзыдың да, жазушының да, жорналшылардың да басты қаруы болы керек.

Жағымпаз, күңгірт сөйлеуші жазушы-зиялыларымыздың пайдасынан зияны көп. Президентіміздің: «бүгінгі өмірді сынай бермей жақсымызды да көре білейік, мына қалыпта жазайық» - деген, бүгінгі шынайы өмірімізді «бүркемелеген рецебінің» бізге қажеті жоқ. Қоғамдық ойды ақиқаттан ауытқуға мәжбүр етумен келісуге болмайды. Ауруын жасырған өледі - ендеше жазушыларымыз бүгінгі заман шындығын шынайы беруде ұсталық көрсете білу-шарт.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5496